«Генетикалық эгоизм» туралы естідіңіз бе?
Бір кездері АҚШ азаматтары Қазақстандағы жетімдерді көптеп асырап алғаны белгілі. Ол туралы Жанар Байсемізованың «Шетелдегі қазақ балаларынан», Қанат Бейсекеевтің «Бала» фильмінен көрген де шығарсыздар. Америкаға тіл курстарына барғанда сәті келіп, америкалық атанған қарадомалақтармен таныстым. Түрлері қазақ, бірақ тілдері америкалық. Біраз әңгіме-дүкен құрдым. Қазақстан туралы көп нәрсені сұрады, қызықтады. Жылқы еті туралы айтқанымда әбден күліп алды. Жалпы алғанда, әлгі қыздар бақытты болып көрінді. Іштей бақтары жанып, америкалық жанашыр отбасының таңдауы соларға түскеніне қуандым. Дегенмен мені «Бұлар неге бөтен елден асырауға құмар» деген бір сұрақ мазалады. Cөйтсем, ол жақта бала асырап алу өте қиын екен. Талаптары өте жоғары. Қит етсе баланы тартып алады. Әрдайым қатаң қадағалауда. Осы жайт ата-аналарға ыңғайсыз болса керек, шетелден біржолата алғысы келеді екен. «Қалайша бөтен ұлттың, бөтен діннің баласын үйге әкелуден қысылмайсыздар» десем, олар адамды ұлтқа, дінге бөліп қарамаймыз деп жауап берді. Өзге ұлт, дін түгілі қаны ортақ емес басқа қазақтың баласына жылулық таныта қоймайтын қоғамнан шыққан соң, маған осының бәрі таңғаларлық дүниелер болып жүрді. Бұған енді үйрене бергенде, асырап алушы жұптардың кейбірінде өздерінің ұлдары мен қыздары бар екенін біліп, тағы таңдандым.
Сөйтсем, маған бір америкалық «тек өзіңнен туған баланы жақсы көру, оның ғана ары қарай көбеюіне жағдай жасау дегеніміз, бұл — генетикалық эгоизм» деп жауап берді. Оның айтуынша, адамдардың бәрі бірдей, қайсысы ұрпақ жалғастырса да бәрібір, бастысы жағдайың келсе, ата-аналық қамқорлықты, жылулықты қажет ететін жетімдер жетесіздің күйін кешпеу керек, мейлі ол сау бола ма, мейлі ол ауру бола ма. Осылайша, олар сол ауру баланы емдеп, адам қатарына қосуды азаматтық парыз санайды. Америкалықтардың, жалпы шетелдіктердің сау бала деп қадалып алмай, аурушаң балаларды асырап алатыны жайлы естіген боларсыздар. Мұның себебін осы бір ерекше философиямен түсіндіруге болатын секілді. «Генетикалық эгоизм» деген ұғым мені қатты ойландырды. Осы ұғымнан біздің америкалық қоғамнан қаншалықты қалып кеткенімізді түсінгендей болдым.
Дархан Өмірбек