Астанада ІІ Еуразия Халықаралық «Eurasian Book Fair-2017» кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр

Елордасы Астананың «Көрме» орталығында ІІ Еуразия Халықаралық «Eurasian Book Fair-2017» кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. 15-18 маусым күндеріне жоспарланған жұртшылыққа жаңа кітаптар мен ерекше туындыларды ұсынатын ауқымды шараның бүгін ашылу рәсімі өтіп, оған ҚР Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова арнайы қатысты. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтіп жатқан кітап жәрмеңкесінің де еліміз және шетелдіктер аса маңызға ие екенін баса айтты. Ұйымдастырушылар мен көрмеге қатысушыларды құттықтап қана қоймай, Г.Наушақызы кітап жәрмеңкесін толықтай аралап шықты.

Біз де өз кезегімізде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырған бірегей шараны түгелдей аралап, тың дүниелермен танысып шықтық. Соның ішінде Халықаралық кітап жәрмеңкесіне алғаш рет қатысып отырған Қытай Халық Республикасы (ҚХР) «Ұлттар баспасының» кітаптары көзімізге оттай басылды. Өзіміз сол әріптерді танымасақ та, ата-бабамыз сусындап өскен төте жазумен (араб қарпі) жазылған кітаптардың жүз шақты түрі көрмеге қойылыпты.

 -Екі ел басшыларының бекіткен достық байланыстары арқасында мінекей, қос мемлекеттің рухани байланысының да арта түскеніне куә болып отырмыз. Жұмысын бастағанына 55 жылға жуықтаған баспамызда алғашында ҚХР-дың Заңдарының қазақ тілді аудармалары ғана шықса, өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап қазақтың маңдайалды ақын-жазушыларының еңбектері де жарық көре бастады. Одан кейін 90-жылдар, ХХІ ғасырға аяқ басқан шақта көрсеткіштер жоғарылап, қазақ авторларының шығармалары төте жазудан бөлек қытай тілінде де оқырманға жол тартты. Бұрынғыға қарағанда қазір оқырмандарымыздың саны көбейген. Бұған интернеттің, наисхаттың түрлі әдістерінің көптігі сеп болып отыр,-дейді баспадағы қазақ бөлімінің редакторы Жұмажан Сұлтанәліұлы.

                                                                                Жұмажан Сұлтанәліұлы

Аталмыш көрмеде дәстүр бойынша көптеген кітаптардың таныстырылымы 18 маусымға дейін өтетінін еске сала кетейік. Мәселен, бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Дүние, шіркін», «Кісілік кітабы», Н.Рахманқызының «Қазақ киносы: кеше және бүгін», тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлының «Түріктер» , ақын, аудармашы Маржан Ершудың қазақ және түрік тілдерінде жарық көрген «Дина»  кітабының тұсаукесері өтсе, алдағы үш күн бойына басқа да белгілі қаламгерлердің су жаңа шығармалары оқырманға алғаш рет жол тартпақ.

                   Маржан Ершудың қазақ және түрік тілінде шыққан “Дина” кітабы

Сондай-ақ, кітап көрмесі, жәрмеңкесі десе бар жұмысын ысырып қоюға даяр тұратын, кітапсүйер қауымға кеңінен танымал журналист Марфуға Шапиянды да сөзге тартқан болатынбыз.   

-Қазіргі кезде танымдық кітаптар және есімі елге белгілі тұлғалар жайында жазылған биографиялық мемуарлар немесе сол жанрдағы кітаптарды оқуға қызығып жүрмін. Осы көрмеден де қоржыным бос қайтпайды деп ойлаймын. Жәрмеңкеге кіре сала «Фолиант» баспасынан шыққан У.Черчильдің өмірбаяны туралы кітапқа көзім түсіп, соны алдым. Одан бөлек, өзіміздің қаламгерлеріміздің қандай да бір жаңа туындыларын кездестіріп жатсам сатып алып, міндетті түрде танысып шығамын,-дейді М.Шапиян.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған