Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» деп ескертіп кеткелі ғасырдан асты. Сол баяғы бейқам қазақ, тілдің зардабын әлі тартып жүр. Бүгінгі саясат көзімен қарасақ, «тілдің жыры» ұзаққа созылатын түрі бар. Демек, бұлай жалғаса берсе ауруы асқынған тіл проблемасы реанимацияға жатқызылады. Өйткені аңдыған ауру алмай қоймайды. Кім кінәлі? Бұл үшін кім жауапты? Тұрмыс әлегімен арпалысқан халық па? Әлде ішкені алдында, ішпегені артында шалқып жүрген шенділер мен шекпенділер ме?
Бәлкім біз арыстай тұлғамыз Жүсіпбек Аймауытовтың «…ЕСТЕРІҢІЗДЕ БОЛСЫН: ҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ МӘДЕНИЕТТІ БОЛУЫНАН МӘДЕНИЕТТІ КІСІНІҢ ҚАЗАҚ БОЛУЫ ҚИЫН. БАЛАҒА ОСЫ БАСТАН ҰЛТ РУХЫН СІҢІРІП, ҚАЗАҚ ӨМІРІНЕ ЖАҚЫНДАТЫП ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК. ОРЫС ТӘРБИЕСІН АЛҒАН БАЛА ҰЛТ ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛА АЛМАЙДЫ» деп пышақкесті үкім орындамаған шығармыз. Енді келіп соның зардабын тартып жатпағанымызға кім кепіл?
Тілін құрметтемеген халықты ешкім қадірлемейді
Дамыған елу елдің сапына енеміз деген ұлы мақсат алдымызда шолпан жұлдыздай жарқырайды. Олардың қатарына борбайлап шауып, жер байлығын игерсек, қарыз алып қауғалансақ бірдеңе қылып жетерміз – ау, ал тіліміздің бүгінгі мүшкіл халімен елуліктің ішіндегі тағдырымыз не болмақ?! Тілі мен ділінен жұрдай халықты кім көзге іледі ол жақта? Кім құрмет төріне шығарады ардақтап?
Авар халқының ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың «Тілім менің болса ертең құрымақ, Мен өлуге дайынмын бүгін-ақ» дегенін жан жүрегімізбен сезініп, мазамыз қашатын болды сенсеңіздер! Өйткені тілдің жойылуына апаратын астыртын әрекеттер жасалып жатқандай қауіп бар халықта…
Бірде шәкірттері Конфуцийден: “Егер сіз бір елге басшы болсаңыз, ең әуелі не істер едіңіз?” деп сұрапты. Сонда Конфуций: “Егер мен бір елге басшы болсам, ең алдымен ұлттың тілін тәртіпке салар едім” депті. Мұны естіген өзгелер қайран қалып, себебін сұрайды. Сонда Конфуций: “Бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылады. Егер бір ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет және ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Қысқасы, бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдай туудан бұрын алдын алу өте маңызды” – деген екен… Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлылардан үлгі алар деген үмітпен ел – жұрты қарап отыр…. Үміт – сағым алдамаса, арман – арғымақ орта жолда жығып кетпесе, ел сенімі ақталар. Әйтпесе, тарихта аты болғанымен заты жоқ көп патшалардың қатарынан орын тебер. Бәрі уақыттың еншісінде…
«Мен тілтануды жолда келе жатқан жаяу адамға, әдебиетті есек мінген жолаушыға теңер едім. Әлгі жаяу көлігіңе мінгестір деп жолаушыға жалынып, мініп алған соң «есек менікі» демесе екен. Адамдардың тілі әр түрлі. Көңілі бір болса деймін. Менің көп жерлестерім ауылын тастап, үлкен қалада өмір сүру үшін кеткенін білемін. Ол дұрыс та. Балапан қанаты қатайғанға дейін ұясынан ұзамайды. Үлкен қалаға бауыр басқан қандастарым басқа тілде жазатын өнер тапқанын айтқым келеді. Әрине, олардың өз құқы бар. Менің дегеніммен жүруге міндетті емес. Өкініштісі, олар бір қолымен екі қарбызды қабат ұстағысы келеді» деген Ғамзатовтың көріпкелдігі, өзге тілдің тізгініне асыққан өзгелерге ой салғысы келетіндігі, біздің қазақтың бүгінгі келбетін ашып тұр.
