«Қандай төңкерісті болмасын, романтиктер ойластырады, фанаттар жасайды, ал жемісін оңбағандар көреді»…
Халықтар достығы күнінде Қызылордада «Қырымбек Көшербай бейбіт халыққа әскер күшін көрсетіпті». «Қамшы» осылай сілтеді. Жаңаөзенде де кішігірім жиын болғанға ұқсайды. Атырауда басталған «бейбіт шерудің» екпіні осымен Атырау, Ақтөбе, Семей, Жаңаөзен, Құлсары, Қызылорданы шарпып өтті. Ертең тағы кімді соғарын кім білген..
Менің позициям айқын — шерудің бейбітіне де, бейбітсізіне де, қандайы болмасын, қарсымын. Қарсың не, мен одан қорқамын! Себебің десе, мың себебін айтып бере аламын. Ең бастысы, Томас Карлейльдің «Қандай төңкерісті болмасын, романтиктер ойластырады, фанаттар жасайды, ал жемісін оңбағандар көреді» деген сөзі ойымнан еш кетпейді. Иә, жақсы ниетпен шығыпсың, иә, жер тағдырына өз тағдырың деп қарап, жүрегің аузыңнан шығып кеткелі тұр екен, бірақ, шеру, ереуіл дегенің де «орыс рулеткасы» емес пе еді?
Мақұл, Атырауда стихиялы түрде халық жиналып, наразылығын білдірді, Құдай сақтап, бас жарылып, көз шыққан жоқ. Атылмай қалды. Қызылордада арнайы жасақ пен бір топ жас бетпе-бет келді. Атылмай қалды. Ертең тағы бір шеруде әйелімен ұрысып шыққан, жүйкесі жұқа полицей мен қаны қызба жас кездесіп қалса, не болады? Дап-дайын тұрған синофобиялық (Қытайдан қорқу) агрессиямызды қолданғысы келіп анда Ресей мен АҚШ алақанын ысқылап тұр. Қытай бізге келмей тұрып, өз-өзіміздің қол-аяғымызды бөлшектеп, әйтеуір бір алыптың аранына түсуге дайын тұрмыз қазір. «Мені жеші, мені » деп… Содан қорқамын, құрысын.
Кезінде Тахрирден адам арылмай тұрғанда, мысырлық оқушылар бір күні шерулетіп шыға келген. «Әй, сендерге не жетпейді, Хосни Мубаракқа айтарларың бар ма?» десе, «Біз мектеп асханасында құлпынай қосылған балмұздақ жегіміз келеді!» деп талаптарын қояды. Сөйтсе, төңкеріске дейін олар құлпынайсыз балмұздақ жеп жүр екен..
Айтайын дегенім, бейбіт шеру бойымызға желік берді. Кеше жер реформасына қатысты сұраймын деп шыққандар бүгін «Шал кет» деп талабын өзгертіп тұр. Әйтпесе, түсінгенге Елбасы да, одан кейінгілер де біраз сөзін арнады. «Жер сатылсын» деген бір сөзі жоқ Заңнан «Жерді сатып жіберіпті» деп улап-шулаған жұрт, әйтеуір. Жалға берілмесін дейді, жақсы, оған билік жақында мораторий енгізіп, заңды консервацияға қоя тұрады деп үміттенемін.
Бірақ, қазір бұқараның бұл бөлігіне Назарбаев та жаман, Тілеухан да жаман, Көшербаев та жаман, Сапарбаев та жаман. Билікке сенімі қалмаған. Осы сөзді айтқан енді мен де жаман. Жерді сылтауратып алаңға шығып, көз үйрету, сөз өткізуді көздегендердің тілегені орындалып тұр. Бағана желік деп қалдым…
Желіктіргендердің көп айыбы қалам ұстаған біздің мойнымызда, ертең біреудің басынан қан шықса, күнәсі қолымызда!
«Қазақстан Қытайға жер сатқалы жатыр» деп тақырып қойып алып, фонға Бурабайдың я Аса жайлауының фотосын қойған журналист інім — кінәлі!
Осы жайларға «Қазақ көктемі» деп әсіретақырып қойып, жұртқа ілік, сөзге теңеу тауып берген ағам да, «Ақтөбе оянды. Басқа қалалар қайдасың?» деп дем берген бауырым да кінәлі!
Бүгін Қызылордада осы жігітті әскерлер соққыға жықты деп ақпараттың анық-қанығын білмей бөліскен жас қайраткер де кінәлі! (Бұл жігіттің өзі кафеде ішімдік ішіп алып, басқа біреумен төбелесіп, таяқ жегені анықталды.)
Билік те кінәлі! Оның халықпен қарым-қатынасы нашары нашар, экономикаға дем бере алмай жатқан шығар, бірақ ол жерін сату, Қытайға елін беру деген опасыздық деңгейіне әлі түскен жоқ.
Мен де кінәлімін! Жер Кодексіне өзгерістер қабылданып кеткен өткен жылдың 2-қарашасы ұйықтап жатқаным үшін…
Кінә терсек, көп-ақ. Талабымызды билікке жеткізіппіз, оның құлағына жеткені анық, ал одан арғысы — қалған қалаларда болатын я болғалы жатқан шерулер, бұл көңіл-күйді одан әрі ушықтырып жатқан журналистердің жазбасы, бұларың енді артық. Өттерің жарылып кетсе де, еститіндерің осы.
Өркен Кенжебек: ФБ парақшасынан