Сағынтаев жас инноваторларды тарту үшін кәрі “динозаврларға” қарсы күресті бастайды

Елордада өтіп жатқан Астана экономикалық форумы аясындағы Инновациялық саммит барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев квазимемлекеттік компанияларда «динозаврлар» жұмыс істеп жатқанын айтып, инновация жасауға солар кедергі келтіретінін мәлімдеді.

“Бүгінде жұмыс істеп жатқан квазимемлекеттік кәсіпорындарда жұмысты жаңғырту, кәсіпорындарды дамыту үшін жұмыс істелмейді. Себебі олар мемлекет ақшасына күн көріп жүр. Егер ондағы штат санын қысқартсақ, елде жұмыссыздық көбейіп, әлеуметтік шиеленіс туындайды. Олар да біздің қысқарту жасамайтымызды біліп алған”, –  деді Үкімет басшысы.

Қаражатты Үкіметтен алғанына қарамастан, квазимемлекеттік сектор ішкі жұмысына Үкіметтің араласуына жол бермейтін көрінеді. Нәтижесінде, аталған кәсіпорындар тарапынан даму белгілері байқалмайды.

«Бүгін бірнеше ғалыммен және экономистпен кездестім. Олардың бірі жақсы ой-пікірді айтты. Инновацияларды енгізу – ол оңай емес, бұл бағытта ерік-жігер болуы керек. Себебі инновациялар «динозаврлар» кеткеннен кейін орындалады. Үкіметтің қазіргі міндеті осыны іске асыру»,- деді Сағынтаев.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ірі кәсіпорындарда дамыған елдермен салыстырғанда еңбек өнімділігі төмен екенін айта келе, «Сонымен бірге олардың өнімінің сатылмай тұрғанын жай ғана бақылап тұра алмаймыз. Өнім сатылуы үшін оларға көмек көрсету керек. Осыдан көлікке және басқа бағыттарға субсидиялар бөлінеді. Өз кезегінде осы жеңілдіктерге кәсіпорындар да үйреніп алады. Бұл ретте олар «мемлекеттен сұрап алу мүмкіндігі бар кезде өз қалтамыздан шығынданып қайтеміз» дегенді әдетке ала бастайды.«Менде 20 мың азамат жұмыс істейді. Өнім бәсекеге қабілетті болмағандықтан, адамдарды қысқартуға мәжбүрмін» деген уәжді алға тартады. Әрине, біз өз кезегімізде: «Адамдарды қысқартушы болма, біз саған көмектесеміз. Адамдар жұмыстарын жалғастырып, жалақысын ала берсін» деп айтамыз.

“Ал енді біз мұндайды тоқтатамыз. 2025 жылға дейін олар толықтай жаңғырту шараларын іске асыруы тиіс”, – деді Сағынтаев.