Остенде қаласы

Уәде еткендей, бүгін Остенде қаласы жайлы ой тастайын. Негізі, бұнда жазатын көп ештеңе жоқ. Брюггедей әр тасы тарихтың соусына маринадталмаған. Бір ұтар тұсы — Солтүстік теңіздің аяғын сүйіп жатыр. Сосын әлемге әйгілі курорт. Мектепте оқыған «Ревизор» мен «Өлі жандардың» авторы Гоголь осында емделген. Бельгияның Леопольд деген патшасы ерекше жақсы көргені соншалық, Остендені астана қылсақ деген ойы болыпты. Астана болмағаны да дұрыс болған-ау, немістер соғыс кезінде быт-шыт қылып бомбылаған. Сондықтан, ғимараттары кәдімгі сіз бен біздің көзіміз тойған шыны-бетон.

Одан да Бельгияның қызықтарын айтайын. Мұнда сайлаушылардың тізіміне сіздің атыңызды енгізді ме, болды, бару міндетті. Ерікті емес, міндетті деймін! Кәне, қай жақта демократия көбірек?) Айлықтары өте жоғары. Бірақ, салық та тым көп. 45 пайызына дейін қайтадан салықпен қазынаға қайтарып береді. Әлемде біржынысты некеге рұқсат берген екінші ел. Біріншісі – қасындағы Нидерланды. Санмен сөйлесем, бельгиялықтардың 97 пайызы қалада тұрады, оның 93 пайызы не мысық, не күшік ұстайды, оның 92 пайызы үйден тамақ даярламайды.

Қызық болғанда, үйлеріне перде ұстамайды. Бірінші қабатта тұрса да.. Сол үшін де өзгенің өмірін шымылдықсыз көретін «Дом — 2» секілді реалити-шоулардың алғашқы үлгісі осы елдерден шықты дейтін жартылай шын теория бар. Әр ересек адам 3 грамм анашаға дейін алып жүрсе, қылмыс емес. Сыраны өте көп ішеді. Тіпті, өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін мектеп асханасында оқушыларға сыра беретін болған. Кейін ғана газировкамен алмастырыпты. Қазір сол оқушыларға сыра қоюды кейбір қоғамдық ұйымдары қайтадан бастама қылып көтеріп жатыр.

Осындай бір жақсы, екі жаманы бар ел бұл) Келесі жолы Бельгияның Антверпен деген қаласын суреттеймін, бұйырса.

Orken Kenzhebek фб парақшасынан