Өз өміріңді түбегейлі тазала!

Толып тұрған ыдысқа су құя алмайсың. Кез келген өзгерістің түп негізі құтының босауына тікелей байланысты. Өмірді түбегейлі өзгертіп, тағдыр парағын тазалап алу үшін бұған дейін жиналған жүкті саралап, артық-ауысын жадыдан өшіріп, қоқысқа тастау.
Егер өткен өмірмен қоштаса алмасаңыз – онда сіздің тағдырдың пазлдары бір суретті көрсете бермек. Себебі, баяғы ескі былғаныш сезімдер және жағымсыз тәжірибемен жаңа өмірді бастау мүмкін емес. Ол пазлды қанша араластырсаң да сол сурет шығады.
Өзіңді тануды бастау керек. Жаңа тәжірибе бастау үшін ескінің бәрінен сабақ алып, өмірге деген көзқарасыңды өзгерту.
Мақсат іздемеңіз. Өзіңізді бес жылдан кейін қандай боламын деуді де кейінге шегере тұрыңыз. Мен не үшін өмір сүремін де, менің өмірім кімге керек деген сұрақтарға да бас ауырта көрмеңіз. Бұның барлығы ескі жараның аузын тырнаумен тең. Оның үстіне қаншама уақыт пен қуатты жеп қояды.
Өз өміріңдегі бар қоқысты жинап-теріп тастаңыз. Тәни, энергетикалық және менталды күйде.
Өткеннің елесін жадыңда түйіп жүру төмендегідей екі жағдайға бастайды:
Санаңда қайта-қайта өткеніңді тірілте бермексің. Өмірдің бәрі дежавю болып көрінеді.
Өмір жылдамдығын тежеуге бастайды. Маңайыңыздағы адамдардың үш есе жылдам қимылын қарайсыз да, қалай үлгереді деп тамсанасыз. Өмірде жетістікке жету тек жылдам жүрген адамның қолынан келеді. Жатқанға жан жуымас, жүргенге жөргем ілінеді деп бекер айтылмаса керек.
Өмір тазалығын үш шақта да жасау керек: өткен, бүгін, келешек. Таң қалмаңыз, келешекте бәрі жақсы болу үшін, ол туралы пікіріңіз былғанбау үшін жолды әлден тазарта берген абзал.
Бүгіннен бастаған пайдалы. Оны сезіну оңай. Қазір және дереу. Дәл қазіргі шақтағы бөгет жасап жатқан барлық қоқысты тастаңыз. Санаңызда ол ертең керек боп қалса деген дәмені өшіріңіз. Тазалық сіздің қуатыңызды еселейді.
Бастысы – тізімнен өшпей қалған сауалдың бәрін алып тастау керек. Бүгінді тазалау үшін ауада ілініп тұрған қуат жегіш сұрау, мақсат, түйткілдерді жоқ ету маңызды. Сұрағыңыз келгенді сұраңыз, сұрай алмасаңыз ол сұраққа қайтып оралмаңыз. Мәнісі болмағаны ғой. Бір-екі аптадай жауапсыз қалған барлық көңілді бұзған дүниені өшіріңіз. Осыдан-ақ қуатты ағынды сезіне бастайсыз.
Енді егжей-тегжейлі түсіндірсек. Алдағы бір-екі аптада шынымен өмірін таза парақтан бастап, жаңа тәжірибенің пазлдарын құрағысы келетіндер не істеуі мүмкін?

  1. Қоқысты тастаймыз.
    Барлық қоқыстан құтыламыз. Ең алдымен – үйдегі. Тастаймыз, таратамыз, өткізетіндерге өткіземіз. Бірақта «қорапқа сап қояйын, сосын бере саламын» деген ұстаным қолданбаңыз. Шынымен апарып беретінді таратыңыз. «Күтсін» деген тізім болмасын. Қоқыс деген не? Сіз қолданбайтын нәрсенің бәрі. Былай жасайық: бір жыл бойы тұтынбаған заттарды таратыңыз.
    — Сіз кимей жүрген киімдер.
    — Ескерткіштер, кәдесыйларды, әсіресе үйдің көркін алып тұрған заттың бәрін таратыңыз.
    — Ескірген, жарамай қалған ыдыс-аяқ, техниканы тастаңыз. Неғұрлым көп тастасаңыз, соғұрлым өзіңізге пайдалырақ. Әр зат – сіздің қуатыңыздың бөлшегі, оларға тіке қараңыз, шын жарамайтынын тастауға, таратуға қиналмаңыз. Жаңа тәжірибе сізді қуантатынына сеніңіз. Әр затты қолға алған сайын «Мына күш-қуатты қалдырсам ба, тастасам ба? Оның орнына келетін жаңасын алсам ба?» деп сұраңыз. Толып тұрған ыдысқа су құя алмайсыз. Өз құтыңызды өзіңіз босатасыз. Қанша төксеңіз, сонша құйылады. Сараңдық танытсаңыз, еш таң қалмаңыз. Өзгеріс енетін кеңістік табылмағаны да.
    Үйдегі тазалық – «өміріме қанша жаңалық кіргізуге дайынмын» деген ойынмен басталады. Қанша зат тастасаңыз, соншалықты өзгерістің енуіне дайынсыз. Бұл барлық кеңістігіңізге қатысты. Жұмыстағы орыныңыз, көлігіңіз, жеке ұшағыңыздағы, тағы неңіз бар? Әріптестеріңізді таң қалдырып, үстел үстін бір тазалап қойыңыз.
  2. Файлдарды жоямыз.
    Қоқысты тастау – басы ғана. Енді санадағы жазылған ескі естеліктерді өшіреміз. Компьютер мен әлеуметтік желіде көп отырасыз ба? Бұл да сіздің кеңістік ендеше. Ол да сіздің қуатыңызды сіңіріп алады. Не оқысақ та, компьютерге жинап әуре боламыз. Не үшін өшіруіміз керек? Орын бәріне жетеді. Мұндағы ұстаным да жоғарыдағыдай. Тазалану – қуатты босату. Тек аса қымбат, қажеті бар дүниелерді қалдырыңыз. Ұнамаған киноны сақтау не үшін керек? Бұрыннан келе жатқан мағынасын жойған файлдарды сақтаудың не мәнісі бар? Оның бәрі сіздің бір бөлшегіңіз. Салмақ ауырлаған сайын қуат азая беретінін білеміз. Онда неге жаңаға орын босатпасқа? Тек жеке компьютерді ғана емес, жұмыста да солай тазалық жасаңыз. Барлық блогтарыңызды, сайттарыңызды бір тазалап қойыңыз.
  3. Тазалық жасаймыз, әр затқа лайықты орын босатамыз, файлдарды жүйелейміз.
    Мүлтіксіз тазалықшы болған емеспін. Кейде шығармашылық адамына шашып жұмыс істеу ыңғайлы көрінетін. Бірақ қазір мен басқаша пікірдемін: үйлесімді тазалық, тәртіп болуы тиіс. Әр заттың өз орыны болуы керек. Бұл өмір барысының жүйелі, тиімді жолға түсуіне ықпал етеді. Әсіресе, жылдамдықты күшейту керек болса. Осылай істемесеңіз, үйде де, жұмыста да бәрі шашылып, қоқсып тұрса, өмірді жаңа жылдамдыққа ауыстыра алмайсыз.
  4. Қабылдайтын ақпаратты сүзгіден өткізіңіз
    Сіз қабылдайтын ақпараттар ағынына да сүзгі керек. Санаға арналған азық та оның сапасына тікелей бағынышты. Дұрыс ойлану көп жетістікке жеткізеді.
    Ақпараттық улану – естуіңіз бар болар? Көп адам шалдыққан дерт. Әлеуметтік желіде оқығанның бәрін сіңіре береді. Өз жанының қалауын тыңдаудан қалады.
    Ақпараттың жиналып қалатын жаман әдеті бар. Ол түйсікте тұра береді. Сондықтан жақсысын елеп, екшеп, жағымдысына көңіл бөліңіз. Бағалысын таңдап, өміріңізге енгізіңіз. Сонда ол білуге, дамуға итермелейді. Әйтпесе, ақпарат арнасын бықсыққа толтырып тастайды. Осындай бықсықтың салдарынан ішкі дауысыңызды ести алмай, қателік жасайсыз.

Сондықтан бүгін жасауға тиісті шаралар:
Достықтағы адамдарды сүзгіден өткізіңіз. Жазғаны көңілге қонбайтын адамдардың бәрін өшіріңіз. Жазбаларыңызды тазалаңыз. Жаңалығы жыныңызға бататын адамдарды өшіріп тастаңыз. Әсіресе, жаманатты көп айтатын, ылғи аттанға басатындардан бойыңызды аулаққа салыңыз.
Өзіңіз оқығыңыз келетін блогтар мен сайттарды іріктеп қойыңыз.
Өмірдегі басты ұстаным: өзіңіз үшін құндылықты қалай екшейсіз, соны ұғыну. Жан-жүрегіңізбен қабылдайтындарын бөлектеңіз.
Бір нәрсе оқып отырғанда ішіңіз қыпылықтап кетсе, онда бұл сіз үшін маңызды болғаны. Түйсіну мен әрекет етуге бел бууға шақыратын жан дауысы.
«Мені қосса, мен де қосып, оқи берейін» деген ойдан әрдайым аулақ болыңыз. Сізді қуантатын дүниелерге ғана жаныңызды ашыңыз. Оны да үнемі тазалап отырыңыз.

  1. Бітпеген істерді аяқтаймыз немесе жоямыз
    «Күту» тізіміндегі істің бәрін бітіріп немесе жоямыз. Жасалатынын тез жасап, басқасын өшіріңіз. Өзіңіз үшін шешімді тез қабылдап үйренесіз. Артық жүкті көтеріп жүру еш пайда бермес. Ішіңізден істегіңіз келгеннің бәрін бітірдім деп, көңіл тоят табуы керек. Ешбір сұрақ, бітпеген іс қалмасын. «Бұл өмірден нені қалаймын?» деген сұраққа жауап іздеудің алғашқы қадамы осындай тазалық жасау арқылы өмірлік жылдамдықты үдету. Сонда жаңалық пен өзгеріс көп күттірмес.
    Қорытынды ретінде. Тазалық жасаудың басты екі қасиеті мынау: Барлық деңгейдегі қоқыстан арылу, күтіп тұрған істі бітіру, ақпараттарды екшеу.
    Сосын барлық арнадан тек жағымды жаңалықты қабылдап үйреніңіз. Пайдалы ақпараттар алуды үйреніңіз. Сонда әлеміңіз қанық бояуларға бояла бастағанын сезінесіз.
    Өзіңді қайтадан жасап шығарғың келсе, өзгергің келсе, ескі тәжірибені ұмытып, жаңаға орын босатыңыз. Ескінің бәрі нашар кеңесші.
    Ал, енді кірісіңіз тазалыққа!

Луиза Хей
Аударған Шынар Әбілдә

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған