Елбасымызға, Білім және ғылым министрлігіне мыңдаған ата-аналар, ҚТЛ түлектері, шәкірттері алғыс айтады

«ҚТЛ жабылатын болыпты» деген алып-қашты әңгіме лезде желдей есіп тарап кетті. Сол-ақ екен, жан-жақтан қоңыраулар үстін-үстін шалынды. Ата-аналар, түрік бауырлар, ҚТЛ түлектері… тіптен кішкентай қара домалақтарымыз да. Абыржу, әбігерлену, үрей. Он шақты жылдан бері «Қазақстан ZAMAN» газетінде істеп, түрік бауырларыммен, балаларыммен етене араласқан бізді де бұл оқыс хабар қатты абыржытты. Елбасымыздың «Біз ешкімнен кіші, үлкен емеспіз, иық тірескен серіктеспіз» деген айқын да айбарлы сөзі есіме түсіп, сабырға келгендей болдым. Иә, көп ұзамай ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдемесі шықты. Рақмет! Абыржыған ел кеңінен тыныс алды. Енді «Елбасымызға біздің атымыздан алғыс айтып мақала жазсаңыз» деген ата-аналардың тілектерін жерге тастамай, Елбасымызға төмендегі жүрекжарды АМАНАТЫН жаздым.

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Әлемде болып жатқан сан түрлі дүрбелең оқиғалар кімді де болсын сабырынан айырып, қалың елдің мазасын алып тұрғаны ақиқат. Алла Тағаламыз өзіңіз сияқты дана, көреген президентті бергеніне шексіз шүкіршілік етеміз. Тәуелсіздігіміздің қиын да ауыр жолында 25 жыл бойы талмай даналықпен көшбасшы болып, халқыңызды сүріндірмей, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай аман-есен алып келе жатқан өзіңізге шын жүректен алғысымызды айтамыз. Жиырма бес ғасырға парапар ширек ғасырда қазақ елінде ұланғайыр бұрын-соңды болмаған ғаламат оқиғалар болды. Ол ұлы оқиғалардың басықасында, әрине, өзіңіз болып, таңғажайып толағай істердің дүниеге келуіне өлшеусіз үлес қостыңыз… Сарыарқаның төріне Астана қаласын әкелуіңіз, Қазақстанды төрткүл әлемге мәшһүр етуіңіз, Семей полигонын жауып, Жер шарындағы бүкіл халыққа бейбітшілікті сақтаудың аса ұлы өнегесін көрсетуіңіз, елімізді өркениетті елу елдің қатарына қосуыңыз…

                             озал  nazarbayev-ozal

Тіптен Қазақстанды түркі елдерінің көшін бастатқызып, өзіңіз ол бауырларымыздың ынтымақ, бірлік, қарым-қатынасты ретке келтіретін ірі тұлғаға айналдыңыз. Тәуелсіздігіміздің зор жемісінің бірі Кеңес өкіметі кезінде өзара байланысымыз біржола үзілген Түркиямен арадағы қатынасымыздың терең тамыр жаюы, қос елдің басқа салаларын айтпағанда білім саласындағы Түркияның жетістіктерін кеңінен пайдалануға жол ашуыңыз зор көрегендік болды дер едік. ҚТЛ қызметін реттейтін «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркия арасында білім беру саласында екі жақты келісім негізінде тікелей өзіңіздің қолдауыңызбен құрылып, жүзеге асты. Астананы Сарыарқа төріне көшіру жөнінде сіз батыл қадам жасағанда қаншама кереағар күңкіл сөздер көп болса, бұл бастаманы қолдап, жүзеге асырғанда да бүйректен сирақ шығарғандар аз болған жоқ. Кейін ҚТЛ жарқырап шығып, оны бітірген қарадомалақтарымыз білімдерімен Еуропаны, Батысты мойындатып, алтын медальдарын сыңғырлатып Қазақстан абыройын көтергенде, олардың ауыздарына құм құйылды. Ал сіз осы күнге дейін ҚТЛ-дерді үнемі қолдап, демеп, қанатыңыздың астына алып қорғап келдіңіз. 

golub_flag01Мұны біз қалай данышпандық, көрегендік демеске! Иә, ҚТЛ жұмыс істеген 1992 жылдан бері оқушылардың оқу үлгерімдерінің жоғары екендігін Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге паш еткенін мына төмендегі деректемелерден айқын көруге болады. Соңғы жылдардың ішінде ҚТЛ-де оқитындар 5327 медаль жеңіп алды, оның ішінде 986-сын АҚШ, Ресей, Сингапур, Оңтүстік Корея, Қытай, Румыния, Канада, Бразилия, Грекия, Германия, Жапония елдерінде өткен халықаралық олимпиадаларда өңірлеріне жарқырата тақты. Қазір, өзіңіз білесіз, мемлекетімізде 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейлері, 3 жекеменшік лицей, 2 халықаралық мектеп қызмет етеді. Нақтылап айтсақ, лицей оқушыларының 1995-2016 жылдары иеленген медальдар саны — 15156. 2014-15 оқу жылы ҚР ЖОО-на 1343 оқушы тапсырса, оның 848-і грант иегерлері. Назарбаев университетіндегі үш студенттің біреуі ҚТЛ түлегі. Мұны кезінде өзіңіз де мақтап айтып, ҚТЛ-ден үлгі-өнеге алуды министрлікке тапсырғансыз. ҚТЛ түлектері АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония, ктлРесей, Қытай, Канада, Сингапур, Түркия және Еуропаның алдыңғы қатарлы ЖОО-да білім алуда. 2015 жылы Павлодар қазақ-түрік лицейінің түлегі Әділ Қабылда МГУ-дың және Шымкент қазақ-түрік лицейінің түлегі Оңтүстік Кореядағы техникалық «UNIST» университетінің «Ең үздік студенті» атанды. Қазіргі таңда қазақ-түрік лицейлерінің 100 түлегі Оңтүстік Кореяның осы университетінде білім алуда. Жалпы ҚТЛ жүйесі өзіңіздің әлем назарын аударған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарыңыздың аясында жүргізіліп келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, ҚТЛ — қазақ тілінде оқитын дарынды балаларға арналған облыстық лицей-интернаты. «Биыл ҚТЛ-ды 1634 түлек тамамдады. Олардың ҰБТдағы орташа балы — 102,3. ҰБТ — 2016 қорытындысы бойынша барлық ҚТЛ «Республиканың үздік 100 мектебі» тізіміне кірді. ҚТЛ-да тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру тәрбиесінің концепциясымен сәйкес, «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясымен, Президенттің «Қазақстан — 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстандық жол — 2050: бір мақсат, бір мүдде,  бір болашақ» Жолдауларымен сәйкес жүзеге асырылады. Министрліктің қолдауымен «KATEV» ХҚҚ жыл сайын республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасын өткізеді, оқушылар «Ұлы Дала Елі» экспедициясына, «Ұрпақ» мәдени-білім беру жобасына белсенді қатысып отырады. Қадірлі Нұрсұлтан аға, мен бұл хатты мыңдаған ата-аналардың өтініштері бойынша жазып отырмын. Хатымыздың басында әлемнің мазасызданып тұрғанын айтып өттік. Бірақ, Құдайға шүкір, сіздің сара, дана басшылығыңыздың арқасында еліміз тыныштық құшағында. Бауырлас Түркияда болып жатқан оқиғаның салқыны біздің ҚТЛ-ге де әсер ете ме деп мазасызданғанымыз рас. Министрлік бұл мазасызданғанымызға басу айтып мәлімдеме жасады. Министрліктің мәліметінше, ҚТЛ-дердің Түркияға қатысы жоқ, білім беру саясатын қазақстандық және халықаралық стандарттардың негізінде құрады.

new-logo-2ҚТЛ қызметін реттейтін «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркияның арасында білім беру саласында екіжақты келісім негізінде Н.Ә.Назарбаев пен Т.Озалдың қолдауымен құрылған еді. ҚТЛ жұмыс істеген уақыттан бері оқушылардың оқу үлгерімінің жоғары екенін көрсетіп, елдегі білім беру мекемелерінің ішінде абыройлысы екенін дәлелдеді. Соңғы жылдардың ішінде ҚТЛ-де оқитындар 5327 медаль жеңіп алды, оның ішінде 986-сын Бразилия, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Румыния, Канада, Грекия, Германия, Жапония елдерінде өткен Халықаралық олимпиадаларда алды. ҚТЛ-да 1124 оқытушы жұмыс істейді, олардың 1030-ы Қазақстан азаматы (91,7 ктл2пайызы), 94-і Түркия азаматы (8,3 пайызы). Мұнымен қатар, Білім және ғылым министрлігінің мәлімдемесінде: «Қазақ-түрік лицейлерінің отандық білім беру саласында өз орны бар және олардың қызметін өзге елдердің саяси жағдайының контекстінде байланыстырудың қажеті жоқ. Ешкім сырттан оларға қысым көрсетуге құқылы емес, олар Қазақстанның мектептері және Қазақстанның азаматтары», — делінген. «Біз ресми түрде мәлімдейміз, ҚТЛ-дың, «KATEV» қорының өзге елдің үкіметтерімен, ұйымдарымен және жеке тұлғаларымен байланысы жоқ», — деп мәлімдеді «KATEV» қорының өкілдері. Сізге мыңдаған ата-аналардың атынан шын жүректен алғысымызды айтамыз. Мен де үлкен отбасының анасымын. Ата-аналардың барлығы балаларының иманды да тәртіпті тәрбие алғанын жақсы көреді ғой. ҚТЛ-да оқыған, тәрбиеленген шәкірттер, түлектер шынында да білімді, білікті, иманды екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Ол сіздің де назарыңыздан тыс қалған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, оған үнемі аялы қамқорлық жасап келесіз.

1362652685_12-Менің немерелерім, қарапайым ауыл балаларынан, ел азаматтарының, зиялы қауымның, басқа ұлт өкілдерінің балалары осы лицейде оқып жатыр. Өзіңіздің бастамаңызбен ашылған және сіздің саясатыңызды үнемі қолдап келе жатқан үлкен басылым — «Қазақстан ZAMAN» газетінде мен сегіз жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ел аралап жүргенде міндетті түрде осы мектептерді де назардан тыс қалдырмай, жетістіктерін оқырмандарға сүйіншілеп жазып отырамыз. Түрік бауырларыммен етене, қоян-қолтық бірге жұмыс істеймін. Сондықтан олардың сізге деген ризашылығын, сізді өте жақсы көретінін, сіздің саясатыңызды шын жүректерімен шынайы түрде қолдайтынын, тек қолдап қана қоймай, үнемі насихаттап, мақтанышпен айтатындарын мен жақсы білемін.

13094261_560860284093369_1219941610813584460_nМен мұны жетпіске келген Әже, Ана, Ұстаз ретінде, мен де сіздің саясатыңызды қолдайтын саясаткер ретінде өзіңізге жеткізуді парыз санадым. Сізге Алла разы болсын! Он мыңдаған ата-аналар, түлектер, тағы да қайталап айтамын, өзіңізге шын жүректен ризашылығын білдіріп, алғыс айтып жатыр. Шынында да, сіз мемлекетімізді басқарып отырған шақта біздің еліміздің тұрғындарына мазасызданудың жөні жоқ екендігін сеніммен айта аламын. Әлемге тыныштық тілейміз, түрік ағайындарға Алла тыныштығын берсе екен. Біз Сізбен мақтанамыз, Сізге өзімнің, мыңдаған ата-аналардың, ұстаздардың, оқушы, түлектердің атынан зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, алдыңызға қойған бар мұрат-мақсаттарыңызға жетуіңізді тілейміз. Қашанда Алла тірегіңіз болып, еліңіз береке-бірлікте болып, Тәуелсіздігімізді ұзағынан сүйіндіріп, мәңгілік болуын нәсіп етсін!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, 

халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті

директорының бірінші орынбасары,

«Елана» Қоғамдық, әлеуметтік,

ақпараттық-танымдық  сайтының бас редакторы,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.