40 жылдаң соң қазақ жері шөлге айналады!
Биология ғылымдарының докторы, ғалым, профессор Келіс Нұрмашұлы ағамыз редакциямызға қабағын шытыңқырап кірді. Себебін сұрадық. Мақаласын берді. Тақырыбын оқығанда енді біз шошып кеттік. Ойпырмай, жеріміз 40-50 жылдан соң шөлге, еліміз қуаңшылыққа ұшыраса біздің ұрпағымыздың болашағы жоқ деген сөз ғой! Ғалым аға одан құтқаратын жолды да айтты. Ол апаттан жастар мен балаларымыздың патриотизмі құтқарады екен «Біз ағамен, ұжыммен ақылдаса келе «қазақ жерін алапат шөлден сен, құтқарасың, оқушым!» атты «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналы бастаған, оны Білім және ғылым министрлігі қостаған қозғалыс-көшін ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Бұл қозғалыс-көш негізінен елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Нұр-Сұлтан қаласының айналасын орманға айналдырған бастамасынан бастау алады. Бұл көшке бәріміз де атсалысайық,
достар!
Жер-Ананың «ыстығы» неге көтерілді?
БҰҰ мамандарының мәліметі және біздің пікіріміз бойынша, климаттың әлемдік жылынуының негізгі себептері:
Біріншіден – бұл адамзаттың тіршілік әрекетінің нәтижесі. Адам баласы өндірісті, техниканы, транспортты зор қарқынмен дамытты, ауыл шаруашылығы интенсивтендірілді. Нәтижесінде атмосфераға «жылыжай эффектісін» беретін көмірқышқыл газы (СО2), улы газ (СО), метан, күкірт пен азот оксидтері және басқада зиянды газдар заводтар мен жылу электростансалары құбырларынан, автокөліктерден орасан көп мөлшерде шығарылуда. Мысалы, 1960-1990 жылдары ішінде ауаға шығарылған СО2, СО және басқа газдар мөлшері 13%-ға артқан, 1991-2018 жылдары бұл процесс 3-4 есе күшейген. ХХ1 ғасырдың кейінгі жылдарында дүниежүзі бойынша күніне 4,5 млрд. тонна жанармай жағылады екен. Бұл биосфераның әлемдік жылынуын күшейте түсуде және ауа ластануда. Ал, ластанған ауа ғаламшарымызда жылына 7 млн адамның өліміне себепкер болуда, ал жануарлар мен жәндіктерге, өсімдіктерге тигізетін зиянды әсері жөнінде мәліметтер аз немесе жоқ. Қыс айларында (2015-2019 жж.) үлкен мегаполис қалаларда, мысалы Римде, Миланда, Лондонда, Нью-Иоркте улы тұман (смог) байқалды, ал Қытайда (Бейжің қаласында және басқа аймақтарда) 2015-2019 жылдары, әсіресе қыс айларында ауаның ластануы қалыпты деңгейден 20 есе жоғары болды, улы тұманның ұзақ уақыт сақталуына байланысты ауаның ластануының «сары, қызғылт, қызыл деңгейі» жарияланды. Қазіргі кезеңде адамдардың 90%-ы ластанған ауамен тыныс алады. Осындай жағдайларға қарамастан ауаның ластануын азайту жөніндегі Париж конвенциясына АҚШ, Қытай қатыспайтынын мәлімдеді, яғни олар мұнай, тас көмір өнімдерін жағуды азайтпайды.
Екіншіден – қазіргі кезеңде Күннің активтілігі күшейіп, Жер ғаламшарын қыздырып, жылынуын күшейтуде. Егер аспанда бұлт жоқ болса, ауа тез қызып, аптап ыстық болады, бұл күннің активтілігінің күшеюінен.