Ана тілдің ұлттың рухани мақтанышы екендігін, мәдениет пен әдебиеттің тоғысар алтын қазығы ана тілі деп насихаттайды Ғамзатов. Ақынның көптің көкейінде қалар даралығы да осы қасиетінде.
Иә, тілдің мұңын жоқтаған, жоқтап келе жатқан азаматтар қазақта да көп. Тілім деп мына дүниеден өткен жақсы мен жайсаңдар қаншама? Тіпті Мұхтар Шаханов ағамыз тілім деп зарлаумен алжуға айналды. Амангелді Айталы секілді дарабозымыз тілге алаңдап дабыл қағуын тоқтатқан емес. Бірақ қүлақ түріп, қамданып жатқан билікті көрмедік. Сол баяғы сарын, сол баяғы арын!
«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлы нақылын оқулықтардан оқи алғанымызбен, көңілімізге, өмірімізге әлі сіңіре алмай жүрміз-ау. Бір елде өмір сүре отырып, екіге жарылған өзен сағасындай екі тілде сөйлеуіміз хақындағы «дастанды» айта-айта жауыр қылдық. Енді өз тіліміз туралы естудің өзін намыс санап, шаршай бастаппыз. Ширек ғасыр өтсе де «тіл, тіл» деп әлдекімдермен айқасып келеміз. Әсілінде, біз күресіп жүрген «жаулар» өз қаракөздеріміз екені ойға түскенде, санаңа келген сан сауалға жауап таппай қиналасың. Әрине, қаншама ғұламалар тіл туралы айтып та, жазып та қалдырған. Ал халқының арасынан шыққан екі адамның жат тілде сөйлесіп тұрғанын қабір астынан еститін Ғамзатов жырындағы кейіпкер дәл бүгін бәрімізге таныс өз қандасымыздың образын еске түсіреді. «Тіліміз жоғалып бара жатыр» деп дабыл қаққанмен, сол тілдің қасиетін әрбір адамның жүрегіне сіңдіре алу – екі бөлек іс секілді көрінеді. Ана тілімізді қомсынып, өзге тілдің әуеніне тамсанып жүрген бір уақытта, күндер келіп, Расулша айтқанда, «өлеңдерін қазақ тілінде жазатын ең соңғы ақынның» жырын естуге зар болып қалмайық.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деген президентке енді шегінетін жері жоқ
Тілді алға сүйрейтін халық болғанымен, оны демеуші билік. Өйткені биліктің қолында пәрменді күш пен мол қаржы бар. Сондай–ақ билік қолдаған адам биікке қалай самғаса, билік қолдаған тілдің де зеңгір көкке ұмтылуы оп-оңай. Өкінішке орай бізде уәде көп, алайда жалтақтық басым. Көршінің көңіліне қарау, ығына жығылу да біздің ұлтқа тән болып тұрғаны ащы шындық! Осы бір стереотиптен құтылмай, құлдық санадан арылмай тілдің көсегесі көгереді деу – ақылға қонымсыз!
Елдің есінде, сәуірдің 2 күні ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне алғашқы рет сұхбат берді. Сонда “Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады”, — деді мемлекет басшысы. Тоқаевтың пікірінше, отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет.
“Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз”, — деп атап өтіп қалың жұртын бір мәз етті. Халық бөркін атып қуанбаса да, еркін шаттанып қалды. Қазақтың тілі ертең–ақ тұғырға мініп, тұлғаланып сала беретіндей аңғал мінезін де көрсетіп алды.
