Н.Кенжеханұлы: Маған әкім болған ұнайды
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді қазақ даналығы. Рас, халықпен етене жақын еңбек етіп, ел ертеңі үшін аянбай тер төгіп жатқан әкімдер баршылық. Алайда бұқара ішінде билікте отырған басшылардың тірлігіне көңілі толмай, «құрғақ уәде мен бос сөзден шаршадық» дейтіндер де бар. Әсіресе алыс ауылдағы ағайын әкімдердің жұмысын жиі сынға алып жатады. Осы орайда, облыстық «Арай» жастар газеті «Ауыл әкіміне алты сұрақ» жаңа айдарының тұсауын кесіп отыр. Бұл жаңа жобамызда елді мекендердегі әкімдердің жұмысымен қатар, адамгершілік болмысын да танытатын боламыз. Біздің бүгінгі қонағымыз Жамбыл облысы Шу ауданы Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Найман Сұлтанбаев.
— Найман Кенжеханұлы, әкімдік қызметте отырғаныңызға биыл бес жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ауыл халқы үшін не істедіңіз?
— Дана қазақ «батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» дейді. Сондықтан мен 2012 жылы жұмысымды бастамас бұрын ең алдымен соғыс ардагері Темірбай Қалықов ақсақалдың үйіне барып, ісімнің оң болуына бата сұрадым. Сол кезде майдангеріміздің ақ қар, көк мұзда далаға шығып, кіруі қиындап кеткенін көріп, қарияның үйіне ыстық суға қосылған жуыну бөлмесін жасап беруді ойладым. Ниетімді Құдай оңдаған болар, демеушілер тез арада табылып, ардагерге үйден шықпай дәрет алатын және жуынатын орын әзірлеп бердік. Осылайша халқымның алғашқы алғысын алдым.
Одан кейін, ауылда шешімін таппай келе жатқан арка мәселесін де оңды шешіп, ауылға кіре беріс жерге барыс бейнесі бейнеленген ескерткіш қойдым. Оны да демеушілердің көмегімен Алматы қаласынан арнайы алдырып, ауылдың ажары үшін орнаттық. Бұдан бөлек, аудандағы ауылдардың бірде-біреуінде жоқ округтің төлқұжатын кіре беріс тұсқа ілдірдім. Онда округте тұрып жатқан тұрғындардың санынан бастап, іздей келген адамға қажетті ақпараттың бәрі бар.
Ал ауылдан саябақ ашу мен газ тарту мәселесін көтергенімде, көптеген адамдар «бұл ертегіңе кім сенеді?» деп кекеткен де еді. Құдайға шүкір, қазір ауылымызда тұрғындар демалатын саябақ та, көгілдір отын да бар. Округте барлығы 500 түтін түтеп тұрса, соның 100-і газ рахатын көріп отыр. Мұндай жетістік аудан орталығының өзінде жоқ. Және округке қарасты ауыл мектептерінің арасында оқушылардың тегін қатынауы қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, шағын футбол алаңшасы мен медициналық орталық салынып, почта қызметі де ретке қойылды. Бұл тірліктердің дені демеушілердің күшімен бітіп отыр.
Сонымен қатар, төртінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде 1 мамыр — Бірлік күніне «Тәуелсіз Қазақстан — достық мекені» атты Астана қаласына тур ұйымдастырып келеміз. Аталмыш шара шеңберінде елді мекендегі аз қамтылған отбасылардың балаларын, жетім-жесірлерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды, ардагерлерді Елордамызға тегін апарып, саяхат жасатудамыз. Оларға Көкшетаудың кереметі мен Бурабайдың таңғажайып жерлерін де көрсеттік. Ал 9 мамыр — Жеңіс күніне орай жылда ат спорты түрлерінен турнир ұйымдастырылуда. Оған Қырғызстан мемлекетінен бастап, Алматы, Қарағанды облысының атбегілері де қызығушылық танытып, қатысып келеді. Сонымен қатар, осы күні орталық мешітте соғыстан қайтпаған майдангерлердің рухына құран бағыштап, ас беру де дәстүрге айналған. Осындай игі істердің жалғасы ретінде былтыр Тараз қаласындағы қарттар үйіне жасалған қайырымдылық шарамызды да айтсақ болады. Бір күнімізді сол шараға арнап, қарттарымыздың басына бөрік, иықтарына жаулық жауып, ұлттық тағамдардан тарту жасап, керемет кеш сыйлап қайттық. Енді биыл ауылымыздың маңынан атпен тегін емдейтін иппотерапия ашу жоспарлануда. Оған қажетті жерді дайындап, бие байлап, қымыз беретін демалыс орнын әзірлеп жатырмыз. Бұл жобамыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған «Туған жерге туың тік!» тапсырмасына орай, демеушілердің есебінен жүзеге асуда.
Тағы бір айта кетерлігі, округтегі діни ахуалды тұрақтандыру үшін орталық мешітке төрт жерден бейне бақылау қойдырдық. Бұл тірлікте Үкімет қаржысына қарамай, қолы ашық жігіттердің көмегімен бітті. Ал жуырда «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне 55 билет сатып алып, енді шілде мен тамыз айларында округ әкімінің аппарат қызметкерлерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды, аз қамтылған отбасылардың балаларын, өзге ұлт өкілдерін, ардагерлерді, оқу озаттарын, белгілі спортшыларды Елордаға апаруды көздеп отырмын. Бұл да ел тарихындағы айтулы оқиғадан ауыл тұрғындары шет қалмасын деп жасалып жатқан ниет. Ал айлардың сұлтаны Рамазан айында ауылдың ауыз бекіткен тұрғындарына ауыз ашар беру де менің жылдағы жасайтын тірлігім. Сондай-ақ, биыл мұндай шараны ауылда ғана емес, Тараз қаласындағы қарттар үйінде де ұйымдастырып, балалар үйіне теледидар мен кір жуатын машина сыйлауды жоспарлап отырмын. Тағы бір айта кетерлігі, биыл округтен 150 орындықты балабақша, «Мәңгілік Ел» аллеясын, азық-түлік қоймасы мен жылыжай соғу да жоспарға еніп отыр. Ашығын айтайын, бұл бастамаларымызға бюджет тарапынан 1 теңге бөлініп жатқан жоқ. Бұның барлығы елді мекендегі кәсіпкерлермен жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының арқасында жүзеге асуда. Бір сөзбен айтқанда, мен әкімдік қызметімнің 5 жылында өзімнің сайлауалды бағдарламамды 99,9 пайызға орындадым. Оған халқым куә.
— Не себепті басқа сала емес, әкім болуды қаладыңыз?
— Мен бала кезден әкім болуды армандадым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жеке кәсіпкерлікте жүріп, әкім болатынымды әрдайым айтатынмын. Қазақ айтады «Армансыз адам қанатсыз құстай, арманда адам құмары қанбас қалықтап ұшпай» деп. Рас, бұл қызметке келерімде әке-шешем «рахметі жоқ жұмыс» деп қарсы болды. Алайда мен өз арман-қиялыма қол жеткізгім келді. Оған қоса маған әкім болған ұнайды.
— Сіздің ойыңызша, әкім қандай болуы керек?
— Әкім тәкаппарлықтан аулақ болуы керек. Халқымен бірге етене жақын болып, отқа да, суға да бірге түсуі керек. Одан кейін, басшы адам бесаспап болуы керек деп ойлаймын. Мәселен, Төле би бабамыздың 350 жылдығында Шу өңірі Алыс Жайсан жерінде деректі фильм түсірілді. Сол түсірілімнің басықасында жүріп, Мамай бидің рөліне актер табылмай, сол рөлді сомдап шыққан кезіміз болған. Сондай-ақ, қазір Жаңақоғам ауылдық округінде 7 ұлт өкілі тұратын болса, солардың барлығының салт-дәстүрі мен наным-сеніміне құрметпен қарап, тілін тауып жүрміз. Нәтижесінде ауыл тұрғындарын сүттей ұйытып, қай бастаманы болмасын жұмыла көтеруде. Бір сөзбен айтқанда, әкім халқына жақын болғысы келсе, елмен бірге отқа күйіп, суыққа тоңу керек деп есептеймін.
— Әкімдік қызметтен қаншалықты пайда көрдіңіз?
— Шындығы керек, мен әкімдік қызметке пайда үшін келмедім. Дана қазақ «Ауызда атың, қағазда хатың қалсын» дейді ғой. Мен өз артымнан із қалдырғым келді. «Бәлен әкім болған кезде жасалған дүние» деп ел ертең айтып жүрсе, содан асқан маған бақыт пен пайда жоқ. Мен ең бастысы әкімдік қызметтен рахат табамын.
— Егер әкімдік қызметтен бүгін босатып жіберсе, не істер едіңіз?
— Мен жұмыстан кетсем де, ел ішінде жүретін адаммын. Өйткені болмысым, жаратылысым сондай. Мүмкін, бір қайырымдылық қорын ашып, ел игілігі үшін қызмет жасармын. Әлде, кәсіпкерлікке бет бұрып, ауылдардан балабақшалар соғар ма едім. Қысқасы, әкім болмасам да, ел үшін аянбай тер төгетінім сөзсіз.
— Өмірде, қызметте қаншалықты шын айтасыз?
— «Ақиқатты айтқан адамға жақпаса да, Аллаға жағады» дейді. Мен өмірде де, қызметте де шын сөйлегенді ұнататын жанмын. Аудан әкімдігінде болып жатқан жиындарда да «басымды алса, алсын» деп тек шындықты айтамын. Осы мінезіммен көпке жақпай жүргенімді де білемін. Бірақ «өтірік айтып жағынғанша, шыныңды айтып жалынған» дұрыс. Округ жұртшылығына да құрғақ уәде берген емеспін. Тек, қолдан келетін ісімді ғана айттым. Оның басым бөлігін орындадым да. Сондықтан ел алдында арым таза.
— Осы сұхбат арқылы мүлкіңізді жария ете аласыз ба?
— Елден жасырар ештеңем жоқ. Үйім, көлігім бар. Және асылтұқымды жылқы өсірумен айналысамын. 10 гектар жерге жоңышқа егіп, қосымша тіршілік етудеміз. Асып-тасып жатқан түгім жоқ.
— Сізді бүгінгі қоғамда не алаңдатады?
— Қазақтың қазақы болмысы жоғалып бара жатқаны жанға батады. Қазір атқа шабатын ұрпақ қалмай барады. Ұлттық ойындарымызды жаңғыртып жатқандар жоқтың қасы. Бие байлап, қымыз ішіп, ұлттық тәрбиемен ұрпағын сусындатып отырған ауылдар аз. Ауылда сақалын сатқан шал көбейіп, ақыл айтар ақсақал қалмады. Арызқой, бір-бірінің тірлігін көре алмайтындардан аяқ алып жүре алмайсың. Одан кейін, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жергілікті биліктің құзыретін арттыру жағы жақсы айтылды. Міне, осы бастама толықтай өз бағдарын тауып, бюджет қаржысы ауылдық әкімдіктерге орталықтандырылса, көп мәселе өз шешімін табар еді деп ойлаймын. Мәселен, қазір ауылға жол салатын болсаң, тендер арқылы айдалада жатып ұтып алған бір мердігер келеді де, көзбояушылық жасап, «іс бітті, қу кетті» деп қашып кетеді. Одан кейін ол мердігерді тауып көр. Егер ауылдың мәселелерін жергілікті жердің кәсіпкерлері мен жігіттері шешетін болса, ауыл күні ертең-ақ көркейер еді. Әрине, «көш жүре түзеледі». Бұл мәселе де Елбасының көрегенділігінің арқасында толықтай шешімін тауып, түйіні тарқайды дегенге сенім мол.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Саятхан Сатылғанов