,,Қыдырбай молданың әңгімесі,,

«Мен 13 жасымда жетім қалдым. «Отау иесі» деп қарт әкем мені 13-ке толар-толмасымда ақ, үйлендіріп тастаған. «Әлі бала жас қой, тым ертерек емес пе?» деп сұраған ағайынға, «менің жасым кеп қалды, көзімнің тірісінде келін түсіріп кетейін, немерені Құдай өмір берсе көрерміз» дейді екен. Ол кезде Талқының (тау) аузында отырамыз, жаздай есекпен, атпен сүйреп әкелген қарағайдан қатырып тұрып екі ауыз там салып алғанбыз. Ол уақытта ортаға қоятын темір пештің өзі қат, табылмайды. Амал жоқ, қысты күні ортаға от жағып, соның шоғын көміп қоятынбыз. Таң ата шешем әлгі шоқты қоздатып, үстіне шөп-шалам салып , үрлеп тұтатып алады. Ол кездегі тіршілігіміз сондай ееді. Бірақ, мен үшін осы өмірім Жұмақтан қымбат екенін кейін білдім… Жағдайымыз жақсы еді. Әке-шешемнің осы жақтан алып барған, сосын сол жақта сауда жасап тапқан азын-аулақ ақшасы да, алтыны да, малымыз да бар еді. Біздің халық данышпан ғой «мал бір жұттық» дегенді қалай тауып айтқан?! Бір қыстағы жұттан таяқ ұстап қана шықтық. Сонда да болса, жаздыгүні әкем мені үйлендірді. Тағы қыс түсті.
Бір түнде үйіміз өртеніп кетті. Аяқ жағымызға қозға қойған шоққа көрпе ме, әлде жамылған тон ба, түсіп кетіп, ол жанып, біздің қарағайдан салған үйіміз, кәдімгі бір қорап сіріңке құсап лап ете қалды. Мен қашып шықтым. Біздің үйдің аяқ жағында шамамен 300 метрдей жерде Қырықбай деген менің құрдасымның әкесі тұратын. Жалаңаяқ сол үйге қарай жүгірдім. Менің айқайымды естіп олар да жүгіріп шыққан екен. Қайта барып, үйді өшіруге әрекеттендік. Жәпей деген ағам үстіне бір шелек мұздай суды құя салды да, жанып жатқан үйге кіріп кетті. Біраздан кейін менің шешемді көтеріп шықты. Есіктен шыға бергенде жанып жатқан үйдің босағасы үстеріне құлап түсті. Қаумалаған ел зорға шығарып алды. Ағам біраз күйгені болмаса аман қалды. Шешем әуелі ыстан есінен танып қалған екен, кейін есін жиды, бірақ, сол кеудесіне түскен оттан оңала алмады. Көп ұзамай көз жұмды. Ал әкем және менің 13 жастағы келіншегім, сол пәк күйінше өртеніп кетті. Біз бір әке бір шешеден туған 1 ұл, 1 қыз ғана едік. Үйді өрт жалмағаннан біраз бұрын ғана қарындасым ішкі Қытайға оқуға кеткен еді. Жәпей (шын есімі Жансейіт) әкемнің туған інісі. Өртеніп кеткен үйдің орнында шошайып Жәпей екеуіміз ғана қалдық. Әке мен шеше бардағы байлықтан дым қалмады. Енді аш қалмау үшін, жергілікті байларға өзім жалданып күн көруге көштім…
«Содан бір ұйғыр байдың атқосшысы болып жалдандым. Менің міндетім жаздыгүні күймеге қос жиренді парлап жегіп, байдың қатыны мен баласын, келімді-кетімді қонақтарын тасу. Қыста атшанамен тасимын. Аптаның алты күнінде байдың баласын мектепке апарам. Ол үшін таң бозынан тұрып, аттарды парлап жегіп, есіктің көзіне әкеліп тұрамын. Байдың баласы таңғы асын ішіп, шәйін қандырып шығады, мектепке жеткізіп саламын да, қайта келіп, есіктің алдын тазалау, қора тазалау, мал суару секілді күйбең шаруамен айналысамын. Түсте баласын қайта әкелемін. Баласы аптасына кемінде екі рет бай мен бәйбішеге оқуға бармаймын деп қиғылық салады. Бай ұрсып, боқтап, бәйбішесі әуектеп, еркелетіп қалтасына тәттісін толтырып салып зорға аттандырады. Көңілі түссе, түсте қайтарда қалған кәмпитінен бір-екі тал маған да дәм таттырады. Көңілі түспесе менің өзімді жеп қоярдай болып отырады. Демалыс күндері байдың бәйбішесін базарға апарам, керегінше жүгін тиеп аламыз, үйге қайтамыз, одан қалса, әр байдың үйіне бір кіріп, қыдырады. Мен тасушымын. Сөйтіп жүріп жаттым. Менің еңбекақым — ішкен асым мен жатқан төсегім, басқа көк тиын да көрмеймін. Жатқан төсек дейтін аты ғана. Менің жататын жерім — тауықтың күркесіндей ғана атқораған жапсарлас салынған шағын бөлме. Денелірек ересек адам керіліп жатса, аяғы сыртқа шығып қалуы мүмкін. Терезесіне әйнек те салынбаған, тек жарық түсіп тұруы үшін ешкінің қарнын терезенің көзіне керіп тастаған. Азғантай ғана жарық түсіреді.
Бір күні, демалыс еді. Қос жиренді жетектеп өзенге кеткем, суарып келуге. Аттарды аунатып, үстілерін қармен ысқылап тазалап келгенше шамамен бір сағаттай уақыт өтті. Ақырға байлап, шөп салып жатыр едім, байдың «Әй Қыдыр, қайдасың? Бері кел» деген дауысы шықты. Жүрегім аузыма тығылды, тағы бір бәле боп қалған екен ғой, деп тұра жүгірдім. Есіктің алдында ешкім жоқ. Бақсам, дауыс мен жататын күркеден шығады. Ақырындап барып есікті ашсам, мен жататын тақтайдың үстінде қожайыным отыр. Ол ешқашан бұнда бас сұқпайтын, кірмек түгіл.
Әкемнің тірі кезінде молдадан 3-4 жыл сабақ алып, сауат ашып едім. Зеректігім үшін ұстазым маған 2 кітап сыйлаған еді. Сол кітаптар әлгі ешкінің қарны тартылған терезенің алдында тұратын. Анда-санда сөз жүгіртіп оқушы едім. Енді міне, сол кітап менің қожайынымның қолында тұр. Жүрегім аузыма тығылды.
— Әй Қыдыр, сен мына кітаптарды қайдан алдың? – деді бай.
— Ұстазым беріп еді, — дедім жыларман болып.
— Ұстазым? Ұстаз деймісің? Сен оқи аласың ба? – деді, көзі шарасынан шығып кеткен бай.
— Иә, оқи аламын.
— Кәне, мынаны оқышы, — деп қолындағы кітаптың бірін маған ұстатты. Сол босағада тұрған бойы, кітапты ашып судыратып оқи бастадым. Біраз оқығаннан кейін,
— Әй, сен жаттап алғаннан саумысың, кәне мынаны оқышы, әгәр қат танысаң, — деп қалтасынан бір ескі кішкене кітап шығарып берді.
Оны да судыратып оқып бердім. Біраз үнсіз отырып қалды. Ол үндемеген сайын менің жүрегім суылдап, қол-аяғым қалтырап барады. Өйткені, бұған дейін байлардың еш себепсіз, ұнамай қалсаң болды, қамшының астына алғанын талай басымнан өткерген едім.
Бір уақытта қожайын:
— Ұстазың кім? – деп сұрады.
— Ұстазым бәленше деген молда, — дедім.
— Оооо, сен нағыз данышпан молдадан дәріс алған екенсің ғой – деді, үндеместен күркеден шығып жүре берді.
Не болғанын түсінбей мен де біраз отырып қалдым. Бір уақытта аяғын сүйрете басқан байдың баласы келіп, әкесінің шақырып жатқанын айтты. Әдетте бұлар есіктен басын шығарып айқай салатын, енді неге байдың баласы өз аяғымен келіп тұр?
Өмірімде табалдырығынан аттап көрмеген зәулім сарай үйдің есігіне барып тоқтадым. Байдың баласы есікті ашып, «ішке кір» деді. Кірдім. Бай арғы бөлмеден шығып, менің қолымнан жетектеп бір бөлмесіне апарды. «Енді осында тұрасың» деді. Аң-таңмын. Бәйбішесі келіп «мыналарды үстіңе киіп ал» деп баласының жаңалау киімдерін берді. Баласы ауызғы бөлмедегі моншаға ертіп апарды. Тағы біраздан кейін, әке-шешем өлгелі бірінші рет баймен бірге бір дастарханнан тамақ іштім.
— Қыдыр, екеуіміздің ұстазымыз бір адам екен. Ол өте мықты ғалым еді. Сенің ондай адамнан білім алғаныңды, сенің сауатты екеніңді білмеппін. Бұдан былай сен құжырада тұрмайсың, осында бізбен тұрып, бізбен бірге ас ішесің – деді.
Осы кезде, әлде, қорқыныштың бірден сейілгенінен, әлде, мені молдаға жетелеп апарып оқытқан әке-шешем есіме түсіп кетті ме, еңіреп қоя бердім….
Сол күннен бастап, тамақ пен киімді, жылы төсек тегін болғаны былай тұрсын, маған жалақы төлейтін болды. Оның сыртында аптасына үш рет медресеге барып, сабақ оқуға мүмкіндік берді.
Міне, балам! Білім – күркедегі мені байдың сарайына кіргізді! Білім – менің есіктегі басымды төрге шығарды…»

Aigyl Yelshibaeva фб парақшасынан