48 жыл тәжірибесі бар дәрігер бесіктің пайдасын тізбектеп берді
ҚазАқпарат — Жарты ғасырға жуық балаларды емдеп келе жатқан медицина ғылымдарының кандидаты Нұрнияз Бисалиев нәрестенің денсаулығына бесіктің пайдасын тізбектеп берді. Дәрігер баланы бесікке бөлеуге болмайтынын айтып, тыйым салған кейбір әріптестерінің уәжімен келіспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбелік дәрігер Нұрнияз Бисалиев қазір Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің №2 балалар аурулары кафедрасының доценті болып жұмыс істейді. ҚР еңбегі сіңген медицина қызметкері кейбір әріптестері түбегейлі қарсы шығып, зиянын дәлелдемек болған бесікке қатысты ойын ашық білдірді.
«Мен 48 жылдан бері балалар дәрігері болып жұмыс істеймін. Ауылды аралап, халықпен тығыз байланыс жасадым. Балаларды емдедім, олардың ата-аналарымен сөйлестім. Әр отбасының өз ұстанымы бар. Бірақ бесікті «ескіліктің қалдығы» деп үрке қарайтын адамдарды құптамаймын. Бесікті зиянды деп жүрген педиатрлардың көпшілігі бесік көрмеген және оның құрылымын да білмейді. Олар «бесікке бөленген баланың аяқ-қолы үнемі таңулы болады, аз қимылдап, соның салдарынан олар нәзік және аурушаң болып өседі» деп тұжырымдайды. Ғасырлар бойы сынақтан өткен бесікті пайдасыз деп кесіп айту қате. Бесік баланың денсаулығына, тәлім-тәрбиесіне, ми қыртыстары қызметінің жақсаруы мен жас нәрестенің салмақты да ұстамды болып өсуіне әсері мол. Гигиеналық жағынан да өте көп пайдасы бар. Киелі деп есептеген бесікті кез келгеннің қолына ұстатпай, сатпай, тек туған-туыстарына берген. Бесік ұрпақтан ұрпаққа қалатын мұра болғандықтан, өз баласының бесігін олар сұраған адамға ұстата салмаған. Себебі, баланың белі бесіктен шығып, есейіп кеткенде, киіз үйдің керегесінің басына ілініп, болашақта сол шаңырақтың ұрпағының дүниеге келуін күтіп, ілулі тұратын болған»,- деді Нұрнияз Бисалиев.
Дәрігер жаңа туған сәбиді бесікке 2 аптадан соң бөлеуге кеңес береді. Бірақ баланы күні бойы бесікке таңып қоюға тыйым салынған. Ара-тұра шешіп алып, түрлі дене жаттығуларын жасау қажет. Онымен қоса, күн сәулесінің берері мол. Атап өтілгендей, бесікте жатқан шақалақтың омыртқасы түзу болады.
«Қол-аяғы бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Бесіктің тербетілуі, бесік жырының айтылуы баланың психологиясына ерекше әсер етеді. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Бесігімде жатқанда-ақ берген білім» деп ана тіліміз туралы айтқан болатын. Бесік жырында айтылатын сөздердің бәрі тұнып тұрған дұға, тілек. Ешбір бесік жырында ұры бол, залым бол, жаман бол деген сөз кездеспейді. Керісінше, адам бол, жақсы бол, денің сау болсын деген сөздер айтылады. Сонымен қатар, баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етедi. Мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған сәби болашақта сабырсыздау болады. Баланы бесiктен шешкен кезде ол керiлiп, созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды. Сәбидің бойы таза болып, ол тазалыққа үйренеді. Бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі»,- дейді ақ халатты абзал жан.
Сондай-ақ балалар арасында кездесетін кез келген ауруды жедел анықтап, тексеріп, нақты диагноз қоя білетін дәрігер заманауи жөргектің зиянын тізбектеді. Оның айтуынша, бірреттік жөргектер ер балалар үшін өте қауіпті. Атап айтқанда, олардың ұрық бездеріне кері әсерін тигізеді.
«Бесікті гигиеналық жағынан манеж, арба немесе кереуетпен, әсіресе, «памперспен» салыстыруға болмайды. Жас нәрестенің терісі өте нәзік, жұқа болғандықтан әртүрлі химиялық, биологиялық факторлардан қабынып, бөртіп кетеді. Баланың суға малынған төсегі, яғни сәбидің зәрі кері әсерін береді. Бөртпе қауіпті емес көрінгенімен, асқына келе қатерлі ауруға шалдықтырады. Сөйтіп, іріңді жараға және бактерияның қан арқылы организмге жайылуына ұласады. « Памперс» ұл балаларға зиян. Олардың ұмайындағы жұмыртқаларын қыздырып, ұрық бездеріне зақым келтіреді», — деді Нұрнияз Бисалиев.
Кафедра доценті бұдан бөлек, бесікке бөлеу арқылы нәрестелерде жиі кездесетін миға су жиналу дертінің алдын алуға болатынын айтады. Дәрігер бала дүниеге келген кезде миы зақынданатынын, шала туған баланың миына қан құйылатынын, салдарынан мидағы сұйықтық жолы қан түйіршіктерімен бітелетінін (Сильвиев түтікшесінде) мысалға келтірді. Ал бесікке тербелген баланың миындағы сұйықтық түтікшелер арқылы жақсы жүреді және Сильвиев түтікшесінің бітелуіне жол бермейді.
«Үнемі құрғақ жатып үйренген сәбиде су төсекке қарсы шартты рефлекс қалыптасады. Кейін баланы кереуетке ауыстырғанда ол кіші дәретке отырғысы келгенде оянып, мазасызданып, жылай бастайды. Есейген соң бала тосуға үйреніп, таза өседі. Осыдан келіп энурез (шыжың) ауруының алдын алу мүмкіндігі туады. Ересек адамдарда кездесетін мезгілсіз белден қалу да (импотенция), бедеулік те адамның бала кезінде несеп жолдарының қабынуы мен бүйрекке суық тию салдарынан екені жұртқа мәлім. Бесік бұл аурулардың алдын алады», — деді ол.
Дәрігердің ескертуінше, жамбас сүйегі қисайған, ортан жіліктің ұршық басының ұясынан шығуы дертіне шалдыққан нәрестелерді бесікке бөлеуге болмайды.