Қазақ лексикасының жанашыры

Ұстаз әрдайым шәкірттің жүрегінен орын алатыны сөзсіз, себебі ол болашақ тұлға ретінде қалыптасып дамып, ғылымның ойлы, қырлы жолдарында адаспайтын жол көрсетер шамшырақтай. Әсіресе, ұстаздың шәкірттің ғылым жолына аяқ басар алдындағы жол көрсетіп, бағыт сілтер еңбегін ерекше атап көрсету қажет. Шәкірттің ғылымдағы ұстазы ұстанған бағытты ұстанып, ізін басар шәкірт тәрбиелеуде ұстаздық тұлғаның рөлі ерекше.

Ұстаз-ғалымдардың қазіргі еліміздегі қаншама адамның ғылымның ізгі жолына түсіп, артына хат қалдырар шәкірттерін білім нәрімен сусындатуы, тәлім-тәрбие беруі, әрбір адамның бойында бола бермейтін ғалымға тән қасиетті танып, оның одан әрі жүйелі түрде жақсы бағытта дамуына жағдай жасауы, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруі –ұрпақ тәрбиесінде асыл қазына.Бүгінде озық  білімді, ұшқыр  ойлы, жаңашыл, өз  ісінің маманы  деген  ұлағатты  ұстаздар, зерделі сөзге зер салған тілшілер шоғырын білім бәйгесіне жаратып қосып жүрген қазақ лексикасының жанашыры, филология ғылымдарының докторы, профессор Момынова Бағдан Қатайқызы бүгін мерейлі 60 жасқа толып отыр.

Тілші-ғалым әрбір шәкірттің ғылым жолындағы болашағы ұстаздың қолында екенін терең сезіне отырып, ғылымда нәтижеге жете алатындай іскерлікті дамытып, өз болашағына деген  сенімділікті ұялатты. Сол сенімділік пен ұстаздың шәкірт тәрбиелеу жолындағы ерен еңбегінің арқасында жолын жалғастырып, ізін басатын және Бағдан Қатайқызының шәкірті екендіктерін мақтан тұтатын шәкірттер саны жылдан-жылға көбейіп келеді.

Бағдан Қатайқызы қазақ тіл білімі ғылымында бірқатар атап айтар, өзіндік орны бар сүбелі зерттеу жұмыстарының авторы болып табылады. Ғалым мақсаты – қазақ тіл білімінің көкжиегін кеңейту болса, сол мақсатына жетіп талай-талай еңбектер жазды. Нағыз ғалым-ұстаз ретінде төл зерттеулерінің жалғасын шәкірттерінің зерттеу жұмыстарымен болашаққа өз сара жолын салды, ізін қалдырды. Ғалым еңбектерін мынадай ірі екі салаға бөліп қарауға болады. Олардың біріншісі, қазақ лексикасына қатысты  еңбектері болса, екіншісі,қазақ әдеби тілі саласына қатысты теориялық зерттеулері.

Профессор «Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика: әлеуметтік-бағалауыштық сөзжасам» атты ғылыми еңбекте күнделікті қолданыста бар және тілімізге жаңадан еніп жатқан қоғамдық-саяси сөздерге тілдік талдау жасалып, ғылымда бар пікірлер қайталанбайды, оның орынына қоғамдық-саяси лексикалардың бағалауыштық категориясы, когнитивтілігі, мәтінішілік, мәнмәтіндік қолданысындағы ерекшеліктері туралы айтылған ойлар бүгінде ерекше маңызды болып отыр. Әсіресе, осы еңбектегі «Лидерлер тілі мен лидерлер имиджін қалыптастырудағы бағалаушылықтың қызметі. Лидерлер имиджі және бағалау категориясы» атты бөлімдер қазіргі кәсіби қазақ тілін оқытуда, қазақ тілінде төгіліп сөйлер іскерлер қауымын оқытып, дайындауда таптырмас материалдардың қатарынан орын алады. Ғалымның кез келген еңбегі  – бүгінгі өскелең ұрпақ пен болашақ үшін жасалған сарқылмас инвестиция десе болғандай.

Бұл арада тілші-ғалымның еңбектеріне талдау жасап, мазмұндық сипаттау артық деп санаймыз. Тек Б.Момынова еңбектерінің нәтижесі –жалпы қазіргі қазақ тіл білімінің лексикология, морфология салалары бойынша тың, жаңа бағыттардың пайда болып, терең зерттеу жолында төл шәкірттерінің тәрбиеленуі.

Б.Момынова – жоғары оқу орындарының филология факультетінің студенттеріне және әдеби тіл тарихын зерттеушілерге, ізденушілерге, тілшілерге арналған «Общественно-политическая лексика газеты «Казак», «Қазақ» газеті және Абайдың қара сөздер (қоғамдық-саяси лексикадағы тарихи сабақтастық», «Қазақ тілің тарихи граматикасы» оқу бағдарламасынан басқа 2006 жылы оқу құралы болып шыққан «Қазақ әдеби тілі тарихын зерттеу жүйесі» оқу құралында қазақ әдеби тілі пәнінің тіл теориясындағы орны, әдеби тіл теориясының тұжырымдамалық алғышарттары және қазақ әдеби тілінің өзекті мәселелерін қамти отыра, әдеби тілдің әр кезеңіне ғылыми талдау жасап, теориялық тұжырымдар тілдік материалдармен ұштастырыла берілген. Әдеби тілдің әр дәуірі мен әр кезеңнің тілдік сипатын көрсететін үзінділер,толық мәтіндер және бақылау-пысықтау тапсырмалары қоса берілгені болашақ маманды шыңдай түсуге септігін тигізеді.

Бұл айтылғандар – профессор Б.Қ.Момынованың ғылыми шығармашылығының бір ғана қыры. Газет тілін зерттеушілер Б.Әбілқасымов, С.Исаев, Р.Сыздықова сынды ғалымдарымыздың салған сара жолдарын жалғастырушы ғалым ретінде бүгінгі тіл білімінде озық тұрған теориялық ізденістері мен зерттеулері деп Бағдан Қатайқызының «Газет лексикасы жүйесі мен құрылымы» (Алматы: Арыс баспасы, 1999. – 228 б.) еңбегі, әсіресе бүгінгі күнде қазақ әдеби тілінде өзекті болып саналады. Осы еңбекте «Газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып отырады»,-деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін келтіріп отырады. Шынында күнделікті өмірде газетті оқу барысында оның лексикасының жүйесі мен құрылымына тілшілердің өзі де назар аудара бермейді. Ал профессор Б.Момынова газет лексикасының құрылымы мен жүйесіне, әсіресе газеттің әдеби тілді дамытудағы қызметіне, баспасөз тілінің мәдениеті-әдеби тіл сапасының көрсеткіші екенін нақты дәлелдер, мысалдар арқылы зерттеп көрсеткен. Бұл еңбектің нәтижесі арқылы тек бұқаралық ақпарат құралы ғана емес, халықты тәрбиелеуші рөлін атқаратын газеттің әдеби тілді дамытудағы әсері орасан зор екендігін өз ғылыми еңбектерінде зерттеп, анықтап, дөп басып, ғылыми сала ретінде қалыптастырып, болашақ ұрпаққа жаңа зерттеу бағытын дайындап ұсынды.

Қазақ тілін зерттеуші маман-теоретик деген тұжырымды айқындай, нақтылай түсу үшін ғалым мұрасының бір бөлшегі болып табылатын шәкірттерінің еңбектерін де жатқызуға болады. Сондай шәкірттерінің атынан қазақ тілінің дамып, әлемдік ғылыми деңгейге көтеруге атсалысып жүрген мерейтой иесіне рақмет айта отырып, бүгінгі мерейлі, жемісті, салтанатты 60 жасымен шын жүректен құттықтаймыз.

Г.Акимбекова

Алматы Менеджмент Университетінің доценті,

филология  ғылымдарының кандидаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған