Ел өркендеуіне үлес қосқан нәзік жандылар отбасын да ұмытпасын!
ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК СТРАТЕГИЯСЫ: ОН ЖЫЛ ІШІНДЕГІ ОҢ НӘТИЖЕЛЕР
Биыл Гендерлік теңдік стратегиясының елімізде қолға алынғанына – 10 жыл. 2006 жылдан бері Қазақстанның экономикалық дамуында, саяси сауаттануына және басқа салаларда да ілгері жылжуына әйелдердің қосқан өзіндік үлесі бар. Мәселен, 2006 жылы ҚР Парламентінің Мәжілісі құрамының он пайызын әйелдер құраса, биылғы көрсеткіш 27,1%-ға жетіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 2013 жылы «Әйелдер – ең үздік саясаткерлер» деп баға берген болатын. Елбасының халыққа жолдаған «Мәңгілік Ел-2050» стратегиясының басты межесі әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру болса, бұл жолда да әйелдердің үлесі барын жасыра алмаймыз. Осыған орай, Үкіметте 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алдын ала қорытындыларына арналған халықаралық конференция Елордада өткен болатын.
Аталмыш жиынға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықовамен бірге БҰҰ-ның Қазақстандағы Резидент-үйлестірушісі Норимаса Шимомура, Орталық Азиядағы «БҰҰ Әйелдер» көпжақты бөлімінің директоры Илейн Конкиевич, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚМДБ төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз, министр орынбасарлары, депутаттар, т.б. қоғам қайраткерлері қатысты. Мемлекет хатшысы осы он жыл ішіндегі Гендерлік теңдік стратегиясы жобасы аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, нәтиженің жаман еместігінен хабардар етті. Сондай-ақ, конференцияда елімізге белгілі азаматтар мен әр саланың ер және әйел қызметкерлері, шетелдік сарапшылар баяндама жасап, бұл бағдарламаға оң бағасын берді.
– Осыдан тура 11 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы» әзірленді. Бұл жобаның қабылдануы саяси сананың биіктігін көрсетті, ол азаматтық жағынан белсенді қоғам қалыптастыру жолындағы батыл шешім болды,-дейді Г.Әбдіхалықова. Сонымен бірге, оның айтуынша ел экономикасының дамуына да қыз-келіншектердің қосқан үлесі артып келеді. Мысалы, бұдан он жыл бұрын бизнесвумендердің саны орта есеппен 38 пайыз болса, қазір оның саны 50 пайызға жеткен. Ал білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің барлығы дерлік нәзік жандылар.
Расында, қай салада болмасын әйелдердің ер азаматтармен үзеңгілес болып қызмет атқарып жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Оған әскери қызметте және жауынгерлік қызметте, спорттың ауыр түрлерімен айналысып жүрген және оққағарлықпен нәпақа тауып жүрген қыз-келіншектер дәлел бола алады. Кезінде трактор мен комбайн мінген аналарымыздың орнын бұл күндері қымбат көйлек киіп, қымбат көлікті тізгіндеген арулар алмастырды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, отбасы институтын нығайту мақсатымен Елбасының тапсырмасы бойынша Отбасы күні белгіленіп, жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі. Стратегия аясында Отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөнінде 2015 – 2020 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспар бекітіліп, іске асырылуда. Конференция соңында Гүлшара Наушақызы Қазақстан Республикасында гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты одан әрі дамытудың бірқатар басымдықтарын белгілеп, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. «Біздерге гендерлік саясат бойынша жаңа бағдарламалық құжат әзірлеу қажет. Бұл құжатта гендерлік, отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру мақсаттары, міндеттері, тетіктері мен күтілетін нәтижелері нақты айқындалуы тиіс. Онда отбасылық-демографиялық саясатқа қатысты жеке бөлім болуы тиіс екенін айрықша атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан одан әрі дамудың жаңа жолына түсті. Біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыруға кірістік. Сондықтан, меніңше, жаңа құжат, жаңа әдістер республикада бүгінде жүргізіліп жатқан реформалармен үндес болуы қажет», — деді мемлекеттік хатшы.