Үшіншіден – табаны ашылған Үлкен Арал теңізінен және маңайындағы шөлді құмдардан жаз айларында көтерілетін аптап ыстық (47-550С) Түркстан жазығына және Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік шығыс аймақтарына күшті әсері бар. Мұндай жағдайдың әсерін барынша азайту үшін Қызылорда облысында күріш егісі көлемін 70-75 мың гектардан азаймағаны дұрыс. Табаны ашылған Үлкен Арал теңізінен және маңайындағы құмдардан келетін аптап (47-550С) ыстық ауаны күріш плантацияларынан көтерілген су булары ылғалдандырып салқындатады, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл, Алматы облыс-тарына өткізбеуге кедергі, барьерлік әсері бар. Сонымен бірге, топырағы тұзданған Арал өңірі жағдайында, басқа да шөл, шөлейтті аймақтарда сол жерлер жағдайына бейімделген ағашты өсімдіктер – жиде, тал, қарағаш, торанғыл, терек т.б. ағаштарын көптеп өсірген жөн. Аталған ағаштардың транспирациясы арқылы буланған ылғалдың (судың) ауаны салқындатуға әсері бар.
Төртіншіден – Ресей ғалымдарының пікірі бойынша, қазіргі кезеңдегі климаттың глобальды (әлемдік) жылынуы табиғи процесс деп есептейді. Жер ғаламшарының солтүстік бөлігінде климаттың ылғалды-салқын фазасы 1978-1979 жылдары басталып, 2010-2012 жылдары аяқталды. Енді 2013-2015 жылдардан бастап климаттың жылы-құрғақ кезеңі басталып, ұзақ жылдарға созылады. Мысалы, Қазақстанның оңтүстігінде (Түркстан жазығы) және оңтүстік шығысында 2013-2015 жылдары жазы өте ыстық, күз жылы, құрғақ болып, жауын-шашын қарашаның ортасына лейін аз мөлшерде жауды. 2015-2019 жылдары маусым, шілде, тамыз айының көпшілік күндерінде бүкіл биосферада және Қазақстанда кейінгі 135 жыл ішінде болмаған аптап ыстық (45-550С) болды. Иранның оңтүстігінде және Иракта ыстық рекордты деңгейге (540) жетті. Биосферадағы осындай аптап ыстық әсерінен орман өрті көбеюде. Мысалы, 2019 ж. Австралиядағы алапат орман өрті 8,4 млн. гектар жерді шарпыған, 1,25 млрд-тан астам жануарлар мен жәндіктер қырылған, қаза тапқан адамдар саны 25-ке жеткен. Өрт түтіні Жаңа Зеландияға, тіпті, Бразилияға дейін жеткен, өрт салдарынан туындаған шығын 2 млрд. доллардан асты. Өртті сөндіруге және жөндеу шараларына көптеген мемлекеттер қатысуда, ал өртенген ормандарды қалпына келтіру үшін 100 жылдаг астам уақыт керек. Мұндай жағдайларды Қазақстанда болдырмау керек!
Ең қатал, жауын-шашыны аз, жазы аптап ыстық, қуаңшылық жағдайдың максимальды әсерлі кезеңі 2026-2030 жылдары байқалады және 2036-2046 жылдарға дейін созылады деген болжам бар. Ұлыбританияның Лидс университетінің ғалымдарының болжамына қарағанда, 2050 жылдары құғақшылық шарықтау шегіне жетеді. Аталған қуаңшылық жағдайлардың әсері Қазақстанда, әсіресе аридті (шөл және шөлейтті) аймақтарында өте күшті болады деп күтіліп отыр. Климаттың қуаңшылыққа ұшырауы тұщы су тапшылығын туындатып, жазда өте күшті аптап ыстық болуы, шөлейттену процесінің күшеюі мүмкін, нәтижесінде ормандар өрті (табиғи және антропогендік әсерден) көбейеді. Мұның бәрі әлеуметтік қиындықтар туындатып, жануарлар, адамдар шығыны және өте көп мөлшерде экономикалық (миллиардтаған доллар) шығындар болуы мүмкін.
Қазақ жерін қалай қорғаймыз?
Қазақстанда осындай аптап ыстық әсерін азайтып, қуаңшылық жағдайды болдырмауға, орасан көп экономикалық шығындарды азайтуға бола ма? деген мәселе туындайды. Ғалымдардың болжамы бойынша, аталған негативті, қолайсыз жағдайларды болдырмауға болады!
