ЭКСПО-ны көрген де арманда, көрмеген де арманда!

Өткен аптада жиырмаға жуық мемлекеттің көшбасшылары арнайы қатысқан, қазақты да, қазақ еместі де таңғалдырып, тамсандырған үлкен шараның бастау алғаны жалпақ жұртқа белгілі. Ол, әрине, ел ордасы Астанадағы «ЭКСПО — 2017» көрмесі. 2011 жылы Бельгияның Льеж қаласынан бәсі жоғары саналып, Халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу құқығына ие болған Астанамыз содан бері иығына ауыр жүк артты. Көрме өтетін ауқымы кең алаң белгіленіп, 2012 жылдан бастап Қазақ елі құрылыс жұмыстарына қызу кірісті. Бес жыл ішінде «ЭКСПО — 2017» алаңы төңірегінде бес кітапқа бергісіз оқиғаларды бастан өткергеніміз күні бүгінгідей әлі есімізде. Жә, өткенді еске түсіріп, ескі жараның бетіне тұз сеппей-ақ қоялық. Бастысы, «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, бұл көрме шетелдіктерді былай қойғанда, қаракөз
қазақтың өзіне таңдай қаққызды. Есігінен еніп, төрге озған шетелдік туристерді, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен қала тұрғындарын айтпағанның өзінде көрме алаңынан тас лақтырсаңыз не журналистке, не камерасын құшақтаған операторға тиейін деп тұр. Республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, мұхиттың ар жағынан да, бер жағынан да келген журналистерді санаудың өзі мүмкін емес.

Қош, біз де өз кезегімізде қағаз, қаламымызды алып, «ЭКСПО — 2017» қалашығына бағыт алдық. 173,4 гектар аумақты алып жатқан қала ішіндегі қалашықты бір күнде аралап бітіре алмасымызды білгендіктен, көрмеге жасаған алғашқы саяхатымызды «Нұр әлем» павильонынан бастадық. Ол — бәрімізге айдан анық көрменің басты символы, яғни шар тәріздес алып нысан.

ҒАЛЫМДАРЫМЫЗДЫҢ ОЙЛАП ТАПҚАНДАРЫ «ҰЛТТЫҚ ПАВИЛЬОНДА» ТІЗІЛІП ТҰР

Қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауда ұстаған алаңға кірудің өзі алтын уақытыңызды біраз шығындайды екен. Оның үстіне құжынаған халық ішкі істер қызметкерлерінің тексеруінен өтем дегенше өзіңді құдды бір сауда орнының кассасында кезекте тұрғандай сезінеді екенсің. Дегенмен, маңайыңа қарап, қалашықта көрініп тұрған биік-биік павильондарды көзбен шолып тұрғанда ішке қалай кіріп кеткеніңізді аңдамай да қаласыз. Одан кейін әр қадамды асықпай басып жүре берсеңіз, теледидар арқылы жоғарыдан көрген ғимараттардың жанына тап боласыз. Ең ерекше нысан «Нұр әлем» павильоны екені тағы белгілі. Бір жағынан «Ұлттық павильонымыз» орналасқандықтан, аталмыш шар тәріздес ғимаратқа аңсарымыз ауа берді. Оған да еркін кіру қиынның қиыны екен. Жүздеген адам жиналып қалған шаршы топтан 1520 адам ғана ішке кірсе, қалғаны 5-10 минут күте тұрады. Осылай біздің де кезегіміз жылжып, «бақытты» жиырма адамның ішінен біз де табылдық.

Бірінші қабаттағы «Ұлттық павильонымыз» дөңгеленген дүниедегі тіршілікке пайдалы болған жобаларға толы екен. Сөзімізге өнертапқыш Алтай Әлімғазиннің «Әртүрлі объектілерді энергиямен қамтамасыз етуге арналған Жасыл жылыту қондырғысы», Александр Геннадьевичтің «Күн сәулесі шоғырлануы бар автономды гибридті қондырғысы» және өзге де отандық ғалымдардың тың идеялары дәлел бола алады. Байқасаңыз, барлық қондырғының құрылымы өте күрделі, бірақ тіршілік иелеріне зәредей зардабы жоқ. Павильонда макеті ғана қойылған жаңа инновациялық технологиялар туралы толыққанды мәлімет алуға бар жағдай жасалған. «Жасыл экономика» интерактивті картасы арқылы еліміздің қай өңірінде экологияға еш зияны жоқ тың технологиялардың ойлап табылып жатқаны немесе қолданылып жатқаны жайында да нақты деректер келтірілген.

«БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ» ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

Биылғы халықаралық көрменің тақырыбы — «Болашақ энергиясы». Аталған тақырып төңірегінде «Нұр әлем» павильонының екінші қабатынан жетінші қабатына дейін білмегеніңізді біліп, білгеніңізді толықтыра түсуге мол мүмкіндік бар. Әсіресе жазғы каникулға шыққан ойын баласын ойланту үшін, кітаптан не интернеттен көргенін түрлендіре түсу үшін «Болашақ энергиясы» музейіне барғаныңыз ләзім. Мәселен, тіршілік көзі — судың қандай алып күшке ие екенін балаңыз білмеуі де мүмкін. Ал одан бөлінетін энергияны өндіріске қалай жаратуға болады, қандай жолдары бар, ол — бөлек әңгіме. Бұдан кейін үшінші қабатқа көтерілсеңіз, адамзат тарихындағы түрлі инновациялық технологияларға куә боласыз. Кәдімгі қол бұрғысының бағзы замандарда Еуропада пайда болғанын біреу білсе, біреу білмес. Күнделікті тұрмыстағы түрлі заттардың алғашқы үлгілерін көргенде таң қалмасқа шараңыз жоқ. Сондайақ, өзіңіздің де, балаңыздың да кинетикалық энергиясын қандай деңгейде екенін анықтау үшін қойылған ойындар, велосипед жарысы бір серпілтіп тастайды.

Төртінші қабат жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне арналыпты. Яғни, бұл қабатта хайуанаттар бағы немесе бақшаның куәсі емес, жан-жануарлар мен өсімдіктердің де биосфераға пайдасының сан алуандығына көз жеткізесіз. Мәселен, ағылшындар ұсынып отырған «H.O.R.T.U.S» технологиясына балдырлар пайдаланылып, көмірқышқыл газын таза оттегіге айналдыруға болады екен. Бұл қазіргі заманның басты проблемасы экологиялық дағдарыстың күшін жоюға таптырмайтын құрал дейді мамандар. Бізге жаңалық көрінген бұл инновациялық технология дамыған мемлекеттердің көптеген компанияларында қолданылса, осы көрме арқылы халыққа насихаттап отырғанының негізгі себебі басқа. Яғни ғалымдар «H.O.R.T.U.S»ты үлкен қалалардың тұрғындары, әрбір отбасы пайдаланса да артық етпейді деген пікірде.

БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗІ — БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

«Болашақ энергиясы» музейінің «Жел энергиясы» бөлімі павильонның бесінші қабатынан орын алыпты. Бұл қабатта қонақтар желдің түрлері, атап айтқанда, самал желден бастап торнадо, яки құйынға дейінгі желдің неше түрімен таныса алады. Ал, ең маңыздысы, осы көзге көрінбейтін, қолмен ұстай алмайтын желде баға жетпес энергия көзі барын ғалымдар өткен ғасырдың 70-жылдарында мойындады. Сол кезеңнен бастап еуропалық, америкалық өнертапқыштар жел энергиясын пайдалану үшін неше түрлі құрылғыларды, инновациялық технологияларды ойлап тапты. Сонымен қатар, желдің қуаты үш түрлі берілген бөлме халықтың назарын бірден аударды. Әсіресе Арқа жұртшылығының телефонына күшті жел туралы жедел хабар әлсін-әлсін келіп тұратыны белгілі.

Десе де, желдің қуаты қанша екенін көпшілік біле бермейді де. Ал аталмыш бөлмеге кірген адам 12-19 км/сағ, 29-38 км/сағ және 50-61 км/сағ жылдамдықтағы желдің қуаты қандай болатынын өз көзімен көріп, денесімен сезіне алады.

Алтыншы қабат толықтай Күн жүйесі, Күн энергиясына арналған екен. Көпшілік шар пішіндегі бөлмеге кіріп, Күнді Жердің қалай айналатынын, бізге беймәлім аспан әлеміндегі планеталардың қозғалысын тайға таңба басқандай көре алады. Соңғы айтқан қос қабатымыздың жел және Күн энергиясына арналуы да тегін емес секілді. Баламалы энергия көзі болашақ кепілі екенін бүгінгі ғылым дәлелдеп, ғалымдар мойындап отыр. Күн көзінен қуат алатын батареяларды қолмен ұстамасақ та жақсы білеміз. Әсіресе жапондардың жаңадан ойлап тауып жатқан инновациялық қондырғыларының бәріне баламалы энергия көзі пайдаланылатынын айта кеткен жөн. Жарнамасы «ЭКСПО — 2017» көрмесі арқылы қызып жатқан батареялар әрқайсысымыздың үйімізден жуық арада табылып жатса, таңқалмаймыз.

Одан әрі жетінші қабатта ғарышкерлердің еңбегіне куә болдық. Бүкіләлемдік космонавтика, Айға саяхат және жасанды жер серіктерінің жұмысы осы бөлімде бүге-шігесіне дейін көрсетіліпті. Аяғыңыздың астынан, басыңыздан жоғары толықтай Ай туралы мәлімет беріп тұр. Барлық қазақ баласы армандаса да үш-ақ қазақ бағындырған ғарыш туралы негізгі ақпараттар, түрлі жәдігерлер келуші жасөспірімдердің бәрінің болмаса да, бірнешеуінің жүрегінде қалып, арман-қиялына жетелеп әкеткеніне бек сенімдіміз. Ал «Нұр әлемнің» сегізінші қабаты «Болашақ Астана» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, елордасы Астана жөнінде ерекше әдіспен ақпарат беретін бұл қабат павильонды қорытындылайды.

Әзірге Халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесіне алғаш барғандағы көрген-түйгеніміз осы. Алдағы уақытта бұдан өзге павильондар туралы ой толғап, әсерімізбен бөлісетін боламыз.

Ермұрат Назарұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған