Шетел асқан халық қаржысы басы бүтін орала ма?

Қартайғанда қайғысыз өмір кешу үшін еңбек өтемі — зейнетақы қорына ақша аудару. Ол — бейнеттің зейнетінің кепілі. Бұл қазақы жатық тілмен айтқанда, өзіңнің уайымсыз қарттығыңа салынған инвестиция. Алайда сол қаржының тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуі көңілге кірбің түсіретіні рас. Халықтың ғұмыр бойына тірнектеп жинаған дүниесін ел билігі де қызғыштай қорып әлек. Бірақ заңның қырық қатпарынан жол тапқандар ойларына келгенін жасауға бейім тұр. Осындай қилы кезеңде кез келген Қазақстан азаматы «біздің елдегі банктердің қарым-қабілеті, сақтандырылуы қалай? Олар кез келген экономикалық кедергілерге сақадай сай ма? Банкроттық жағдайда халықтың табан ақы, маңдай тері қалай өтеледі?» Осы тектес басқа да сан сауалдарға жауап іздеуі заңдылық.

Жуырда Парламент депутаттары дабыл қақты. Сөйтсек, әзірбайжандық халықаралық банк банкроттық жағдайға тап болыпты. (Оның бізге не қатысы бар деп айтуға асықпаңыз). Егер банк расымен банкрот болып танылса, зейнетақы қорындағы халықтың 71,3 млрд. теңгесінің тағдыры қиын. Себебі еліміздегі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (бұдан әрі — БЖЗҚ) оған инвестиция құйып келіпті. Әрине, оның бәрі заңдық тұрғыда болғаны даусыз. Сөйте тұра күмән мен күдік үстемдік құрып тұр. Халықтың сөзін сөйлейтін депутаттар да бекер ышқынып жатпағаны анық. Осы ретте Мәжіліс депутаттарының жанайқайын да түсінуге болатындай. Бірнеше депутат осы мәселеге қатысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың атына депутаттық сауал жолдап, алаңдаушылықтарын білдірді. Елді елеңдеткен мәселеге үн қосқан депутаттармен аз-кем болған сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.

0c631971d4a7a298e4c4ddcbdd1fca98

— Азат Тұрлыбекұлы, әзірбайжандық БЖЗҚ банкіне қатысты, онда орын алып жатқан жайтқа байланысты не айтар едіңіз?

— Мен БЖЗҚ банк қаржысына алаңдап отырмын. Өкінішке қарай, соңғы уақыттағы жағдайларға қарамастан, зейнетақы қоры миллиардтаған қаржыны рейтингі төмен әлсіз банктерге салуды тоқтатар емес. Бізде осы өткеннен сабақ алу деген қашан болады? 2016 жылғы жағдай бойынша ең төменгі рейтингтегі банктерде зейнетақы қорының 161 млрд. теңгесі, ВВ рейтингіне ие банктерде 79 млрд. теңге орналастырылған. Ал мүлде рейтингі жоқ қаржы институттарында 61 млрд. теңге бар. Рейтингі АА деңгейіндегілерде бар болғаны 983 млн. теңге. Яғни бұл басқаларымен салыстырғанда 65 есеге төмен. Мұндай да теңсіздік болады екен-ау…

— Орын алып отырған оқиғаға байланысты Ұлттық банк төрағасына депутаттық сауал жолдадыңыз. Онда қандай нақты талап-ұсыныстар бар?

— Бұл жерде мынаны баса айтқым келеді. Бүгінгі белең алған тенденциядан байқағанымыздай, зейнетақы жинақтары ысырап болып жатыр. Оны көзіміз көріп отыр. Мен депутаттық сауалымда Ұлттық банк төрағасынан мына сұрақтарға жауап беруін талап еттім.

1. БЖЗҚ менеджменті неге зейнетақы жинақтарын сақтауға қатысты өз міндеттерін орындамайды?

2. Әзірбайжан халықаралық банкі облигацияларының дефолт болмасына кім жауап береді, оған салынған инвестиция сақтандырылған ба?

3. Біздің азаматтарымыздың зейнетақы жинақтары кімнің тарапынан шетелдік банкті қолдауға жұмсалып отыр?

4. Инвестиция салу туралы шешім қабылдаған БЖЗҚ-ның лауазымды тұлғаларын тауып, тергеу жұмыстарын жүргізуді және жауапкершілікке тартуға шақырамыз.

photo_33920

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЖЫСЫНА АТҮСТІ ҚАРАҒАНДАР ЖАУАП БЕРУІ ТИІС!

БЖЗҚ қатысты жаны ауырып жүрген Парламент мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыровтың да ойын білдік.

— Айқын Ойратұлы, депутаттық сауалыңызбен жақсы таныспын. Сондықтан сізге сауалды төтесінен қойғалы отырмын. 2014 жылы қазір сөзге ілігіп жатқан БЖЗҚ шетелдік банкті инвестициялаған көрінеді. Қазір осы банкке банкрот болу қаупі төніп тұр. Қалай ойлайсыз, егер іс насырға шапса, құйылған қаржы Қазақстанға қайтпай қалуы мүмкін бе?

— Менің ойымша, валюталық міндеттемелерін орындауды тоқтатқан шетелдік банк БЖЗҚ-ны тақырға отырғызып кетуі әбден мүмкін. Қазіргі жүріп жатқан салымшылардың мүддесіне қайшы келетін іс-әрекеттері БЖЗҚ-ның қаржы саясатын оңдыра қоймас. Мұның алдын алу үшін асығыс қабылданған шешімдер мен тәуекелге баруға не себеп болғанын тексеру қажет. Сонымен қатар, алдағы уақытта болашағы бұлыңғыр шетелдік банктермен келісім жасауды, оларға қаржы құюды шектеу керек.

%d0%b0%d0%b9%d0%ba%d1%8b%d0%bd-%d0%ba%d0%be%d0%bd%d1%8b%d1%80%d0%be%d0%b2

— Біздің білуімізше, «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес, зейнетақы активтерінің басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды қарастыру және жасау үшін БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқару кеңесі құрылған. Кеңес зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға орналастыру үшін рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін мақұлдаған. Сөйте тұра жағдай оң нәтиже бермей жатыр. Бұл туралы айтарыңыз бар ма?

— Менің бұған айтарым мынау: БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару ҚР Ұлттық банк басқармасының 2014 жылы қабылдаған жаңа инвестициялық декларациясына сай жүзеге асырылған. Декларацияға сәйкес, инвестиция активтердің негізгі үш тобына жасалады. Ол: Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары, Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінің депозиттері мен облигациялары, сонымен қатар халықаралық эмитенттердің еурооблигациялары. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін осы активтер тобына инвестициялау зейнетақы жинақтарының сақталуын және табыстылығын қамтамасыз ету қажеттілігінен туындаған деп мәлімденген болатын. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінің қаржы құралдарына инвестициялау ұлттық валютада несиелеудің артуы арқылы ел экономикасына жақсы нәтиже береді деп түсіндірілген. Солай бола тұра, қазіргі таңда БЖЗҚ-ның Әзірбайжан халықаралық банкіне құйған қаржысы көптің көңіліне күдік ұялатып отыр. Бұған қоса 2014 жылдың екінші жартысында БЖЗҚ шетелдік банктің құнды қағаздарының барлық эмиссиясының 50%-дан астамын алған. Өз басым бұл өте қауіпті мәміле деп санаймын.

— Депутаттық сауалыңызда өзге әріптестеріңіз секілді Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына шетелдік банктің жасап отырған ісі «түйенің мойнынан қисық» екенін баса айтқанға ұқсайсыз…

— «Айтпаса, сөздің атас өледі» демекші, шетелдік банкті айтпағанда, БЖЗҚ-нің жасаған қадамы өзінің зейнетақы салымын сақтауға қатысты негізгі саясатына қайшы келіп отыр. Өз басым жеке зейнетақы қорларының инвестициясына қатысты даулы дефолттан кейін тиісті шешім шығарылмағанына қайранмын. Енді келіп Әзірбайжан халықаралық банкінің облигациялары бойынша орын алуы мүмкін дефолтқа кім жауап беретіні белгісіз. Біздің ұстаным мынау: «Коммунистер» халықтың жинағына дәл бұлай атүсті қарауға жол берілмеуі тиіс деп санайды. Сондықтан билік тарапынан осы іске қатысты толыққанды тексеріс жүргізіп, айыптыларды тауып, жауапқа тартуды сұраймыз.

БЖЗҚ САҚТАНДЫРЫЛМАСА, ОНДА ҚАРЖЫ ЖОҒАЛДЫ ДЕЙ БЕР

Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін тілшілер сауалына жаМәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін тілшілер сауалына жауап берген депутат Омархан Өксікбаев БЖЗҚ банкінің инвестициясының бағытталуы туралы ақпаратқа өз пікірін былай білдіріп: «Менің ойымша, осы қаржыны бөлген қордың менеджменті барлық тәуекелдерді ескермеген болуы мүмкін, әйтсе де асығыстыққа бармай, мәселені тереңірек зерттеп алған жөн болар еді. Сондықтан есептеудің қандай параметрлері назарға алынғанын қазір нақты айта алмаймын. Әрине, егер де олар қандай да бір сақтандыру мәселелерімен қамтылмаса, онда бұл қаржы жоғалды деп айтуға болады. Бұл өз кезегінде біздің қорымызға тікелей залал келтіреді», — деді.

РS: Бұл іске алдағы уақытта Сыртқы істер министрлігі араласуы мүмкін. Оны министр Қайрат Әбдірахмановтың мына сөзінен түйсінгендей болдық. «Сыртқы істер министрлігі өзінің шетелдік мекемелері арқылы ұлттық мүдде мен түрлі жағдайларға тап болған Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша жұмысты белсенді атқарып келеді. Естіп, біліп отырмыз, қиын жағдайға тап болған әзірбайжандық банкке инвестицияланған зейнетақы жинақтары жөнінде сөз қозғалуда. Біз түрлі дипломатиялық арналар арқылы өтініштер түскен кезде Әзірбайжан Республикасының тиісті құрылымдарымен белсенді жұмыс жасайтын боламыз», — деді. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Әзірбайжанның Халықаралық банкі қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын қайтарамыз деп уәде беруде-мыс. Ресми Баку осындай шешім қабылдаған деген сыбыс бар. Яғни мемлекет құрдымға кеткелі тұрған банкті құтқаруды көздеп отыр. Лайым, солай болғай!

Дайындаған НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған