Биыл кооперациялар санын 467-ге дейін жеткізу жоспарда бар

Қазіргі таңда ел аумағында кооперация құру үрдісі жүріп жатыр. Оның барысы туралы күнделікті БАҚ-тан хабардар болып отырмыз. Десек те, аталған науқанның бүге-шүгесіне дейін тарқату үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қоғаммен байланыс департаменті директоры Жасұлан Әбдіманапты сөзге тартқан едік.

— Елбасы Жолдауында көрініс тапқан ауыл шаруашылығы, оның ішіндегі кооперация құру мәселесі жөнінде кеңінен айтып өтсеңіз.

— Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына баса көңіл бөлді. Елбасы өз сөзінде: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек» дей отырып, шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшуіміз қажеттігін атап өткен еді.

Сондағы тапсырмаларға орай, үстіміздегі жылдың ақпанында «Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.

Қазіргі таңда, осы бағдарлама аясында аграрлық сала бойынша халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болу үшін қажетті инфрақұрылымдар арқылы өнімдердің қайта өңделуі деңгейін көтеру үдерісі іске асырылып жатыр. Бұл үшін жасампаз тетік ретінде былтырдан бері кооперативтік кешендер жүйесі құрылу үстінде.

— Кооперация жүйесін ұғынықты тілмен айтып беріңізші. Қарапайым мысалдармен…

— Әр бағдарламаны алға тартатын өзекті, сүбелі бағыты болады. Сол бағыт ағымдағы бағдарламада кооперация дер едік. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80% жеке қосалқы шаруашылықтардан шығады. Қосалқы шаруашылық дегеніміз, ауылдағы әр азаматтың қорасындағы оншақты тұяғынан шыққан ет-сүт өнімі мен оншақты сотық шарбағындағы көкөнісі. Енді қызықты қараңыз, осыншама көл-көсір шикізат жатыр шашылып, есесіне еліміздегі ет-сүт зауыттарына шикізат жетіспей, 50-60% жүктемемен жартылай жұмыс істеп тұр.

Осы олқылықтың орнын толтыру әрі ауыл жұртын жұмыспен қамтудың бірден – бір тетігі кооперацияда болып отыр. Яғни, сол ауылдан шығып жатқан көл-көсір өнімді шашау шығармай өндіріс ошақтарына жеткізу. Ал шаруалараға сауда-саттықпен емес, мал өсірумен  айналысуға мүмкіндік беру. Шаруалар шығарған өнімдерін қайда сатамын, қаншаға сатамын деген сұрақтармен бастарын ауыртпаулары керек.

— Кооперациялар қанат жайған жағдайда жалпы аграрлық салаға қалай ықпал етпек?

— Тағы да қайталап өтейік, АШТӨ-нің сәтті жұмыс істеуіне, өнімді өндіру мен өткізу кезіндегі АШТӨ-нің шығасыларын төмендетуге, ауыл шаруашылығының және жалпы АӨК-нің теңгерімді дамуына ауыл шаруашылығы кооперациясы жағымды ықпал ететін болады.

— Кооперативтерді дамытудан не ұтамыз?

— Ауыл шаруашылығы кооперативін дамытсақ, 500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құра аламыз және шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың үлесі 1,3 есеге артады.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту барысында ауыл тұрғындарының кірісін жыл сайын 300 млрд.теңгеге дейін арттыру және сауданың үстеме бағасын 15-20%-ға төмендету көзделіп отыр.

Ойлап қарасақ, жыл сайын 300 млрд. теңге ауылдарға қосымша кіріс ретінде кіріп отырса, бұл көрсеткіш бөлінген субсидия көлемінен екі есеге артық.
Сонымен қатар, кооперативтер өздерінің үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, агрохимиялық, техникалық қызмет көрсету және жем дайындау бойынша бірнеше қызметтер көрсете алады.

— Айталық…

— Мысалы, ауыл адамдарының малы үшін шөп қажет болды делік. Өзінің құны 7-8 мың тонна болатын шөп, жазғы уақытта 20 мың теңгеге, күзде 30 мың теңге, қыста 40 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Ал, кооператив мемлекеттің қолдауымен лизинг арқылы сатып алынған трактор, шөп шабатын машина, тіркемелерді пайдаланып, арзан бағамен шөппен қамтамасыз ете алады. Кооператив ауыл тұрғындарын бір орталықтан құрама азықпен қамтамасыз етеді.

— Фермерлерге ауыл шаруашылығы кооперативтеріне кірудің ең басты артықшылығы неде?

— Кооперативтерге біріккен жағдайда, ең бірінші шешілетін жағдай өнімді тасымалдау. Кооперацияда фермер өз өнімін тапсырады, ал кооперация тапсырылған өнімді қалаға немесе кәсіпорынға жеткізеді. Ал мемлекет біріккен кооперацияға қолдау көрсетіп, субсидиялау және техника алуды несиелеу жүйесін қалыптастырып, айналымға қаражат береді.

Кооперацияның тағы бір артықшылығы – агроөндірістік мақсатта және ауыл шаруашылығына қатысты емес бизнес түрлерін ашуға несие беру қарастырылған. Сонымен қатар, кооператив арқылы күнделікті тұтынатын несие алуға да болады. Ауыл тұрғындарына несие алу үшін банкке немесе аудан орталығы мен облыстарға барып жүрудің қажеті болмайды.

Сондай-ақ, еліміздің әрбір фермері ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы мемлекеттік қолдау таба алады.

— Осы тұсты кеңірек тарқатсаңыз.

— Кооперативтерді техникалық жағынан жабдықтау «КазАгро» ҰБХ арқылы жүзеге асырылады. ЖҚШ бойынша ветеринарлық, агрохимиялық, қаржылық, және өнімді өткізу бойынша кеткен шығындары кооперативтерді субсидиялау бойынша беріледі.

Сондай-ақ, жаңа бағдарлама негізінде кооператив мүшелерінің кепілдіксіз несие алуға мүмкіндігі бар. Ауыл тұрғындарын толғандыратын басты түйткіл осы кепілдік болатын. Енді бұл кедергіні де жойып, министрлік оңтайлы механизм түзіп отыр. Кооепративке бірігіңіз де, кепілсіз кредит алыңыз.

— Кооперацияға бірігудің механизмі қалай жүзеге асырылады? Көпшілікте «біріккен кезде мал-мүлкіміз ортақ, жер пайызымыздан айрылып қалмаймыз ба, колхоз-совхоз болып кетпейміз бе?» деген қорқыныш бар.

Кеңес кезіндегі колхоз-совхозға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өйткені, бізде жеке меншік институты қалыптасқан, әркімнің өзінің жеке мал-мүлкі, бизнесі заңмен қорғалады. Екіншіден, биыл ғана кооперация туралы арнайы заң қабылданды. Сонда барлық ереже талап-тілектер тайға таңба басқандай жазылған. Кооперацияға біріккенде әр шаруаның мал-мүлкі, жері, қора-жайы өз меншігінде қалады.

Ал, ұсақ шаруа және жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге тарту бойынша қандай шаралар қабылдануда?

— Біріншіден, барлық 160 ауылдық ауданда семинарлар өткізілді және 2 248 ауылдық округ әкімі мен аудан әкімінің орынбасары оқытылды.

Екіншіден, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін кепілсіз және алғашқы жарнасыз модульді сүт қабылдау және сою пункттерін сатып алу схемасы енгізілді, сондай-ақ кооператив мүшелері үшін кредиттерге кепілдік беру тетігі көзделді.

— Кооперативтер құру саласындағы соңғы өзгерістерді айтып өтсеңіз?

— Қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша индикативті көрсеткіштер қайта қаралды. Егер Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2017 жылы 326 кооператив құру жоспарланған болса, енді оның санын 467-ге дейін жеткізу жоспарлануда.

— Осы кезге дейін тіркеліп үлгерген кооперативтер саны қанша?

— А.ж. 30 мамырдағы жағдай бойынша 286 бірлік, оның ішінде сүт дайындау бойынша 102 бірлік, ет өндірісі мен оны дайындау бойынша 181 бірлік кооператив тіркелген. 20 136 бас ірі қара малға арналған отбасылық бордақылау алаңдары және 51 жылыжай салынды. Тауарлы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісіне 40 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен шағын фермерлік шаруашылық тартылды.

— Сонымен, жұмыс барысын қалай бағаласақ болады?

— Жалпы, кооперативтерді құру бойынша қарқын жаман емес екенін байқауға болады. Сонымен бірге, тіркелген кооперативтердің барлығы дерлік ұсынылатын талаптарға сәйкес келе бермейді, ал жекелеген өңірлер бойынша жалпы жұмысты әлі де күшейте түсу қажет. Осындай кооперативтерді талаптарға сәйкес келтіру бойынша шаралар әкімдіктерге дейін жеткізілді және олар бойынша нақты жоспар жасалды.

— Түпкі меже қандай?

— 2021 жылға қарай 500 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп, 1500 ауыл шаруашылығы кооперациялары құрылады.
Мұның нәтижесінде, фермерлерді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуге біріктіре отырып, қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттырамыз.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Кәмшат Жақсылыққызы