31 мамыр – Саяси Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
Жамбыл облысының мемлекеттік м ұ р а ғ а т ы н ы ң 2 8 2 — қ о р ы н ы ң 7 5 — тізімдеме сіндегі 187-бумасындағы құжаттарды ақтарып отырып, сол заманның билік басындағыларға қарғыс айтпау мүмкін емес. Құжаттарды зерделей отырып, ой түйсеңіз адамға қара күйе жағу тіпті оңай екеніне көз жетеді. Айтқан ашық ойы, ғылыми дәлелі, сенімі, пікірі, арманы үшін сотпен емес, «үштіктің» шешімімен, ашығын айтқанда, сол үштікті жасақтаған НКВД-нің бір ғана қызметкерінің қалауымен сотталған, атылған. Осы кесапатқа алдымен ел басқарғандар, көзі ашық, көңілі ояулар, іскер азаматтар, білімділер мен біліктілер ұшырады. Бір сөзбен айтқанда, алдымен мылтықтың мүштігіне атпал азаматтар ілінді. Халқымыздың алтын тамыры – тектілікті аяусыз балталау үшін оқиғаны қолдан қоюландырды, «жауды» қолдан жасады. Осылайша халықтың санасын салқындатты, рухын өшірді, басын иіп, қалыпқа тықты, тіпті, көрге кіргізгенше үнін шығармады. Ашығын айтқанда, ұлт зиялылары совет өкіметі орнасымен-ақ қудалауға түскен. Бұл кесапат 1938 жылы аяқталмаған. Үнемі жалғаса берген, жалғаса берген. Бұған дейін де көптеген атпал азаматтар жазықсыз жазаланды.Бұл пікірімізді дәлелдеп жатудың өзі артық. Ол белгілі де анық жәйт. Сондықтан да Жамбыл жерінде туған, осында еңбек еткен жазықсыз жапа шеккендердің төмендегі тізімі толық деп айту қиын. Мәселен марқұм, тарихшы Әбдіқадыр Жүргенов «Ақ жол» газетінің 1997 жылғы 31 мамыр күнгі санында жазықсыз жазаланған бірнеше азаматтардың өмірбаяндарынан оқырмандарды хабардар етеді. Олар – Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, Кененбай Бармақов, Бекбосын Құлжабаев, Даут Абдулаев, Исқақ Әсимов. Бұл азаматтардың біразы Жамбыл жерінде халық үшін маңдай терлерін төккен қоғам қайраткерлері. Осы азаматтардың біразының есімдері төмендегі тізімде жоқ. Сонымен бірге «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 3 мамырында белгілі саясаттанушы, демограф Мақаш Тәтімовтің «Қаралы тізім» мақаласында 1938 жылдың 25 ақпанынан 13 наурыз аралығында Алматы, Ақтөбе, Шымкентте атылған азаматтардың қаралы тізімін оқырмандарға ұсынған еді. Сол тізімнен Әулиеата уездік-қалалық солдат және жұмысшы депутаттар советі атқару комитетінің алғашқы төрағасы Қабылбек Сармолдаев Мәскеуден арнайы келген А.Д.Горячев, А.И.Микляев, Н.И. Шапошниковтың шешімімен 1938 жылы 25 ақпанда Алматыда атылғанын білдік. Сонымен бірге осы қаралы тізімде 26 ақпанда меркілік, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі болған, елімізде жоғары қызметтер істеген Мақсұт Жылысбаев, 28 ақпанда байзақтық, ағартушы Сыдық Абланов пен сарысулық, ғалым-ағартушы Әшір Бүркітбаев, 3 наурызда қордайлық, полк, бригада сардары болған Мағаз Масанчы, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сақып-Керей Құрамысов, 11 наурызда Әулиеата уездік комитетінде басшы қызметтер атқарған, ашаршылық зардаптарын жоюда белсене күрескен Үсіпәлі Нұршанов, 19 ақпанда 1936 жылдан 1938 жылға дейін Мирзоян (Тараз) қаласының оқу-ағарту бөлімін басқарған Сабыр Айтқожин мен тараздық, ауыл шаруашылығының қайраткері Бекбосын Құлжабаев атылыпты. Әрине, халық ұлдарын ату бұдан бұрын да, одан кейін де болған. Мәселен, Талас ауданы Үшарал ауылының тумасы, соңғы қызметі Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Жүнісбек Дүрімбетов 1938 жылдың 15 ақпанында