«Мүбәрак болсын» дегенді қалай түсінуге болады? Все права защищены.

Араб тіліндегі «Мүбәрак» сөзі қазақ тілінде құт-береке мағынасын білдіреді. Сол себепті, бүгінде «Жұма мүбәрак болсын», «Рамазан айы мүбәрак болсын» деген сөз тіркестері кең қолданылысқа кіре бастады. Сөздің мағынасын түсінбеген кейбіреулер, «Жұма мүбәрак болсын» не деген сөз? Бұл арабқұлдық емей, немене? деп бүйректен сирақ шығарып жатады.

«Жұма мүбәрак болсын» сөзі мен халқымыз арасында кең қолданысқа енген «тәбәрік» сөзі бір түбірден тарайды. Қазақ халқы жақсының шарапаты жұқсын деген түсінікпен біреуден «тәбәрік» алуды дәстүрге айналдырған. «Мүбәрак болсын» сөзі де жұма күннің құт-берекеті молынан дарысын деген өзара тілеулестік.

Имам Матуриди, Құрандағы: «Біз оны (Құранды) құт-берекеге толы түнде түсірдік» («Дұхан» сүресі, 3-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Бүкіл жақсылық табылған нәрсе – мүбәрак делінеді. Мүбарак сөзі, Құранда: «Құран түскен қадір түнін – құт-берекелі түн. Аспаннан жауған жаңбыр суын: «Біз көктен мүбәрак жауын жаудырдық…» («Қаф» сүресі, 9-аят), аспаннан жауып, жерден шыққан ризықтарды: «…Әлбетте, Біз олар үшін көк пен жердің берекет қақпаларын ашамыз» («Әғраф» сүресі, 96-аят) деген тіркестер келеді. Мүбәрак дегеніміз – үнемі артып, өсіп-өніп тұратын жақсылықтың қайнаркөзі» (Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 13-том, 292 б.) деп, жанды-жансыз әрбір жаратылысда береке барын, адамзат игілігі үшін жаралғанына назар аудартады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бізге жаратылыс туралы сыр шертіп, адамзатқа жаратылу мақсатына лайық өмір сүрудің жолдарын Құран аяттары мен сүннеті негізінде көрсетіп кетті.

Құт-берекенің негізгі қайнаркөзі – Құран және сүннет. Құран үкіміне, сүннет тағылымына лайық өмір сүрген әрбір ізгі жандардың екі әлемдері құт-берекелі болмақ. Сондай-ақ, белгілі бір күндерді «мүбәрак болсын» деп жатуымыз «құт-берекеге» толы болсын деген ізгі ниеттен туындаған.

Абдулла ибн Омар (р.ғ.) Құрандағы: «…Оның нұрының мысалы: бейне бір, ішіне шам қойылған (қабырғадағы қуыс) текше іспетті. Шынының ішіндегі нұр құтты бір жарқыраған інжу-жұлдыз сияқты. Ол мүбәрак ағашпен (майымен) жанады» («Нұр» сүресі, 35-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «Текше – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) іші, Мөлдір шыны – жүрегі, Алла Тағала оның көкірегінде нұрды жарқыратып қойды. «мүбәрак ағаш» яғни, оның шежіресі Ибраһимнен (ғ.с.) келеді. Алла Тағала нұрды Ибраһимнің (ғ.с.) көкірегінде жарқыратқан сияқты Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көкірегінде де жарқыратты» (Доктор, Омар Абдулла Кәмил, әл-Инсаф фима усира хаулаһул хилаф, 500 б.) деп, құт-берекелі пайғамбарлық міндетті тәбәрік ретінде жалғасқан нұрлы шежіре деп топшылайды.

\Қазақ дәстүріндегі тәбәрік қылу ісі осы аяттардан бастау алады. Соның ішіндегі кең таралған бір түрі, дүние есігін жаңа ашқан сәбиге тәбәрік қылып, Ибраһим, Мұхаммед, Омар, Осман, Хадиша, Айша және т.б. аттарды қойып жатады.

Сонымен қатар, қайтыс болған үлкен және сыйлы кісінің артынан қалған киімдерін тәбәрік қылып, жыртыс тарату дәстүрін де көріп өстік. Тәбәріктің мұндай түрлері Алла разылығы үшін садақа шығару мақсатында болса, тірі адамға да, өліге де пайдасы тиері анық. Яғни, ғалымдар шарт еткендей, Аллаға ортақ қосуға апаратындай әсірешілдік жасалмаса болғаны.

Демек, тәбәрік қылу және қасиетті күндерде «мүбәрак болсын» деп өзара тілеулес болу шариғатқа қайшы емес. Керісінше, ізгі ниеттен туындаған мұсылмандық өнегелі үрдіс деуге болады. Самет Оқанұлы, исламтанушы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған