Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық

          Бабаларымыз дәуірлеген, салт-санасы дүрілдеген, тілі мен діні тілінбеген, өзара жік-жікке бөлінбеген кезең, өкінішке орай, сағымдай бұлдырап, алыстан көзімізді арбап қояды. Өмір ағынды судай ағып барады. Ұлағатты ұрпақ өсіру — ұлтқа сын! Жаһандануға жұтылып, ізгі қасиеттерді бітіріп, өзге халықтарға есеміз кетіп, ұтылып қалмасақ жарар еді. «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең», — деп айта аламыз ба бүгінде?

       214-193x300Неге қарияларымыз арзандап, пәтуалы сөз айтпай, мылжыңдап кетті? Сөзінің салмағы бар дейтін ақсақалдарымыздың үні неге бәсең? Шерхандай шерлі, Әбіштей абзал ағаларға көрсеткен құрметіміз қаншалықты деңгейде?! Төлендей (Әбдік) төбелі, Амангелдідей (Айталы) айдарлы қариялардың сөзіне құлақ асып жүрген кімің бар? Жақсы қартайып, үйінде жантайып жатқандар да аз емес тізе берсек. Бірақ «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» секілді, қариялық дәрежеге жете алмай, шал болып кім көрінгенді шаужайдан алып жүргендерді кім деп атағанымыз дұрыс?! Жұмыс барысында ел аралап жүріп қариялардың қаусағанын, шал-шауқандардың қызыққа тоймай дүние-боқты «аңсағанын» көріп түңілемін кейде. Ер-азаматтарға жөн сілтер жайым жоқ. Бірақ әдемі қартая білу де Алланың пендесіне берген үлкен сыйы ма деймін.
Аңызға бергісіз әңгімелерге, ақсақал-абыздардың, батагөй қарттардың (жоғары оқу орындарын тамамдамаса да) білімі мен біліктілігіне, қажыры мен қайратына, ақылы мен парасатына бүгінгі жастарды сендіре алармыз ба, тәйірі! Олардың ұлағатты істеріне, адалдықтарына, көпшіл көңілдеріне, кешірімді келбеттеріне, бекзат болмыстарына, ақыл-парасаттарына, қайырымды қалыптарына бүгінгі қоғам зәру болып отыр. Бұл шындық! «Балық басынан шіриді» деп қазекем бекер айтпаса керек. «Патша біреу, оған тіреу» болатын (Шерағаңның сөзі) «оқыған», билік «партасында» мығым отырған, елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын қариялардың да азайып бара жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Ұлттық мұраттарды сөз ететін жерде көзімен жер шұқылап қалатын шалдардан елге, жерге қандай пайда бар? Ұлт тағдыры, жер тағдыры сынға түскенде сенім артқан қарттарымыз бұғып қалады дейтін сындар жиі айтылады. Түбіріне бойлап көрсең, шындықтан бастау алғаны көрініп тұрады. Басқаны қайдам, жастарды қан-жоса қылған Желтоқсан көтерілісі кезінде бірде-бір ақсақал алаңға шығып, жастарға аталы сөз айта алмады. Кешегі Жаңаөзенде оқиға болып жатқанда басу айтар, тоқтам айтар қария табылмағаны жүректі ауыртты. Оралмандар мәселесінде де аяғын аңдып басқан шалдарды шыққыр көзіміз көрді. Мұндай мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады. Ақсақалдық жасқа жетіп, ұрпағына өрелі өсиет қалдырмаса, жастарға тәлімді-тәрбие бере алмаса, күні үшін қалбалақтап тіршілік кешсе, ондай «Сақал, шашын күнге ағартқан қарттарды» (Мұхтар Шахановтың сөзі) кімге үлгі етпекпіз?
Әріге бармай-ақ, «бабалардың баласы» деп Мұқағали ақын жырлаған қылышынан қан тамған кеңестік кезеңдегі қарияларды көзіміз көрді. Еңкіш тартып, жүздері жарқырап, ақ сақалдары омырауын жауып, ертелі-кеш бір үйлі жанның емес, дүйім бір ауылдың қамын жеп жүретін еді-ау, жарықтықтар. Бейнеттен бе (жоқ әлде салиқалы ойдың берген жемісі ме), бізге егде көрінетін қариялардың жас шамалары сол уақыттары елу-алпыстың о жақ, бұ жағында екен-ау! Жүздерінен иман төгіліп, тілдерінен дүниелік емес, тағылымға толы ғибратты, шежірелі әңгімелер құйылып құлақ құрышын қандырып сөйлегенде балға үймелеген арадай бала-шаға төңіректеп шықпаушы еді сол маңнан. Міне, тәрбиенің тал бесігі!

«Ауылыңда қарт болса,
жазып қойған хатпен тең»

      89Әлі есімде (Мен туған ауыл Жамбыл облысы, Биназар ауылында), Еркебұлан Айдымбай, Сағымбек, Қаймақ, Жыңғылбай, Жұмабай, Нақыпбек, Қыдырбай, Қалыбай т.б. ауыздары дуалы, көкіректері кенге толы көптеген аталар тіршілік кешті. Сый-құрметтің арқасы ғой, оларды әкем Мешітбай (ауыл басқармасы) жылына 2 рет үйге арнайы шақыратын. Елуінші жылдардың орта шені еді бұл. Елде ішер ас тапшы. Жұпыны ғана тіршілік. Бірақ қазақтың жарқын пейілі тарылып көрген бе тегінде. Анамыз сары майдай сақтағанын шығарып: «Қонақтар келеді, аталар келеді, сол кісілер жейді», — деп дайындала бастайтын. «Аталарың келеді» деген сөз біз үшін үлкен той болатын. Біріншіден, аталарға шашылған тәттіден бізге де бұйыратыны сөзсіз. Екіншіден, есіктен, бұрыштан сығалап, әңгімесін тыңдау бір ғанибет… Оны айтасыз, қолдарына су құйып, галошын қоюға таласамыз өңкей бала-шаға. Ол кісілер намаз оқиды. Жайнамазды апарып беру де біз үшін үлкен дәреже. «Жайнамазды қолыңды үш рет жумай ұстама». Бұл — бала көңілде жатталып қалған тәртіптің бірі (Ол кезде намазды тығылып оқитынын кейін білдік қой). Анамыз: «Мынау намаз оқитын таза бөлме, оған таза кіру керек», — деп отыратын. Жаңағы аталар жан-жақтағы ауылдардан келеді. Ас үстінде ел ынтымағы, ата-баба тарихы сөз болады. Кейде кезектен тыс жиналады. Соғыстан кейінгі қиын шақ. Бірақ тіршілік үшін күрес толассыз жүріп жатады. «Бәленшенің жалғыз баласы қыз алып қашып келіпті», «Түгеншенің баласының мойнына мал мініпті», «Бәленше қатты сырқаттаныпты, қарайтын адамы жоқ» десе де, бірге қуанып, бірге қайғырған ел көз алдымда. Сондағы бар мәселені ауыл ақсақалдары дабыра қылмай-ақ өздері шешіп жататын. «Дауға берсе де, жауға бермеген» қайран даналарым-ай!
Әлі есімде, репрессияның зардабын тартқан бірнеше ұлт өкілі ауылымызға көшіп келген-тін. Әкем солардың ақсақалдарын үйге шақырып, ауыл ақсақалдарын таныстырып, мәре-сәре отырыс жасағаны бар. Қазір ойлап отырсам, бүгінгі ассамблеяның түп негізін біздің қарияларымыз о баста қалап кеткен екен-ау! Ел іші болған соң, бұзақылық болмай тұра ма? Әлгі құрылған “Ассамблеяның” күшімен, ауызбіршіліктің мықтылығымен, өздерінің жазылмаған заңымен түрлі шиеленістер, ұрыс-керістер, дау-жанжалдар у-шусыз әділ шешімін тауып жататын. Құшағы кең, пейілі даладай дархан бабалардан қалған мұраны сағына еске аламын бүгінде. «Өле жегенше, бөле же» деген қағиданы қатаң ұстанған қариялар өзге ұлт өкілдерінің тойына барып, рәсімдерімен танысып, қуанышына ортақтасып, береке-бірліктің туын жықпай өтіп еді…
60-жылдары мен келін болып түскен ауылда «обком ата» (оштай) үйі болды. Сол кездегі аталардың түр-түсі де бөлекше болатын, имандары төгіліп тұратын жарықтықтардың. «Ата обком болған ба?» — деп сұраймын ғой баяғы. Сөйтсем, бір ауылдың қара қылды қақ жаратын қариясы, кім-кімге де сөзі өтетін данасы екен ғой. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегенге сол жолы көзім жеткен. Өмірінде биліктен ештеме дәметпеген, орден-медаль да тақпаған. Шіркін-ай, жоғары білімдері болмаса да, зиялы, білімді, мейірімді, мәдениетті, иманды ақсақалдар санатынан еді ол атаның замандастары. Қазір сағынамын, бүгінгі шалдармен салыстырып әлек боламын, себеп-салдарын іздеймін… Олардың сол кездегі жасына, жолына қарап сыйласатындарына қайран қаламын. Олар соншалықты ауыртпалық кезеңде тіршілік кешсе де, елдің ынтымағы мен бірлігін, салт-дәстүрін сақтады. Қазақтың кең даласының барлық пұшпағында осындай ақсақалдар болды… Олар ата-баба дәстүрін жалғастырған данышпандар легі еді. Ауыр болса да айтайын, қазіргі ақсақалдардың көбі Кеңес одағының «шекпенінен» шыққан, ұлтсыздық тәрбиесімен саналары әбден уланған, құдайсыздық бәйтерегінің 70 жылда берген жемісі! Әйтпесе, бір үзім нанды бөліп жеген, асарлатып үй-жай салған, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, тентегін тізгіндеп, шайпауын ауыздықтаған сол кездегі ауылдан сыртқа жаманаттың желі есетін бе еді? Жоқ, еспейтін. Өйткені дуалы ауыз қарияның әр сөзі заң болатын. Бірге өскен замандастары да сөзге төрелік беретін. Бірін-бірі қуаттап, дем беріп отыратын. Бүгінгідей «бас-басына би болып» айтыспайтын. Тартыспайтын. Әлгі көсем қарияның айтқаны бұлжымай орындалатын. Көпті ауызға қарату (оның ішінде есері де, естісі де бар) оңай шаруа емесі айтпаса да белгілі. (Жақсы мен жаман әлімсақтан жағаласып келеді емес пе қу тірлікте!) Иә, қай кезде де иманы кәміл жанға ғана елге төрелік айтқан жарасар. Көпке сөзі өтетін әлгіндей қариялар барлық жағынан да құрметтеуге лайық болатын. Бес уақыт намазы, берекелі шаңырағы, тәрбиелі ұрпағы, салиқалы бәйбішесімен жарасым тауып отырғанының өзі бір тағылым еді-ау олардың. Иә, бұл өткен күндерден естелік қана. Көзге жас үйіріп, сағына беретінім сондықтан. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қазыналы қариялардың тезінен өткен, көзін көрген, тәлімін алған бүгінгі шашын бояған, қырма сақал «шалдардың» қылығына күйінетіндер көбейіп барады. Ауылдағы «ерке» шалмен, қаладағы «тентек» шалдың аражігін ажырату мүмкін болмай тұр. Билікте жүрген кей шалдардың да қылығы күйінтеді. Есімнен сірә кетпейді, Елбасының бұйрығымен жылы орнын суытқан бір шалдың көзі жасаурап телеэкранның алдында тұрғаны. Оператор кездейсоқ «ұстап» алды ма, әлде расымен қадалып түсірді ме, ол жағы беймәлім. Асарын асап, жасарын жасап, биліктің біраз орынтағын тоздырған әлгі шенеунік, жылауық шалдың боркемік боп езілуіне түсінсем бұйырмасын. «Ат тұяғын тай басатынын» ескермеген осындай шалдарға күніміз қарап отырғаны шындық. «Жетпіс жыл Кеңестің қамытына жегілген байғұстарды да түсінуге болады», — деп, оларды ақтаушылар да табылар. Бірақ төрінен көрі жақын бейбақтардың ұрпақ үшін, ұлты үшін сабырға келіп, тәубасын айтып, сәждеге басын қойып, елінің, ауылының амандығы үшін жақсы істерге ұйытқы болуына ешбір кедергіні көрмей тұрмын өз басым. Жастық пен қарттыққа тән жарасымдылық бұзылған жерде олардан игі істер күту — ақымақтық! «Орнында бар оңалар» дейді дана қазақ. Бар үмітіміз кемсіту көрмей, рухы жаншылмай өсіп келе жатқан ұрпақтың жолында. Оған да тәуба дейік.

«Ет сасыса, тұз себерсің, тұз сасыса,
не себерсің?»

     Қарап тұрсаңыз, зәулім-зәулім мешіттерге Алладан дұға тілеп, бұйрығына бой ұсынып барып жатқандардың дені жастар. Оны айтасыз, ауылды жерлердегі мешіттерге баратын шалдар жоққа тән. Қолы бос, зейнет жасындағы кісіге бес парызды өтеу қиын ба, тәйірі!? Алладан қорқатын, ақыретте жақсылықтан үміті бар адамның ісі ме бұл? Азан шақырылып жатқанда дүниелік әңгімені жапырып, картасын сапырып, шарабын ішіп, ақырып отыратын кімдер? Елбасына дейін арыздарын жазып (ел, ұрпақ қамы, ынтымақ, бірлігі емес, өсек-аяң…) отыратын, өкінішке орай, тағы да шалдар. Осындай ақсақал жасындағы адамдардың ұл-қыздарына имани әңгіме айта алмауынан, салиқалы сұхбат бермеуінен қаншама жастарымыз отқа түсіп, қаншама қыздарымыз шоққа күйіп жүр. Тым болмаса осыны ойласа қайтеді. Жүректе иманы, аузында пәтуалы сөзі жоқ, жеке басының қамын күйттеп, жүрген жерлерінің «шаңын» шығарып кететін шалдардың «еркелігіне» тоқтам болмай тұрғаны қынжылтады. «Ет сасыса, тұз себерсің, тұз сасыса, не себерсің?» деген осы-ау. Мәңгілік өмір сүретіндей масайрап, ауылының берекесін қашырып, боқ дүниеге таласып сайран салып жүрген шал-шауқанды «қария» деп айтуға ауыз бара ма? Бүкіл Қазақия куә болған молдасымақ шалдардың арасындағы айқай-шу, оны келекелеп өлеңге айналдырған жарымжан шалмен ұстасқан қылықтары жан шошырлық көрініс емес пе? Мұны көрген бала-шағаға қалай өкпе арта аламыз?
Баласындай қызға емініп, әкім-қара көрсе жарамсақтана жүгіріп жүрген кей шалдардан не үміт, не қайыр? Қазақы түсініктегі біз білетін қарияның сиқы осындай ма еді, апыр-ай! Жақсы қартайған қарияларды түртпектеп, кекетіп, мазақ етіп, сөзге жеңістік бермей лепіріп, күншілдіктің арғымағына мініп алған кей шалдар, оларды «отырса опақ, тұрса сопақ» етіп, ел-жұртқа күлкі болып жүргенін өздері сезбейді. Ел мен жерді аралап жүріп бұған көзіміз әбден жетті. «Араздасып ағайын кетер еді, Бір қария болмаса бір ауылда» деген Мұқағалидың айтқаны айнымай келіп жатыр. Араздасқан ағайынды татуластырар ақсақалдардың кейбірінің жүрісі мынау. Қарап тұрсақ, әр жүз, әр ру өз аталарын «жарыстырып», шашылып ас беруде жомарт атанып, бабаларына, батырларына мешіт салып, топтан озуда. Бірақ артының не болып жатқаны баршаға мәлім.
Жолың түсіп той-томалақ, ас-жиынға бара қалсаң, сөз алған ақсақалдарымыз ғибратты, үлгілі сөз айтудың орнына, «мен бастық болғанда» деп басталатын «дастандарын» соғады келіп. Той қалады жайына. Екі сағат өзін дәріптейді, ал күні түсіп тұрған әкім қараның тойы болса, онда жүз сексен градусқа жалт бұрылып, басшының түп-тұқиянын термелеп кетеді. Тойға жиналғандар аузынан дуа қашқан шалдың жаттанды сөзінен жеріп отырады. «Бата» берген шалдарды тойда баласы тәлтіректетіп жетектеп… Осы да қарттыққа жата ма, ағайын?!
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Ел іші болғасын аузы дуалы, жақсы қартайған қариялар жоқ емес, бар. «Әттең, тонның келтесі-ай!» дегізетіні: олар тым аз. Қазақ секілді дана халықтың даралығына күйе жағатындармен күресіп келе жатқан ақсақалдық, абыздық жастағы Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Совет-хан Ғаббасов, Амангелді Айталы т.б. көптеген ағаларымыздың орны бөлек мен үшін. Еліміздің түкпір- түкпірінде және ауыл-аймағына сүйкімді, сыйлы қарттар жоқ деп кім айта алар? Батыстың ақсақалдары бір төбе. Өткенде ғана Маңғыстау облысына Наурыз мерекесі қарсаңында «Көрісуге» барғанымызда ынтымағы жарасқан, бірлігі көкпен таласқан, тілектері көл-көсір дария небір қарияларды көрдік. Тіпті өз үстеріндегі шапанын алыстан келген ағайындарына шешіп беріп жатты. СҚО оралмандарға арнайы салынған Бәйтерек ауылындағы Сүлеймен ағаның ақсақалдық тұлғасы қандай керемет! Өзіне магниттей тартатын шешендігі, мырзалығы, елге деген қамқорлығына жұрты риза. Оңтүстік пен Шығыстағы ақсақалдар қатары да көңіл қуанышы. Осындай ел-жұртқа танымал, халқына сыйлы қарттарды дәріптеп, билік басындағылар, Ардагерлер кеңесі бастарын қосып, ақыл-кеңестеріне құлақ қойып отырса, қандай жарасымды болар еді.

Қарияның сөзі биліктің «көзіріне» айналар
күн туар ма?

        Қарттық туралы менің өз ұсынысым, өз пайымым бар. Соны ортаға салмақпын. Көші-қон — қазақ үшін қазіргі ең басты мұрат. Қазақтың бірігуін қариялар қолға алып, аттандап көштің алдында жүрсе, қандай жарасымды! Басқа да кезегін күтіп тұрған шетін мәселелер аз ба қазақ қоғамында? Соның басы мен аяғында жауар бұлттай түнерген, найзағайдай «күркіреген» ардагер ақсақалдар қалқан болып тұрса, шіркін! Жалған мадаққа елітіп, ақсақал деген атына сай емес қылыққа барып, сый-сияпатқа «құл» болғанша, жеке басының проблемасын езіп, руының қамын жеп «пұл» болғанша, үйде тып-тыныш жатқан мың есе жақсы жас өскін ұрпақ үшін. Жылына 40 мыңға жуық әкесіз, некесіз туылған бала саны артуда. Соның 90 пайызы өзіміздің қаракөздеріміз. Шетелге қанша жетімдер сатылып кетті. Сатылуға дайын тұрғандары қанша екенін ешкім білмейді. Қаншама қыздарымыз ақша үшін шетелдік жігіттерге, бай шалдарға тиіп кетіп жатыр, осыны неге көтермейді бүгінгі Ардагерлер кеңесі? Бірақ құрамында кімдер жүргені көпшілікке беймәлім. Шын халықтың қамын ойлайтындар кеңестің мүшесі ме, жоқ әлде «арсыз болмай, атақ жоқ» деп төске өрлеп жүргендер орнығып алды ма? Егер шынымен Ардагерлер кеңесі халыққа жанашыр болса, Үкіметке сөзін өткізе алса, шешімі қиын мәселелерде неге дауыстары шықпайды? Тіпті осы уақытқа дейін ел халқына басу айтар қандай да бір игі істерге мұрындық болды? Алысқа бармай-ақ қояйын, қадірі қашқан, дақпырты алты қырдан асқан, ауыл-үйдің берекесін алған керауыз шалдарға тоқтам айта алмаса, Ақсақалдар кеңесінің қажеті қанша?
Президенттің өзі мемлекеттің болашағы жастардың қолында деп бірнеше рет айтты. Онда жастарға үлгі көрсететін, жақсы мен жаманнан жирендіретін ақсақалдарымыз не жасап жүр? «Осылай да осылай, болашаққа алаңдаулымыз, жастарымыз құрдымға кетіп барады» деп, тым болмаса жұқалап Елбасыға жеткізсе, ақсақалдық пікірлерін айтса, Елбасы қуана қолдары сөзсіз. Жиналып алып бірін-бірі мақтау, мадақтау кімге абырой әпермек?.. Ардагерлер төрағасы тым болмаса бір рет осындай мәселе көтеріп, ел алдына шығып көрді ме? Демек, босқа көлгірсімей-ақ қоялық, дардай аты бар ардагерлер кеңесінің билікке сөзі өтпейді. Билікке сөзі өтпегесін, халыққа қадірі жоқ. Әдемі сөйлеп, шешендік таныту — ақсақалдық көрсеткіш емес. Ақсақалдық деген — сөз бен істің үйлесімділігі.
Парламентте де «ақсақалдар» отыр. Халық олардан қарияға тән батагөй тілек, ақсақалдық сөз күтеді. Жастарға үлгі көрсетіп, кей заң жобаларының ұлттық мүддеге қиыс келетіндерін «түзетіп» жіберуге олардың абыройы мен «ақ сақалдары» да жетеді. Кейде ауыл-үйдің арасынан алысқа шықпаған шал-шауқан құсап күмілжіп, жылы сөзге алданып, үнсіз қалатындары бар. «Заманына қарай адамы» депті халық даналығы. Сол рас-ау. Сақалы жоқ қарияларды көруді Алла маңдайымызға жазыпты. Сақал бір кездері кемеңгерліктің, даналықтың белгісіндей көрінетін. Соңғы уақыттары мені қазіргі ақсақалдардың жастарға көрсетер өнегесі, айтар ақылы қандай болмақ деген ой жиі мазалайды. Жастар өздерін озық ойлымыз деп есептеуі қаншалықты заңдылық? Ғаламтор арқылы алынатын ақпараттары ұлттың мәйегін сіңірген қариялардың даналығының орнын толтыра ала ма? Әй, қайдам?!

                                                                                            Түйін

Ақсақал адам артына ұрпағыма не қалдырып барамын деп қараса керек-ті. Ұрпағымның келешегі қалай болады деп қамықса керек-ті. Менің айтқым келгені ақсақалдар кеңесі қашан ел ішіндегі күйіп тұрған мәселелерді көтереді? Атынан ат үркетін Ардагерлер кеңесі ауыл ақсақалдарымен бірігіп, қашан халықтың сөзін сөйлейді? Ағыстай арындаған жастарды бір арнаға түсіру кезек күттірмейтін өзекті проблема болып тұр. Ел ақсақалдары осыны көтерсе, үлкенді сыйлаған халық емеспіз бе, билік те қолдап, санасар еді олармен. Әйтпесе аты бар да, заты жоқ, үні шықпайтын Ардагерлер кеңесінің қажеті қанша?! Егер ақсақал ардагерлеріміз мықты болса, Үкіметтің кейбір келеңсіздіктеріне сын айтып, билікпен халықтың арасында алтын көпір болар еді… Бұл менің азамат ардагерлерді сақалынан алғаным емес, ер-азамат қой деп қайрағаным… Мен анамын, әжемін, қыз сыйлаған қазақтың баласы менің жан айқайымды дұрыс түсінеді деп ойлаймын.
Алланың қалауымен көш қайта жандана бастады. Алла қаласа, сол көшті ынтымақпен, бірлікпен ұйымдастыра білу — қарттарға сын. Оларға ауызбіршілік ауадай қажет бұл жерде. Жасыратыны жоқ, қазіргі халықаралық жағдай мәз емес… Елбасының кемеңгерлігіне көзіміз жетті… «Ақ қазақ», «қара қазақ», «шала қазақ» деп алаламай, кедей, бай деп бөлшектемей, ескі қазақ, жаңа қазақ деп тарамдамай, бірігетін уақыт жетті бізге. Бөлінгенді «бөрі» ғана емес, анталаған көршілеріміз де «жеп» қойғысы келіп, сілекейі шұбырып отыр.
Елбасының ел астанасын Ақмолаға ауыстырған тарихи ерлігін ерекше атап өткен жөн. Бұл алғашқы қатерден аман алып қалуы еді. Бірақ мәңгілік мәселе әлі шешілген жоқ! Ол – шеттегі қазақтардың ата мекендеріне қайта оралуы! Соңғы санақ көрсеткендей, қазір қазақтардың үлесі Солтүстік облыстарда орта есеппен 41 пайыз ғана. Бүгінгі Қырымдағы жағдаймен өлшесек, солтүстік облыстар “Мен Ресейдікімін” деп айғайлап тұрғанын көру онша қиындық туғыза қоймас. Бізге тек өз аяғымен келгелі отырған, Қазақстанға зәредей ауыртпалық салмайтын шеттегі қазақтардың жолын ашу, жеңілдетілген тәртіппен тездетіп азаматтық беру, «қатерлі аймақ» – Солтүстікті халыққа толтыру — басты мұрат! Ақсақалдардың айбары мен айбынды ұраны осындайда естілсе, қанекей?! Сөз соңында айтарым, халқына қамқор, Елбасына тірек болатындай, ұрпаққа сыйлы, қадірі қашпаған ақсақалдар саны артса екен.

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

16 thoughts on “Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық

  • 17.03.2016 at 10:52 +06
    Permalink

    (Сәуле Мешітбайқызы АНАМЫЗ — дың «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» атты мақаласына қатысты ой пікірім). Бұл мақаланы толықтай оқыған соң еріксіз қолыма қалам алдым. «Ой ойдан шығады — ойламаса қайдан шығады?» деген халық мақалы бар. Соның бір дәлелі, жоғарыдағы Сәуле Мешітбайқызы АНАМЫЗ-дың аналық жүрегімен күйзеле отырып, күйіне жазған «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» атты осы мақаласы соның айғағы. Тек бұл ғана емес, мұнан басқа да көптеген көкейкесті өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға бір кісідей-ақ ат салысып жүрген АНАМЫЗ-дың арқалаған жүгі, бүгінгі (ел аманатын) арқалаған жоғарғы биліктегі азаматтарымыздан бір де кем емес десек, ол да артық айтқандық болмас еді, әрі бұл сөзіме оқырман қауым да келіседі деп сенемін. Олай дейтінім, «Ердің құны екі ауыз сөз» деп, бұрынғы даналарымыз бекер айтпаған. Кешегі Жаңаөзен оқиғасында да, ерлеріміздің қолынан келмегенді келтіріп, ерлеріміз айта алмағанды айтып, дүрліккен елді жөнге салғандардың бірі де осы Сәуле Мешітпайқызы АНАМЫЗ болатынды. Шетте жүрген 5 миллион қандастарымыздың тағдыры үшін де Елбасына ДАТ-ын айтып, кері қайтқан ұлы көштің басын бері бұрған да осы АНАМЫЗ екенін баршамыз білеміз. Әңгімемнің арқауындағы бұрынғы ұлылардың, даналардың, бүгінгі білгірлердің сөзін өзімдікі еткім келмейді. Сол үшін де келтірген (кейбір) дәлелдерімнің авторлары болса маған іренжи қоймас! Сәуле АНАМЫЗ әуелгі: — Өмір ағынды судай ағып барады. Ұлағатты ұрпақ өсіру — ұлтқа сын! Жаһандануға жұтылып, ізгі қасиеттерді бітіріп, өзге халықтарға есеміз кетіп, ұтылып қалмасақ жарар еді — деген сауалды ортаға тастапты. Әрине, ұлағатты ұрпақ өсіру баршамыздың басты парызымыз. Дей тұра, бүгінгі біздің қоғамымызда бұрын соңды болмаған, (болса да тым сирек кездесетін) біздің ұлттық болмысымыз бен ұлттық тәлім-тәрбиемізге жат өрескелдіктердің бүгінде қоғамды жаулап алғандығын мойындауымыз керек. Ұлттық болмыс пен ұлттық тәрбие бір-бірімен тығыз байланысты. Ұлттық болмыс жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қазіргі ұрпақ бізден алған тәлім-тәрбиені өзінен кейінгілерге жеткізуші алтын көпір деуге болады. Қандай да бір халықтың өсіп-өркендеуі артына үрім-бұтағын жалғастырар ұрпақ қалдыруына байланысты. Сонымен қатар, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен қоғамдық орта да тәлім-тәрбиеге едәуір ықпалын тигізеді. Мәселен, жанұядағы отағасы бүкіл отбасы мүшелеріне, ал ұлттың бетке ұстар игі жақсылары тұтас қоғам мен халыққа үлгі болып, ықпал етеді. Ал, еліміздің, ұлтымыздың өркендеп дамуы да тікелей өзімізге байланысты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ, дамып өркендеуіміз мүмкін емес. Сол үшін де бүгінгі қоғамымыздағы осы тектес халықтың құнды ой пікіріне «жанайқайына» құлақ асып, оны елеусіз, аяқсыз қалдырмауымыз керек! «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең», — деп айта аламыз ба бүгінде?- деген сауалына ойысып көрелік. Адамды атап шақырудың дүниежүзі халықтарында әралуан түрлері бар. Біздің қазақтар адамдарды жас ерекшеліктеріне, туыстық қатынастарына қарай және де қоғамдағы қызметі мен діни атағына қарай атап шақырған. Танымайтын ер адамдар бірін-бірі ақсақал, ата, әже, көке, апа, аға, жеңгей, қарындас, балақай деп те шақыра береді. Ал қоғамдағы орнына қарай батыр, қажы, биеке, байеке, молдеке, т.б. деп атап жатады. Солай атау халықтың өзіндік дүниетанымын, елдің елдігін, бір билікке бағынған құрылымы бар екенін аңғартады. Міне, осы атаулардың өзі бізді басқа халықтардан даралап, ұлттық болмысымызды ерекшелеп тұрады. Енді осы атаулардың ішінен біз жоғарыдағы «Қарияларымыз» бен «Ақсақалдарымыз» жайлы сөз қозғап көрелік. Біз қазір кімдерді «ақсақал» деп атап жүр¬міз? Жуырда ғана жа¬рық көрген «Қа¬зақ әдеби тілінің сөздігінде»: «Ақсақал — жасы үлкен, құрметті ер адам, қа¬рия» деп жазылған. Сондай-ақ, сөздікте бұл сөздің ауыспалы мағынасына да түсінік берілген. «Ақсақал — тәжіри¬бесі мол адам, өз ісінің шебері» делін¬ген. Осыған қарағанда бәлендей нақты жауап та жоқ сияқты. Ал, байырғы қазақы ұғымға, яғни дала қазағының тұрмыс тіршілігіндегі ғасырлардан қалыптасқан үрдістерге сүйенер болсақ, онда (қарапайым қазақы көзқараспен) «Қария» мен «Ақсақал» -ды ажырату онша қиынға да түспейді. Мысалы, біздің қазақта: «аттан түскен» немесе «ол Ақсақал аттан түскелі қашан?» деп жатады. Міне, бұл Ақсақалдардың ел ісіне жарамсыз болып шау тартқан шағын, яғни «Қария» болғандығын білдірсе керек. Ал, жалпы алғанда қырықтан асып ел ісіне белсенді араласатын елағаларын «Ақсақал» десек, оның қателігі де, ерсілік әбестігі де жоқ сияқты, Ұлы Абай атамыздың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңінің өзі, сол Абай атамыздың не бары қырық бір жасында жазылған екен. Міне, енді мәселеге осы тұрғыдан қарар болсақ, бүгінгі таңдағы ел басқару тетіктеріндегі осы жастағы барша азаматтарымызды біз «Ақсақал» деуімізге де болар. Бұл бір жағынан, (байырғы қазақ қауымында ел тағ¬дырын шешуге белсенді түрде атсалыс¬қан қарттар¬ мен рубасыларын «ақсақал») деп атап келген үрдіспен де үндеседі. Олай болса біздің қазақ халқы қазіргі таңда да «Ақсақалдар» — ға зәру деп айта алмаймыз. Керісінше, сол Ақсақалдарымыздың қадірін білмейміз, қадірлей алмаймыз десек, шындыққа бір табан жақын болар еді. Бүгінгі қоғамымыздағы осы тектес сүреңсіз қателік кемшіліктерге жүрегі сыздап, жаны ауыратын, өз қара басының мүддесін емес, елінің болашағын, мұратын ойлайтын қаншама «Ақсақалдарымыз» да баршылық. Әттеген-айы, тек бастаған істерінде табандылық көрсете алмай жүргендігі демесек. Алайда, оларды да кінәлау қиын! Біз әрбір іске тым жүрдім-бардым қарап дағдыланған халықпыз. Сол жүрдім-бардым, салақтығымыз бен салғырттығымыз бізді бүгін болмаса да, күні ертең-ақ теңіз тұңғиығына батырары сөзсіз. Олай дейтінім, осындай белсенді адамдардың жігер күшін құртатын да осы «немқұрайлылық». Айталық, ешкім сөзіңе құлақ аспаса, шырылдап жүгірген ісіңнен нәтиже шықпаса, тіпті соны елеп жатқан адам да болмаса, ол адам ары қарай қайда бармақ?! Бастаған ісінен қалай нәтиже шығармақ?! Осы жағдайды түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін, тіпті түсінсе де жүрдім-бардым қарайтын, яки немқұрайлылық танытатын, (кей бір) ел басқарып отырған азаматтарымыздан бастап, сол «жанайқайларға» тиесілі жауап беретін министірліктер мен мекеме органдардың басшыларының жауапсыздығы, осындай белсенділеріміздің жігерін моқап, жермен жексен етеді. Міне, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тумақ?» дегендей, осыдан кейін қоғамымызда қандай «Ақсақалдар» мен «Белсенділер» болмақ! Кезінде Төле би бабамыз: — «Бір үйдің баласы болма, Көп үйдің санасы бол! Бір елдің атасы болма, Бар елдің данасы бол!», -дегені бар. Бұл бүгінгі үлкен кіші баршамызға бағытталған өсиеті екендігін біліп, қоғамның әрбір мүшесі өзінің орнын, жауапгершілігін сезінуді басты міндетім, әрі парызым деп ойлауы керек! Сонда ғана біздің кемшіліктеріміз жойылып, кем кетіктеріміз түгенделмек!!! Сондай-ақ, Сәуле АНАМЫЗ-дың: «Ет сасыса, тұз себерсің, тұз сасыса, не себерсің?» деуі де өте орынды айтылған сөз. Қазіргі таңда ар-ұят, намыс, серт деген өмірлік құндылықтар арзандап барады. Жас ұрпақ адалдықты, сыйластықты, мейірімді болуды, бір-бірлеріне көмектесуді отбасынан үйренеді. Отбасының берекесі имандылықтан бастау алатындықтан, біз болашағы жарқын мемлекет құру үшін, әуелгі отбасындағы ахуалға басты назар аударуымыз қажет. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына көп көңіл бөлінген. Имандылық, адамның қоғамдағы және күнделікті өміріндегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші күш. әрі адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік, қадір- қасиет белгісі. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп жататындығымыз сондықтан болса керек. Мұсылмандық дүниетаным бойынша Имандылық иманнан пайда болса, иман — жүректегі нұр. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті ол — адамзатты иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім»,- деуі соның дәлелі. Сондай-ақ, Ақыт қажы Үлімжіұлы бабамыздың: «Намаз оқып, бой күтіп, Өз дініңді асылда. Сөз сөйлесең жуандап, Қонақ келсе қуаңдап, Берекеңді қашырма. Ашылса шашың бұрқырап, Періште тұрмас қасыңда,» деуі де соның бір айғағы. Біздің өзіміз де, ұрпақтарымыз да осындай ғибараты мол әңгімелерді көптеп оқып, оның тәлімдік тағылымын санамызға сіңіріп, күнделікті өмір тіршілігіміздің бағдарына арқау ете білсек, қандай жақсы болар еді деген ой ғой. Біздің діни сауатымыздың аздығы айып емес, тек білмегенімізді білуге, үйренбегенімізді үйренуге деген құштарлығымыздың, құлшынысымыздың жоқтығы басты айыбымыз болып отыр деп ойлаймын. Сол үшін де оқып білім алудан, көріп тәлім алудан әсіресе жастарымыз жалықпаса екен дегім келеді. Ал, АНАМЫЗ-дың осы тақырыптағы тағы бір шетін мәселесі ол — ел ішіндегі Ақсақалдарымыздың кейбір келеңсіз әрекеттері мен қылықтары! Бұл да орынды айтылған шындық. Шынымен де адамдардың жақсы қартаюының өзі, тек өз отбасына ғана емес, көрші қолаңынан бастап, ауыл аймағының жастарына үлгі өнеге көрсетерлік бірден бір көрсеткіші! -деуге болар еді. Меніңше, дұрыс қартаюдың онша қиындығы да жоқ сияқты. АНАМЫЗ-дың бұл тұрғыдағы тұжырымдамасына қосып айтарым:
    Қонақпыз ғой, бұл өмірге келіп кетер,
    Бұл пәниден көргеніңнің бәрі бекер,
    Өзің өлсең артыңда мұраң қалсын,
    Ұрпағың мен болашаққа беріп кетер.
    Ақыл-ой, парасатпен жігер қайрат,
    Қанағат болса, бойыңызда бәрі жетер,
    Жиған дәулет, қол жеткізген билігің де,
    Түкке тұрмас, қолдың кірі жусаң кетер!
    Осы сөзімнің парқын түсінгендер алдағы уақытта ойлана жатар деген үміттемін.
    Қарияның сөзі биліктің «көзіріне» айналар күн туар ма?
    Міне, бұл да қазіргі қоғамымыздағы тағы бір күрделі мәселе! Д, Қонаев атамыздың естеліктерінің бірінде: «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтіп ашар есігімді қатты жаппадым. түптің түбінде оралар ортам- ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де — қара жер, қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім»- дегені бар. Осыған зер салсақ, «Ұлық бол, ұлық болсаң кішік бол», немесе «Әкім бол, әкім болсаң халқыңа жақын бол» дегендей, қаншалықты биліктің биігіне көтерілсең де, халқыңнан биік емессің!, өзіңді қадірлеп билікке сайлап биікке көтерген, сол халқыңның қадірін біл! — деп тұрған жоқ па? Билік десе біз тек «жоғарғы жаққа» көз тігіп үйреніп қалған халықпыз. Әрбір ауылдың әрбір «Қариясы» да, «Ақсақалы» да, тіпті әр отбасының «Отағасы» да білген адамға билік! Олай болатыны, қоғамның өзі осылардан құралатындығында. Әркім өзіне, әрбір отағасы өз отбасына, ал әрбір Ақсақалдарымыз ауыл аймағына иелік етіп, үлгі өнегелігін көрсетіп отыратын болса, онда шешілмейтіндей қандай мәселе болмақ! «Елге бай құт емес — би құт» деген қазақтың сөзі бар. Еңселі ел болудың талай-талай жолдарын бұрынғы данагөй бабаларымыз бен билеріміз өсиеттеп айтып та кеткен. Солардың бірі «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би». Әйгілі Шыңғысханның оң қолы, ел басқару ісіндегі ақылшысы болған сол Майқы би бабамыз кезінде халық бірлігін бәрінен де жоғары қойғаны тарихтан мәлім: Бүгінде екінің бірі айтатын «Бірліксіз тірлік жоқ» деген сөз де, кезінде осы Майқы би бабамыздың ауызынан шыққан сөз екендігін, бүгінде біреулер білсе де, біреулер білмес. Сол Майқы би бабамыз: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді» деп өсиет қалдырғаны бар. Осының бәрі де біздің елдігімізді сақтап «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып дегендей, ынтымақ берекешіл болуымызды тілеген бұрынғы дана бабаларымыздың тілектері, һам өсиеттері. Біз сол бабаларымыздың өсиет аманаттарын орындауға міндеттіміз, әрі олай ету әрбір азаматтың азаматтық парызы болмақ. Біз ыдырап бөлініп емес, ынтымақтасып бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі таңдағы қала, обылыс, аудандардағы «Ардагерлер кеңесін» басқарып отырған ағаларымыздың нәтижелі жұмыс жасауы, еліміздің тұрақтылығына, тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне, сондай-ақ, әсіресе бүгінгі таңдағы қоғамымыздағы осы тектес күрделі мәселердің шешімін табуына ауадай қажет! Міне, құрметті оқырман қауым, Сәуле Мешітбайқызы АНАМЫЗ-дың мақаласынан кейінгі көкейімде түйген ойларымды сіздермен бөлісіп отырмын. Оқыңыздар! Ойланыңыздар! Ой түйіңіздер! Ой пікірлеріңізді ортаға салып оқырманмен бөлісіңіздер!
    БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ.
    ҚР Журналистер одағының мүшесі.

    Reply
  • 26.03.2016 at 5:51 +06
    Permalink

    Ел аралап жүрген бір журналист қызым: “Ел-жұртының жағдайын, тарихын білетін сөзі дұрыс, сара пікірлі қария кездестіре алмадым” деп күйінгені әлі есімде. Сақалы болмаса санасы жоқ кәрілер қаптап кеткені рас. Тіпті кейбірі өзінің “Мен сексеннен астым, тоқсанға келдім!” деп кердиетінін қайтесің. Ондайларға “Құдай сені қаперінен шығарып ұмытып кеткен ғой, дабырлай бермей тыныш жүр, есіне түссең алып кетеді” дегім келеді. Жетпіс жылғы “жын тәрбиенің” жемісін енді жеп жатырмыз. “Мен кәмөнес болдым! Балтай-шалтайды білмеймін!” деген аталарымызды да көрдік. “Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді”
    Ақсақал бола алмағанымызға да үкімет кінәлі емес шығар? Ең алдымен ішімізді жайлап алған ақ сайтаннан өзіміз арылуға тырысайық. Сақал сыйлайтын жастардан айырылып, сақал жұлатындарға тап болып жүрмейік…

    Reply
    • 27.03.2016 at 13:27 +06
      Permalink

      «Қазағым қара нар еді,
      Қазақы тілім – нәр еді.
      Көгілдір көлім қаз еді.
      Құлагер ұлым бәйге алып,
      Ғұлама шалдарым жайланып,
      Көк шүйгінге көміліп,
      Көк мойнағын тебініп,
      Көк сүңгісі емініп,
      Көкжалдар жаудан келгенде
      Тобылғы сапты қамшының
      Зер шашағы төгіліп…»
      Сабыр Адай).
      Бала болсам да, 80 жылдардың аяғында нағыз АҚСАҚАЛДАР қауымын көрдім. Расында көк майсаның үстінде отырып сөз алған шалдарымыз айбарланып, көздерінен от шашып, рухтанып, зер шашағы төгілген тобылғы қамшысын саптама етігіне ұрып-ұрып қойып нақ, батыл сөйлейтін. «Сүйек аңдыған ит құсап» біз жүреміз шалдардың ту сыртынан қарап. Сонда аталардың бірі «әй бала үйімде бәленшем қалып қойыпты, соны әкеп берші» деген бір ауыз «бұйрық» берсе екен деп жалақтап тұрамыз. Сәуле апайым айтпақшы, аталардың алдында қызмет көрсету үлкен абырой болатын біз үшін. 91 жылы Мұңғылиядан көшіп келдік. Атамның кенже інісін Молда ата деп атайтынбыз. Ол кісі өте діндар адам (айтуынша, құранның 22 парасын жаттапты) еді жарықтық. Тоқсаныншы жылдардың басында облыстың имамы үйленгенде Рәтбек қажы небір өкірген молда, имамдардың ішінен Молда атама неке қиыңыз деп жолын беріпті. Міне, ақсақалдың беделі деген осы. Сәуле апайымның мақаласын (мақала емес, жанайқай!) оқып, сол бір замандағы аталарым есіме түсіп, көңілім босап кетті. «Әттең» дегізетіні, жалпы, қазақтың тілі, көші, мұңы, басқы да үлкен проблемаларын ақсақалдар емес, жас толқын емес, ақ самайлы, ақ жаулық АНАМЫЗДЫҢ шырылдап тұрып көтеретіні арқаңа батады. Ұяласың. Елбасыға бір емес, әлденеше рет ДАТ айтқан апайымның қасында сол Ардагерлер кеңесінің бар дегеніне ішім удай ашиды.

      Reply
  • 27.03.2016 at 12:20 +06
    Permalink

    Орта буын, бұрынғылардың көзін көріп, сөздері құлағында қалған, халықпен бірге күнделікті тірліктің ащы — тұщысына бейтарап қарамайтындардың көңіл төрінде жүрген түйткілдерді дәл басқан, салмағы ауыр мақала! Бір деммен оқып шықтым. Майдалап отырып, тереңге кеткен осы күннің қаншама уақыт күттірмес мәселелеін көтерген?! Қарап қалмай үн қосып, пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар, мақала авторы көтерген түйткілдердің көбесі сөгіліп, ел қажетіне жарар деген үміттемін.

    Reply
  • 27.03.2016 at 12:23 +06
    Permalink

    Келтірген мысалдар, айтылған ойлар бәрі,бәрі ақиқат! Осындай кісілер депутаттардың қатарында Парламенттің салмағы, абыройы бйікте болар еді! Ай,бірақ, кешегі Шерағаңдар да айта-айта, аяғында шаршап кеткен сияқты болды. Мәселе депутатта да,билікте де емес, өзімізде. Өзімізді-өзіміз түзетіп, бабаларымыздың салтын қалыбын бұзбай келешекке қалдырып отырсақ мұндай болмас еді, әттең. Алланың рахымы жаусын апамызға! Ер азаматқа бергісіз қайрат жігері баршамызға үлгі болса екен!

    Reply
  • 27.03.2016 at 12:54 +06
    Permalink

    Мына мақаланы қайта қайта оқып,балаларым өсіп жігіт болып қалды ойға қалдым! Мен ертең қандай ата боламын деген сұрақ бұрын ойыма келмейтін, жанды тебірентіп ойландыратын мақала екен! Бұрынғы ақсақалдарды анамда айтып отыратын,үлгі аларлықтай,мен енді сол аталарға ұқсауым керек деген ойға бекіндім. Газеттеріңізге қалай жазылуға болады? Жалқаумыз газет оқуға уақыт жоқ дейміз мынадай құнды мақалаларды оқымай қаламыз, компьютерге қараймыз,қарап отырып ФБ арқылы шықтым ол жақсы ғой, техника көп сене бермейміз бұзылады ашылмайды.Өз қйыншылықтар бар Сәуле апа мына мақалаңыз үшін рахмет! Осындайды сіздер жазуларыңыз керек орынды,айтар сөзіңіз бар АНА екенсіз аман болыңыз!!

    Reply
  • 27.03.2016 at 13:41 +06
    Permalink

    Апай алдымен бұрынғы аталарымыздың даңғыл жолын басып, соларды ақылдың, парасаттылықтың сарқылмас қазынасына теңеп отырғаныңыз өте орынды. Расында бүгінгі таңда сөзі патуасыз, ісінде байлам, жүрісінде тоқтам жоқ, шарқая, қазымыр, қытымыр, қыңыр шалдарға қарап түңілесің. Ақсақал деп айтуға аузың бармайтын істерді жасайды. Қорқақ, жалтақой, жалақор болып барады олар. Бұрынғының ақсақалдары заң ұстануға қатты еді ғой. Бірақ үкіметтің заңына бағынатындай болып жүрсе де, ел ішінде өз заңдарын орындатып отыратын. Өзінен кішілері именіп, келін-кепшек, бала-шаға бетіне қарауға батпай, ту сыртынан ғана жүруші еді, шіркін. Қазіргі күнде ақсақалдар алқасы ыдырамай, сақталып отырғанда, нағыз дала заңымен жүруші едік. Одан ұтылмас едік — парақорлық, ұрлық-қарлық, тонау, адам өлтіру, түсік жасату, зинақорлық, жезөкшелік т.с.с. қылмыстар мен бейәдеп құбылыстар болмас еді қоғамымызда. Рахмет апай, мың жасаңыз. Жалпы, қоғамда осындай өткір ойларыңызды халық та, Елбасы да қолдайды деп бек сенем. Жыл басындағы «Заң жүзеге асса, 5,5 млн қазақтан тірідей айырыламыз» деген Елбасыға ащы айтылған ДАТ Алланың назарына ілігіп, үкіметтің, Президенттің құлағына жетті. Қолыңыздан қаламыңыз түспесін, жазарыңыз көп болсын!

