Мұрат Бақтиярұлы одан бөлек көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға бастапқы жарнасыз баспана беру тетіктерін қарастыру қажет екенін айтты
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы әрбір балаға кәмелетке толғанға дейін ең төменгі жалақының 50 проценті мөлшерінде жәрдемақы төлеуді ұсынды, деп хабарлайды.
«Сондықтан үкімет «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ аналардың, мүгедек әйелдер мен мүгедек баласы бар аналардың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелетке толғанға дейін ең төменгі жалақының 50 проценті көлемінде жәрдемақы төлеу мүмкіндіктерін қарастыру керек», — деді Бақтиярұлы сенаттың жалпы отырысында.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңге болып бекітілді. Яғни оның 50 проценті 21 250 теңге болады.
Сонымен қатар, депутат көпбалалы отбасын қолдау мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдемақы мен шәкіртақы табыс көзі ретінде есепке алынбауы керектігін айтты.
Бұған қоса, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар үй кезегіне бөлек тіркеуді, бастапқы жарнасыз баспана беру тетіктерін қарастыруды ұсынды.