атылған. Жоғарыда аты аталған біраз азаматтар туралы Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 1111-қорында деректер жинақталған. Осы қордағы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Әулиеата қалалық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарған, кезінде Меркідегі орыс-бұратана мектебінде Тұрар Рысқұловпен бірге оқыған Үсіп Сатыбалдиновтың өмірбаянынан біраз деректерге қанық боласыз. Үсіп Сатыбалдинов Меркі орыс-бұратана мектебінде Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев, Сәдуақас Жамансартов, Қалыш Ходжабергенов оқығанын анық жазады. Міне осы азаматтардың барлығына дерлігі Тұрар Рысқұлов пен Қабылбек Сармолдаевтың ықпалымен 1917 жылғы қазан көтерілісіне белсене қатысқан. Олар Әулиеата уезінде совет өкіметінің орнауына белсене қатысып, жауапты қызметтер атқарды. Кейін олардың көпшілігі саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Ең бастысы «Саяси қуғын-сүргін 1937- 1938 жылдары ғана болды» деген пікірдің орнықпағаны дұрыс. Бұл жылдары қуғын- сүргін жаппай болса, одан бұрын да, кейін де жазықсыз «халық жауы» атанғандар аз болған жоқ. Қызыл империя қазақ зиялыларына Ұлы Отан соғысынан кейін шүйілгені тарихтан белгілі. Солардың бірі академик Түймебай Әшімбаев. Көпшілік белгілі экономист, қаржыгер, 1973 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ ССР Ғылым Академиясының Экономика институтын басқарған Түймебай Әшімбаевты жақсы біледі. Ал бірақ Әшімбаевтың РСФСР-дың Қылмысты істер кодексінің 58-бабы бойынша сотталғанын екінің бірі біле бермейді. Шу ауданының түлегі екінші дүниежүзілік соғысы басталар тұста Ленинград қаржы институтына оқуға түсіп, сонда коммунистік партияның қатарына қабылданады. Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинградтағы «На страже Родины» газетінде аудармашы болады. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Ұлы Отан соғысы жылдарында «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Аға лейтенант әскери шені болған. Міне осы шен-шекпендерінен 1945 жылы тыңшылардың жеткізген хабарлары бойынша айырып, Ленинград әскери округінің әскери трибуналы оны алты жылға соттайды. Абақтыдан босап шыққаннан кейін еңбек жолын Алматы қаласындағы отын базасында экономист болудан бастап, Ленинградта аяқтай алмаған оқуын Қазақ мемлекеттік университетінде жалғастырып, оны 1957 жылы (ол осы жылдың 12 сәуірінде СССР Жоғарғы соты пленумының қаулысымен ақталады) бітіріп шығады. Міне сол жылдан бастап ол ғылыми еңбек жолын Экономика институтымен сабақтастырады. Осы жылдары 17 монография, 350 ғылыми мақалалар жазды. 1994 жылы «Қазақстан экономикасы рынок жолында» атты еңбегі тәуелсіз елдің экономикасын қалыптастырудағы үлкен еңбек еді. Ол ешқашанда өзінің пікірінен қайтқан емес. Айтқандарының ақиқат екенін өмірдің өзі дәлелдеді. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін жаңа өкімет халық шаруашылығын жүргізу жолдарын табуда көптеген қателіктерге бой ұрғаны тарихтан белгілі. Әсіресе ауылдарда еңбек ұйымдастыруда өрескел қателіктер болып, халық аштыққа ұшырады. Мұны қазақ елі мен жері де басынан өткізді. Бұл жағдайды ауылда өскен Түймебай жақсы білетін. Жансақтау үшін бауырлары мен туыстары қырғыз жеріне қарай ойысқан еді. Халықты зорлап, ұжымдық шаруашылыққа қауымдастыру елді аштыққа ұрындырды. Сондықтан да көзі ашық, көкірегі ояу Түймебай Әшімбаев Қазақстанда колхоз құрылысының дұрыс жүргізілмей жатқанын жасқанбай айтқандардың бірі. Ол зорлықпен колхоздастыру халықты аштыққа әкеп соққанын, соның салдарынан мыңдаған, жүздеген, миллиондаған адам қырылғанын айтқан. Шын мәнінде экономикалық қатынастардың жүйесіздігі, уақыт, қоғам талабына сай келмеуі толқулар мен қарсылықтар туындатты. Экономиканың алға жылжуы қиындап, жағдай шиеленісті. Мұның бәрі сол салада еңбек етушілерге қолайсыздық тудырды. Сондықтан да олар құрылымдағы кемшілікті түзету жөнінде өз пікірлерін ашық білдіре бастады. Ал бұл олардың басына қасірет болып жабысты. Ашығын айтқанда, колхоз құрылысының дұрыс ұйымдастырылмауы көптеген азаматтардың басын жұтты. Шаруашылықтың алға дамымай жатқанына жекелеген адамдар емес, ұйымдастыру жұмысындағы кемшіліктер екенін билік мойындағысы келмеді. Болашақ академик міне осы мәселелердің мәнісін айтты. Бұған 1937-1938 жылдары облыс аумағындағы «Майтөбе» және «Билікөл» совхоздарының бүкіл атқамінерлері мен орта буын мамандары, бақташыларының с от т а л у ы д ә л е л . Ш а руа ш ы л ы қ т ы жүргізудегі кемшіліктің салдарынан болған оралымсыздықтарды еске алмай, сол салада еңбек етіп жүрген қарапайым азаматтарға дейін жазаға тартты. Ешкімді аямады, ең ауыр жазалар берді. Бұл өткен ғасырдың елуінші жылдары қайта жалғасын тапты. 1952 жылы Жамбыл ауданындағы «Қызыл жұлдыз» колхозының бір топ азаматтары сотталды. Олардың арасында атақты өндіріс басшысы да, қатардағы қызылшашы да болды. Тоқсан жыл өмір сүрген, күні кешегіге дейін ортамызда болған, ел қадірлісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиум мүшесі болған Дариға Жантоқова жазықсыз 15 жылға сотталып, Карлагтағы абақтыда 3 жыл жазықсыз жапа шекті. Қайраткерлігімен, қайрат-жігерлігімен ерекшеленетін қарт ана Карлагта өткізген азапты күндерін еске алғанда қолқасы өксікке толып, көзіне жас алатын. Кеш болса да ешқандай саясатқа қатысы жоқ екені және жазықсыз сотталғаны анықталып, ақталып, барлық атақ-даңқы қайтарылды. Қызылжұлдыздық еңбеккерлердің сотталуы да елде еңбек қатынасының дұрыс ұйымдастырылмауынан еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біз қолымызға алған Ибрагим Керейбаев, Төлебай Ерімбетов, Садық Ахметов, Абдулла Асанов, Сапарбек Қалдарбеков, Тастамбек Бегімбеков, Аяп Ахметов, Жанұзақ Дүзенов, тағы да басқалардың құжаттарын зерделегенімізде осыған көзіміз анық жетті. Кінәліні «тапқан» билік жаза берудің жолын да, жөнін де, олардың басшыларын да тез көрді. Олардың мекендеріне қарай қылмыстық топтың жетекшілерінің аттарын атап, түрін түстеу әдеті дамытылды. Мәселен, Шу ауданы ауылшаруашылығында еңбек етіп, жазықты болғандарды бұрынғы аудан басшылары, «халық жаулары» Құрамысов пен Жанаевтың басшылығымен қастандық жұмыстарын жүргізді десе, Сарысу ауданынан жазықты болған, «бүлікшіл», «зиянкес» деп танылғандарды ауданның бұрынғы басшылары, жау ретінде ұсталған «Данияров пен Латыповтың арбауында болды» дегенді айтты. Облыс аумағында қылмысты деп танылғандардың біразын Ораз Жандосов пен Қожановқа, Сәкеннің серігі Жанайдар Сәдуақасовқа теліді, солардың нұсқауымен, басшылығымен зиянкестік жасады дегенді де айтты, дәлелдеуге тырысты. Ибрагим Керейбаев сол кездегі Мирзоян ауданындағы «Майтөбе» совхозының директоры қызметін атқарып жүргенде үштіктің шешімімен қамауға алынады. Партия қатарын тазалау науқанында әкесінің болыс болғанын жасырғаны үшін партия қатарынан шығарғанымен республикалық орган оның партиялығын қайта қалпына келтірген. Алайда бір жыл өткеннен кейін шаруашылықтағы зиянкестігі үшін деген айыппен қамалып, он жылға сотталады. Семей өңіріндегі Қызыл-су ауылында дүниеге келген ол еліміздің шығысында және Жетісуда еңбек етеді.1933 жылы №341 «Майтөбе» совхозына директор болып тағайындалады. Аз уақытта шаруашылықтың табысы еселене түседі. Барлық жоспарлар орындалады. Тіпті ХVІІ партия съезі атындағы өлкелік қызыл тақтаға шаруашылықтың аты жазылады.Совхоздың саяси бөлімінің бастығы Арыстановқа шаруашылықтың қол жеткен жетістігін алға тартып, оны Ленин орденімен марапаттайды. Алайда Ибрагимнің бай баласы болғаны алдынан шығып, революцияға қарсы қастандық жұмыстарын жүргізуге әрекеттенді деген айыппен қамауға алынған. Өзінің жоғарыға жолдаған өтінішінде ол әкесі болыс болғанда он бестегі жеткіншек және совет өкіметі орнаған кезде олардың отбасы қатардағы кедей шаруа болғанын алға тартады. Соған қарамастан үштік ол партия қатарына алдау жолымен кіріп, қоғамды іштен бүлдірмек болды деген кінә таққан. Төлебай Ерімбетов Шу аудандық жер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып жүргенде НКВД-ның «үштігінің» шешімімен қамауға алынған. (282-қор, 78-тізімдеме, 76-іс, 187-бума). 1937 жылдың 9 қазанында Шу аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде аудандық НКВД бастығы Ерімбетов туралы мынандай мәлімет берген: «Ерімбетов аудандық тұтынушылар одағының басқарма мүшесі болған кезде жұмысты қиратып, 10000 рубльді талан -таражға ұшыратқан. Бұдан кейін халық жауы Құрамысов оны «Гуляев» колхозына жібереді. Ол онда бассыздыққа жол беріп, колхозшыны өлтіріп, Құрамысовтың тапсырмасы бойынша жылқыны талан- таражға ұшыратып, колхозды қиратты. Сонымен бірге ол халық жаулары Құрамысовпен және басқалармен бірге «Авангард» артелін ішіп, жеді. Революцияға қарсы топ ұйымдастырды, жағдайдың қиын екенін үш күн бойы сезіп, қамалатын күнін күткен». НКВД-ның тағы бір анықтамасында Ерімбетов революцияға қарсы ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде Шу ауданына қарасты «Семиөзек» колхозын қиратқанын, шаруашылықтағы қоян, шошқа фермаларын жойып, орыстар мен қазақтар арасында өшпенділік тудырғанын айтады. Сонымен бірге А.Мәмбетаевтың үйінде жасырын жиналып, ұлтшыл-фашист Джантелеуовтің колхоздарда қастандық жұмыстарын ұйымдастыру туралы нұсқауын талқылаған дегенді алға тартқан. Төлебай Ерімбетовке бұдан да басқа кінәлар тағылды. Шу аудандық НКВД бастығы мемлекеттік қауіпсіздігінің кіші лейтенанты Дутовтың Алматы облысы бойынша совет өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым туралы №11384-іс бойынша айыптау қорытындысында біраз деректер бар. (Сол жылдары Шу ауданы Алматы облысына бағыныста болған). Бұл айыптау қорытындысында Ораз Жандосовтың басшылығымен құрылған ұлтшыл ұйымның Алматы облысындағы филиалы әшкереленгенін басшыларына жеткізе келіп, мынандай қорытынды жасаған. Ұйымның басты мақсаты совет өкіметін құлатып, тәуелсіз буржуазиялық-демократиялық Қазақ мемлекетін құру екендігін атап көрсеткен. Қожанов пен Жандосовтың алға қойған міндеттерін орындау үшін Сақып- Керей Құрамысовты жақтаған Төлебай Ерімбетовтің осы ұйымның белсенді мүшесі болғанын айтады. Ол 1926 жылдан қамаққа алынғанға дейін совет өкіметіне қарсы қастандық жұмыстарын жүргізген, бұл ісі «Семиөзек» колхозының