Сағадат Сүлеймен: Уақытты кері айналдырғым келеді

Әне-міне дегенше кезекті оқу жылы артта қалып, еліміздің барлық аймағында «Соңғы қоңырау» рәсімі өтті. Бұл жолғы қоңырау дыбысы әсіресе мектебінен түлеп ұшқалы отырған 11 сынып оқушылары үшін ерекше. «Толқынды толқын қуады» демекші, алдыңғы буын ағаларының соңынан ерген бір кездері тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар таудай болып, ұлдар ержетіп, қыздар бойжетіп, асқақ армандары бастарына маза бермей жүргені айдан анық. Жылда бір өзгерісі қоса жүретін білім саласына ата-ана да алаңдаулы, ұстаздар қауымы да өздері білім мен тәрбие берген шәкірттерінің тілеуін тілеп отыр.

Биылғы түлектердің жағдайы қалай екен деп, нағыз толғаныс үстінде жүрген олармен өзіміздің де жолығып қайтқан жайымыз бар. Елордадағы №76 мектеп-лицейіне барғанымызда, 11 сынып оқушыларының өздеріне сенімді екендіктерін оңай байқадық. Мәселен, қанат қаққалы отырған 90-ға жуық түлектің ішіндегі мектеп белсендісі, оқуға да, спортқа да бейім Сағадат Бақытұлы Сүлейменді сөзге тартқанымызда: «Құдай қаласа, сынақтан сүрінбей өтеміз, дайындығымыз жаман емес», — деген жауап алдық. Ал өзі теміржол саласы мамандығын таңдап, Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясында жоғары білім алсам деген алдына мақсат қойған екен. Неліктен бұл мамандықты таңдадың деген сұрағымызға ол былай деп жауап берді:

— Менің ата-анам — теміржолшылар, екеуі де Алматыдағы академияның түлектері. Бала кезден бастап теміржолшы боламын деп армандаған жоқпын. 2014 жылы әкем Бақыттың қызмет бабымен еліміздің бас қаласына көшіп келгенімізде түбегейлі осы мамандыққа аңсарым ауды. Бұған, әрине, атаанамның ықпалы зор десем, қателеспеймін әрі олар да бұл таңдауыма еш қарсы емес.

— Негізгі туған жерің еліміздің қай аймағы еді?

— Мен Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келгенмін. Үш жасымда Ақтөбе қаласына көшіп кетіп, Қарғалы қазақ орта мектебінде сегізінші класқа дейін оқыдым, нағыз балалық шағым сол қалада өтті деуге болады. Кейін 9 сыныпқа барарда, жоғарыда айтып өткенімдей, Астанаға көшіп келдік. Ол кезде бұл мектеп-лицей енді ашылған болатын. Мінеки, біздер осы білім ошағының үшінші түлектері саналамыз.

— Еліміздің батыс аймағынан көшіп келген уақытың нағыз «өтпелі кезеңге» дөп келген екен. Басында қиналған шығарсың?

— Оныңыз рас. Алғаш көшіп келгенде қиын тиді. Адаптация дейді ғой, бейімделіп, үйренісіп кетуіме бір жылдай уақыт өтті. Сабақтан үйге келген сайын ертесіне Ақтөбеге қайтып кететіндей болып, өзімді ұзақ уақыт «қонақ» сияқты сезініп жүрдім. Қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, мұғалімдермен, қатарластарыммен жақсы араласқанның арқасында бір жылда жаңа мектеп, жаңа ортаға тез сіңісіп кеттім. 10-класта «Мектеп Президенті» болдым. Ал биылғы оқу жылында ҰБТ-ға байланысты орнымды кейінгі сыныптарға босаттым.

— Сөз саптасыңа қарасам, әдебиетке жақын сияқтысың. Ал дене тұрқың спортқа бейім екеніңнен хабар беріп тұрғандай…

— Бала кезімнен ақынжазушылардың шығармаларына қызығушылық танытып келемін. Ерекше айта кететіні, ақиық ақын Мұқағали өлеңдерін жатқа оқудан облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлдегер атанып жүрдім. Спортқа келсек, 4 кластан таэквондо үйірмесіне қатысып, 8класқа дейін көптеген жарыстарда топ жардым, жүлдегер де атандым. Ақтөбе облысының бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, Мәскеуде өткен Ресей ашық біріншілігінде екі рет күміс медаль иеленіп, бір рет жеңімпазы атандым. Тек 8-класқа келгенде жаттығуда алған жарақат салдарынан спортпен ерте қоштасуға тура келді. Тіпті, жарты жыл денешынықтыру пәнінен де босатқан болатын. Ал Астанаға көшіп келгелі ең сүйікті ойыным футболды серік еттім.

— Қазір денсаулығың жақсы ғой?

— Құдайға шүкір, жасыл алаңда еркін көсілуге шамам жетеді.

— Туған жеріңді сағынасың ба?

— Әрине, сағынамын. Каникул сайын барып тұрамын. Ағайын-туыстарымыздың бәрі Ақтөбеде. Бағыма орай, Астанаға көшіп келгенде бұрынғы класс жетекшім Шұғыла Ерғалиқызының көп көмегі тиді. Ұстазымыз мектеп директорының орынбасары қызметіне көтерілгендіктен, қазір класс тізгінін Шынаргүл Кенжеәлиқызы деген апайымыз қолға алды. Оған да баршамыздың алғысымыз шексіз. Өйткені Астанаға түрлі себеппен еліміздің әр аймағынан келген балалардың басын қосып, бәрінің де жақсы жетістіктерге жетуіне жағдай жасау екінің бірінің қолынан келмесе керек.

— «Соңғы қоңырау» қарсаңында қандай тілегің бар?

— Соңымыздан ерген іні-қарындастарымыздың көбі тезірек есеюді, мектеп бітіруді жиі ойлайды. Ал, біздер керісінше, мектеппен қоштасатын сәтіміз жақындаған сайын ұстаздардың, алтын ұямыздың, балалық шақтың қадірін түсініп келе жатқандаймыз. Уақытты кері айналдырып, іштей тым болмаса 7-кластан бастап оқуға мүмкіндік болса ғой деймін. Бағаға да бас қатырудың аса қажеті жоқ, бастысы миға білім қонып, бір-біріміздің қадірімізді ерте түсінгеннен артығы жоқ деп білемін. Сондықтан мектеп қабырғасындағы оқушылар білімді, тәрбиелі болса, спортқа да, қоғамдық іс-шараларға да белсенді түрде атсалысса екен деп тілеймін. Сондайақ, барша ұстаздарға амандық, биылғы түлектерге сәттілік жолдас болып, барлығы да ата-аналарының үмітін ақтасын деген лебізім бар.

— Ашық әңгімеңе рақмет! Өзің де ата-анаңның үмітін ақтап, ұстаздарыңды қуанта бер!

Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған