3D принтер 80 сағат ішінде бір үй салып бітіреді.
Волан-де-Морт
Ғалымдар бірегей тіршілік иесін тауып, оған ерекше атау берді.
Жәндіктің жаңа түрі Аустралияда, Пилбара аймағында табылды. Ғалымдар оны «Гарри Поттер» кейіпкерінің есімімен атады. Бұл тіршілік иесі – жер астында өмір сүретін құмырсқалардың жаңа түрі. Гарри Поттердегі сиқыршы Волан-де-Мортқа ұқсағаннан кейін соның есімімен аталды.
Ол Аустралияның солтүстік-батысындағы құрғақ Пилбара аймағында жер астында өмір сүретін жануарларды құжаттауға бағытталған экологиялық зерттеу кезінде табылды. Тереңдігі 25 метр болатын ұңғымада құмырсқалардың таңғаларлық жаңа түрінің тек екі үлгісі көрінген. Жәндіктердің жұмбақ түрінің сипаттамасын Марк Вонг пен Джейн Макрей жариялады. Еске сала кетейік, әлемде құмырсқалардың 14 мыңнан астам түрі бар, бірақ тек 60-қа жуығы жұмбақ «leptanilla» тұқымдасына жатады.
60 жылғы құпия
Норвегиялық азамат бала кезінде ежелгі қазыналарды тауып алып, 60 жыл бойы ешкімге айтпаған.
67 жастағы норвегиялық Ян Гуннар Фугельснес археологтерге 1964 жылдан бері сақтаған және ешкімге көрсетпеген ежелгі артефактілерді тапсырды. Бұл туралы «Miami Herald» басылымы хабарлады. Бала кезінде Фугельснес пен оның ағасы қазына іздеп, ойнаған. Шіркеуге барып, ғимараттың астына кіріп, балшық астынан көне монеталарды, тоғыз инені, үш металл затты және моншақ тапқан. Оны ешкімге айтпаған, көрсетпеген, мән бермеген, тығып қойған. Ақырында шіркеудің жанында археологиялық қазба жұмыстары басталған кезде ғана есіне түсірген. 60 жылдан кейін ғана заттарды мамандарға көрсетіп, барлық артефактілерді мұражайға зерттеу үшін жіберді. Балалар шіркеудің астынан қазған 14 монетаның күмістен жасалғаны анықталды. Олардың көпшілігі XIV ғасырдың бірінші жартысына тиесілі. Ал инелер 700 жыл бұрын жасалған боп шықты.