Биосферадағы және Қазақстандағы ауа бассейнін жақсартып тазалау және Еліміздің экологиясын жақсарту үшін адам баласының әлі де 40-45 жыл уақыты бар. Мұндай зиянды құбылыстарды болдырмаудың, өте қатал, жазы аптап ыстық, континентальды климат жағдайын жақсартудың, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілгендей, адамдардың өмір сүруіне қолайлы ел болудың бірнеше экологиялық жолы бар:
1) Атмосферадағы СО2: О2 ара қатынасын дұрыс сақтап, экологиялық дағдарысты жағдайлардың алдын алу үшін қазба байлық отындарын (мұнай өнімдері, тас көмір т.б.) жағу мөлшерін азайтып, альтернативті энергияны (күн энергиясы, жел энергиясы, гидроэлектро станциялары энергиясы, атом электр стансасы энергиясын) көбірек пайдалану керек. Қазақстан «Экспо-2017» көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырды, 2025 жылға қарай күн энергиясы, жел энергиясы, т.б. баламалы энергияларды пайдалану 20%-ға, 2050 жылы – 50%-ға арттыру көзделіп отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Әбу-Даби қаласында (Біріккен Араб Әмірліктері) өткен мерейтойлық Х Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитіне қатысып, сөйлеген сөзінде «Соңғы 40 жылда электр энергиясын өндіру көлемі 250%-ға артты. Энергияны пайдалану өсімінің салдарынан жаһандық жылыну белең алды. Сондықтан жаңартылған энергияны дамытуға көптеген елдер күш салуға мәжбүр болуда». Өз сөзінде Елбасы энергетикалық трендтердің көлік саласына да ықпал етіп отырғанын айтты. Осыған сәйкес, 2016-2020 жылдардан бастап Қазақстанда электромобиль, электроавтобустарды шығару жоспарлануда. «Экспо-2017» көрмесінде көрсетілген энергетика саласындағы барлық жаңа идеялар, зерттеулер мен технологиялар Қазақстанда өндіріске енгізілетін болады.
2) Қуаңшылық жағдайдың алдын алып, болдырмау үшін, немесе оның қолайсыз, зиянды әсерін азайту үшін Қазақстан аумағында күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жыл өмір сүретін емен, арша, акация, бозарша (туя), үйеңкі, каштан, т.б. ағаштарын көптеп өсіру керек. Сонымен бірге, топырағы тұзданған Арал өңірі жағдайында, басқада шөл, шөлейтті аймақтарда сол жерлер жағдайына бейімделген ағашты өсімдіктер – жиде, тал, қарағаш, тораңғыл, терек ағаштарын өсірген жөн. Бұл мақсатта ауылдық жерлер мектептеріндегі оқушыларды қызықтырып, жұмылдыру керек, ауылдағы жас мамандар мен жұмысшылардыңда қатысқаны жөн, ал таза ауа, қолайлы экологиялық жағдай тікелей соларға керек, өйткені алдағы 40-45 жылда солар (жастар) өмір сүреді.
Әрбір оқушы, жас мамандар мен жұмысшылар ең кемі 5 немесе 10 ағаштан өсіруі тиіс, сонда жылына 12,5 млн. түп және одан да көп ағашты өсімдіктер өсіріледі екен. Бұл процесс 45-50 жыл бойы жалғасын тапса, Елімізде орасан көп мөлшерде ағаштар өсіріледі. Біздің бабаларымыз «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар астық өсіріңдер, егер алдағы 100 жылды ойласаңдар ағаш өсіріңдер» деп өсиет қалдырған.
Қоғамдық экологиялық сананың қазіргі түрі тіршілік етуші адамдар мен табиғат арасындағы өзара қарым-қатынастар мәнін және өсімдіктер мен жануарлар ресурстарын пайдаланудағы адамдардың мінез-құлқын көрсетеді. Экологиялық сананың екі түрі бар: антропоцентризм және экоцентризм.
Антропоцентризм – адамдар биосферадағы ерекше құбылыс, ең жоғарғы деңгейі, табиғат тек адамдар үшін, сондықтан одан алу керек деген түсінік тұтынынушылық мінез-құлықты күшейте түседі. Х1Х ғасырда және ХХ ғасырдың басында адамдар «Табиғаттан мейірім күтпей-ақ, одан алу біздің міндетіміз» деген принциппен тіршілік етті. Бұл көптеген аймақтарда экологиялық апатты жағдайларды туындатты. Мысал ретінде Арал өңіріндегі экология-лық апатты жағдайды айтуға болады.
Экоцентризм – адамдар және биосфера гармониялық бірлескен деңгейде дамуы керек деген түсінікке негізделген. Адамдар биосфераның туындысы, олар бір-бірімен тікелей және кері байланыста болады.
Қазіргі кезеңде глобальды экологиялық дағдарысты жағдайларды апатқа ұластырмау үшін адамдардың және қоғамдық сананың антропоцентризм типінен экоцентризм типіне ауысуы керек!
Қазіргі таңда Қазақстан мектептері 12 жылдық оқу жүйесіне ауысу жоспарлануда. Осыған сәйкес, мектептерде 5-6 сыныптардан бастап «Экология» пәнін оқу процесіне енгізген жөн деп санаймыз. Қоғамдық сананың экоцентризм типіне ауысуы үшін және жастарды экологиялық патриотизмге тәрбиелеу үшін жастарды (оқушыларды) мектеп кезінен бастап биосферадағы және Қазақстандағы экологиялық жағдайларды түсіндіріп, табиғатты қорғау және аялау керектігін түсініп өскені дұрыс. Сонда олардың табиғатқа деген сана-сезімі, көзқарасы түбегейлі өзгереді.
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Биология және Экология кафедрасында күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жыл өмір сүретін емен, арша, үйеңкі, акация, бозарша (туя) ағашты өсімдіктерін тұқымынан өсіріп, олардың өскін көшеттерін дайындап, көктемде топыраққа (тұрақты орнына) отырғызып, күтіп-баптап өсірудің ең арзан әдістемесі тұжырымдалды. Осы әдістеме арқылы өте көп мөлшерде арша, емен, үйеңкі, акация, бозарша өскіндерін көптеп өсіріп дайындауға болады және бұл өте арзанға түседі. Осыған сәйкес, төмендегі іс-шараларды жүзеге асырған жөн (ағашты өсімдіктерді өсірудің арзан әдістемесі – К.Н.Жайлыбайдың «Ағаш өсімдіктерді өсірудің әдістемесі мен жастарды экологиялық патриотизмге тәрбиелеу». Алматы: Қыздар университеті. 2017 – Оқу құралында келтірілген):
Қуаңшылық пен шөлден оқушылар құтқарады!
1. Аталған ағаштар тұқымдарын жинап, оларды бір мезгілдік стақандарда өсіріп, өскін-көшеттерін алу, өсіріп, күтіп-баптау жұмыстарын мектептер мұғалімдері мен оқушыларға үйрету үшін семинарлар өткізу, мектептерде оқушыларға шеберлік-дәріс өткізу; 2.Ауылдық мектептерде ағашты өсімдіктерді тұқымынан өсіріп, көшеттерін мектеп ауласында және өз үйінің маңында отырғызып, күтіп-баптауды әрбір оқушыға 5 арша, 5 емен, немесе 5 үйеңкі, 5 акация өсіруді жүктеу керек. Сонымен бірге, әрбір оқушы, ауылдық жерлердегі жастар өз үйлері ауласында, маңында ең кемі 5-10 ағаш отырғызып өсірсе дұрыс болар еді. Сосын оқушылар арасында жарыс ұйымдастырған жөн. Жыл сайын және әрбір 3 жылдан кейін жақсы нәтиже көрсеткен оқушыларды «Табиғат жанашыры» сертификатымен немесе мақтау грамоталарымен марапаттау керек. 3. Мектептердегі әрбір сыныптағы бір оқушыға 5 арша, 5 емен немесе 5 акация, 5 үйеңкі өсімдігі есебінен бөліп беріп, сыныпаралық жарыстар ұйымдастырған жөн және мұны сынып жетекшілеріне жүктеу керек.
4. Ауылдық мектептер ауласын көгалдандыру мақсатында арша, емен, үйеңкі, бозарша, сирень, талшын ағашты өсімдіктерін өсіру алдында мектеп ауласының картасын жасап, қай жерге қандай ағаш отырғызуды анықтап, дизайнын жасаған дұрыс. Осы дизайн бойынша ағаштар өсірген мектептің 10 жылдан кейін өзіндік (өзгеше) келбеті қалыптасады. Бұл шараларды мектеп директоры мен тәрбие жөніндегі орынбасарына жүктеген дұрыс.
5. Әрбір 3 жылдан кейін аудандарда арнайы комиссия шығарып, ағаштары жақсы өскен, дизайны көркем мектепті анықтап, директорларын марапаттаған жөн және аудандық, облыстық газеттерде олардың тәжірибелерін жариялап, басқа мектептерге ұсыну керек.
6. Әрбір мектеп ұжымы (директоры) сол ауылдың Әкімімен бірлесіп көшелерінде, ауыл айналасына ағаштарды отырғызып өсірген жөн және әрбір 5 жылда үздік мектеп және ауыл әкімдерін аудан әкімі мен білім беру бөлімі атынан марапаттап, олардың тәжірибелерін аудандық және облыстық газеттерде жариялаған жөн.
7. Биыл, 2019-2020 оқу жылында 2,6 млн-нан астам оқушылар мектепте оқиды екен. Осы оқушылардың 45-50%-ның әрқайсысы (5-10 сынып оқушылары) 5-10 ағаштан отырғызып, күтіп-баптап өсірген жағдайда жылына 12,5 млн. ағаштар өсіріледі екен. Яғни, ағаштарды осылай өсіру процесін 45-50 жыл бойы жалғастырса Елімізде орасан көп мөлшерде ағаштар өсіп, жасыл желек қалыптасады. Мұндай жағдайда ауа тазарып, аптап ыстық болмайды, аймақтардағы су режимі тұрақтанады. Сонымен бірге, бұл егіннің (астық дақылдарының) бітік болып өсуіне ықпал етеді, жайылымдарда құнарлы шөптер өсіп, мал шаруашылығына қолайлы жағдай туындайды. Бұл өз кезегінде елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі әсері бар. Өйткені, биылғы, 2019 жылғы аптап ыстық, қуаңшылық әсерінен астық дақылдарының өнімі төмендеді, 1,5-2,0 млн. тонна астық кем алынды, жайылымдарда шөп нашар өсті.
Жамбыл, Қарасай аудандары мектептерінде 2012-2015 жылдары ағаштар отырғызу жөнінде тәжірибе уасткелерін жасап, ағаштар отырғыздық. Бірақ мектептер ауласында ағаштар көшеттері отырғызылғаннан кейін, оларды күтіп-баптаудың негізгі жолы суару керек. Ал, маусым, шілде, тамыз айларында мектептегі мұғалімдер, оқушылар, басқада қызметкерлер демалысқа (отпускеге) кетеді де, ағаштарды суаратын қызметкерлер болмай, отырғызылған ағаш көшеттері суарылмай қалды, сосын көшеттердің бәрі (көпшілігі) суарылмағандықтан өліп қалды. Яғни, жасалынған еңбек нәтижесіз болады.
Осыған сәйкес, әрбір мектептерде 5-10 сыныптарға экология пәнін енгізіп, сонымен бірге эколог-садовод деген штат бөліп, оған 2-3 жұмысшы берілсе, отырылғызылған ағаш көшеттері жаз бойы суарылса, олар солып, өлмейді, жақсы өсіп дамиды. Мұны жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Үкіметінен қаржы бөлінуін сұрап алса жөн болар еді.
Бұл қосымша артық шығын сияқты көрінеді. Бірақ алда келе жатқан өте қауіпті қуаңшылық жағдайдың алдын алып, қолайсыз аптап ыстық әсерін азайтып, тіпті бодырмаудың ең арзан жолы осы. Егер алдағы 45-50 жыл ішінде ағаштарды көптеп өсіре алмасақ, Еліміздің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында өте күшті қуаңшылық жағдай қалыптасып, жазда 45-50 градустық аптап ыстық жағдайда өмір сүруіміз мүмкін (2019 жылы Қазақстанның оңтүстік аймақтарының көпшілік бөлігінде маусым, шілде айларында 42-50 градустық аптап ыстық болды). Осындай жағдайда астық тұқымдас дақылдары нашар өсіп, өнім төмендейді, экономикалық шығындар көп болады. Осыған сәйкес, Еліміздегі жастар (оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жұмысшылар) қарап қалмауы керек, өйткені алдағы 45-50 жылда солар өмір сүреді, қолайлы экологиялық жағдай соларға керек, яғни алдын ала сақтанғандарды Алла (Көк Тәңірім) сақтайды.
Келіс Жайлыбай,
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры,
биология ғылымдарының докторы