Бүгін Жамбыл облысының әкімі жұмыс сапарымен Жизақ облысына барды

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Өзбекстан Республикасының Жизақ облысына жұмыс сапарымен барды. Арнайы сапары барысында аймақ басшысы өзбекстандық әріптестерімен кездесіп, бірқатар әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандары мен білім беру және өнеркәсіп ошақтарында болады деп жоспарлануда.

Атап айтқанда, К. Көкірекбаев Жизақ қаласында орналасқан «Олимпиадалық резерв» спорттық колледжі, Кәсіпкерлікті қолдау орталығы, көпсалалы балалар ауруханасы, Жизақ политехникалық институты, «Джизак платекс» текстиль фабрикасы, «Учтепа» тұрғын үй кешені, «Жизақ аккумулятор зауыты» секілді нысандарды аралайды деп күтілуде.

Айта кетер жайт, делегация құрамында жамбылдық кәсіпкерлік саласының өкілдері де бар. Сапар барысында тәжірибе алмасуды мақсат еткен олар да Жизақ өңіріндегі алдыңғы қатарлы өнеркәсіп орындарында болып, жұмысымен таныспақ. Бұдан бөлек, қазақстандық тарапқа аймақтың өнеркәсіп және экспорттық әлеуеті көрсетілетін болады.

Аталған жұмыстар аясында  Жизақ облысы хокимияты мен Жамбыл облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық турасында келісімге қол қойылмақ. Сонымен қатар, қос тарап денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында берік байланыс орнатуға ниетті.