40 КОМАНДА ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІНДЕ БАСҚОСТЫ
Бүгінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дене шынықтырумен айналысуға көпшілік баса назарын аударып келеді. Ауылдағы ағайындар осы бір дәстүрді көбіне ас беру, еске алу турнирін өткізу арқылы қоғамды спортпен шұғылдануға баулып жүр. Бұқаралық спортты дамытуды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің 2020 жылы халыққа арнаған Жолдауында: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен ұстаудың мағынасы жоқ.
Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімді жұмсалмайды. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және әрине балаларға басымдық беру керек», – деген болатын.
Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні қарсаңында және ағымдағы жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялауына орай Шайдана ауылында екі кезеңді қамтитын кіші футболдан облыстық ашық турнир өтіп, оған бас-аяғы 40 команда, 300-ге жуық спорт сүйер азамат жиналды.
Доп додасына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев, Қарасу ауылдық округінің әкімі Мади Жанұзақов қатысып, аяқдопшылар бәсекесін тамашалады.
Ашылу салтанатында сөз алған Олжас Елебекұлы бүткіл аймақ аяқдопшыларын «Алмаз» спорт кешенінде жинап, ұлы Алмаз бауырымызға арнап еске алу турниріне тікелей мұрындық болып отырған ауылдың құрметті азаматы, спорт жанашыры, меценат Әділ Байұзақовқа ризашылығын білдірді.
– «Ауылына қарап азаматын таны» деген тәмсіл тұрғындары тату, жастары ұйымшыл Шайдана елді мекеніне арналып айтылғандай. Әрине, сол ауылдың гүлденуіне үлес қосып жүрген Әділ Әбубәкірұлының еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Спорт – денсаулық кепілі. Бүгін жастардың шақыртуымен арнайы келіп отырмыз. Күні кеше жастардың өтінішімен, аудан әкімінің қолдауымен 1 млн 800 мың теңгеге «Алмаз» ашық спорт алаңқайының жасанды тоғаны жаңартылды. Міне, бүгінде осы алаңда аяқдопшылар бас қосып отыр. Өздеріңізбен бірге доп додасын барлайтын боламыз, – деді ол өз сөзінде.
Келесі болып сөз алған марқұмның туыс-туғаны қыршыннан қиылған азаматтың өміржолына тоқталып, арнайы келген команда ойыншыларына алғыстарын білдірді.
Ауылдың азаматы, кәсіпкер Әділ Байұзақта та сөз алып, ауылға деген сүйіспеншілік пен адалдық адам баласының жүрегінде орнауы керектігін, турнир адамдар арасын жақындастарытынын, жастарға қолдау білдіру басты міндеті екенін айтты.
Жиында «Гозовик» командасының ойыншылары Әділ Әбубәкірұлына «Qazaq» ұлттық компаниясының Жамбыл өндірістік филиалы директорының Алғыс хатын табыс етіп, кісі көңілін көктем етті. Ойынның өту тәртібімен «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының жаттықтырушысы Азамат Құрбанов таныстырып, жұлде қорына 1 млн теңге қаралғанын, ойынға төрелік етуге тараздың білікті төрешілері арнайы келгенін атап өтті.
Турнирдің алғашқы күнінде 16 жасқа дейінгі 13 команданың жасөспірімдері сынға түсті. Бұғанасы қатаймағынымен аяқ шеберлігімен көрермендерді тәнті еткен олар түні бойы ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы ойындарда шапшаңдылығымен көзге түскен «Пионер» командасы ақтық сыңға сүрінбей жетіп, тараздық «Дос-нар» командасынан басым түссе, екінші және үшінші орын «Қаракемер» мен «Шайдана-Алмаз» командасына бұйырды. Көрермендер таңдауымен Алихан Бадан (Пионер) «үздік сұрмерген», Заңғар Аманалұлы (Шайдана) «үздік ойыншы», Қадырбек Амангелді (Шайдана) «мәдениетті ойыншы» номинациясының жеңімпазы атанып, бағалы сыйлықтармен марапаталды.
Ал ересектер арасында өткен турнирге 27 команда қатысты. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған доп шеберлерінің кім мықтыны анықтауы оңайға соқпады. Дегенмен Байзақ ауданынан «Қостөбе» командасы ақтық сында тараздық «Омега» командасын екі де бір есеппен тізе бүктірсе, үшінші орынға тұрақтаған «Шайдана-Алмаз» командасы «Кги» командасынан басым түсті. Доп додасына жиналғандар «Сәтбай ата» мешітінде «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол командасы ұйымдастырған ақ дастарханнан дәм татып, марқұмның рухына бағышталған құранға қол жайды. Кеш қарая аяқталған облыстық ашық біріншілікте Қайсар Абдиеев (Омега) «үздік қақпашы», Ерікжан Досымов (Шайдана) «үздік қорғаушы», Рахат Саттаров (КГИ) «үздік шабуылшы», Санжар Сейсенғалиев (Омега) «үздік жаттықтырушы», Арман Сеңгірбай (Қостөбе) «үздік гол», Анушервон Муртозозада (Шайдана) «мәдениеті ойыншы», Бағдат Пірімқұловтар (Шайдана) «шебер гол» номинациясының жеңімпазы аттанды. Барлық жүлде алған командаға қаржылай қоржын, бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Жамбыл ауданы