«Үштілділік – қазақ мектептерін жою мақсатында жасалған жоспар»
– Меніңше, бұл барып тұрған рухани геноцид. Үштілділік дегеніміз — сыртқы көрінісі, сыртқы пішіні ғана. Әншейін көз алдау. Шын мәнінде билік үштілділікті желеу ете отырып, қазақ тілінің қазіргі онсыз да аянышты жағдайына, болашағына балта шаппақ. Бұл бекер сөз емес, жоғарыдан жасалған нақты жоспар.
Үштілділік – бұл бүгінгі қазақ мектептерін және осы қазақтілді мектептерде оқитын ұрпақты туған тілінен айыру.
Осы арқылы билік қазақ тілін «мемлекеттік тіл» деген мәртебесінен айыруды, деңгейінен түсіріп тастауды көздеуде.
Қазақ мектептерінің ішінде қазақ тілін тек қана қазақ әдебиетімен шектеуінің өзі неге тұрады? Осы арқылы қазіргі жүйе орыс тілі мен ағылшын тілінің кедергісіз дамуына жол ашпақ.
– Мұның арты неге алып келеді?
– Неге алып келетіні, қазірдің өзінде белгілі ғой. Билік қазақ тілінің тынысын тарылтып, оны фольклордың немесе ауызекі қарым-қатынастың құралына ретінде ғана шектеп қоймақ. Осы арқылы мемлекеттік тілді ғылымның, тарихтың, технологиялардың тілінен тықсырып шығармақ. Тілдің жағдайы онсыз да оңып тұрған жоқ, мұны билік жақсы біліп отыр. Себебі, мұның бәрін жасап отырған өзі. Онсызда «шалажансар» қазақ тілі жүйенің келесі соққысын көтере алмауы мүмкін.
– Бәлкім, билік бұлай ойламайтын шығар?
– Мүмкін. Бәлкім, мұны меңземейтін шығар. «Рухани геноцид ұйымдастырамыз» деген ойы жоқ шығар. Бірақ, бұл саясат шын мәнінде іске асып, қазақ тілі тек бір-екі пәнмен шектелесін болса, ендеше қазақ мектептерінің шаруасы бітті деген сөз.
Бұлай болса – мемлекеттік тіл деген ұғым, мемлекеттік тіл туралы түсінік және ең бастысы қазақ мектебі деген атау мүлде жоғалады.
Үштілділікті насихаттап отырған қазіргі жүйенің көздегені осы – қазақ мектептерінің көзін құрту…
– Бірақ, Білім министрлігі «біз әлемдік көшке, әлемдік тәжірибеге ілесу керекпіз» дейді ғой?
– Анығында, біз әлемдік тәжірибеге үзілді-кесілді қарсы келетін әрекет жасаудамыз. Әлемде 200-ге тарта мемлекет бар. Бірде-біреуінде екітілділік, үштілділік, төрттілділік деген саясат атымен жоқ. Мұндай саясат жүргізілмейді. Керісінше, олардың алға тартатыны: «өзің тұратын елдің мемлекеттік тілін білу». Бұл үрдіс мемлекеттің, қоғамның барлық сатыларында жүреді. Нақтылап айтсам, оның бастамасы – балабақша мен мектептен басталады.
Шетелдің көптеген елдерінде орта мектептің тек 7-ші сыныбынан бастап шет тілдері енгізіледі. Неге өйтеді? Мұның себебін ғалымдар, физиологтар әлдеқашан анықтап қойған. «Баланың тілі 12 жасына дейін қай тілде шығатын болса, сол тілде сөйлеп өтеді». Ал бізде қалай? Былық, ботқа…
– Билік үштілділікті қалай іске асырмақ сонда?
– Асығыс-үсігіс… Білім министрлігінің соңғы қабылдаған шешімінен хабардарсыз ба? «Қазақстандағы барлық мұғалімді тиісті тілдік курстардан өткізу». Министрлік мұны 3-4 айдың ішінде өткізіп тастамақшы. Миға қонымды ма?
Өздері 20-25 жыл бойы қазақ тілін үйрене алмай жүріп, мұғалімдерге нақты пәндер бойынша, терминологиямен, айналасы 4 айдың ішінде ағылшын тілін үйретіп тастамақ. Тағы да ұрда жық саясат. Науқаншылдық. Айналып келгенда, бұдан тағы да сол қазақ тілі зиян шегеді.
Ағылшын тілінде биологиядан, анатомиядан сабақ беру мүлде іске аспайтын дүние. Бұл қазірдің өзінде белгілі. Бізде мұны алып кететін жүйе де, тәртіп те, мүмкіндік те жоқ.
– Сонымен үштілділік бізді неге алып келетін болды?
– Ештеңеге. Билік «үш тілді қатар үйретемін» деп жүріп, анығында үшеуін де жеткілікті деңгейде білмейтін дүбара ұрпақты тәрбиелеп шығады. Ол ұрпақ менің балам, сіздің немереңіз болуы мүмкін…
Сосын үштілділікті енгізу, енгізбеу – ұлттық, мемлекеттік мәселе. Халықтың үстінен тәжірибе жасауға жекелеген шенеуніктердің ешбір қақысы жоқ. Мемлекеттік деңгейдегі ең өзекті мәселелерді билік жеке дара шешпей, халықпен бірге ақылдасуы керек. Себебі, әрбіріміздің баламыз, немерелеріміз мектепке барады. Үштілділікке қазақ қана емес, біздің елімізде өмір сүретін басқа ұлт өкілдері де қарсы.
Бірақ, бізді тыңдай ма екен? Өздері қазақша білмегеннен кейін, өздерінің балалары қазақ тілінен жұрдай болғасын биліктің түгі кетпейді. Үштілділіктің оларға немесе олардың балаларына қатысы жоқ, өйткені.