Есенгүл Кәпқызы: Квота тоқтаса, көш те тоқтайды
Шеттегі 5 миллион бауыр жұтылса, Атажұрт, саған сын!
1. Көш неге тоқырады? Себеп-салдары қандай деп ойлайсыз?
2. Ол көшті қайтадан қалай жандандыруға болады?
3. Бауырларымыз Өзбекстан, Қытай, Монғолия, Ресейде молынан шоғырланған. Олар өздерінің ата-баба қоныстарында өмір сүріп жатыр. Сол бауырларымызға мемлекет тарапынан қандай қамқорлық жасауға болады? Оларды елге қайтаруда қандай қарекеттер, үгіт-насихат қажет?
4. Солтүстік, шығысымызда қазақтың саны селкеу. Елбасымыздың бастамасымен «Нұрлы көш» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Мұндағы жағдайға көңілі толмаған біраз бауырымыз қайта көшіп кеткенін жақсы білеміз. Бауырларымызды орналастыруда, қарсы алуда қандай кемшіліктер жібердік? Бағдарламаны олар үшін қалай тиімді етіп жасауға болады?
1. Елбасының жақсы бастамасымен басталған қазақтың этникалық көшінің тоқтағанына он жылға жуық уақыт болып қалды. Оның негізгі себеп-салдары Қазақстандағы шенеуніктердің, негізгі шешім қабылдайтын адамдардың оған қырын қарауы. «Бұдан жаман күнімде тойға барғанмын» депті ғой бір сылқым. Сол секілді, дүние дүр сілкініп, айнала астаң-кестең болып жатқан алмағайып заманда көштің керемет қарқын алғанын білесіз. Қазақстан дамудың дара жолына түсіп, әл-ауқатын жақсартып, дамыған 50 елдің қатарынан ойып орын алған уақытта көш тоқтады. Неге? Біріншіден, шетелдегі қазақтар кім, олардың шетте қалу тарихы қалай? Неге қазақ халқының басым көпшілігі алыс және жақын шетелдерде жүр? Дәл осы сауалдарға стратегиялық тұрғыдан баға берілмеді. Көп адамның түсінігінде шетелдегі қазақ ел басына қиын-қыстау заман туғанда үдере көшкен, қашқан-пысқан, босқын қазақ болып елестейді. Әрине, 1916 жылғы Ақ патша жарлығы, ХХ ғасыр басындағы зұлмат, алапат аштық кезінде шекаралас аймақтардан біраз қазақтың жан сауғалап, өзге елге үдере көшкені рас. Бірақ шетте жүрген 5 миллионның бәрі босып кетті десек, оңбай қателесеміз. Негізі, қазақтардың басым көпшілігі өздерінің ата-баба мекенінде өмір сүріп жатыр. Көп территориямыз жаттың қолында қалып қойды. Онда тек жер ғана емес, халық, қазақ қалды. Бірақ дәл осы тарих тарих оқулықтарына әлі енген жоқ. Мектептерде қазақ ирриденттері мен диаспоралары туралы арнайы пән оқытылмайды. Тарихи сана, тарихи жады мектепте қалыптасатынын ұмытпауымыз керек. Екіншіден, елге келген қазақтың мұң-мұқтажын көп жаздық. Оларды тіпті масылдар, қолдарынан ештеңе келмейтін ас ішіп, аяқ босататындар дәрежесіне дейін төмендеттік. Бірақ олардың интеллектуалдық әлеуетін санамалап, қазақтың рухани байлығына қосқан үлесіне баға бере алған жоқпыз. Құжаттарды қарасаңыз, әлі күнге дейін құр сандар мен цифрлар келтіріледі. Алайда терең анализ, нақтылы талдау жоқ. Кейде маған осы салада зерттеу жүргізіп жүрген, әлдебір грантты ұтып алған жастар хабарласады. Ниеттері жақсы, алайда тақырыпты жете түсінбеген, оралман деген анықтаманы екіұшты ұғынатын адамдар екенін байқаймын. Осы саламен айналысатын адамдар әуелі сол саланы жақсы білетін өкілдермен бірлесе жұмыс істеуі керек. Дәл осы ақпаратты бұрмалап жеткізушілік оралмандар туралы теріс пиғылдың, қате көзқарастың қалыптасуына ықпал етті. Оны кейбір шенеуніктер өз мүддесіне жақсы пайдаланды. Мәселен, 2012 жылы Маңғыстаудағы Жаңаөзен оқиғасы кезінде Тимур Құлыбаев, Ермұхамет Ертісбаев секілді беделді шенеуніктер оқиғаға оралмандар кінәлі деген ашық пікір білдірді. Осыдан кейін оралманның қолдаушысы, жанашырымын деп жүрген біраз ақпарат құралы (қазақтілді) олардың басына қара бұлт үйірді. Осыдан кейін бір ізге түскен заңнамалық құжаттарымыздың бәрінде этникалық қазақ көшін тоқтатудың амал-айлалары жасалды. Қысқасы, оралман 4 жылсыз азаматтық ала алмайды, келген елінің азаматтығынан шықпай азаматтық берілмейді, сотталмағаны туралы анықтама әкелуі тиіс, тұрақты тіркеуден шығып келуі керек секілді кедергілер ойлап табылды. Ақпарат құралдары екі жыл шулап жүріп, Халықтың көші-қоны туралы заңы екі жыл талқыланып жүріп, әйтеуір азаматтықты бір жылдың ішінде алатын болды, келген елінің азаматтығынан шығу міндеттелмейді. Демек, көзге көрінетін кедергілер алынып тасталды да, көрінбейтін кедергілер бәрібір қалып қойып отыр. Мәселен, қазақтардың өз елінде сотталмағаны туралы анықтама. Осы анықтаманың кесірінен қаншама бауырымыз жылап жүр. Отбасылар екіге жарылып жатқан заман. Бұл туралы ақпарат құралдары қанша мәселе көтерді. Бірақ құлақ асқан Үкімет жоқ. Қазір шетелден келетін қазақтардың жалғыз жолы қалды. Осында оқуға келіп, студенттік визамен ҚР азаматтығын рәсімдеу. Жақында осы қазақ диаспорасына бөлініп келген 2 пайыз білім квотасының өзі бөлінбейтін болды деген сыбыс естідік. Бірақ Білім және ғылым министрлігі оны жоққа шығарып отыр. Егер ол тоқтайтын болса, көші-қон мүлдем тоқтайды деген сөз. Бұрын осыдан бірнеше жылдың алдында шетелдік қазақ талапкерлер магистратурада тегін оқу мүмкіндігіне ие болатын.
2. Көші-қонды жандандыру үшін, аталған көзге көрінбейтін кедергілерді жою керек. «Оралман куәлігінің» статусын өзіне қайтарып, шетелден келген қазақтарға Қазақстан азаматымен бірдей дәрежеде жеңілдіктер қарастырған жөн. Мысалы, қазір 7 аймаққа қоныстандыру жайлы арнайы Қаулы шықты. Бірақ соның қаншалықты орындалып жатқанынан кімнің хабары бар? Осы заң күшіне енген 2 жылда Қазақстанға қанша қазақ келді? Өйткені көші-қонмен айналысатын құзырлы органдар жоқ қазір. Көші-қон стихиялы түрде жүзеге асуда.
3. Оларға жасалынатын негізгі қамқорлық рухани тұрғыдан жасалуы тиіс. Қазір кез келген мемлекеттегі бауырларымыз сол елдегі негізгі ұлтпен ассимиляцияға түсіп, жоғалу алдында тұр. Бұрынғыдай қазақ мектептері, қазақтың рухани ошақтары бүгін ойдағыдай жұмыс істемейді. Мәселен, Баян-Өлгийдің ұлт-аспаптар оркестрі үнемі көмекке, ұлттық киімге, ұлттық аспаптарға зәру екендігін, онда жарық көретін жалғыз қазақ басылымы «Шұғыла» журналының қаржының жоқтығынан тұрақты шыға алмай келе жатқандығын жиі айтамыз. Бірақ соның қолдау тапқанын естіген жоқпыз. Сондай-ақ, қазақ басылымдарын жеткізу, қазақ тіліндегі кітап, оқулықтармен қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелер әлі күнге дейін бір арнаға түскен жоқ. Қазір Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында аса бір достық қарым-қатынас жолға қойылды. Бірақ қазақ үкіметі ондағы қазақтың жан айқайын мәселе ретінде көтерген емес. Қазір Қытайдағы қазақтың басына кәдімгідей күн туып тұр. Ересектеріне шетелге шығуға рұқсат бермейді. Егер екі ортада сауда-саттықпен айналысып жүргендер болса, оларға «екі жүрек» деген айдар тағып, қудалауға ұшыратады екен. Оларды елге қайтару үшін аса бір үлкен үгіт-насихаттың қажеті жоқ. Өйткені 25 жылда 1 миллион қазақ келді деп жүрміз ғой. Сол 1 миллион қазақтың тірлігі, әлеуметтік орны, бала-шағасының Қазақстан қоғамына кірігуі сол үлкен насихат болар еді. Келгісі келген қазаққа кедергі жасамаса, көші-қон өзінің ағымымен жүре берер еді.
4. «Нұрлы көш» бағдарламасы Бердібек Сапарбаевтың Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінен кеткен күнінен бастап тоқтаған. Қазір «Нұрлы көш» деген арнайы бағдарлама жоқ. «Серпін» бағдарламасының аясында, Солтүстікке қазақтарды қоныстандыру процесі жүріп жатыр. Ең бірінші жіберілген кемшілік — «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған ауылдарға бөлінген қаржының талан-таражға түсуі. Мысалы, Көкшетау қаласының жанындағы «Красный Яр» мен Өскемен қаласының жанындағы «Шығыс» ауылдарында тұрғызылған үйлердің сапасының сын көтермейтіндігі. Олардың Арқа мен Шығыстың 40 градус аязын ескермей салып, шеттен келген ағайынға 15 жылға несиеге бергендігі. Үйлер бір жылға шыдамады, көгерді, жылынбады. Ақыры көп адам әлгі үйлерді тастап, басқа елді мекендерге көшуге мәжбүр болды. Мен сол Красный Ярдағы үйлерді өз көзіммен барып көрдім. Сол жылдары «Ендігі үміт — «Нұрлы көш» бағдарламасында» деп мақала да жазғам. Негізінен жоспар, мақсат өте жақсы болатын. Алайда қаржы жемқорлардың бүйірін қампайтты. Басқа ештеңе бермеді. Әуелі, оның тиімді болуы үшін жемқорлыққа тыйым салу керек. Мердігер компаниялардың жұмысын қабылдап алмас бұрын ол үйлерді сынақтан өткізу керек. Қазір Қазақстан Республикасы азаматтарына тұрғын үй салу мақсатында 10 сотық жер беру туралы Қаулы қабылданды. Бірақ ол Қаулының да орындалуы екіталай дүние болып отыр ғой. Қандастарымыздың басына баспана тұрғызуы үшін осы 10 сотық жер мен өзін-өзі еңбекпен қамтуы үшін шағын және орта бизнес көздерін ашуды оңтайландыру керек. Басқа көп дүниенің қажеті жоқ. Оралмандардың азаматтығын рәсімдеу мәселесі 2002-2010 жылдары бір арнаға түсіп, өте жақсы заңдық база қалыптасқан еді. Осы заңдық базаны қайта қалпына келтірсе, көшіп келіп сенделіп жүрген талай қазақтың көзі ашылар еді. Бұл тоқырап тұрған көшті қайта жандандыратынына сенімім кәміл.
Есенгүл Кәпқызы,
журналист, филология ғылымдарының кандидаты,
СДУ, «Журналистика»
мамандығының
жетекшісі