33 ТОМДЫҚ ЖИНАҚ. Қаралы жылдардың жаңғырығы

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Саяси қкғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Ұлытау облысының жұртшылығы аса құнды құжаттар жинақталғын кітаппен танысу мәртебесіне ие болды. Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауы және бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жинағының 33 томы жарыққа шықты. Қаралы жылдардың жаңғырығы іпетті жинақтың таныстырылу рәсімі Жезқазған қаласындағы С.Сейфуллин атындағы кітапханада өтті.

Жинаққа 1920 жылдан 1950 жылға дейін Қазақстанда жаппай саяси қуғын-сүргінге негіз болған нормативтік құқықтық актілер мен құжаттар кірді. Жинақ зерттеуші мамандарға және көпшілік оқырмандарға арналған. 33 томға енген құпиясыздандырылған мұрағаттық құжаттар жаппай қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттарына қатысты құқықтық және саяси негіздерді, сондай-ақ репрессиялық саясаттың нақты тетіктерін зерделеуге мүмкіндік береді. Құжаттардың едәуір бөлігі алғаш рет жарияланып отыр. Жабық қорлар құпиясыздандырылған кезде саяси қуғын-сүргін туралы материалдарды жариялау жалғасады.

Орайы келгенде айта кетейік, құрбандарды толық ақтау жөніндегі құжаттардан тұратын 33 томдық жинақты Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми кеңесі баспадан шығаруға ұсынған. Кітап Алматы қаласындағы «Дәуір» ЖШС баспасынан шыққан. Жинақтың таралымы 500 дана. Бұл құды дүниелер алдағы уақытта Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті мен өңіріміздегі колледждерге, облыс аумағындағы қалалық, аудандық кітапханаларға таратылатын болды.

Кітаптың таныстырылымына орай өткен тағылымды іс-шарада сөз алған Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсыманғали аталған жинақтың мән-маңызына тоқталып, алдағы уақытта да бұл зерттеулер жалғасын тауып, тың деректермен толыға беретінін айтты. Ғалымжан Мұратұлы жинаққа қол ұшын беріп, уақыттарын жұмсап, көз майын тауысқан құрамға облыс тұрғындары атынан шексіз алғысын жеткізді.

Жинақтың таныстырылымына қатысқан қаламгер, тарихшы-зерттеуші, ұлттық руханияттың жоқтаушылары Ғазиз Ештанаев, Әнуар Омар, Ләззат Сембинова, Дина Орынбасарова басқа да құрметті қонақтар жинақ жайлы өздерінің ұсыныс, пікірлерін білдірді.

Шараның соңы «Репрессия құрбандары» бейнефильмі ұсынылып, кеш қонақтарына жинақ таратылды.

Ізтай Белгібайұлы.