ЖАҢАӨЗЕН -1989. САЙЫН. «ПАРАСАТ» ҺӘМ «АЗАТ».

Сайын ағамен танысу.

Ақтөбелік жастар 1990 жылы 21 қаңтарда «Алдаспан» клубын құрғанымызда бізбен хабарласып, тұрақты байланысқан маңғыстаулық саясатшы Сайын Шапағатов болатын.

1990 жылы қазанда өткен «Алдаспан» бірлестігінің құрылтайына республиканың біршама қалаларынан делегаттар келген. Солардың ішінде Алматы мен Ақтау, Орал қалаларынан барлығы 30-ға тарта азаткерлер жиналды. Соның оншақтысы Маңғыстаудан Сайын аға бастаған топ болды. Оның делегаттары жып-жинақы, әр адамының өз миссиясы мен міндеті бар екені байқалып тұрды. Тіпті, қалақалпақстандық жыршыны да ерте келіпті.

Бойы ортадан жоғары, бидайөңді кісі екен, жайлап сөйлейді, арасында әзілі бар. Сыртқы келбеті Тұрар Рысқұловқа ұқсайтын.

«Парасат» қоғамының құрылуы 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасының шығуымен тікелей байланысты. 1990 жылы бізге дейін құрылтайын өткізіп, азаттық жолындағы жұмыстарды жан-жақты бағытта бастап кетіпті. Және де Сайын Шапағатов 1990 жылы шілдеде құрылған Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының 7 төрағасының бірі болып сайланған еді.

Өзімен біраз сөйлестім, КСРО Мұнай министрлігінде жұмыс істеген аса іскер адам болып шықты. Сөз арасында Н.Назарбаевпен Мәскеуде талай кезіккенін де жасырмады.

Сайын ағамыз Тәуелсіздік туралы заңның қабылдануына бір ай қалғанда қараша айында сырқаттан қайтыс болды. Өз басым содан бері ұлтшылдар арасынан осындай өрелі саясатшы байқаған емеспін. Бұл кісінің басты қасиеті – популизм мен өзін көрсетудің мүлдем жоқтығы, мақсат пен мүддені ұштастыра білетіндігі және нәтижеге діттейтін стратегия мен тактиканы құра алатындығында әсіресе ұйымдастырғыш қабылетінің

ерекшелігінде еді.

Бүгінде әрі ағам, әрі досым Сайыннан бір жапырақ шақыру мен сәлем хаты ғана қалыпты. Ол шақыру тойға емес, «Парасат» қоғамының құрылтайына еді. Мен бара алмадым, Ақтөбелік «Алдаспан» клубы атынан Оразбай марқұм Жұматов ағамыз барып қатысқан-ды. Ол құрылтайдан үлкен әсермен оралып еді. Бүгінде бәрі көңілде естелік, мұрағатта сарғайған қағаз ғана. Бұлар сонысымен құнды.

Жаңаөзен көтерілісінің мәні

1989 жылғы Жаңаөзенде орын алған этносаралық шиеленістің негізі барлық сала бойынша шыйқаны піскен КСРО саясатының әбден іріп-шірігенін байқатқан құбылыс еді. Себебі, КСРО-да негізін Сталин салып кеткен әділетсіз ұлттық саясат күшпен енгізіліп, берекесіз түрде шешіліп отырды. Соның бірқатары одақтас елдердің аумақтарын дәйексіз түрде, парақорлық негізде бірінен біріне алып беріп отыру; соның негізінде қазақ, украин секілді азаттыққа құштар ұлттарды басып-жаншу т.т. жүзеге асырылғанымен оның арты саяси-ұлтаралық дертке айналып келе жатқан-ды. Соның бірі қазақтарды қалаға аз шоғырландыру, өндіріске жолатпау,

жергілікті халық өкілдерін басқа этностар есебінен басып-жаншу секілді жайттар саяси қыйтұрқы тарихи ұйқылы-ояу қабаттарға айнала бастаған. Мәселен, парақор директорлар совхоздың құрылыстарын кавказдық ұлт өкілдеріне, әсіресе, шешендерге салдыру арқылы өздерінің қалтасын бүтіндейтін. Бұл «бизнес» тіпті, аудандық, облыстық дейгейде шешіп отырса керек.

Міне осындай жайт Мұнай-газ саласы өрбіген Маңғыстау облысында да қалыптасқан-ды. Әсіресе, қала типтес Жаңаөзен секілді шағын елді мекендерде жергілікті ұлт өкілдері соңғы сұрыптыларға жатқызылып қойған. Осының барлығы қарапайым азаматтардың санасына сіңіріліп, кімді кім қалай басыну керектігі пісіп-жетілген жағдай еді. Осы бір саяси-әлеуметтік советтік мешеу шыйқан-жараның аузын 1989 жылы тегі кавказдық азаматтардың қазақтарды тұрмыстық-мәдени саладағы әнтек басынуына алып келді. Ақыры кавказдық жастардың әбден басынған қылығына жаңаөзендік жігіттер дүр сілкініп тойтарыс берді.

