Көшпенділер заманын еске салған «Этноауыл»

Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай «Қазанат» ипподромы аумағында ұйымдастырған «Этноауыл» ұлттық мәдени кешеніне жолымыз түсті. Министрлік мамандарының айтуынша, БАҚ өкілдері аталмыш кешеннің алғашқы қонақтары екен.

      «Этноауылдың» босағасынан аттай сала қаныңды қыздырып, делебеңді қоздыратын атшабар жаққа қарай мойын бұрдық. Бес жасынан атқа шауып, садақ тартқан бағзы дәуірдегі бабаларымыздың бейбіт күндердегі ойын-сауығына куә болып, «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Қыз қуу» мен жауынгер қазаққа аңшылық кезінде сенімді серік болған тазылардың да жарысын тамашалау маңдайға бұйырыпты.

                         dsc_3910    dsc_3993

                         dsc_3885    dsc_3904

                         dsc_3813    dsc_4101

Бұдан кейін «Этноауылдың» бірнеше секторын араламақ ниетпен қырық киіз үй ораналасқан аймаққа бет алдық. Мұнда он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің секторы, ұлттық тағамдар мейрамханасы мен dsc_3797«Әлем тағамдары» секторы, «Қазақша күрес» секторы мен асыр салып асық ойнайтын балалар алаңы және өзге де қазақтың төл мәдениеті мен басқа ұлттың бірінен табылмайтын игі дәстүрдің озық үлгісі ұйымдастырылған екен. Мамандар халықаралық көрмеге алыс-жақын шетелден келетін қонақтарды осындай бай imag1062мұрамызбен таңқалдырамыз дейді. Олардан бөлек, әкесі мен шешесі қазақ болған біздің де төл тарихымызды бейнелейтін «Этноауылда» қадам басқан сайын таңдай қағып, тамсанғанымыз жасырын емес. Әсіресе, ағаш шеберлері мен зергерлердің қызу жұмысына тәнті болып, олардың жанында уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалғанымыз да рас. Шеберлердің ішінде егде тартқан Қазақ Экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің оқытушысы, суретші-дизайнер Әліби Байғожанов «ЭКСПО» көрмесі кезінде жасаған бұйымдарыңызды елге көрсетіп, шеберлік кластарын өткізсеңіз деп мамандар қолқа салды дейді. Нағыз өнер адамы, хас таланттар ғана халқының алдында иіліп тұрмаушы ма еді, жігіт ағасы жасындағы шебер де өте қарапайым, сөзге сараң болғанмен, іске келгенде алдына жан салмайтыны көрініп-ақ тұр.

-Өзім университетте дизайнер мамандығы бойынша дәріс өткіземін, ал, бос уақытымда ағаштан түрлі %d3%99%d0%bb%d1%96%d0%b1%d0%b8-%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d2%93%d0%be%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2-%d1%88%d0%b5%d0%b1%d0%b5%d1%80бұйым жасаймын. Яғни, хоббиім десе де болады. Негізінен кескіндемемен, скульптура жасаумен де айналысамын. Ал, ағашқа көп уақыт бөлетін себебім, бұл – табиғи реңі өзін-өзі толықтырып тұратын материал. Органикалық зат болғандықтан иіп әкету өте оңай. Оның үстіне қазақтың ұлттық бұйымдары, ыдыс-аяқтары, түрлі жиһаздары ағаштан ойылып жасалатындықтан қатты қызыққаным рас. Төртінші, бесінші класта оқитын шәкірттерім бар. Олар да бірте-бірте үйреніп, қазір жасаған бұйымдары көрмеге қоятын деңгейге жетті. Тіпті, алдағы көрме кезінде олардың қолынан шыққан дүниелерді халыққа таныстыруға болатын сияқты,-дейді Ә.Байғожанов.

      «Этноауылдың» біз көрген қызықтары осындай. Қала тұрғындары мен қонақтары бала-шағасын ертіп, бірі «Алтыбақан» аясында қалықтаса, енді бірі асық ойнап, садақ тартып, тазымен қатар жарысса кешеннің көрігі нақ сол кезде қызайын деп тұр. Маусымның 10-ы мен қыркүйектің 10-ы аралығында мұнда да түрлі этностың, республика аймақтарының мәдени шаралары, әлемдік, халықаралық деңгейдегі спорттық бәсекелер, концерттік бағдарламалар күн сайын өтеді деп жоспарланып отыр. Ендеше, ұлт тарихының тұнығына куә етіп, көшпенділер заманына саяхаттатын «Этноауылда» жүздескенше!

Ермұрат Назарұлы

Суреттерді түсірген – Ержан Жаубай