60 маман тұрғын үймен, 80 жас жәрдемақымен қамтылады
«Оқусыз білім жоқ – білімсіз күнің жоқ». Бұл қағидат қай дәуірде де өз құндылығын жоғалтқан емес. Бүгінде жастардың сапалы білім алуы үшін аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Әсіресе ауылдық елді мекендерге ағылған мамандарға барынша қолдау көрсетілуде. Бұл тұрғыда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының берері мол.
Жасырып қайтейік, дәл қазір бабаларымыздың арманы жетпеген жерге, балаларымыздың қаламы жетті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен жастар «Болашақ» бағдарламасымен алыс-жақын шет мемлекеттерде білім алуға қол жеткізсе, дипломмен ауылға ағылған мамандар мемлекеттік барлық деңгейдегі қолдауға ие болуда.
Жамбыл облысы да бұл бағытта кенжелеп жатқан жоқ. Мәселен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін және ережесін бекіту туралы» №183 қаулысына сәйкес, Шу ауданы әкімдігінің ауылшаруашылы бөлімінен 2019 жылдың 8-ші ақпанында тапсыру-қабылдау актісіне сәйкес әлеуметтік көмек алушылар саны 178 және бюджеттік несие алатын 112 маманның тізімі қабылданған.
2019 жылға 62 маманға республикалық бюджеттен тұрғын үй алуға бөлінген қаражат – 234 825 000 теңге, көтерме жәрдемақыға 80 маманға – 14 140 000 теңге жергілікті бюджеттен қарастырылып отыр.
Атаулы жоба аясында, 2019 жылдың сәуір — маусым айларында өткен комиссия отырысында шешім қабылданған 36 маманға көтерме жәрдем ақыға 6 363 000 теңге жергілікті бюджеттен қаражат төленген. 27 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 102 261 500 теңге республикалық бюджеттен қаражат бөлініп отыр.
Бұл әрине жас мамандар үшін үлкен демеу екені даусыз. Оған қоса, шырайлы Шу өңірінде жас мамандардың өз шеберлігін шыңдап, шын білікті кадр атануға барлық мүмкіндік жасалған. Әсіресе, әлеуметік сала, медицина және мәдениет майталманы қай ауылдық жерге болмасын ауадай қажет екені айдан анық. Жас мамандардың тілегіне құлақ түрсек, олардың осындай мүмкіндік пен жағдай туғызған Елбасына, Мемлекет басшысына және облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғысы шексіз. Енді ше?
Рыс кеңестік кезеңде жас мамандарды мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмысқа жолдайтын. Ол тұста халық оңтүстік, әл солтүстік немесе шығыс пен басты деп бөлінбейтін. Үкімет қайда жолдаса сонда тартатын. Қай мекемеден сұраныс түссе, соның отымен кіріп, күлімен шығатын. Алайда одан жаман болған ешкім жоқ. Бүгінгі аға буын азаматтардың дені сол комсомол мектебінен өтіп, тас ойып, қыш та құйды. Десе де тәуелсіздік таңының ең тәтті сыйы қазір жастарға қайда білім алсам, қайда қызмет етсем десе де таңдау берілген. «Дипломмен ауылға» келіп жатқан жастар да қинап еш жерге айдалып жатқан жоқ. Үкімет оларға қалау мен таңдау беруде. Сол негізде Жамбыл облысының өз тумалары қолдарына дипломын алып туған жерге ту тігіп жатса, енді екінші бір сыпырасы көршілес өңірде еңбек өтілін бастауды жөн көруде. Ал олар келген бойы көтерме жәрдемақы, баспана және мемлекеттік қолдау пакеттеріне ие болуда. Және өмір бойы сол ауылдың, әлде мекеменің босағасына байланып қалмай, келісімшарты аяқталғанда үлкен қалаларда қызметін жалғастыруда. Бұл сөз жоқ, жастарға жасалған мол қамқорлық. Осыны түсінген бүгінгі буын Шу сынды шалғай аудандарға жол тартып, білілі мен біліктілігін ауыл халқының қамы үшін арнап жатқаны қуантады. Ендеше, іске сәт құрметті жас мамандар! Сіздердің шешімдеріңіз көпке үлгі екені даусыз.
Төлен Дедек