Аталарымыз деген екен…
Ата бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты ғибрат аларлық, тамаша тәлім – тәрбие берерлік өсиет сөздер өте көп.
Қол бастау қиын ба, Жол бастау қиын ба, Сөз бастау қиын ба?
— Қол бастау қиын емес, Көк найзалы ерің болса, Жол бастау қиын емес, Соныңнан ерген елің болса, Бәрінен де сөз бастау қиын. Тауып айтсаң, мереке қылады. Таппай айтсаң, келеке қылады.
***
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады.
***
Әділ төре ел бастар,
Батыр жігіт жау бастар.
Аға жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
***
Құсты жисаң,бүркіт жи.
Қыс тоныңды түлкі етер.
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас – тозбас мүлк етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Бүкіл алаңға күлкі етер.
***
Ақыл – адамды аздырмайтын ем.
Білім – таусылмайтын кен.
***
Адамның басшысы — ақыл.
Жетекшісі – талап.
Шолғыншысы – ой.
Жолдасы – кәсіп.
Қорғаны – сабыр.
Қорғаушысы – мінез болуы керек.
***
Ізетіңді ине етіп
Иманыңды түйме етіп
Инабатты күйме етіп,
Жүрші балам жамандықты күйретіп, — дегендей еліміздің ертеңі, бабаларымыздың мұрасын, халқымыздың жақсы дәстүрлерін бойна сіңіріп, жалғастырып, жамандықтан аулақ, жаны таза елжанды ұрпақ болуы қажет.
Бақытты болу оңай ма?
— Жары жақсы болса, бақыты жанында
Ақыл басыңда болса, бақыт жаныңда болады. Ақыл адамды азаттанда мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты болам десең ақылдықты үйрен, не ақылды қызыңа үйлен.
Үйде кім, елде кім қадірлі?
— Ата, үйде ана, елде бастық қадірлі.
Үйде қонақ, қарт, бала қадірлі.
Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі.
Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала – үйдің патшасы, балалы үй базар, баласыз үй мазар деген халқым.
Үйдегі алтын қазық кім?
— Үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана – ақылшың, әке – қамқоршың, ағаң – қорғаушың, інің – сүйенішің, қарындасың – қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағнның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейрімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде болады балам.
Достықты нығайтатын не?
— Достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады. Шын достық ақылдыға тән. Өмірде дос болуды ойласаң «Сәлеметсіз бе?», «Кешіріңіз», «Рахмет», «Сау болыңыз», «Сәлем айтыңыз», «Рұқсат па» — деген сөздерді шын көңілмен айтуға үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі. Жөн сөз – көңілді өсіреді, жөнсіз сөз – үмітіңді өшіреді.
***
Салт – дәстүр халық педагогикасының бастауы. Елдігіміздің, егемендігіміздің арқасында қайтып оралған салт –дәстүрімізді тұрмыстық негізде қолданып жүрміз. Соның ішінде, бата туралы түсінік бермекшіміз. Баталы құл – арымас, Батасыз құл – жарымас. Батаменен ел көгереді Жауынменен жер көгереді – дейді дана халқымыз.
***
Бата халықтың рухани күш алатын құдіретті сенім күші. Ол ел сенімін ақтайтын абзал азаматтарға, таланты жастарға, көптің жүгін көтерген, адамдарға, жас сәбиге, немесе үлкендер жақсы ісіне риза болған жағдайларда берілетін ұлы адамдар мен ақсақалдардың ақ тілегі, әрі өмірлік жолдамасы.
БАТА:
Ата сөзі дарып мол,
Ақ уызға арып бол,
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол,
Абайға ұқсап милы бол,
Құрманғазыдай күйші бол
Ақандайын сері бол,
Қажымұқандай ері бол,
Сәкен сынды сұңқар бол,
Бағың жанып әрдайым,
Жақсыларға жақын бол,
Осы айтқаным періште, құлағыңа шалынсын. Бәрінен де құлыным, Аман бол, қалқам, аман бол! Әумин!
***
Ата салты ардақты,
Әрбір сөзі салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң,
Тістерсің бір күн бармақты.
***
Тілім бар да, қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар, ата жолы салтым бар.
Кең даладай жиналмаған шалғайы,
Аңқау ашық мінезім бар аңқылдақ …