    Reply
  • 12.04.2016 at 20:58 +06
    Permalink

    Қарттарымыз қазыналы (қазымыр емес), жүздері жайдарлы (жағымпаз емес), ауыздары дуалы (көпірме емес), сөздері жүйелі (жеңілтек емес), жас буынды жөнге, қоғамды тезге салар мәрт болса екен деген ақ көңілден шыққан мақала. Жазбаңызды оқып, өз атамды сағындым апа)

    Reply
  • 16.04.2016 at 12:15 +06
    Permalink

    Мен аталарды былай дегеннен аулақпым,өкінішке орай мына мақаланы оқып, өмір шындығы емес деп айта алмаймын! Апамыз өзекті мақалалар жазады жылына көп болса 5-6 ..Атына заты сай мақалалар, қызығып оқыйсың,әрқайсысы бір-бір кітап жүгін көтереді!Отанына, ұлтына,ұрпағына,тіліне,діліне,дініне,салт-дәстүріне алаңдайды ! Аналық үлкен жүрегімен болмысымен жазады,ешкімнің ар намысына тимейді, апайдың қатал сынын, ақыл, парасатын үнін естігендей боламын. Апаймен бірге істеген шәкіртері апайды осы қасиеттерін,мақтан тұтады құрметтейді. Сондықтанда Ұлы ұстазымыз мақтан тұтамыз! Апатай аман болыңыз, Алла разы болсын !

    Reply
  • 16.04.2016 at 12:18 +06
    Permalink

    Маңғыстаулық «қырық шалдың» қылығынан кейін елдің абыройын ойлайтын сақалдылар бар дегенге өз басым сенбеймін.

    Reply
  • 19.04.2016 at 17:24 +06
    Permalink

    Апай алдымен бұрынғы аталарымыздың даңғыл жолын басып, соларды ақылдың, парасаттылықтың сарқылмас қазынасына теңеп отырғаныңыз өте орынды. Расында бүгінгі таңда сөзі патуасыз, ісінде байлам, жүрісінде тоқтам жоқ, шарқая, қазымыр, қытымыр, қыңыр шалдарға қарап түңілесің. Ақсақал деп айтуға аузың бармайтын істерді жасайды. Қорқақ, жалтақой, жалақор болып барады олар. Бұрынғының ақсақалдары заң ұстануға қатты еді ғой. Бірақ үкіметтің заңына бағынатындай болып жүрсе де, ел ішінде өз заңдарын орындатып отыратын. Өзінен кішілері именіп, келін-кепшек, бала-шаға бетіне қарауға батпай, ту сыртынан ғана жүруші еді, шіркін. Қазіргі күнде ақсақалдар алқасы ыдырамай, сақталып отырғанда, нағыз дала заңымен жүруші едік. Одан ұтылмас едік — парақорлық, ұрлық-қарлық, тонау, адам өлтіру, түсік жасату, зинақорлық, жезөкшелік т.с.с. қылмыстар мен бейәдеп құбылыстар болмас еді қоғамымызда. Рахмет апай, мың жасаңыз. Жалпы, қоғамда осындай өткір ойларыңызды халық та, Елбасы да қолдайды деп бек сенем. Жыл басындағы «Заң жүзеге асса, 5,5 млн қазақтан тірідей айырыламыз» деген Елбасыға ащы айтылған ДАТ Алланың назарына ілігіп, үкіметтің, Президенттің құлағына жетті. Қолыңыздан қаламыңыз түспесін, жазарыңыз көп болсын!

    ОТВЕТИТЬ

    Reply
  • 05.05.2016 at 18:51 +06
    Permalink

    Күні кеше ел ішін мазасыздық жайлап,жер-жерлерде жерге қатысты митинглер ұйымдастырылып, Елбасына, билікке талап қойып, орынды,орынсыз сын айтып жатқанда сол жерлердің елі силайтын, ардақтайтын ақсақалдары бой көрсетпеді,өкінішке орай… Абырой болғанда арты бейбіт жолмен аяқталған шерулерге кеш те болса “ақылгөй” болып ғаламтордан ой-пікірлерін білдіріп жатқандардың қарасы көбейе бастады. “Дайын асқа тік қасық” болмай-ақ, ешкімді даттамай,ешкімді ақтамай жөн сөз айтатын қарияларымыз азайып бара жатқаны ма? “Неменеңе жетістің бала Батыр,қариялар азайып бара жатыр”, деген өлең жолдары құлақтан кетер емес…

    Reply
  • 12.07.2016 at 14:00 +06
    Permalink

    Мәселе 70 жылдық сәбет кезі емес. Сорпаға шығарлар қыр асып, осында құл-құтандардың, яғни тексіздердің қалғаны. қазіргі шалдар сол тексіз күңдердің ұрпақтары. Автордың айтар ойы түсінікті, бірақ, қай-қашандағы сияқты тым шұбатылған мақала. Әбден қартайғанда елбасына несіне жалтақтайды??? әлде, сөйтіп, жағымпазданып, бала-шағасын, немере-шөбересін жылы орынға тығып жібергісі келе ме? Кішкене ойын жинақтап үйренсе артық болмас еді.

    Reply
    • 17.10.2016 at 21:33 +06
      Permalink

      Асыл сіз айтасыз “Мәселе 70 жылдық сәбет кезі емес. Сорпаға шығарлар қыр асып, осында құл-құтандардың, яғни тексіздердің қалғаны. қазіргі шалдар сол тексіз күңдердің ұрпақтары.” деп. Сонда сенің әкеңде тексізба?

      Reply
  • 17.10.2016 at 21:45 +06
    Permalink

    “Әке шешең жынды болса байлап бақ” деген нақыл сөз барын естен шығармасақ болғаны. Қазіргі көп шалдардың “Ақсақал” деген атқа лайық емес екеніне санамыз жетіп, көзіміз көруге, біздің санамыз жетіп тұрса онда біз ол қателікке жол бермейік енднше…Жау жүректігіміз арланға ұқсағанымен, шын мәнінде бөрі емеспізғой қанша бақсада орманға қарап ұлитын….

    Reply
  • 26.01.2017 at 23:54 +06
    Permalink

    Айтқандардың бәрі дұрыс қой! Бірақ…………………………

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған