60 мың жалғыз басты әке, 400 мың ана жесір…
Қазіргі таңда қазақ қоғамын алаңдатуға тиіс түйткілді проблемалардың бірі — ерлі-зайыптылардың ажырасу санының күн санап артып келе жатқаны. Бұрын шаңырақ шайқалмаса екен деп алаңдайтын қоғам үшін қазір ажырасқан отбасыдан жазықсыз шырылдап қалған баланы психологиялық күйзелістен арашалап қалу басты проблемаға айналып отыр. «Ерлі-зайыптылардың некесінің бұзылғанына қарамастан, баланы бақытты ету бүгінгі күннің өзекті тақырыбы», — дейді мамандар.
Ажырасу саны артып келеді
Астанада өткен «Бала аумағы — бақыт аумағы» атты жиында “Қазақстан әйелдері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Байымбетова: “Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады, оның 83%-ының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бала тәрбиесімен айналысуға мәжбүр”, — дейді. Яғни, заман ағымына сай елімізде отбасы мен қоғамдағы гендерлік теңдік мәдениетіне баса назар аударылып, заңдық-құқықтық акттер қабылдап, әйел мен бала құқын қорғауға басымдық берілгенімен, мәселе шешілер емес. “Гендерлік сезімтал қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталған қаншама заңнамалар қабылданғанымен, іс жүзінде қазіргі механизмдер жеткіліксіз болып отыр”, — дейді Г. Байымбетова.
Сондай-ақ, “Келешек” психологиялық орталы-ғының директоры, Астана қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі Наталья Семененко елордадағы жағдайдың да мәз еместігін жеткізді. Оның айтуынша, ажырасушылар саны өте көп. Статистикалық дерек бойынша, Астанада әрбір үшінші отбасы ажырасады. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде — әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалады. Өткен жылы Қазақстанда 40 мыңнан астам ажырасу фактісі тіркелген. Ал Британдық “The Economist” басылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойынша 10-орында тұр.
Талқыға түскен бала тағдыры
Бұрын қазақ үшін шаңырақ шайқалып, бір отбасының түтіні “қисайса” ұят саналатын. Қазір ажырасу кәдімгідей қалыпты жағдайға айналған. Енді мамандар ажырасқан ерлі-зайыптылар үшін емес, неке бұзылғаннан кейінгі балалардың тұратын жері мен ата-аналардың баламен қарым-қатынас уақыты туралы дау-дамай үшін “бас қатыратын” болған. Өйткені, ажырасып кеткен “екі еріктінің” ендігі “ермегі” — балаға талас. Отбасын сақтап қалуға жетпеген ми, баланы саудаға салуға жетеді.
Олай дейтін себебіміз, ажырасқан әкелердің 30%-ы балаларымен кездесе алмай, сотқа қайта жүгінуге мәжбүр. “Сот шешіміне қарамастан, әкелердің 30%-ы балалармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылған. Олар сотқа қайта жүгінуге мәжбүр. Бұл мәселеде ювеналдық соттар кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен бостандығын қорғауды ескере отырып, пси-хологтардың қатысуымен шешім қабылдайды”, — дейді “Қазақстан әйелдері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Байымбетова. Ал “Келешек” психологиялық орталығының директоры Наталья Семененко психологтарға арналған арнайы ереже қажет деп отыр. Наталья Семененко: “Кәмелет жасына толмағандардың ісі бойынша бірнеше жыл судья болып жұмыс істедім. Бір түсінгенім, Қазақстанда психологтардың нормативті құжаты жоқ. Ажырасу мен балаларды бөлісуде психолог көмегі тиімсіз. Себебі, әр психолог өз тәжірибесі мен өз пайымына қарай жұмыс істейді. Қос тарапқа бірдей қарамай, консультацияға жазылған тарапты қолдап кетуі де ықтимал”, — дейді. Сондықтан істі қарау процедурасын реттейтін нормативті құжат болуы тиіс. Құжатта баланың психологпен кездесу санын, психологиялық тестілеуден өтуін анықтайтын нормалар болуы қажет. “Психологиялық тестілеуді жаттап алған балаларды да көрдік. Ата-ана ажырасып, одан кейінгі мәселелерді шешуге тырысып жатыр. Ал балалар ерлі-зайыптылардың күш пен билікті иемденуіне көмектесетін құралға айналды. Балалардың міндеті — даму және оқу. Бірге тұрса да, бөлек тұрса да, балалар тек бақытты ата-ананы көруі керек. Балалар қорғауға мұқтаж, ал психологтарға құрал жетіспейді. Біз барлық өңірде бірыңғай ереженің жұмыс істегенін қалаймыз”, — дейді Н.Семененко. Отырыста “Қазақстан әйелдері қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі ажырасу кезінде балалар мен ата-аналарға әлеуметтік-психологиялық, психологиялық-педагогикалық зерттеулер өткізу жөніндегі ережені ұсынды. Құжат кәмелетке толмаған балалардың тұратын жерін айқындау мен кездесу тәртібін тағайындауға септігін тигізбек.
Қағаздағы қағида бала құқын қорғай ала ма?
Алайда, хаттап-мөрленген құжаттың бала психологиясына қаншалықты көмек болатынын ешкім де дөп басып айта алмайды. Қағаздағы қағиданың бала құқын қорғауға қауқары жетер, бірақ сағы сынған баланың ішкі күйзелісін, жан жарасын жеңілдете алмайтынына ешкім дау айта алмас. “2018 жылы “Ажырасудан кейін ата-ана мен балалар арасындағы гендерлік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және сақтап қалу” жобасын қолға алдық. Бізге Астана қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясы мен АҚШ елшілігі қолдау білдірді. Бұл нормативтік құжатты қабылдау үшін жұмыс тобы құрылды”, — дейді “Қазақстан әйелдері Ассосациясы” қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Аманжолқызы. Осы орайда, бала құқығының қорғалуындағы басты нәрсе — баланың мүддесі. Баланың психологиялық жағдайы және жағымды психологиялық орта екені ескеріле ме?
Қазақ халқының психологияялық, фило-софиялық бітім-болмысында ажырасу деген болмағаны шындық. Бізге жеткен әпсана “қазақ жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған”. Ал ата-ананың түсініспегені үшін, арада бала тағдырының талқыға түсуі бүгінгі күннің қасіреті. Сондықтан әрбір ата-ана отбасы құндылығы мен бала мүддесін саудаға салмас бұрын, “екі рет өлшеп, бір рет кес” қағидасын басшылыққа алса…
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