Жазушы Шәрбану Бейсенованың «Бозоқ аруы» деп аталатын жаңа кітабы көпшілікке таныстырылды

Маулен АшимбаевҚуаныш бөліссе көбейеді. Сондықтан өздеріңізбен қуанышты жаңалығымызбен бөліссем деймін. Бүгін ІІ Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында анам, жазушы Шәрбану Бейсенованың жаңа кітабы көпшілікке таныстырылды. «Бозоқ аруы» деп аталатын туынды анамның «Ұлы дала арулары» сериясымен жарық көрген екінші кітабы. Бұл еңбекті автордың қазақ әйелдері туралы ұзақ жылғы ізденістері мен зерттеулерінің жемісі деп бағалауға да болады.

Аты айтып тұрғандай, кітапта елордамыздың түп-тамыры саналатын көне Бозоқ қаласынан табылған текті әулеттен шыққан ару туралы нақты деректер көркем әдеби тілмен баяндалған. Сондай-ақ бұл мәліметтер фольклорлық мұраларымызбен сабақтастырылып, танымдық, ақпараттық тұрғыда суреттелген.

Сонымен қатар аталған еңбекте есімі ел ұранына айналған Домалақ ана, Бегім сұлу, Үкөк ханшайым, Үржар айым, Лала бибі, Айша бибі, Гауһар ана, Қарашаш ана, Ұлбике ақын сияқты абыз аналарымыздың өмірінен де жан-жақты сыр шертіледі. Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып, тағылымы мол тәлім-тәрбие беруде мұндай дүниелердің маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде «Бозоқ аруының» ұлт руханиятына қосылған елеулі үлес екені сөзсіз. Алдағы уақытта да рухани жаңғыруымызға тың серпін беретін осындай мәнді де мазмұнды еңбектер көбейе берсін.