Джеки Чан: Кино түсіруден шаршаған емеспін…

     Қаншама шытырман оқиғалы фильмдерде басты рөлді сомдаса да, кино сюжеттерінде ешкімді де «өлтірмейтін» даңқты Джеки Чан Астанаға ат басын бұрды. Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін «Қазақстан-Қытай кинофестивалінің» құрметті мейманы, өзі актер, режиссер, продюсер, сценарист, монтажер әрі каскадер Джекиді елорда халқы қуанышпен қарсы алды. Елімізде өткелі отырған бірегей шараға келеді деп күтілген әлем жұлдыздарының көшін аңызға айналған Джеки Чанның бастап келуі тегін емес. Тіпті, ол Қазақстанға келуге асық болған деседі. Алғаш рет Қазақ Еліне табан тіреген ол журналистермен өткен баспасөз мәслихатында аз уақыттың ішінде көп нәрсе айтуға талпынды.

-Қазақстанда кино түсіруді әлі күнге армандап келемін. Уақыттың тапшылығы қолды байлап, соның сәті түспей-ақ қойды. Сіздердің маңдайы жарқыраған ұлдарыңыз Димаштың өнеріне тәнті болып, кейін өзімен кездескенімде ойымда жүрген мақсатымды орындаудың да уақыты келгеніне көзім анық жетті,-дейді дүниежүзінің дүлдүлі Джеки Чан.

     Тірі аңызға айналып, әлемді мойындатқан майталман актер болуының басты себебі ретінде Джеки Чан тынбай еңбектенуді, бос нәрсемен айналысудан, мәселен, интернетте отырудан, әркімнің өмірін аңдып отырудан қашуды және өзіңнен әлдеқайда жағдайы төмен жандарға қайырымдылық жасауды атап көрсетті.

-Мен осы деңгейге бір күнде жеткен емеспін. Бәріне өз уақытымен, тәжірибе арқылы қол жеткіздім. Менде бір киноны түсіріп болғасын демалу деген жоқ. Кино түсіру, рөлде ойнау, оның сценариін жазу, ең аяғы музыкасы мен дыбысын тексеріп, монтаж жұмысымен айналысудан ләззат алмасам, шаршаған емеспін,-дейді ол.

      Осылайша өзінің сөзіне ісі сай, нағыз майталман екенін аңғартқан Джеки Чан елорда халқын бір қуантып, көкейде жүрген көп сұрақтың бірсыпырасына жауап та берді.

    Ермұрат НАЗАРҰЛЫ    

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған