Сыммен байланған өнер
1977 жыл. Бірінші Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестиваліне одақтық республикалардан жеңімпаздар іріктеліп жатқан кез. 36 жастағы албырт Айтбай Мұздаханов та өзі шығарған күйлерін орындап, алдымен ауылдан, одан ауданнан, облыстан өтті. Республикалық іріктеу Қызылорда қаласында болып, ол жерде бірінші орынды иеленді. Бірақ кеңестік елдердің ақтық додасына қатысу бақыты жерлесімізге бұйырмады. Үлкен шараға жолдама алған жас композитор ауылға келген күннің ертеңінде оң қолынан шынтаққа дейін айырылды. Малға азық дайындайтын цехтағы агрегатты тазалаймын дегені болмады, машина қолды орап әкетті…
Арада 9 жыл өткеннен кейін өнер жолына қалай қайтадан келгені жайында белгілі сазгер, ҚР Еңбек еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің, Сағадат Нұрмағамбетов медалінің иегері, Аманкелді ауданының құрметті азаматы әңгіме барысында айтып берді.
— Айтбай аға, Мұздаханов əулеті өңірімізде өткен биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы атанды. Алда республикалық сында аймағымыздың намысын абыроймен қорғауға тілектеспіз!
— Рақмет!
— Бір сұхбатыңызда өнерге алты жасымда келдім дедіңіз. Атаңыз Молдаш ел ат жіберіп алдыртатын күйші болған екен. Оған əкеңіздің тікелей қатысы бар. Сөйте тұра, арнайы музыкалық білім қумапсыз…
— Соны айтып берейін. «Адамның айтқаны келмейді, Алланың дегені болады» дейді ғой. Мен негізі бала күннен геолог-барлаушы болғым келген. Кеңес тұсында мектептен кейін екі жыл жұмыс істегендерді жоғары оқуға тез əрі қиындықтарсыз қабылдайтын. Екі жылдан кейін баста ештеңе қалмас дедім де, Қостанайға келдім. Алматының тау-кен институты деген болды. Сол оқу орнының өкілі келіп, үміткерлерден емтихан қабылдап жатыр екен. Бес сабақтан сынақ тапсырған едім, төрт пəннен «бес» болды да, соры қайнағанда, біреуінен «төрт» алып қалдым. Институтқа өтпей қалдым. Барлық пəнді «өте жақсыға» тапсырған бір орыстың қызының бағы жанып кетті. Əлгі емтихан қабылдаушы бір мықты азамат екен, менің жағдайымды түсінді білем, жетектеп педагогикалық институтқа алып барды. Мен онда оқуға өзім түспей қойдым.
— Неге?
— Мектепте оқып жүргенде марқұм Жəкен Хасенов деген мұғаліміміз болған. Сол кісі «Естерің бар болса, мұғалім болмаңдар — мектепке барсаң оқушылар, үйге келсең өз балаларың басыңды қатырады» дейтін. Сол кісінің бір ауыз сөзі себеп болды (күлді).
— Енді оқусыз қалдыңыз ғой?
— Сосын Қостанайдың құрылыс техникумына бардым. Жүгіріп жүріп, əйтеуір соған түстім-ау. Сол күзде орақ жұмыстары кезінде астық қабылдайтын орындарға жұмысқа бардық. Сол жерде өзімнің екі ауылдасым кездесе кетті. Үстіне əскери формаға ұқсас жып-жинақы əдемі киім киіп алған. «Қайда оқып жүрсіңдер?» деп ем, «Қолөнер училищесіндеміз», — деді. Олар менің қайда оқитынымды сұрап еді, осылай да осылай деп бəрін айтып бердім. Жəне құрылыс техникумын бітіргенде кім болып шығатынымды ана екеуінен сұрап тұрмын. «Сантехник болып шығасың» демесі бар ма.
— Сонда қандай маман болатыныңызды өзіңіз де білмегенсіз бе?
— Білмедім ғой. Не керек, құрылыс техникумынан құжаттарымды алып, қолөнер училищесіне келдім. Директоры қазақ азаматы екен, бірден қабылдады. Екі жыл оқып, ауылға бардым. Ол кезде ауылды жерлерге электр жарығы енді тартылып жатқан кез. Былай айтқанда, біздің мамандыққа сұраныс жоғары. Елден ұзамай Қарасу ауылына өзім сұранып бардым. Үйлендім. Екі ұл, екі қыз бала сүйдік. Барлығы да жоғары білім алды. Балалар тегіс домбыра тартады, бірақ өнерді қуған — Анар (Мұздаханова, белгілі күйші, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты — Қ.Қ.) ғана. Алғашында электр механигі болдым. Біраз жұмысты қайырдым. Бөлімше басқарушысына дейін көтерілдім.
— Бірақ өнерді бірге алып жүрдіңіз.
— Ол уақытта халық аспаптары оркестрі болатын. Оған бойыңда өнерің болса, қатысуға міндеттісің. 1977 жылға дейін көркемөнерпаздар ұжымынан қалған жоқпын. Біздің елге 60жылдардың басында Алматыдан консерваторияны аяқтаған Төкен Итебаев есімді азамат комсомол ұйымдастырушысы болып келді. Алтын азамат еді. Келді де, оркестр ұйымдастырды. Адамдардың басын қосты. Құрамында қырыққа дейін адам болды. Мен ол кезде электр механигімін. Жұмыстан шығам да, оркестрдің дайындығына барам. Бір күні жұмыстан ерте босап, клубқа келдім. Домбыраны алдым да, өздігімше бір сарынмен күй ойнай кеттім. Не тартып отырғаным белгісіз, ішімнен бір дүбірге толы толқыныс кетіп жатыр. Сөйтсем, сыртымнан Төкен ағайымыз тыңдап тұрыпты, қасыма келіп «жалғай бер» деді. Осылайша «Аманкелді дүбірі» күйі шықты. Жоғары білімді əрі ұжымның жетекшісі өзіңді қолпаштап тұрса, қалай шабыттанбайсың! Бұл қолымнан айырылғанға дейін шығарған 8 күйдің алғашқысы. Аманкелді батырдың 90 жылдығына орай өмірге келді. Ал тұңғыш шығарған əнім — «Ленин, сен болмасаң». Сөзін Сабырхан Асанов есімді ақын «Жұлдыз» журналына беріпті. Жаңағы өлең мені өзіне тартып əкетті. Сол əнді жігіттер таласып жүріп айтатын. Сайлау Ордабаев деген тамаша əнші азамат бар еді, сол керемет орындап жүрді.
— Əннің аты қазір қызық естіледі, иə?..
— Əрине, ол замандағы насихаттың басты құралы ғой. Кейін бұл əн республикалық деңгейде орындалып жүрді.
«Айтбай, сен өліп кетпей, неғып тірі жүрсің!»
— Байқаймын, сіздің əуендеріңіз белгілі бір оқиғаға орай туып жатады, келісесіз бе? Арасында тапсырыспен де əн-күйлер шығарып жататын шығарсыз?
— Адамда əсерсіз, себепсіз ештеңе шықпайды. Менде солай. Мысалы, кейбір адамдар біреуге арнап шығарма шығарып жатады. Менде ондай жоқ. Өзім ерекше əсер алған дүниеден ғана туынды шығады. Адамның ішінде өз еліңнің, туған жердің сағынышы, сарыны жатады екен ғой. Менде де сондай болған болу керек. Бір күй сол күні болмаса да, кейін жарып шығар еді деп ойлаймын. Мына бір мысалды айтайын, бірде жігіттер жиналып, Бестөбе ауылына (Аманкелді) баратын болдық. Жолда киік атамыз дедік. Бірекі адам жүк машиненің үстіндеміз. Үйір киік кездескен жоқ. Тек екі лағы бар ақбөкеннің ешкісі ғана жайылып жүр екен. Соны ермек қылып қуып келеміз. Бір заманда енесі лақтарын жолдан ығыстырып шығарды да, өзі «құрбанмын» дегендей, жолдың ортасында қалып қойды. Қарашы, осы маған қатты əсер етті. Шопырды кабинаның төбесін ұрып жүріп тоқтаттым да, киікті қууды доғарайық, кішкентай лақтары бар екен дедім. Сол əсермен «Балалы киік» күйі туды…
— Айтбай аға, оқырман сіздің қолынан айырылса да, өнерден күдерін үзбеген талант иесі екеніңізді білсін. Жəне мүгедектікке душар болған, науқасқа шалдығып, өмірден түңілген жандар сізден үлгі алсын, еңбектенсін деген ниет қой. Он жылға жуық уақыт шығармашылықтан кеттіңіз, оған қайтадан қалай келдіңіз? Оған жоғарыда айтқан Желтоқсан көтерілісі себеп болды ма?
— 1986 жылы болатын. Ол кезде ауылда гараж меңгерушісі болып істеймін. Совхоз директоры Əбдісалық Нұржанов шақырып жатыр дегесін, кеңсеге келдім. Директор есік алдында жүр екен. «Айтбай, сен нағып өлмей жүрсің осы!» — деді. Төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. «Аға, не болды?» — дедім. «Сен ренжіме, творчестволық адамдар тоқыраған кезде не атылып өледі, не асылып өледі», — деп тұр. «Аға, шүкір, менің отбасым бар, жұмысым бар, күнкөрісім жаман емес, неге өледі екем? Күй шығару хоббиім сияқты», — деп қоям, бірақ жаңағы сөзге есеңгіреп қалдым. «Жоқ, сенің күйлеріңде өзгелерге ұқсамайтын басқаша əуен, өзгеше сарын бар. Сен қайткенде қолыңа домбыра алуың керек. Қолыңа сым байлайсың ба, ағаш байлайсың ба, тіпті, сүйек байлайсың ба, домбыраңды қайта ал», — деді. Не болса да, жеткізіп айтты. Жаңағы сөз құлағымнан кетсеші… Сол тұста Төкен Итебаев ағайымыз қайтыс болды. Өзі сондай сымбатты, аппақ, ажарлы азамат еді. Өзбекəлі (Жəнібеков — Қ.Қ.) ағамыз екеуі келе жатқанда, егіз адамдай еді. Бір жағы үйге Анар келіп жатқан. Сол арада «Ақ қайың» күйін шығардым. Ол кезде қолыма сым таға қоймағам. Домбыраның пернелерін мен басып отырдым, Анар ішектерді қағып отырды. Артынан болмайды екен деп, қолыма сым байлап, соған дағдыланып кеттім… 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де менің ішкі дүниемді айналып өткен жоқ. Келесі жылында «Елім-ай» күйін шығардым. Бір жылдай іште тынып жүріп барып, сыртқа шыққан дүние. Кейін «Бабалар үні» циклымен 8 күй шығардым. Ол кезде керемет құйылып тұрды. Тіпті, күніне екі күй шығаратын кездер болады. Түнде ұйықтатпайды. Түсімде небір ғажап сарын келіп жатады. Ояна қалып, аудио кассеталы магнитофон бар, соған жазып тастаймын. Үйдегі шешең ұрсады. Жалпы, қолдан айырылғаннан кейін күй тарту оңай болмайтын сияқты көрінген. Дегенмен негізінен адам басына қиындық келсе, біраз нəрсе өндіреді екен. Адамның басына небір түрлі ойлар, толғаныстар келеді, əсіресе, бабалардың жүріп өткен жолы көз алдыма келіп тұрады…
— «Елім-ай» күйін шығарғаныңызды тергеу органдары біліп қалған жоқ па?
— Жоқ. Ол кезде мұндай күйді жарияламайсың ғой. Тек үйде отырып қана шертемін.
«Кейкінің басы келді деп қуанып отырған жоқпын»
— Айтбай аға, кейінгі кездегі туындыларыңыз жайында да біле отырайық.
— Менің көкейімде жүрген бір ой бар. Кейкі жайында. Сол бабамыздың бас сүйегі табылды да, денесі табылмай жатыр. Енді соған бір əуен оралып жүр. Кейкіні Аманкелдіден Ұлытауға қарай 110 шақырымдағы Жалаулы деген жерде өлтіріп, басын əкеткен, əйелінің ішін жарған. Шұбар деген інісін өлтірген. Денелері сол арада қалған. Соны ел адамдары артынан жасырып барып жерлеген. Оны қайда, қалай жерлегені белгісіз. Сол жерлеудің басы-қасында жүрген адамдар айтпай кетті. Əбден қорқып қалған. Мəселен, Кейкіні көмгенде сол маңда болған Құсейін деген кісі осыдан жеті-сегіз жыл бұрын тоқсанға келіп қайтыс болды. Ол да Кейкінің денесінің қайда екенін көрсетпестен кетті. Ал қазіргі Арқалық пен Аманкелдінің арасындағы жер Кейкінің мазары тұрған аумақ батырдың аталарының қонысы болған. Сол жерге өлген жерінен Əубəкір Қылышбаев есімді журналист топырақ əкеп салған ғой. Батыр жайында ашылмай жатқан жұмбақ дүние əлі көп. Мəселен:
Атқа салдым терлікті,
Дұшпанға қылдым ерлікті.
Мен кеткен соң, халқым-ай,
Көресің жаудан қорлықты.
Кейкінің осы өлеңінің қалған шумақтарын тауып алу керек. Менің шешем мына бір өлеңнің екі-ақ жолын айтып отыратын: «Сарыбас, Аманкелді, Кейкі мерген, Үшеуі бірге жүріп судай тасты». Бұлардың қылыш сүйіп серттескен дос болғанын айтып отыр ғой. «Бұл жолдардың қалғаны қайда?» — деп шешемнен сұраймын ғой. «Білмеймін, есімде жоқ», — дейтін марқұм. Ал сол Сарыбас кім? Демек, Аманкелді, Кейкілермен есімі бірге аталса, ол бекер адам емес. Ақын Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» поэмасы бар. Сонда Сарыбасты сатқын қылып көрсетеді. Кейінгі тағдыры солай да болуы мүмкін. Бірақ ол артынан мал іздеп жүрген болып, Кейкінің жатқан жерін көрсетіп кеткен деген əңгіме бар. Одан бері ғасырға жуық уақыт өтті, кім біледі оның не болғанын.
— Демек, жоғарыдағы шығармаңыз батырдың бас сүйегі жерленгенде, бабамыздың құрметіне тойға арнаған шашуыңыз болады екен ғой?
— Солайы солай. Бірақ мен Кейкінің басы келді екен деп қуанып отырған жоқпын…
— Неге? Той емес пе. Бар қазақ батырдың басын əкелгенде, сүйіншілеп əкеткен жоқ па…
— Жоқ, ол тойға жатпайды. Мағыналы, келелі жиын болады дегеніміз дұрыс болар. Бұл жерде оның өмірін əлі де зерттеу қажет. Оның соңғы күндерін, жалғыз жортқан күндерін айту керек. Адам жақсы өмірден жалғыз жортпайды. Кейде өзі, кейде əйелімен жүрген. Кейкінің жасырынған үңгірі бар. Өзі жан-жағын қалап алған. Ол тегіннен-тегін үңгірде жатпайды. Соны бейнелеп, өзінің салауатын келтіруім керек. Өйткені, Кейкі үнемі салауат айтып жүретін адам болған. Негізі күйдің жобасы бар. Осы бір туындыны шығарып алсам деген ойым бар. Салауатын келтіруім керек. Оның да мотиві бар. Менің бар мақсатым — күйімді жеріне жеткізіп шығару. Сен балаға өстіп сөйлеп отырып, бар құпиямды ашып қоятын болдым-ау (күлді).
«Атағым шыға қойсын дейтіндердің қатарынан емеспін»
— Айтбай аға, жалпы, біздің өңір əншілік мақам жағынан Арқа тобына жатады. Бірақ біз өз арамыздан бұрын шыққан небір дүлдүлдерімізді кең насихаттай алмай келеміз.
— Солардың бірі — Нұржан Наушабайұлы. Кəдімгі ақын, əнші, балуан, сері. Кезінде марқұм Сыздық Əбілғазин осы тұлғаның біраз əндерін жинап, өзі оларды орындап жүрді. Сол əндерді диктофонға жазып алайын дегенде, бермей қойған. Бұл Нұржан нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Ыбырай атамызбен еріп, талай үлкен жиын-тойларда елді аузына қаратқан. Балғожа би үлкен той жасағанда, Ыбырай Нұржанды ертіп барған, аты бірінші келген, өзі əн-күйден озды. Сол Нұржан шығармашылығын əрі қарай дамытайық деп сұрағанымызда, Сыздық ақсақал ешкімге бермеді. Неге қуыстанғанын білмедім. Қайта біз осындай тұлғаларымызды насихаттай беруіміз керек емес пе. Əйтпесе, Наушабайдың Нұржаны қай сал-серіден кем еді? Дəріптеу жетіспей қалды.
— Домбыраны əлемдік деңгейге көтеру үшін оны небір аспаптарға қосып ойнау тəсілін қолдандық. Мəселен, «Ұлытау» тобы электр гитара, скрипка қосып, этно-рок стилінде дүниенің біраз елінен жүлделі оралды. Қазір сол «Ұлытау» көп тыңдалмайтын болды. Əлде халықты жалықтырып жіберді ме? Осыған келісесіз бе?
— Басында «Ұлытаудың» домбыра үні анық шығатын. «Адайды» орындап жүргенде, риза болатынмын. Кейін домбыра үні тықылдап, естілмей кетті. Біртүрлі солып бара жатқан сияқты. Халықтық колорит жоқ. Сосын қазіргі жұрт ойлы музыканы тыңдағысы келмейді. Лепіріп бара жатса, соған керемет болады. Ол тек домбыраға емес, əндерге де қатысты. Күйді түсінушілер азайып бара жатыр. Əн де солай. Той əндері сахнаға шығып кетті. Мəн жоқ, мағына жоқ. Ол менің ғана ойым емес.
— Қазір əн-күй, термеден түрлі байқаулар болып тұрады. Оған кəсібиі де, кəсіби емес маманы да қатыса береді. Ал композиторлар арасында байқау-конкурстар өтеді дегенді естімеппін. Ноталарды жинап, оған баға беретін мүшəйра неге ұйымдастыруға болмасқа? Əйтеуір, ел арасында жүрген өзіңіз қатарлы сазгерлердің шығармалары танылып, тарай береді, содан шабыт алып, басқа таланттардың əн-күйлерімен тəжірибе алмасуға мүмкіндік болады дегенім ғой.
— Сол жағын ойлап көрмеппін. Бірақ өз басым шығармаларым тарасыншы, атағым шықсыншы дейтіндердің қатарынан емеспін. Дегенмен бұл ойыңды құптаймын. Оны айтамыз, бұрын бір жақсы əн, күй шықса соны іздеп жүріп алып кететін. Қазір ондай жоқ.
— Жоғарыда айтқаныңыздай, кезінде ауылда оркестр болды дедіңіз. Қазір неге сондай шығармашылық ұжым жинамайсыздар?
— Қазіргі адамдардың түсінігі ақша болып кетті. Ондайды естісе, «ақша төлей ме екен» деп сұрайды. Кеңестік заманда ондай науқанға жантəнімізбен атсалысатынбыз. Содан да болар, көркемөнерпаздар фестиваль-байқаулары өте жоғары деңгейде өтетін. Жалғыз біздің Аманкелді ауданының өзінен 70-80 адам бар, барлық аудан-қалалардан осыншама адамнан Қостанайға жиналғанда жер қайысқан қол секілді болып кететінбіз. Тіпті, көрші Торғайда фестивальге іріктеу жүріп жатыр десе, соны барып көріп, жаңадан кімдер шығып жатыр, беталысы қалай деп салыстырып келетінбіз. Олар бізді келіп көреді. Өйткені Жанкелдин біздің өнердегі басты бəсекелесіміз саналды. Яғни, біз Торғайдан қалай асып түсеміз, соған басымызды қатырамыз. Ал қазір не? Бірнеше адамнан тұратын комиссия аудандарға барады. Орындаушыларды тыңдайды. Кетеді. Сол тым құрығанда, концерт есебінде өтіп, көрермен шақырылатын болса ғой. Біз қалған аудандардың өнерпаздарының орындау шеберлігін көре алмаймыз. Əйтеуір, бəленше аудан жеңімпаз болды дегенді естиміз, бітті. Байланыс жоқ. Бəлкім, қаражаттың жоқтығы да шығар.
— Сіз нота білмейсіз. Шығармаларды сольфеджио тақтасына кім түсіреді?
— Көбін Анар түсірген. Бұрын əлгінде айтқандай магнитофонға, қазір диктофонға жазам да, дыбысты электронды поштамен жібере қоям. Жоңғар шапқыншылығынан бүгінгі күнге дейін аралықты қамтитын «Елім менің» шығармам 30 минуттай ойналады. Бұл туындыны белгілі өнер майталманы Айтқали Жайымовтың баласы Арман түсірді.
— Бұған дейін «Бабалар үні» жинағыңыз жарыққа шықты. Алда тағы топтама шығару ойыңызда бар ма?
— Алла қаласа, екі кітап шығармақпын. «Елім менің» циклының өзі бір кітап. Оның сыртында қанша əн-күйлер бар. Солар бір кітап.
— Ауылда шəкірттеріңіз көп шығар?
— Шəкірт дайындай алмаймын. Өзім пернені екі-ақ саусақпен басамын. Олай үйрете алмаймын ғой. Кейін менен үйренген жастар екі саусақпен тартып дағдыланып кетеді.
— Өнер адамдарының түбіне мақтау-мадақ жетеді. Содан кейін ол адамды пайдаланып кететін жағдай көп. Өз басыңызда ондай болған жоқ па?
— Болған емес.
— Қостанайда Мұздахановтар əулетінің шығармашылық кеші өтетін уақыт жетті…
— Алла қаласа, осы күзде. Соған дайындалу керек. Негізі Қостанайдан гөрі, Астанаға көп барамын. Анар сонда кешімді ұйымдастырып берген.
— Айтбай аға, ашық əңгімеңізге рақмет! Шығармашылығыңыз арта берсін!
— Ұл, сен мені көп сөйлетіп қойдың. Біраз нəрсені айтып тастадым.
Сұхбаттасқан — Қыдырбек Қиысханұлы