«ОЛАРДЫҢ ЖАЗЫҒЫ – ЕЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АҢСАҒАНЫ» ТҮРКІСТАНДА АҚЫН Қ.БЕГМАНОВ ПЕН ТАРИХШЫ Х.ТҰРСЫНМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ «TÚRKІSTAN» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ КЛУБЫНДА АШАРШЫЛЫҚ ПЕН САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ТАҚЫРЫБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістанда 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубының кезекті отырысы өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақтың қилы тарихы» атпен ұйымдастырылған кездесуде ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін туралы деректер айтылды.  

Интеллектуалды клуб қонақтары – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын ХХ ғасырдағы зұлматтың қазақ халқының демографиясына орасан зор зиян келтіргенін айтты. Елімізде тарихи сананы жаңғырту бағытында жұмыстар жалғасуы керектігіне тоқталды.

Тарихшы Хазіретәлі Тұрсынның айтуынша, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді этноцид деп бағалауға толық негіз бар.

«Қаншама ғалымдарымыз ашаршылықтың себебі мен оның құрбандары туралы зерттеу жүргізіп,  бұл нәубеттің жеке ұлтты қырып-жоюға бағытталған саясат екенін жазды. Яғни, ашаршылықтың ғылыми бағасы берілді. 1928 жылы индустриаландыруды жүзеге асыру алға тартылып, байлар менен феодалдардың мал-мүлкі кәмпескеленді.  Азық-түлік Қазақстаннан алынды. Қазақпен ешкім санаспады. Негізгі шаруашылығынан, табыс көзінен айырылған халық аштыққа ұшырады. Бұл Біз саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алғанда олар жайлы «жазықсыз сотталды», «жазықсыз атылып кетті» деп айтып жатамыз. Ол дұрыс емес. Жазықсыз десек, қайраткерлеріміздің ұлт үшін ешқандай әрекет жасамағаны болар еді. Олар – жазықты. Жазығы – елдің тәуелсіз болғанын аңсағаны, ұлттық мүдденің аяққа тапталамағанын қалағаны.  Елімізде 22 жылдан бері ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өткізіліп келеді. Тарих бізге ұлттық сананы жаңғырту, сабақ алу үшін керек. Бүгінде Түркістанда қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Осы ретте өңірдің дамуында Түркістанның тарихи орны мен оқиғалары ескерілуі керек. Біз жас ұрпақ санасына тарихты сіңіру арқылы отаншылдыққа тәрбиелейміз», – деді ол.

Ал ақын Қасымхан Бегманов ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің қасіреті қазақтың рухын жаныштап кеткенін, біздің қоғамның осы зұлматтан ауыр зардапқа ұшырағанын айтты.

«Қазақ ақындары мен жазушыларының шығармаларында мұң көп. Оқырмандар да поэзиядан мұң іздейді. Неге? Өйткені, өткен ғасырдағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің қасіреті мен үрейі біздің бойымызға сіңіп кеткен. Өзге ұлттарға қарағанда ашаршылықтың зардабын қазақ пен украин халықтары қатты сезінді. Әдейі жасалған қастандық деуге болады. Сол қилы заманда Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстары, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай және өзге де қайраткерлердің бәрі қазақты аман алып қалу үшін күресті. Азаттыққа жеткізуді аңсады. Мен қазақтың арда ұлы Мұстафа Шоқайды зерттеу үшін ол жүріп өткен қалаларға, елдерге экспедиция жасадым. Фильм түсіріп, кітап жазу барысында қайраткердің таңғажайып тұлға екеніне көз жеткіздім.  Біз алашордашылардың ең жоғары деңгейдегілерін ғана білеміз. Өкінішке қарай, сол көсемдерге қолқанат болып, көмегін берген өзге де азаматтар туралы хабарымыз аз. Сондықтан қолына қалам ұстаған әрбір ақын, жазушы немесе журналист облыстық, аудандық, тіпті ауылдық деңгейдегі бір алашордашыны тауып, оны жарыққа шығаруы тиіс. Сонда ғана миссиясы жартылай болса да орындалды дей аламыз», – деген ақын Алаш қайраткерлері туралы поэмаларынан шағын үзінді оқып берді.

Кездесуге қатысқан жастар мен БАҚ өкілдері, рухани салада еңбек етіп жүрген мамандар қос азаматқа түрлі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдағы уақытта да руханият, тарих, әдебиет, саясат саласындағы өзекті мәселелер жөнінде кездесулер өткізуді жалғастырады.

 

Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Суреттерді түсірген: Антон Лещенко