Барлыбек Сырттанұлы – құрметтеуге лайық тұлға

Биыл Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл! Дербес ұлт болуды көздеген Алаш қайраткерлері қара бастың қамын емес, дүйім жұртының жоғын жоқтаған еді. Сол жолда жандарын пида етіп, қуғындауға да ұшырады. Көбісі арманда кетті. Аллаға шүкір дейік, бүгінде тәуелсіз елміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Алаш ұлдары аңсаған биікке ел рухын көтерді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұлтына қызмет жасап жүр. Өкінішке орай, біздің кейбір шенді-шекпенділерде Алаш қайраткерлерінің асқақ мұратына деген немкеттілік басым… Соның салдарынан ұлттық мүдде жолындағы күрес итжығыс түсіп жатыр. Таяуда Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Марат Бопазов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлының есімін ел көлемінде ұлықтау туралы депутаттық сауал жолдады.

Депутат өз сауалында: «Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жердің қадірін сезіну мен осы ұлттың өткен тарихын құрметтеу, оны жетік білу мәселесі көтерілді. «Тұлғасыз тарих тұл» деп дана бабаларымыз айтқандай, әрбір елдің мақтанышына айналған жұлдызды перзенттері болады. Халық мұндай перзенттерін ұлт қайраткері деп бағалап, құрметтейді. Осы орайда, біз кешегі өткен ХХ ғасырдың басында қазақ елінің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосқан, қазақтың алғашқы конституциялық жобасының авторы (4 бөлім, 28 баптан тұратын «Қазақ Елінің Уставы», 13 маусым, 1911 жыл, Санкт-Петербург) үлкен оқымысты Барлыбек Сырттанұлының есімін атауымыз абзал», — деп нақтылап өтеді. Осы депутаттық сауал төңірегенде Мәжіліс депутаты Марат Бопазовпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Марат Дәрібекұлы, Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлы жайлы депутаттық сауал Үкімет басшысына дер уақытында жолданды деп ойлаймыз. Барлыбек атамыз қазақтың алғашқы конституциялық жобасының авторы екен. Бұл жайлы көп жұрт біле бермейтіні рас. Парламент секілді заң шығарушы органда тұңғыш конституциялық жобасының авторы Барлыбек атамыздың есімінің аталуы жақсылық нышаны. Осы
жайл ы тереңірек айтсаңыз.

— Барлыбек Сырттанұлы — ХХ ғасырдың басындағы оқыған қазақ зиялыларының бірегейі. Ол 1890 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетін І дәрежелі дипломмен тамамдаған алғашқы қазақ балаларының бірі. Ол — шығыстанушы, араб-түркі, парсы-татар тілдерін игерген. Тарихшығалымдардың зерттеуіне сүйенгенімде, Барлыбектің Алаш идеясының теориялық негізін қалаған Ә.Бөкейхан замандасымен қатарласып, осы идеяның жүзеге асуына себепкер болғанын байқадым. Ол 1910-1911 жылдары Патшалық империяның астанасына барып, қазақтың жерінің тағдырына араласып, ұлт мүддесін қорғаған. Сол кезде Ә.Бөкейханмен кездесіп, екеуі ақылдаса келе «Алаш» партиясын құру мәселесін қозғаған. Әлекеңнің тапсырмасымен ол 1911 жылдың 13 маусымында 4 бөлім, 28 баптан тұратын «Қазақ Елінің Уставы» деп аталған бүгінгі қазақ мемлекетінің алғашқы конституциясын жазып шықты. Бұл заң тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы саяси маңызы зор құжат болатын. Осы заңның мән-мағынасы хақында С.Өзбекұлы, Ш.Тлепина сынды ғалымдар жақсы аналитикалық талдаулар жүргізіпті.

— Барлыбек Сырттанұлы секілді қайраткерді Алаштың көсемдері жақсы бағалағаны белгілі. Бүгінгі біздің алаштанушылар мен тарихшылар ол кісі жайлы қаншалықты мандыта жаза алды?

— Барлыбек Сырттанұлының қоғамдықсаяси қызметіне, қайраткерлігіне, ұлт мұраты жолындағы күрескерлігіне сол кезде-ақ замандастары лайықты баға берген-ді. Мысалы, Ә.Бөкейханның «Барлыбекті ұмытпасқа!» деп аталатын некрологы барлыбектану ғылымына жол ашқан алғашқы тұлғалық мақала деп саналады. Міне, осы сияқты оның замандасы Бақытжан Қаратайұлы оған жазған хатында: «Меніңше, жалғыз сен халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сен ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуға хақың бар», — деген екен. Мен осы депутаттық сауалымды жолдағанға дейін тарихи тұлға туралы жазылған деректердің барлығымен танысып, ол туралы қосымша ізденіс жұмысын жүргіздім. Осы Елордада тұратын көрнекті қайраткер Жекен Қалиұлы, әріптестерім Серік Үмбетов, Нұрлан Дулатбеков, Бейбіт Мамыраевтармен Барлыбек Сырттанұлының ғұмырнамасы жайында пікір алмасқан едік. Тәуелсіздік алғаннан бері оның қайраткерлік, тұлғалық қасиеті, қоғамдықсаяси қызметі, шығармашылығы Салық Зиманов, Сәкен Өзбекұлы, Кеңес Нүрпейісұлы, Мәмбет Қойгелді, Нұрлан Дулатбеков сынды академиктер мен Шолпан Тлепина, Оразкүл Мұхатова сынды профессорлардың зерттеулеріне арқау болды. Ал Тәңірберген Қалилаханов, Жекен Қалиұлы, Өтепберген Ақыпбекұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Жемісбек Толымбеков сынды бірқатар ақын-жазушылар да Барлыбектей тарихы тұлға жайында арнайы еңбектер жазды.

Негізінде, Барлыбектей асылды жіті зерттеген марқұм, белгілі ғалым Сәкен Өзбекұлы болатын. Қазіргі уақытта насихаты кемшін, жарнамасы аз Барлыбектей арыстың ғұмырнамасын жас алаштанушығалым, жазушы Елдос Тоқтарбайұлы зерттеп, жан-жақты қарастырып, мүмкіндігі жеткенінше тұлғаның сан қырлылығын насихаттап жүр. Елдостың болашағынан зор үміт күтемін. Алдына қойған мақсатміндетіне жетсе, Барлыбек қана емес, тағы басқа Алаш қайраткерлерінің де есімі қайта жаңғырып, шығармалары оқырман назарына ұсынылар еді.

— Биылғы Алаш партиясының 100 жылдығы аясында Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлына Алматы, Астана секілді ірі қалалардан көше атын беруге болмас па?

— Мен депутаттық сауал барысында 4 беттен тұратын ұсыныстарды жолдадым.
Онда Барлыбектей тұлғаны насихаттауға, ұрпаққа танытуға арналған бірқатар игі шаралардың реті бар. Мысалы, Барлыбек туралы жазылған зерттеу еңбектері мен естеліктерді, оның әдеби-ғылыми еңбектері және С.Өзбекұлы, Е.Тоқтарбайдың арнайы жазған монографиялық зерттеулерін басып шығару мәселесі, Талдықорған қаласындағы №25 мектепке оның есімін беру, мектеп алдына бюстін қою, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларынан көше берілуі, алғашқы конституциялық еңбегінің құрметіне стелла қою, «Барлыбек Сырттанұлының жолымен…» атты халықаралық экспедиция, студенттерге оның атындағы атаулы стипендия тағайындау сияқты мәселелер көтерілді.

— Осыдан ғасыр бұрын Алаш қайраткерлері көтерген тіл мен дінге, жер мен ұлттық тұтастыққа қатысты мәселелердің әлі де күн тәртібінен түспей тұруының себебі неде?

— Қазақтың өз қолы өз аузына емін-еркін жеткеніне міне 26 жыл ғана болды ғой. «Ғасырдан да ұзақ күн» кешіп, Патшалық Ресейдің, сосын 70 жыл КСРО-ның боданында болғанымызды білесіз. Қанқұйлы саясат өңмеңдеп, алқымыңнан алғанда, тілің де, ділің де, дінің де бір бөлек қалды. Қазақтың жанын тірідей азапқа салып, ыстық табада жанын шыжғыртты. Асылдарын атты. Жақұттарын соттады. Жас желектерін көктетпей, гүлдетпей солдырды. Бұның барлығы солақай идеологияның мыстан саясаты еді. Әйтеуір, Құдай жар болып, Елбасы Н.Назарбаев тізгін ұстап, қазақ көшін Ресейдің іргесінен алып, Ұлы Дала төріне қарай бастады. «Орнында бар дүние оңалып» келеді. Қазақтың ұлт ретіндегі ең асыл, ең қымбат қазынасы — тілі, діні, ұлттық намысы, сана-сезімі һәм жанындай жүрегі — жері өзінікі! Бұл құндылықтар уақыт өте келе қазақтың өзіне, ұлттық мүддесіне қызмет етіп, қорғанына айналады. Елбасы айтқандай, ел рухани жаңғырып, тарихи санасын жаңаша өз мүддесіне сай қалыптастырып жатқанда, бұл мәселелердің барлығы дерлік өз шешімін табады. Бүгінгі атқарушы билік те, жергілікті билік те, заң шығарушы орган да осы бағытта қызмет етпек. Алаштың асылдары айтқан сөздер, олар көтерген мәселелер қазақтың тәуелсіздігін нығайтуға, берік қылуға жігерлендіретін рухты сөз, айнымас бағыт болып мәңгілік қала береді.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған