Ынтымақ мерекесіне Елордасы сақадай сай

Биылғы 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне Елордасы Астана қаласының дайындығы ерекше. Оған  бас қаланың түкпір-түкпіріндегі белсенді дайындық жұмыстары дәлел бола алады. Айтулы күн жақындаған сайын сахналар түр-түске безендіріліп, әнші-биші, күйшілер халыққа паш ететін өнерлерін пысықтауда.

Ал, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған басты мерекелік шара «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтпек. Концертте 450-ге жуық әртіс пен шығармашылық ұжым өнер көрсетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің 300-ден астам өкілі халықтық серуенге қатысса, әрбір этномәдени ұйым ұзындығы 50 метрлік мерекелік дастарқанға ұлттық тағамдарын қоймақ. Халықтық серуен өтетін «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда, «Студенттер» паркінде мерекелік сауда мен спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Астана қаласы әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу аясында қалалық мәдениет мекемелерінде де түрлі іс-шаралар (концерттер, спектакльдер, көрмелер) өткізу жоспарда бар. Ал, қала тұрғындары мен қонақтарына кешкі сағат 20:30-да қалалық алаңда өтетін «Формат» тобының мерейтойлық концертін тамашалауға мүмкіндік бар.

ЕлАна-ақпарат