Толағайларға құрмет толастамайды

қос ел мақтанышы  қоныс тойын тойлауда

Ел мақтаныштары Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллина мен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов қоныс тойын тойлауда. Байрақты бәсекеде топ жарып, ел мерейін асырған сақлақтарға жаңа пәтер кілтін Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет салтанатты түрде табыс етті.

-Республикалық бюджеттен 19,8 миллион теңге бөлініп, еліміздің «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңына сәйкес, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жаңа ықшам ауданнан 2 пәтер сатып алдық. Оның бірін ел спортшылары арасынан шыққан Паралимпиада ойындарының тұңғыш  чемпионы Зульфия Габидуллинаға, ал екіншісін Рио Олимпиадасында ел қоржынына алғаш күміс жүлде салған жерлесіміз Елдос Сметовке сыйлап отырмыз. Спортшыларға жасалып отырған мұндай қамқорлық пен қолдау жас спортшыларды жігерлендіреді деп ойлаймын.  Қоныс той, құтты болсын! Жаңа үйдің іші жанға, сырты малға толсын!, -деді қала әкімі салтанатты шарада.

Шаһардағы жаңа №14 ықшамауданда бой көтерген үшқабатты тұрғын үйден  Елдос  екі бөлмелі, ал  Зулфия  үш бөлмелі үйге ие болып отыр. Жаңа ауданда  алдағы уақытта жасыл аймақ, сауда орталықтары, балалар алаңшалары мен өзге де құрылыстар жүретін болады.

Кілт тапсыру рәсімінде  Зулфия Габидуллиана өз қуанышымен бөлісіп, осындай қамқорлық жасап отырған Елбасына, облыс әкіміне алғысын білдірді.

Өте қуаныштымын. Спортшыларға көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін Мемлекет басшысына, жергілікті билікке  алғысым шексіз. Әрине, мұндай жетістікке жету үшін ұзақ жылдар бойы еңбектендім. Қазір елімізде спортпен шұғылданам деушілерге барлық жағдай жасалған. Мұндай қолдау спортшылар мен спорт саласына үлкен серпіліс береді деп ойлаймын. Оған қоса, ел мақтанышы Елдос Сметовпен көрші тұратыныма қуанып отырмын, -деді чемпион.

       Осылайша көк байрағымызды әлемдік аренада биіктетіп, Әнұранымызды шырқатқан толағайларымызға құрмет толастамауда. Бұған дейін «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  Зульфияға «Тараз-Арена» спорт сарайының маңынан жер үй салып берсе, Елдосқа құландықтар темір тұлпар мінгізген болатын. Сондай-ақ, облыс жұртшылығы да қос оғланымызды құрмет құшағына  бөлеген еді. Енді міне, толағайларымызға жергілікті билік тағы бір тарту жасап отыр.

         Қоныс, құтты болсын! Біздің жеңімпаздар қандай құрметке болса да лайық!

 Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған