Мұхтар Әуезовтің соңғы махаббаты
– Аққал апай, әңгімені алдымен өзіңізді таныстырудан бастасақ…
– Мен Өзбекстанның Жоғарғы Шыршық ауданында туып-өскен қазақпын. Ташкент пединститутын бітіргенмін. 1944 жылы Алматыға біржола келіп, 1945 жылдан бастап Тіл білімі институтында аспирант, аға ғылыми қызметкер, институт директорының орынбасары, 20 жылдан артық бөлім меңгерушісі болдым. 1949 жылы кандидаттық, 1963 жылы докторлық қорғадым.
– Ал Әуезовпен таныстығыңыз қай жылдан басталды?
– Мұхаңмен менің ерте танысатын себебім – Ғабиден Мұстафин – менің қайнағам. Мен ол кісіге 1946 жылы 1 мамыр күні келін болып түстім. Сол кезде тойға үлкен жазушылардың бәрі де шақырылған. Оның үстіне, бәрі аралас-құралас жүретін. 50-жылдардың басында Мұхаңның Абай мен Төлебаев көшесіндегі үйлері салынып бітті де, Опера және балет театры қарсысындағы Мұхаңдар босатқан үйге Ғабекеңдер көшіп кірді. Міне, осы үйде сол күндері Мұхаңмен үстел басында қатар отырып қалдық. Ол кезде қонаққа барғанда «Девятый вал» деген карта ойнайтын. Мен ондай картаны бұрын ойнап көрмегенмін. Сонан «Девятый вал» аяқталғанға дейін Мұхаң маған консультант болды. Мұхаңның арқасында шетінен ұтамын да отырамын. Мұхаң өзі ойнаған жоқ, орындығын маған жақындата еңкейіп, «мынаны өйт, мынаны бүйт» деп айтып отырды. Сөйтіп, сол картаны екі сағаттай ойнадық. Оның үстіне, жазатыны да болады. Сонда Мұхаң екеуміз тізе түйістіріп, былай қарасақ, шашымыз, былай қарасақ, басымыз, қолымыз тиіп кетеді дегендей… Болмаса, ол кісілердің маңайына да жуымаймыз ғой.Ұяламыз ғой. Сол отырыста Мұхаң «мына келіншекпен сөйлесуге болады екен» деп қалды-ау деймін. Оған дейін мен ол кісінің, ол кісі менің маңыма жуымайтын. Арамыздағы сүйіспеншілік сол отырыстан басталды-ау шамасы..
– Сіз 1963 жылы түркі тілдес елдер арасында әйелдер арасынан бірінші болып филология саласында докторлық диссертация қорғаған екенсіз…
– Докторлықты мен онан бұрын, Мұхаңның тірі кезінде, 1961 жылы 17 наурызда қорғамақ болдым. Сол күні мені Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев бастаған ғылыми кеңестің мүшелері құлатты. Менің құлауым Мұхаңа қатты батты.
– Әйелдерден бірінші қорғайын деп отырғанда, құлатқаны несі?
– Айта берсең, оның себебі көп. Қырғызстаннан, Өзбекстаннан докторлыққа оппонент шақыратын болды. Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаевтар өзбек Ғұламовтың аспирантын әйелдер арасынан бірінші филология докторы шығармақ болды ғой. Сол 17 наурыз күні үйге банкет жасамақ болғанбыз. Құдайға шүкір, мал сойып, дастарханды жайнатып қойдық. Қазір ғылыми кеңес мүшелері келеді деп күтіп отырмыз. Ешкім келмеді. Келгендер – Мұхаң, Әлкей, ол кезде жас жігіт, қазіргі Әбдуәли Қайдар бар… Мұхаң үстел басында: «Біз Аққалды бәйгеге қостық, Аққал бәйгеден озып келді. Мен үшін Аққал докторлықты қорғады» деп тост айтты. Мен 17-сі күні құласам, Мұхаң ертеңіне, 18-і күні Ташкент арқылы Үндістанға ұшып кетті.
– Мұхаңмен соңғы рет қай жерде кездестіңіз?
– Мұхаң Мәскеуге операция жасатуға жүрейін деп тұрғанда, Тіл институтына барады. Барса, директор Ісмет Кеңесбаев жоқ, орынбасары Әбдуәли Қайдаров бар екен. Мұхаң кіріп келіп, Әбдуәлиге: «Ісмет жоқ екен, сен орынбасарысың ғой, Аққалға Мәскеуге командировка беріңдер» дейді. «Ойбай, қанша күнге?». «Екі айға». Әбдуәли дереу іссапар дайындап береді. 1961 жылы 24 маусым күні Мұхаңмен Кунцово ауруханасында кездестік. Осыдан бір күн бұрын Мәскеуге келіп, «Южная» қонақүйіне орналасқанмын. Менің алдымда қарындасы Гүлнәр, оның күйеуі Әмен Әзиев келіп кеткен екен. «Сен докторлықтан құлаған 17 наурыздан бері де үш айдан асып барады екен. Енді бір үш айда МГУ-де қайта қорғайсың. Мен сені доктор қылып алып қайтам» деді. Мен өзі Мұхаңның сөзі бойынша МГУ-ден докторлық қорғау үшін Мәскеуге 5-6 айға командировкаға бір-ақ келгенмін. Мұхаң ертеңіне Валентина Николаевна келетінін айтып, арғы күні операция жасайтынын айтты. «Ертең Валентина сенің хатыңды тауып алса, не деймін? Хатыңды жыртып тастауға қимадым. «Өскен өркен» романымның соңына көшіріп жаздым», – деді. Мұхаң осылайша хатымды өзіме қайтарып, ондағы жазылғандарды өзіне көшіріп алған. Кейін «Өскен өркеннің» қолжазбасындағы тіркелген жазуға Мұхаңның нөмірі бірінші досы, әдебиетші Ысқақ Дүйсембаевтің көзі түсіп, менен сыр тартпақ болды. Мен сыр аша қоймадым. Ысқақ бұл жайында кейін «Келешекте жазып, жасап шығаратын кейіпкерінің аузына салмақ болған Мұхаңның лебізі. Ұмытпау үшін осы қолжазбаға арнайы жазып қойған» деген қорытындымен газет бетіне жариялап еді. Біздің Мұхаңмен кездесетін үйіміз де осы Ысқақтың үйі болатын. Өзі өмірі әйел алмаған, салт басты адам. Мен ауруханада Мұхаңа бір обал жасадым. Бір армян еркекпен бір бөлмеде жатады екен. Сол бөлменің ауасы маған тарлық етіп жүр деді. Менімен сөйтсем, бөлек бөлмеге шыққаннан кейін жолығуды жөн көрген екен. Ертеңіне Мұхаңа хабарласпақ болдым. Бір орыс әйел: «Сіз кімі боласыз?» «Бірге қызмет істейтін әріптесімін» дедім. «Ол кісі бүгін таңертең қайтыс болды». Сілейдім де қалдым. Жан-жаққа хабарластық. «Москва» қонақүйінде Валентина Николаевна ұлы Мұратты күтіп отыр екен. Сол арада «Склифасовский институтында Мұхтар Әуезовтің табыты дайын» деген хабар алдық. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин үшеуі Мұхаңның мүрдесін алып кету үшін Алматыдан жаңа ғана ұшып келіпті. Тұрсынхан Әбдірахманова, мен, Жұмағали Ысмағұлов үшеуміз Мұхаңның мәйіті қойылған жерге бардық. Келсек, табыт – жалғыз, Мұхаң да – жалғыз. Ал кеп жыла! Мен бірінші болып кіріппін. Мұхаңның үй-ішінен әлі ешкім келген жоқ. Бетінде терең ой тебіренісі болмаса, ұйықтап жатқаннан түк айырмасы жоқ. Фотограф суретке түсіруді бастады. Кейіннен адам қарасы көбейіп кетті.
– Әуезовке деген махаббатыңыз ел-жұртқа қашан жария болды?
– Алғаш рет жүрегімдегі сырды Жамбылдың 125 жылдығында атақты жазушы Шыңғыс Айтматовқа аштым. Неге Шыңғысқа? Шыңғыстың Әуезовті әулие тұтатынын білемін. Мен Шыңғысқа: «Сіз білесіз бе, Әуезовтің ажалы екеумізге байланысты, – дедім. – 1961 жылы 17 наурызда мен докторлықтан құладым, ал 21 сәуір күні сіз Лениндік сыйлықтан құладыңыз». Мұхаң Шыңғысқа Лениндік сыйлық алып беру үшін сол 21 сәуір күні Индиядан ұшып келген болатын. Шыңғыс: «Мұхаңмен бірге түскен суретіңіз, ол кісінің сізге жазған хаттары бар ма?» – деп сұрады. Өкінішке қарай, мен Мұхаңның хаттарын сақтай алмадым ғой. Ол кісі де, мен де арабша жазамыз. Күйеуім Манап, енем арабша жазуды жақсы ажыратады. Қайынсіңлім жоқ жерден Манап екеуміздің арамызды ылғи да бұзады. Мен сонан қорыққаннан, Мұхаңнан келген хаттың біреуін сақтай алмай, шетінен жыртып отырдым. Күйеуіммен 29 жыл бірге тұрдық та, ақыры ажырастық. Үш ұл, бір қызым бар.
Ал енді бірге түскен суреттерім аз да болса бар. Міне, мынау – мен, мынау – күйеуім, ортамызда – Мұхаң (Апай суретке қарап рахаттана күліп алды). Галстугі маған қарай қисайып түсіпті. Қолтығымнан ұстап, маған қисая тұрған ғой, «внимание» дегенде басын түзулеп алғанымен, галстугі сол күйі қалыпты. Міне, мынау – М.Горкий саябағында балам Мұратты қол арбаға салып қыдырып жүрген сәтім. Ал мынау – көрініп тұрған Мұхаңның қолы. Балам 1953 жылы 19 желтоқсанда туған. Жұрттың «Мұхаңнан аумайды» дейтін ұлым осы. Өзі де Мұхаң сияқты бұйра бас, мавр.Мамандығы – филолог. Осы ұлыма аяғым ауыр кезінде Мұхаңның «Ұл туса, атын – Абай, қыз туса – Зере қой», – деп маған жазған хаты болатын. Мен өзі сегіз жыл бойы құрсақ көтермедім. «Егер балаларымыз болса, аттарын Мұрат, Мақсат, Шәрбат, Ләззат деп қоямыз» деген үй-іші, ағайын-туыстың өзара уәдесі бар еді. Сол уәдеден аса алмай, атын Мұрат қойдық.
Осы өмірімде Мұхаңдай данамен бірге болған күндерімді өзіме серік етіп, соны жұбаныш тұтамын. «Мұхаңдай алып данаға, Шаттанса тең балаға, Сыйлық еттім әнімді, Ғылыммен егіз сәнімді» деп Мұхаңа арнап жазған өлеңдерім де бар. Қайран, Мұхаң!.. Мандолинмен қазақша, қырғызша, өзбекше, тәжікше, татарша, ноғайша ән айтамын. Мұхаң менің өзімнен бөлек, осы әніме де ғашық болған шығар. Қайран Мұхаң, түрлі жерлерде «Шір-кін, Аққалдың әні!» деп айтып отырады екен..
– Аққал апай, ашылып айтқан әңгімеңіз үшін көп рахмет!
Әңгімелескен – Төреғали ТӘШЕНОВ.
«Айқын апта» газеті, 2006 ж