43 мың теңге мен 43 тауар жанымызға қорған бола ма?
Тәуелсіз қазақ елі үшін өткен 2023 жыл ауыз толтырып айтатын қандай маңызды жетістіктер және «әттеген-ай» дегізетін оқиғалармен ерекшеленді? Қалың бұқараны не қуантты? Не мұңайтты? Бұл жылы күшіне енген әлеуметтік кодекс қордаланып қалған мәселелерді түгелдей шеше алды ма? «Жұртты жаппай жарылқаймыз» деген жаңалықтың берері қандай? Енді Ұлу жылынан ел қандай үміт күтеді?
Бүгінде облысымызда 126 мыңнан астам балалы отбасы жәрдемақы мен төлем түрлерін алады. Жалпы, қазақ отбасылық өмірді есеп-қисапқа салмаған. Баласының санын айтпаған. «Біреуді көріп бүкір деп, біреуді көріп шүкір деп» жүретін жүрісінен де жаңыла қойған жоқ. Көп мәселе қаражатпен шешілетін қазіргі заманда байлардың мұңы әу бастан аз. Ал, кедейлерді кім көзге іліп жатыр? Осындай мұқтаж топтың мүддесін қорғайтын жаңа бағдарлама оларды шынымен жарылқады ма? Төрт баласы үшін 10 405 теңге, алты-жеті баласы үшін 16 1 60 теңге алып келген аналар үш жылдан бері 55 мыңнан бастап, алтын, күміс алқалы аналарымыз 22 мың теңге алатын болды. Олардың мұндай жәрдемақысына қызығатын жандардың да қарасы көбейе бастаған. Жасыратыны жоқ, көпбалалы отбасылардың қоғамда беделі артып, жастар жағы оларға қызыға қарап, көптің көкейінде көбеюге деген сезім күшейіп, отбасылық құндылықтың маңызы артқандай да болды…
Алайда, дәл қазіргі жағдайды бұлай деп бұлдап, мақтана алмаймыз. Өйткені, қымбатшылық қара халықты қысып тұр. Ақшаның құны қалмаған қоғам бұл жәрдемақыны місе тұтып тұрған жоқ. Бес баласы үшін алған көмегі олардың бір мезгілдік аяқ киімінен артылмаса, қайтпек керек?!
Демек, демографиялық саясатта әлі де кілтипан бар. Неге? Біріншіден, әр балаға бөлінетін жәрдемақы өте аз. Ал, оны төртінші балаң болғанда ғана бергені, тіпті, дұрыс емес. Жәрдемақыны әр отбасы бірінші баласынан бастап алсын. Екіншіден, көпбалалы аналарға еліміз бойынша барлық қалаларда жол жүру ақысын тегін етіп қою керек. Қазір бұл үрдіс Астана қаласында ғана бар. Дәл сол тәртіпті барлық өңірде орнату қажет. Көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүруі тиіс және жылына бір рет шипажайда демалу мүмкіндігіне ие болуы керек.
Иә, ана баланы өзі үшін туады. Бірақ, ол елдің демографиясына үлес қосып жатыр. Әр бала – индивид. Ол мемлекет үшін адам капиталы. Ана оны өмірге әкелу жолында денсаулығын береді. Қазір қараңызшы, 5-6-7 бала туған қай әйелдің денсаулығы мықты? Қай әйелдің тісі түгел? Олар балаларына көңіл бөлемін деп өздерін ұмытып кетеді. Оларға шын мәнісінде мемлекеттен мықты қолдау керек.
Тұтыну себеті қашан тойдырады?
Осы жерде ең төменгі күнкөріс деңгейіне тоқтай кетуді жөн санадық. Өйткені, жан басына есептелетін жәрдемақы мәселесінде де бұл тақырыпты айналып өту мүмкін емес. Соңғы кездері еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің уақыт талабына сай емес екенін сарапшы мамандар жиі айтып жүр.
Жалақының ең төменгi мөлшерi биыл 85000 теңгені құраса, статистика агенттігі күнкөріс минимумын 43407 теңге деп белгіледі. Былтыр бұл қаржы 43567 теңгені құрап еді. Жан- жағыңда қымбаттамаған нәрсе қалмаса да, біздің статистиканың өзгергісі келмейтін өзімшілдігі бұл. Бұл дегеніңіз – еш қиындыққа қарамайтын қайсар жандардың осы ақшаға бір ай бойы еркін өмір сүре алатындығын білдіреді.
Былтыр облысымызда азық-түлік бағасының инфляциясы 4,7 пайызға жеткенін ескерсек, азық- түлік себетіне енетін тауарлардың құны туралы қозғамасақ та болады. Тараз қаласы әкімдігінің берген ақпаратына сүйенсек, қалада азық-түлік, оның ішінде күріш, сәбіз, қырыққабат, сиыр етінің 14-31 пайызға қымбаттауы тіркеліпті. Ал, шағын дүкендердегі тауарлардың бағасы 3-52 пайызға дейін шарықтаған.
Шынтуайтында, айлық азық-түлікке жетеді деген бұл 43 мың теңге қалталы адамның бір шай ішкенінен артылмайды. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар бұл қаржымен бір ай бойы күнін көріп, өмірін сүруі керек.
Белгілі экономист Арман Бақытбек: «Біздегі күнкөрістің ең төменгі сатысындағы азық-түлік тұтыну себетінде бар болғаны 43 тағам мен қызмет түрі бар. Олардың 40 пайызы – азық-түлік өнімдері. Сонда біз тек тамақ жей беретін елміз бе? Оның өзі жеткіліксіз. Ал, мына жәрдемақыны беру арқылы біз екі нәрседен ғана ұтамыз. Біріншіден, ел демографиясын көбейтсек, екіншіден, қайыршылық деңгейден арыламыз. Атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтің ең аз қамтылған тобына беріледі десек те, сол ақшаның өзін жымқырып қалғысы келетіндердің қатары көбейіп отыр. Өйткені, бұл қанша жылдан бері көпшіліктің жинақталып келген қайыршылық психологиясын көрсетіп тұр. Бұл – қазақ халқының трагедиясы», – дейді.
Кеңестік кезеңде республикамызда тұтыну себеті 239 тауар және қызмет түрінен құралыпты. Ол уақытта бір адамға 1 литр сүт есептелген болса, қазір 1 стақан ғана. Ол кезде бір адам 300 грамм жеміс жеген болса, бізге қазір 80 грамм ғана жетеді екен. Дәл қазір біздің осы себетіміз Ресейдікінен екі есе жұпыны, Еуропадан үш-төрт есеге төмен.
Шетелде көпбалалы отбасылар мәселесі қалай шешілген?
Өзге елдің әлеуметтік қолдауына көз қыздырмаймыз. Десек те, дамыған елдердің демеуі мен біздегі айырмашылықтың аражігі қандай?
Мәселен, Францияда көпбалалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында 1921 жылы қабылданған «Үлкен отбасы» мемлекеттік бағдарламасы табысты жұмыс істейді. Бала саны көбейген сайын салық азая береді. Мысалы, төрт баласы бар отбасы салықтан мүлде босатылады. Бұл жеңілдік бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел таралған. Ал, Швецияда бұл топтағы отбасыларды пәтерақы төлеуден босатып, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне тегін қатыстырады.
Сондай-ақ, азық-түлікті тегін алуға арнайы талон беріледі. Біріккен Араб Әмірлігінде шаңырақ көтерген жас отбасына елдің неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Бұл қаржыны қайтару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарыз бірден кешіріледі.
Дегенмен, жәрдемақысы жоғары елдерде бағаның қаншалықты төмен екені бізге белгісіз. Бізге белгілісі, қай істе де халықтың көптігі маңызды.
«Наградталған аналар» кімдер?
Қоян жылының тағы бір есте қалған жаңалығы – бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлемді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды. Бұрын анасы бөпесі бірге тола сала жұмысқа шығып кетейін десе, баласын балабақша алмайтын еді. Алған күннің өзінде анасы баланы бұл жаста бөтен біреуге көбіне тапсыра да қоймайтын. «Жәрдемақының берілу уақытын үш жасқа дейін созса» деп армандайтын аналарды қуантқан, көңіліне үміт сәулесін түсірген жаңалықтың көкесі осы болды.
– Бұрын үш баламды босанғанда осындай жағдай жасалғанда ғой деп ойлаймын. Балаларым бірге толғанда жәрдемақысы қысқарып, отбасымызға кәдімгідей салқыны тиіп қалатын еді. Жұмысқа шығып кетуге мүмкіндік болмады. Өйткені, баланы ол жаста балабақшаға бере алмадық. Бала қараушыны жалдау алып отырған жалақымыздан көп. Сонымен екіге толғанын күтуге тура келетін. Енді алты ай болса да бұл бізге кәдімгідей мотивация болып отыр. «Алтын алқа» алам деп қоямын күйеуіме. Оған дейін бұл уақытты үш жасқа дейін созса жақсы болар еді, – дейді жуалылық Айнұр Қарамендиева.
Сондай-ақ, әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілді. «Мысалы, аналар бұрын «Күміс алқа», «Алтын алқамен», сонымен қатар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені және Кеңес одағы кезінде «Батыр ана» орденімен наградталған. Енді мұның бәріне «наградталған аналар» деген ұғым енгізіліп отыр.
Бүгінде облысымыз бойынша 7120 «наградталған ана» бар. Оларға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланды. Бұрын «Күміс алқа», «Алтын алқа» алған аналар бір мөлшерде жәрдемақы алса, бүгінгі күні «Алтын алқа» иегері алатын жәрдемақының мөлшері көбейді. Олар 1 шілдеден бастап ай сайын өмір бойы 25 530 теңгеден мемлекеттік жәрдемақы алады», – дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбеков. Әлеуметтанушылар болса, бұл статустағы аналар үшін мұндай аз жәрдемақы дайындау дұрыс еместігін айтады.
– Мысалы, «Күміс алқа» статусын анаға алтыншы баласын туа сала беру керек деп ойлаймын. «Алтын алқалы» анаға да солай. Ал, бізде баланың 1 жасқа келгенін күтеді. Ол дұрыс емес. Оны күтеді, құжатын өткізіп қойып, кемі алты ай тағы күтеді. База неге автоматтандырылмайды? Жәрдемақысын да сөйтсін. Жоқ, бізде ол ананы шаршатып, табанынан тоздырып барып береді. Берсе де, баланың өмірге келген күнінен бастап есептеп, жәрдемақысын толық бермейді. Ол тек Президенттің Жарлығы шыққан күннен бастап жүзеге асады, – дейді әлеуметтанушы Замира Оспан.
ТҮЙІН:
Тақырыпты тарқату барысында «Мемлекетке масыл болғаннан артық жаман нәрсе жоқ» деп мінейтін қасаң түсініктің қалыптасып үлгергенін аңғардық. Сосын тағы «Балаға берілетін жәрдемақы үшін бала табатындар көп» дейтіндер де табылды. Бұл рас па? Рас болса, бұл халықтың әлеуметтік жағдайының тым төмендігін көрсетпей ме?
2024 жылдан не күтеміз?
- Жеке куәлік пен паспорт жасату қымбаттайды. Жеке куәлікті 738 теңгеге, 36 беттен тұратын стандартты паспортты 29 536 теңгеге жасатып, 48 беттік төлқұжатты 44 304 теңгеге жасататын боламыз.
- Бірыңғай жиынтық төлем енді болмайды.
- 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін барлық кәсіпкер – бизнесмендер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі.
- Қазақстандықтардың петициясы үкімет деңгейінде қаралады.
- Балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады. 2024 жылы 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын.
- Уақыт 1 сағатқа артқа жылжиды. Біз де өзгеріске ұшырайтын аймақтарға кіреміз. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін ғана ештеңе өзгермейді.
- Саусақ іздерін тапсыратын боламыз. Дактилоскопиялық тіркеу шетелдіктерге ғана міндетті болады. Азаматтар саусақ ізін жеке басын куәландыратын құжаттарды жасатқанда тапсыра алады.
- 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызы кәмелетке толмаған балалардың арнайы жинақтау шотына аударыла бастайды.
Гүлжан РАХМАН