Ұлан Рысқұл: «Русланды таза жеңдім»

Бүгін елордасы Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен «Қазақстан Барысы-2017» турнирі өткені баршамызға мәлім. Қалың көрерменге «Қазақстан» және «ҚазСпорт» телеарналарынан, сондай-ақ, ТМД елдеріне таралатын ресейлік «Матч! Планета», «Бокс ТВ», Түркияның «ТРТ АВАЗ» арналарынан тікелей көрсетілім ұйымдастырылған айтулы доданың биылғы жарысы өте тартысты әрі қызықты өтті. Турнирдің ұйымдастырушыларының «Барыс Аренанаға» күрес жанкүйерлері үшін ыңғайлы спорт алаңы деп баға бергенін бұған дейін айтқан болатынбыз. Республиканың 14 облысы, Астана, Алматы қалаларында өткен «Қазақстан Барысының» аймақтық сынында үздік деп танылған 32 сайыпқыран және осы жоба төңірегінде өткен «Әскер Барысында» басқалардан бәсі жоғары болған 2 бірдей апайтөс балуан финалдық кезеңде өнер көрсетті.  Олардың 12-сі аталмыш турнирге алғаш рет жолдама алғанын айта кетейік.

Сонымен, 34 балуан бақ сынаған жарыста «Әскер Барысы» арқылы финалдық кезеңге жолдама алған,  «Қаратамыр» бүркеншік есімімен ел алдында  қазақ күресінің тамаша әдіс-тәсілдерін көрсеткен 22 жастағы Еламан Ерғалиев (Қызылорда облысы) «Қазақстан Барысы-2017» турнирінің жеңімпазы атанды. Ал, қазақ күресін насихаттаған жобаның алғашқы чемпионы (2011), биылғы сайыста алты жыл бұрынғы ерлігін қайталауға бекінген Ұлан Рысқұл финалда Еламанға жол берсе, Ұланнан жартылай финалда жеңіліп қалған танымал балуан Айбек Нұғымаров атыраулық Арман Қалиевті қапыда қалдырып, қола жүлдегер атанды. Бес жекпе-жектің бір де біреуінде өзінің шаршағанын білдірмеген, психологиялық жағынан да, физиологиялық жағынан да үлкен дайындықпен келгенін дәлелдеген Е.Ерғалиев:

-Мықтылардың бәрі екінші топқа түссе де жекпе-жектерімнің қай-қайсысы да оңай болмады,-дейді. Иә, жеребе жолдас болды деп тағы айта алмаймыз. Өйткені, «ә» дегеннен-ақ тәжірибелі балуан Мұхит Тұрсыновпен бозкілемге шыққан Еламанның келесі айналымға өтуі екіталай деп ойлаған жұрттың қарасы қалың. Дегенмен, жас та болса намысқа тырысқан балуан тынымсыз жаттығуларының, ұзақ дайындықтың жемісті әрі жеңісті нәтижесін көрді.

Ал, биыл екінші рет өзінің туған інісімен ширек финалда жолыққан Ұлан Рысқұл журналистердің сұрағына былай жауап берді:

-Руслан екеуміз өзара келіскен жоқпыз. Шынайы күрестік және оны кілемде таза жеңдім…

Әйтсе де, мамандар ағасын сыйлаған қазақтың қанында бар сыйластықтың нақ үлгісін осы екі балуаннан көрдік дейді. Тағы айта кететіні, Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бастамасына «Қазақстан Барысы» турнирінің өз үлесін қосып отырғаны айқын. Сондай-ақ, биылғы турнирдің бір ерекшелігі – балуандар бәсекесі Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне тұспа-тұс ұйымдастырылды.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