Ақтауда «Мерейлі отбасы-2017» облыстық байқауы өтті

Ел мерейін асқақтатар ұлттық жоба Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп келеді. 

Биылғы өңірлік байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, энергетика, білім, ауыл шаруашылық, өнер салаларынан құралған 23 отбасы өтінім берген.
Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды Түпқараған ауданынан Қанжановтар отбасы алды.

Отағасы Қанжанов Тәуірхан (1943 ж.т.) ауыл шаруашылық саласының ардагері. Ол «Ерен еңбегі үшін» (1970 ж.), «Ветеран труда» (1985 ж.) медальдарымен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Маңғыстау облысының құрылғанына 15, 25, 35 жылдығына арналған және «За безавариную работу» төсбелгілерімен бірге облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс» хатымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Түпқараған ауданының құрметті азаматы. Отбасында 9 бала тәрбиелеп отыр. Балаларының барлығы жоғары білімді, бүгінде бір-бір мамандық иелері. Көпке үлгі тұтар, ауыл-аймаққа белгілі, өзіндік отбасылық қағидаттары бар, ұлттық салт-дәстүрмен әдет-ғұрыптарды ұстанған отбасы.

ІІ орынды Маңғыстау ауданынан Жаңбыршиевтер отбасы иеленді. Отағасы Жаңбыршиев Есмырза – ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ұрпақтың рухани азықтануына зор үлес қосқан азамат. КСРО жоғары совет президумының «Еңбек ардагері» медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 60 жыл» Мерекелік медалы және Алғыс хатымен, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы, Маңғыстау ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Маңғыстау облысының 35 жыл естелік төс белгісімен, «Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс, аудан көлеміндегі Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарға ие болған. Жұбайы – Жаңбыршева Жанбиби, 89 жаста. Отбасында 11 бала тәрбиелеген. Олардан 42 немере, 23 шөбере сүйіп отыр. Балалары әр түрлі саланың қызметкерлері.
Байқау ережелеріне сәйкес, облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының І және ІІ орын иегерлерінің құжаттары республикалық комиссияға жолданды. Республикалық комиссия ұсынылған отбасылар мүшелерінің жетістіктерінің көптігі мен маңызына, отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлерге, отбасының рухани-адамгершілік құндылықтарына, балалардың жетістіктеріне, өзінің түп-тамырын білуіне, отбасының өмір сүру салтына қарай, бір отбасыны республикалық кезеңге өткізеді. Байқаудың ақтық сынына барлық облыстардан, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларынан 16 отбасы қатысады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған шара. Бұл байқау дәстүрді сақтай отырып, Отанға деген сүйіспеншілік пен адамгершілік, рухани институтты нығайтуға жол ашады. Байқаудың қалалық, облыстық, республикалық іріктеуіне қатысқан үміткерлер өздерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік және ғылым жолындағы жоғары жетістіктерін көрсетуге тырысады.