ІІІ Еуразия халықаралық «Eurasian Book Fair-2018» шарасына абыз жазушы Медеу Сәрсеке келді

Алаш астанасынан арқаланып жеткен абыз жазушы. Бүгін елордада ІІІ Еуразия халықаралық «Eurasian Book Fair-2018» кітап көрме-жәрмеңкесінің соңғы күні. Осы уақытқа дейін игі дәстүрге айналған көрмеге дүниежүзінің 18 елінен 155 ұйым-мекеме өкілдері жиналды. Осы орайда ақсақал жазушы Медеу Сəрсекемен тілдесіп қалуға тырыстық.

— Аға, кітап көрмесіне қандай тарту-таралғымен келдіңіз? 
— Мен Семей қаласынан келдім. Алдымда жатқан кітаптың барлығы қазақ ұлыларына арналған. Қаныш Сəтбаев, Ермұхан Бекмаханов, тағы басқа ұлт мақтаныштары. Баспа бетін алғаш көргені де, бұрыннан жарық көріп келе жатқандары да бар.
— Жақындабір кітабыңыз сыйлық алды деп естідік…
— Бекмаханов өмірін қамтыған қалың кітабым ғой. «Ноқталаған тарихшы» деген. Бұл өзі тез таралып кетуімен де есте қалды. Көп қиындық көрген, абақты қандалаға таланған арыстың рухы жебеп-желеген шығар. Əйтеуір, осы кітап мені біраз көтерді.
— Кітаптарыңыздың салмағы ауыр екен, көтерген жүгі де қомақты болар?
— Айналайындар-ау, еңсені басып жүрген ойлардың жемісі ғой. Бұл қазақ, мынау сайын дала не көрмеді? Оның арыстан жүректі ұлдарының қиянат-қамшы тимегені аз. Мына кітабым «Семей қасіреті»деп аталады. Бұл кітап екінші рет шығып отыр. Мəдениет министрлігі екі тілде 5 мың данамен шығарды. Бұл полигонның 25 жылдығына арнап жазылған дүнием. Енді мінекей, екі тілде 5 мың данамен шығуда. Тəуба!
— Сіздің əдебиетке сіңірген еңбегіңіз орасан. Жазушының қаруы — қаламы. Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
— Қазір жасым 83-те. Жігерлі жастық шақта емеспін. Ертең бір жұмысты қолға аламын деп арқаланатын. Алланың бұйыртқанын көремін. Негізі мен жазарымды жазып болдым. Енді шыққан кітаптарымды қайтара сүзгілеп, бəлкім қайта толықтырып отыратын шығармын.
— Уақыт бөліпсұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ,
журналист, аудармашы, пиар маманы