ӘЙЕЛ ТЕҢДІГІ ЕЛІМІЗДЕ АСҚАҚТАП ТҰР
Конференцияда «Даму» бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура сөз алып, БҰҰ тарапынан гендерлік саясат төңірегіндегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Сырт көз сыншы» дегендей, тереңнен толғай тартты: «Өткен жылы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб пәтерінде әлем көшбасшылары «Гендерлік саясатты жетілдіру мен дамыту бағытында – 2030» бағдарламасын жасады. Онда мемлекеттік саладағы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосып жүрген рөлі басты назарға алынған, – деп бір тоқтады. Онда мемлекеттік саладағы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосып жүрген рөлі басты назарға алынған,–деді. Сөзінің соңында Норимаса Шимомура Қазақстанның ұстанған саясаты мен Мемлекет басшысының көреген көшбасшылығының арқасында елде ынтымақ пен бірлік, татулық және әйел теңдігі орын алғанын қадап айтты.
Қазақстанда жұмысқа орналасуда әйелдер мен ерлер тең құқылы екенін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндамасында атап өтті. Оның сөзінен көңілге түйгеніміз, елімізде жұмысқа тұруда әйелдер құқықтарын жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық жағдайлар толық жасалған көрінеді. Тек бір ғана теңсіздік бар. Оны Т. Дүйсенова ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы бойынша айырмашылық деп түсіндірді. Және бұл жайттың жұмыс істеп жатқан салалардың ерекшелігіне байланысты орын алып отырғанын ескертті. Мысалы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы қызметкерлердің 70 пайызы әйелдер болса, ал тау-кен саласында 70 пайызы ерлер. Сәйкесінше, жұмыстың ерекшелігі мен жағдайы еңбекті төлеуді саралайды. Сонымен қатар, ведомство басшысы жаңа ҚР Еңбек кодексі салада гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге негізделген нормалардың кешенін қамтып отырғандығын сөз етті. Бұл тұрғыда әйелдің, жүкті әйелдердің және балалы нәзік жандылардың еңбегін реттеудің ерекшеліктері бекітілген.
Конференцияда баяндама жасаушылардың басым көпшілігі өз салаларындағы әйелдердің үлесін есептік көрсеткіштер арқылы айтумен есте қалса, ҚМДБ төрағасының орынбасары Серікбай қажы Ораз аналардың мәртебесі жөнінде баса айтты. Өйткені, ұлтымыздың менталитетіне «гендерлік теңдік стратегиясының» көп жағдайда қайшы келетінін ол жақсы біледі. Сондықтан да, «Биссмилла» деп байыппен сөзін бастап, наиб-мүфти былай деді:
— Расында, бүгінгі басқосуымызға арқау болған тақырып аса маңызды, мәні ерекше деп есептеймін. Өйткені, қазақ – анасын ардақтап, қызын құрметтеп, оларға ерекше көңіл бөлген халық. «Асыл дініміз исламда әйел қауымына үлкен мәртебе берілген. Баладан бастап, қоғамды түзеуде, адамдарды тәрбиелеуде ананың рөлі ерекше. Мұхаммед пайғамбарымыз «Жәннат – аналардың табанының астында» деп, аналарды ардақтауда күллі мұсылман үмбетіне көркем өнеге қалдырды. Зиялы қауым өкілдері жас ұрпақты ата-анасын сыйлайтын тұлғаға айналдырып, олардың санасына адамгершілік құндылықтардың дәнін себе беруі керек. Осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет».
Шынтуайтында, бір отбасының ғана емес кеңбайтақ даламыздың келешегін тәрбиелейтін әйел адамдар қашан да құрметке лайықты. Бірақ, олар да ет пен сүйектен жаралған жандар болғандықтан кемшіліксіз жүрген ешкім жоқ. Десе де, шектен шығушылық, яғни, әйелдің бұзылуы әлемнің бұзылуына әкелетінін ескерген абзал. Оның зардабы табиғи апаттардан асып кетпесе кем түспейді.
Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов гендерлік мәселеде теле арналарда көрсетіліп жатқан «Әйел бақыты» бағдарламасын сөз ете келе, осы бағдарламалар арқылы қоғамдағы әйел рольін қалыптастыруға күш салып жатқандарын баяндады.
Орталық Азиядағы «БҰҰ-Әйелдер» көп елдік бөлімшесінің директоры Илейн Конкиевич: «Орталық Азия өңірінде гендерлік теңдік мәселесінде Қазақстан өзге елдер үшін үлгі бола алады» деп жүрек жарды лебізін жеткізді. Бұл білгенге жоғары баға! Әйтседе әр елдің өзіне тән салт-дәстүрі мен ұлттық менталитеті болатынын ешкім жоққа шығара алмас.