төрағасы болған кезінде анық байқалды, сонымен бірге ол теракт жасайтын кадрларды даярлаған деген айып таққан. Тергеу кезінде Төлебай өз қылмысын мойындады деп жазылған айыптау қорытындысында. Мұрағат құжатында Алматы облыстық НКВД басқармасы үштігі отырысының хаттамасы мен Т. Ерімбетовтің 1937 жылы 11 қарашасында атылғаны туралы актының көшірмесі де бар. Ақталғандардың мұрағаттағы құжаттарын зерделеген сайын жүректі сыздатар мәліметтерге тап боласыз. Бәріне жағылған күйе де, жапқан жала да өте ұқсас. Сондай сор маңдайлардың бірі Садық Ахметов. Ол 1937 жылы Мирзоян ауданаралық сауда инспекторы кезінде НКВД шешімімен ұсталып, он жылға халық жауы ретінде сотталған. «Малдың орынсыз өлім-жітіміне жол берген, ауданда мақта егуге қарсы болған» деген сияқты айып таққан. Оның жерлестері Сапарбек Қалдарбеков пен Абдулла Асановқа да осыған ұқсас кінә тағылған. Сапарбек «Билікөл» совхозында ферма меңгерушісі болған. Он бес жылға сотталған. Ал оның жерлесі әрі әріптесі Абдулла Асановқа кесілген жаза өте ауыр болған. «Билікөл» совхозында аға бақташы болған оған ұлтшыл фашистік топтың мүшесі ретінде малды әдейі қырып, қаскөйлік жасаған деген кінә тағып, ату жазасына кесілген. Оның 1938 жылдың 4 наурызда атылғандығы туралы анықтама көшірмесі мұрағатта сақтаулы. Тастамбек Бегімбековтің де тағдыры осыларға ұқсас. Ол Шу ауданының Алға ауылында туған. Шу ауданының «Дулат» ауылдық советінің «Ерназар» колхозының председателі болған. 35 гектар кұнжұт, 80 бидай алқабының өнім бермеуіне тікелей кінәлі деп айып тағылған. Жазаны ауырлату үшін оған көктемгі егіс науқанында колхоз құрылымына қарсы пікір айтып, елдің қарсылығын туындатты деген айыпты да қосып қоюды ұмытпады. Үштіктің шешімімен он жылға сотталған Шу ауданының Қызылтал ауылында туған Жанұзақ Дүзенов те жоғарыда аты аталған «Семиөзек» колхозының председателі болған. Оған тағылған айып жоғарыдағылардыкіне ұқсас. «Зиянкестікпен малды қырды, колхоз құрылысын жамандады. Үйі жоқтарға, жертөледе тұрғандарға отын берген, сөйтіп, колхозшылар арасында алауыздық тудырған» деп айыптаған. 1937 жылы он жылға сотталған. Бірақ белгісіз бір себептермен іс қайта қаралып, ақталғандай. 1939 жылы 19 сәуірде НКВД оның «Севураллагынан» босатылғаны туралы анықтама берген. Іс қайта қаралғанда Шу ауданында Құрамысов пен Жанаев басқарған ұлтшылдар тобының 27 мүшесі болғаны айтылған. Орыстар мен қазақтар төбелескенде орыс ұлтты жұмысшының төрт тісі сынғаны айғақталыпты. Кейінгі сотта Жанұзақтың ешқандай өшпенділік отын тұтатпағаны да жазылған. Тек «Сақып-Керей Құрамысовтың арбауына түсіп қалған» дегенді алға тартады. Тағы бір назар аударарлығы «үштікті» жасақтайтын да, оның жетекшісі де НКВД қызметкерлері болған. Олардың арасында қазақ болмаған, болса да саусақпен санарлық қана болуы көңілге күдік ұялатады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қудалаудан, ашаршылықтан аман қалған ұлт кадрларын осылайша жазықсыз жазалау арқылы жоюды көздеген билік ойына келгенін істеді. Кінәлі кім екенін айырып жатпай «орыс жұмысшысын балғамен ұрған» деп жазалаудың сырын да түсінгендейсіз. Қызыл империяның халық басына әкелген нәубеті шексіз. Жазықсыз жапа шеккендер арасында өзге ұлттың өкілдері де баршылық. Оларға көбінесе «шпион» деген айдар таққан. Олар туралы орайы келгенде тағы бірде жазармыз. Мақұлбек Рысдәулет.»Жамбыл-Тараз» газетінен алынды.