Бұл жай ғана ереуіл мен ашыныс емес, жаңаөзендіктер саясатты түзетуді талап етіп, кавказдықтарды Жаңаөзеннен көшіріп жіберді. Өйткені, қалыптасқан жағдай соған мәжбүрлеген еді. Оны ары таза казказдық азаматтар да мойындады.

Бұл көтеріліске себептің салдарын сонау 1986 жылғы Алматы көтерілісінен іздеген әділ болады. Өйткені, сол оқиғаға қатысты қазақ халқының дүр сілкінген рухы бұл кезде сап тыйылып, «одақтық саясат» қазақты барлық саймандар мен салаларда басып-жаншып отырған. Қазақтар барлық орындарда қудалауға ұшырап, соңдарына шам алып түскен жағдайларды басқа жұрт өкілдері өз пайдасына тартып, қазақты тағы бір тұқыртудың ұтыры деп ұққан уақыт еді.

Алайда, бұл кезде Горбачевтың «мөлдір» саясаты қылаң еткен дәуір басталған-ды. Міне, сол кезде іштен тынған қазақтардың сыртқа тепкен қуаты осы Жаңаөзеннен көрініс берді.

Желтоқсан оқиғасы аңғырт та стихиялық сипат алып, қазақ ұлт-азаттық күресінің басып-жаншылған тарихи парағын жыртудың басты да бастапқы мазмұны болатын. Ал мынау Жаңаөзен көтерілісі, ұлтқа азаттық алмай жарықтың жоқтығын байқатқан тарихи талас болды.

Осы оқиғаға қатысты сол кездегі Н.Назарбаев бастаған республика басшылығы ұлттың беделдері саналатын Әбіш Кекілбаев пен Әнуар Әлімжановты Маңғыстауға жіберді. Алаштың қос данасы жағдайды дәл

түсініп, оңды бағасын берді. Халық жағында тұрды. Міне осы жайттардың басы-қасында болған Сайын Шапағатов бастаған маңғыстаудың марқасқалары еді!

Осы оқиғадан қалыптасқан жағдайды уыста ұстау мақсатымен, сарапдал саясатшыға тән әбжілдікпен Сайын Шапағатов «Парасат» қоғамын құрып, шиеленіскен тұрмыстық деңгейдегі мәселені парасат майданына алып шықты. Шевченко қаласының қазақы «Ақтау» атауын алуының өзі осы бір рухани саладағы жаңғырудың басы іспетті ұлы жеңістің менмұндалаған жалауындай желбіретіп еді. Бұл ономастикалық өзгеріс Алаштың рухани жаңғыруының жалауы іспетті болатын. Бүгінде қалтырап-дірілдеп бір көшенің атын өзгерту машақат заманда, қылышынан қан тамған советтік дәуірдің өзінде Сайын секілді арда ұлдар ұлттың ұпайын түгендей білетін.

«Парасат» қоғамы – Жаңаөзен оқиғасының саяси пешінде шыныққан болаттай берік ұйым болды. Ол елдік ауқымдағы ұлттық саяси майданның алаңын дайындаған бүкілқазақстандық «Азат» қозғалысының алғышартын іс жүзінде жасады. Жаңаөзен көтерілісінің сәтті бітуі сол кездегі ұнжырғасы түскен қазақ халқының еңсесін көтерді, мерейін үстем етті. Рухын өзгелермен теңестірді. Қазақтың жай ғана тұрғындар тобыры емес ұлт екенін көрсетіп Желтоқсаннан кейінгі 2-рет тарихқа алып шыққан ұлы рухани серпіліс болатын. Ал үшінші көрініс – Тәуелсіздік алардан 90 күн бұрынғы 1991 жылғы Оралда орын алған Қыркүйек оқиғасы еді. Өкініштісі сол, бұларды әлі күнге дейін егемен Қазақстанның тарих ғылымы тани да, мойындай да алмай отыр.

Бүгінде Тарихты жасаушылардың өздері тарихты жазушылар болып отыр. С.Шапғатов туған Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының бұрын «Қараманды» кейін «Тельман» аталған ауылы САЙЫН аталады, оған жергілікті азаткерлер кірісіп шешкен-ді.

Ұлық тұлғалар мен ұлы оқиғалар осылай Тарих дауылынан Алпамыстың алып бейнесі сықылды өздері-ақ алып шығады. Талай рет солай болған, бола бермек. Өйткені, Тарих безбені ешқашан қателеспейді. Ақиқат пен Жалғанның тайталасы әмәнда шынайы Шындық жағында. Ал Шындық уақыт өткен сайын Күн сәулесіне шағылыса түсер рухани алтын құбылыстың шашағы.

Серік Ерғали,

«Азат» қозғалысының ардагері.

Астана қаласы.

2018 жыл. Желтоқсан.