ШАҒЫН БИЗНЕСТЕГІ ӘЙЕЛДЕР ҮЛЕСІ-50 ПАЙЫЗ
«Нұр Отан» партиясының Хатшысы Наталья Годунова өз баяндамасында билік сатысына көтерілген әйелдер жайлы толғады. «Мәселен, бүгінде Парламент Мәжілісіндегі әйелдер үлесі 27,1 пайызға жетіп отыр. Ал бұл көрсеткіш 2006 жылы 10,4 пайыз болған еді. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдер өкілдігінің деңгейі 2006 жылғы 16,7 пайыздан бүгінде 22,2 пайызға жетті. Бірқатар өңірде, нақтырақ айтқанда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында және Алматыда жергілікті өкілетті органдарда әйелдер өкілдігі 30 пайызға жетіп қалды. Бұл жағынан ең жоғарғы көрсеткіш Қостанай облысында 31,6 пайыз. Ел экономикасының дамуына әйелдердің қатысу үлесі де артып келеді. Мәселен, 2006 жылдан бастап бизнестегі әйелдер үлесі 38-ден 50 пайызға артқан. жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер де жақсарып келеді. Ана өлімі 3,7 есеге, бала шетінеуі 1,5 есеге азайды деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік-экономикалық саладағы әйелдер үлесі артып келе жатқанын өңір басшысының орынбасары Анархан Дүйсенова әдемі жеткізді. «Мұндай құжат кез келген елде жоқ. Осы 10 жылдың ішінде орасан зор жұмыс атқарылды. Барлық деңгейде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиялары құрылып, олар көптеген іс тындырды, нәтижесі бүгінгі күні анық байқалады. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша барлық шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі 28 пайызға жетіп отыр. Стратегияда көрсетілген 30 пайыздық межеге өңіріміз қол жеткізіп үлгерді. Мұнан бөлек, әйелдердің әлеуметтік-экономикалық салада да үлесі ұлғая түсуде. Өңірдегі орта және шағын бизнестегі әйелдердің үлесі 50 пайызды құрайды. Облысымыз ауыл шаруашылығы саласында ілгері дамыған. Бұл салада еңбек ететіндердің 16 пайызын әйелдер құрап отыр», — деді сөзінің соңында.
Гендерлік саясатқа үкіметтің де оң қабақ танытып отырғаны бізді қуанышқа бөледі. Бұл сөзімізге жиынға мемлекеттік қызметтегі азаматтардың көптеп тартылуы дәлел. Облыс әкімдері, олардың орынбасарлары, барлық салалық министрлік өкілдері өздеріне жүктелген міндетті терең сезінгені анық. Жиынның көрігін қыздыруда «Ақжол» партиясы мен комунисттердің белсенділігі өте жоғары болды. Сондай-ақ алқалы жиында шетелдердің елшілері мен министрлері баяндамалар жасады. Олар республикамыздағы гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты одан әрі дамытудың басым бағыттарын белгілеп, тиісті тапсырмалар алғанын мәлімдеді.
ТҮЙІН
Қанша жерден әйелдің басқарушылық қабілетіне қанат бітіргенмен, кез келген әйел бақытының негізі түтінін түтетіп отырған ошақ қасында екенін ұмытпауы тиіс. Әуелден ер мен әйел етіп жаралып, міндеттері мен құқықтары белгіленіп қойған «тәртіпке» бағынғаннан әйел заты бақытсыз болып кетпесі анық. Қысқа ақылымен-ақ біраз шаруаның басын қайыруға шамасы келетін әйелдің қырық айласы барын да дана халқымыз бұрыннан білген. Ендеше, сол қырық амалды дұрыс жолға пайдаланып, еліміздің өркендеуіне нәзік жанды азаматшаларымыз үлес қосып жатса құба-құп. Әйтеуір, қоғамға пайдам тиер деп шапқылап жүргенде, үйінде күйеуі мен балалары қараусыз қалмаса игі. Өйткені, «Отан отбасынан басталады» дегендей, отбасыңның ойраны шығып жатса өзге ортада беделді болып, мақтау-марапаттың ортасында жүргеннен қайыр болмас. «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» екенін естен шығармайық.
ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