Кейін 16 тамыз күні тамыз конференциясына жиылған ұстаздар алдында ағынан жарылып былай деді: Үштілді білім беру жүйесін енгізу – күн тәртібіндегі өзекті тақырып. Ең алдымен, бұл мәселені жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажет. Бұл – өте маңызды. “Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті” – дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Үштілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте, ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді” деп өте өнегелі ой айтты.
Президенттің әр сөзіне үмітпен қарайтын, әр сөзінен жағымды жаңалық күтетін халық – ақ түйенің қарнын жарып тойламаса да, ақ тілектерін жаудырып мәре-сәре болғаны тағы рас. Өйткені анау-мынау емес, Ел президенті өтірік айтпайтынын халық жақсы біледі. Көзі ашық жұрт төрткүл дүние президенттерінің айтқан уәделерінен кейін халықтың алдында жауап беретінін көріп те, оқып та жүр. Сондықтан көпті көрген, саясатқа жетік, арғы–бергі тарихтан хабардар Президент Тоқаевқа сенбегенде кімге сенеді? Бір кезде қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын жандандыруға күш салған жазушы Кемел Тоқаевтың баласының тілге жанашыр болмауы мүмкін бе өзі?
ИТАЛЬЯН ЖИҺАНГЕРІНІҢ ЖАЗБАСЫН БИЛІК ОҚЫДЫ МА ЕКЕН?
Сырт көз сыншы дейді бабамыз қазақ. Онда бүкіл жер жүзін аралап шыққан итальяндық жиһангездің мына сөзінен кейін намысы оянбаған қазақ, қазақ емес – өлік қой. Италияның қазіргі заманғы кәсіпкері Реналью Гаспирин: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Олар – қазақтар», – деп жазыпты. Қандай ауыр сөз еді бұл.
Қай заманда да қазақ жері мен тілі үшін жан алып, жан беріскен. Жер болса – тілде болады. Өйткені жерді қазақ мекендейді. Ұрпақ өрбітеді. Өнім алады. Жерді қазақ, жер – ана деп әспеттейді. Тілді Ана –тілім деп өбектейді. Жер кетсе тіл жоғалмағанда қайтеді. Соңғы уақыттары елімізде қытай ақшасына салынатын 55 зауытқа қарсы наразылық шаралары басында Жаңаөзенде басталған еді. Кейін Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында жалғасты. Шеруді қолдамаймыз. Бізге елдің тыныштығы қымбат. Алайда осы жер мәселесінің астарында тіл ахуалы да жатқанын аңғарған кім бар? Халық алыстан жеткен қауіптің дүмпуінен шошынады. Зауытпен бірге діні бөлек, тілі басқа қытайдың үстемдігі орнай ма деп зәрезап. Әйтпесе 130 ұлтты құшағына басқан қазақтан бауырмал елді табу қиын қазір? Әр қалада қытай тілін үйрететін курстардың жүздеп ашылып, қазақ жастарының миын улап жатқанын біз айтпасақ кім айтады? «Жау кеткесін қылышты боққа шабу» кімге керек?
Қытай елшілігі Қазақстанға 27,5 миллион тұратын қытай тілінің оқулықтарын сыйлағанын біреу білсе, біреу білмес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 1 желтоқсанында Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының қытай тілін үйренуінің маңызы зор екенін атап өткен болатын. Осы бастаманы қолдау және екіжақты достық қатынасты, мектептермен ынтымақтасты нығайту, сонымен қатар қазақстандық оқушылардың қытай тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі ҚР Білім және ғылым министрлігіне қытай тілінің оқулықтарын сыйлады, деп хабарлайды oinet.kz тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап. “Қытай тілін оқу – екі ел арасын жақындататын рухани құрал. Сондықтан біз тұрғындар бір-бірін жақсы танығанын, үйреніскенін қалаймыз. Тіл үйренуде мектеп жасы өте қолайлы кезең болғандықтан, балаларға оқу барысында қолдау көрсеткіміз келеді. Келесі жылы мектеп саны 5-6 болып көбейеді деп үміттенеміз. Себебі қытай тілі, мәдениетіне деген сұраныс жоғары. Жақында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде Конфуций институтының санын арттыруды қолдайтынын айтты. Былтыр желтоқсанда Елбасы қытай тілін үйретуге мән беруді бастады. Сондықтан біз осы бастаманы қолдауды міндет деп білеміз. Елбасы мен президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Болашақта екі елдің ынтымақтастығы мен серіктестігін нығайту үшін қытайтанушы, қытай тілін үйретушілердің саны көбейеді деген үміттеміз”, — деді Чжан Сяо.
Абылайхан қытайды неге темір қамытқа теңеді?
Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жакенов оқу ордасының ашылғанына 10 жыл болса, ондағы білім алатын балалар 9 жылдан бері қытай тілін меңгеріп жатқанын айтып өтті.
«Мен алдымен қытай тілін қалай оқи бастағанымызға тоқталғым келеді. Біздің Назарбаев зияткерлік мектебі физика-математика пәніне ден қойған. Мектептің ашылғанына биыл 10 жыл толды. Ал қытай тілін біз 9 жыл қатарынан оқып келеміз», – деді Жакенов.
Нұр-Сұлтан қаласының №81 “Astana English School” гимназиясының директоры Гүлнар Садықованың айтуынша, өзі басқарып отырған мектепте балалар қытай тілін екінші тіл ретінде 2-сыныптап бастап меңгереді.
«Қазіргі таңда екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде. Болашақта барлық салада ынтымақтасу әлеуеті жоғары. Екі елдің халқы да бастамаларды қолдайды. Біздің мектеп оқушыларына Қытай елшілігі 1 аптаға Қытайға сапарды ұйымдастырды. Оқушылар елдің тарихы мен мәдениеті, әдебиетімен танысты. Бұл оқушыларға болашақта университет таңдауға да септігін тигізеді. Себебі, Astana English Shcool түлектері үздік шетелдік ЖОО-ларға түседі. Қытай тілі ағылшын тілінен кейін екінші шет тілі ретінде 2-сыныптан бастап оқытылады. Біз екі елдің достық қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз. Әрі бұл ынтымақтастық жалғасын таба береді деген үміттеміз», — деді ол. Иә, баланың көп тіл білгені жақсы қасиет, алайда өз тілін жетік білмей жатып, өзгенің тілінің бойына сіңірсе ол – қасірет!
Қытайды жақсы білетін Мұрат Әуезовтың: «Их производственно-строительные бригады за сутки могут превратиться в подразделения профессиональной армии Китая», – дегенін біздің билік саралап көрді ме?
Қытайға деген ерекше пейіл, дара толғам билік тарапынан айтылған сайын қазақ халқы жыландай жиырылып қалады. Неге? Оған себеп көп? Мысалы 2016 жылдың 5 ақпаны күні сол кездегі Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева журналистерге: “Біз кем дегенде үш тілді білуіміз керек, өйткені таяу болашақта бәрімізге қытай тілін үйренуге тура келеді. Оңтүстікте орналасқан ұлы көршіміз — біздің тағдырымыз, Қытай зор қарқынмен дамып келеді (…) Қытай — біздің досымыз, біздің сауда серіктесіміз және еліміздің экономикасындағы ең ірі инвестор. Демек, ертеңгі күні біздің балаларымыз өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы салаларындағы сол зауыттарда сұранысқа ие болады”, — деп әулиелік сөз айтты.
Сөзімізге тұздық болсын, былтыр дәл осы уақытта Алматыда Қазақстандағы Қытай елшілігінің қолдауымен «Үміт» атты Қазақстандағы қытай азаматтарына арналған мектеп ашылды. Мектептің ашылу салтанатына қатысқан Қытай бас консулы Го Цинь Цяу сөз сөйлеген. Оның сөзінен айдаһардың жалынын, мысық пиғылды, бөрі мінезді байқау қиын емес. «Қытай сан мыңжылдық мәдениетке ие ел. Оның тарихы тым тереңде жатыр. Бұл қытай ұрпақтарын біріктіретін күш. Қытай мәдениеті өз дәстүрінің ұрпақ сабақтастығының арқасында әлем мәдениетінің ішіндегі өміршеңдікке ие. Қытай азаматтары қай жерде жүрсе де дәстүрін, мәдениетін үйреніп, өз жүректеріндегі отаншылдық рухын жоғалтпауы тиіс. Сол арқылы тамырын тереңге жаю керек. Бұл мектептің жұмысы Қазақстандағы және өзге шетелдердегі қытай кәсіпорындарының, қытай мекемелерінің сондай-ақ қытай кәсіпкерлерінің қолдауымен бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол арқылы қоғамдық ықпалы да кеңейді. Мектепте оқыған балалар қытай мәдениетін бойына сіңіріп, өз отандарына сүйіспеншілігін тереңдетіп, «Қытай арманын» жүзеге асыруға күш салады. Және де олар Қазақстан мен Қытай арасындағы достыққа алтын көпір болып, «Бір белдеу – бір жол» экономикалық жобасының негізгі атқарушыларына айналады. Мектептің түлектері арқылы жергілікті жастар Қытайды түсіне алар деп үміттенемін», – депті Қытай бас консулы Го Цинь Цяу.
Қайран Абылай бабамыз жасы жетіп әлі кете бастаған шағында Бұқар жырауға былай депті: “Қытайдікі темір қамыт, орыстікі ағаш қамыт, заманы келгенде орыстан құтылуға болады, қытайдікінен құтыла алмаймыз, қытайдың қамыты мойыныңа түссе ақырындап қыса түседі, орыстың қамытынан босанып шыға бересің, 50 жыл ат үстінде ел қорғадым қазақтың бір адым жерінде ешкімге бермедім, ұрпағыма айтарым шүршіттің қулығына алданып қалмасын” деп өсиет қалдырыпты. Біз осы уәдеге адалмыз ба? Біздің президенттеріміз, үкіметіміз, министрлеріміз неге Абылай ханның көзімен қарамайды шығысқа? Ана тіліміздің діңгегі дірілдеп тұрғанда, өзгенің тілін үйренуге құштарлық жарға апарып соқпасына кім жауапты?
Қазірдің өзінде Қызылорда облысындағы Шиелі ауданы Шеген Қодаманов ауылының тұрғындары Қазақстан мен Қытай бірігіп салған “Гежуба Шиелі Цемент” зауытынан шығатын түтін мен шаңның иісі жағымсыз екенін айтады. Зауыт былтыр іске қосылған және екі елдің өзара келісіп әзірлеген 55 жобасының тізіміне кіреді. Айта берсек мұндай келеңсіздіктерді суыртпақтап шығара беруге шамамыз жетеді….
Таяуда президент Қасым-Жомарт Тоқаев: — Соңғы уақытта «жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің ескі 55 зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен» деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Біз ұлттық мемлекеттік мүддені қашанда бірінші орынға қоямыз. Тағы да шегелеп айтам, жерімізді ешкімге бермейміз, халқымыздың мұң-мұқтажын ескереміз, ол басты назарда болады. Тоқаевтың айтуынша, шетелдік инвестициялар қажетті салаларға ғана тартылады. Оның маңызы да зор. Шетелдік инвестициялардың арқасында табысқа кенелген Жапония, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея сынды елдерді мысалға келтірді. Екінші жағынан, мұндай қауесет тарату – геосаясат құралы дейді президент. Өйткені адамдардың патриоттық сезімін өз пайдасына жаратқысы келетіндер осындай өсек жайып, ел ішіне ылаң салуға құмар екенін еске салды.
БАБА ТІЛДІҢ ЖЕТІМ БАЛАНЫҢ КҮЙІН КЕШУІНЕ КІМ КІНӘЛІ?
Жә, делік. Осы жерде президентке датымыз бар. Тосаныншы жылдары бастапқыда мұнай-газ саласын иегереміз деп кірген қытай бүгінде кәсіпкерліктің мүмкін деген басқа салаларын да игеруге көшті. Араны ашылған қытай Қазақстанның инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, сауда, ресторан, туризм және басқа салаларға қызығушылық танытуда. Мәселен, кеше ғана (04.09.19) қоғам белсендісі І.Көбенов мұнайдан тыс Ақтөбеде заманауи типтегі көп қабатты 6 емдеу санаторий — профилакторийдің қытай кәсіпкерлерінің меншігіне өткенін, Алға қаласында жылына 200-мың тонна жарылғыш заттар, детонатор, патрондар, шнурлар, компоненттерін шығаратын ЖШС «Нитрохим» (Қытай — Эксифенг) қытайлық кәсіпкерлердің жұмыс жасайтынын жария етті. Ақтөбеде бірнеше әлеуметтік кешендер жерімен қоса қытайдың меншігінде. Ал, бұған СНПС “Ақтөбемұнайгаз” компаниясы айналасындағы түрлі бағытта жұмыс жасайтын қаптаған қытайлық ЖШС-терді және қосыңыз.
Айтарым, қазақ үкіметі жағдайды қытайлықтарға емес жергілікті кәсіпкерлерге жасау керек еді. Инвестиция салып (ұрламай-жырламай, офшордағы миллиардттарды қайтарып), көмек қолын соза білсек қазақстандық кәсіпкерлердің өздері-ақ кез-келген өндірісті көтеріп, ауыл шаруашылығын игеріп кете алады. Өкінішке қарай бізде олай болмай тұр. Билік бар байлығымызды шетелдіктерге (қытайға) пышақ үстінен үлестіруде.
Ата-бабаларымыз айтқандай – қытай ешқашанда мәдениет, өркениет, өндіріс үрдістерін үйретуші де, әкелуші де болған емес. Рухани-адамгершілік салада да қазақ қоғамы мен қытай мүдделері ешқашанда бір арнада тоғысқан емес, тоғыспайды да. Қытай: «қазаққа заманақыр әкелетін қара тобыр ғана» (бабалар даналағы ). Бұл халықтың сөзі. Халықтың сөзін еш бүкпесіз айту журналисттік парызымыз. Әлеуметтік желі де биліктің саясатына қарсылар қарасы орасан. Арандатушылар да бар шығар, дегенмен саяси пісіп жетілген бұқараның ой-өрісі биіктеп барады. Билік осыны ескеруі тиіс дегіміз келеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мырза, ұлттық сенім кеңесінде «Ағайындар –ау, елге қызмет етіп отырған азаматтардың бәрі надан деп ойлайсыздар ма? Бізде қазақ деген ұлы халықтың ұрпағымыз. Бабаларымыздың сүйегі жатқан жерді шет елге сату деген сөздің өзі ақылға қонбайды» ғой деп қатқыл үн қатты. Иә, Дәурен балам дұрыс айтады, бізге керек жер билікке миллион есе керек..! Жер болмаса халық болмаса, кімге билік етер еді, олар..?!
Расын айтайық қазақ тілінің бүгінгі деңгейі кешегі кеңестік кезеңге қарағанда әрине шүкір, тоба. Әйтсе де, 28 жыл тәуелсіз ел болу тұрғысынан қарасақ – олқы тұстар қаншама? Біріншіден, билік әлі күнге қазақ тілін тұғырына қондыруға қауқарсыз. Өздері көп сөйлемегесін, өзгелердің де шекеден қарауы үдеп барады. Осындай да жазушы, марқұм Герольд Бельгердің « Қазақтар сендердің тәубә-тәубә, шүкір-шүкір деген сөздерің бір күні түптеріңе жетеді» дегені ойға оралады.
Кеше ғана өткен Азия елдері қаламгерлерінің I форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасады. Баяндамасы өзінің ана тілінде оқылды. Жиналған қазақ жазушыларының бәрі дән риза болысып жатты. Шетелдік қонақтар ғана қазақ президентінің қазақша сөйлегеніне қазақ жазушыларының таңдай қағып тамсанып жатқанына түсіне алмай тұрғандары кескін-келбеттерінен көрініп тұрды. Бұдан асқан мазақ, бұдан асқан сорлылық болмас. Өз елімізде, өз жерімізде шенеуніктердің мемлекеттік тілде сөйлегеніне қолпаштау айту, алғыс жаудыру – нағыз бишаралық, дәрменсіздік, жағымпаздық емей не? Сонда олар қай тілде сөйлеулері керек еді?
Араға күн салып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі құрған ұлттық сенім қоғамдық кеңесінде ресми тілге үстемдік берді. Президенттің әр сөзіне құлақ түріп отыратын халық тағы да алаңдап қалды. Әлеуметтік желідеге ағайын «Билік тағы Алдар көсе айтқандай әләуләйына басты» деп тұқыртып жатты. Жолдауында да негізінен ресми тілде сөйледі.
Елге танымал журналист Өмірзақ Ақжігіт facebook парақшасына: «Президент мырза! Қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тіл болғанын қалайтыныңыз рас па? Онда ешнәрсе айтпаңыз, тек құжаттарды қазақша даярлап әкелмесе, кері қайтара беріңіз! Барлық жерде тек қазақша сөйлеңіз. Тіліңіз келмесе, білмей қалып жатсаңыз сұраңыз, еш қысылмаңыз, ұялмаңыз. “Ұялған — залым, ұялмаған — ғалым”. Сұраныс, қажеттілік тумай қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмайды. Соны өзіңіз бастаңыз. Ең оңай, ең тез, ең дау-дамайсыз, ең абыройлы жол — осы. Бір жылға жетпей бүкіл министр, әкім, судья, прокурор, банкир, депутат атаулы қазақша сөйлейтін болады. Тілдің, демек, Ұлттың тағдыры – өз қолыңызда» деп жазды елдің базынасын. Халықшыл, демократ, саясатқа жетік тұлға осы жазғанымызды оқып жатса қортынды шығарады деген ойдамыз.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мемлекет басшысының: -Бүгін дәл осындай жаңа форматта кездесіп отырғанымыздың өзі оң өзгерістерге бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы міндетті ойдағыдай жүзеге асыратын бірегей құрылымға айналады деп сенемін. Біз халық сенімін ақтауымыз керек. Әрбір азаматтың мүддесі біз үшін өте маңызды» дегені халыққа ұнады. Тоқаев халықтың атынан сөйлеген кеңес мүшелерін де асықпай тыңдап шықты. Ал түрлі экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуге әркімнің ұсынысы әртүрлі. Мәселен, саясаттанушы Айдос Сарым алдымен сайлау, БАҚ, Парламент туралы заңдарды дереу өзгерту керек дейді. Әсіресе «митингтер туралы заң жетілдіріліп, халыққа ойын ашық жеткізіп, бейбіт шеру өткізуге рұқсат беру керек» дейді. Президент айтылған өтініш-тілектерді көңіл-дәптеріне жазып алғаны анық.
Қазақтың көңілі неден қалмай жатыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен де қалды. Әсіресе қазақ тілінің құнсызданып, құны түсе бастағаны ағайын-жұртқа қатты батуда. Елге жаны ашиды, ұлттың сөзін айтады деген Мұхтар Тайжанның орысша көсілуі – ерсі көрінді көпке. Мұхтар сынды азаматтың жолдан жаңылуынан кейін, ресми тілде сөйлемесе ішкен асы бойына батпайтындарға не жорық? Әлеуметтік саланың өкілдері болмаса, ұлттық кеңес бүгінгі Парламенттің кебін киді. Осындай да дана қазақтың «Өсер мал түстес келеді» деген мақалына риза боласың! Бабаларымыз жеріне жеткізе айтып кеткен екен-ау…
Ал ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде ел еңсесін көтеруге қадам жасалғаны халықты қуантты. Жиын аясында сөз алған белгілі ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса қоғамдағы ең өзекті тақырып – Мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп, Президентке елдің мұңын жеткізді: … Ұлттық идеологияның кемдігі көзге ұрып тұрған біздің Тәуелсіз Қазақ Елінде Ұлттық рухты көтеру бүгінгі күннің ең маңызды талабы… 1. Таяуда 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің тұңғыш Жолдауында Қазақ тілінің мәртебесі туралы қадап тұрып айтты. “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келеді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет”, – деді. Отыз жылда бұған да жеттік, құдайға шүкір. Мемлекет басшысының Мемлекеттік тілімізге баса назар аударуы елдің ерекше ықыласын оятып, ұлт зиялылары өз үндерін қосуда. Иә, ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ! Қазақстан Президенті айтқандай, «Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін барлығымыз жұмыла әрекет етіп», барлық жерде мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек! Ол үшін Атазаңда Мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара иеленуі үшін орыс тілі туралы 7- баптың 2- тармағын алатын уақыт жетті. Бұл Халық талабын Қазақстан Халқы Ассамблеясы алдымен қолдауы тиіс! Парламентіміз, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы қайрат көрсетуі керек!
Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз ақ батаңызды берсеңіз «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасауға дайын. 2.Мемлекеттік тілдің мемлекеттік деңгейде дамуы үшін және тиісті заңдардың орындалуын қадағалау мақсатында тікелей Президентке қарайтын Тіл агенттігі құрылғаны тиімді деп білеміз. 3.Тіл туралы айтқанда, міндетті түрде әліпбиге тірелесің. Латын әліпбиіне қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз о бастан көңіл аударып келесіз. Қолдануда қолайсыздық тудырған үтірлі нұсқаға нүкте қойған да өзіңіз болатынсыз – деп елдің сөзін айтып, мүжілген жігерге күш, қажалған арманға қуат бергендей болды. Енді бұл ұсыныстардың ертерек жүзеге асуына халық асығып отыр. Өйткені кезі келді. Тоқпағы мықты болса кигіз қазық жерге кіретін уақыт жетті…
Мен бұған дейін «ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ: БЕДЕЛІ ТҮСКЕН БІЛІМНІҢ ЕҢСЕСІН ТІКТЕЙ АЛА МА?!» деген мақалам да (23.08.2019): «Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтап қалса да, тілдің жыры бітер емес. Тәуелсіз мемлекеттердің арасында мұндай түйткіл мәселелер тек бізде ғана бар шығар. Тіл игеру тың игеруден де қиын болып кеткені ме? Тіл туралы заңға өзгеріс еңгізетін уақыт жетті деп ойлаймыз…
Бірді айтып, бірге кете бердім-ау, тамыз конференциясында президент ағылшын тілін 2-3 немесе 5-сыныптан бастау керектігі жөнінде үндеу тастады. Және оны ата-аналардың шешкені дұрыс деп түйіндеді. Меніңше, дәл осы мәселені жұртшылықпен ақылдасып керек емес сияқты. Себебі біз, ата-аналар есті болсақ, балаларымыз орысша шүлдірлемес еді. Бұл жағдайды ойын алаңдарында, сауда орталықтарында, тіпті дос-жаранның үйіне барып та көріп жүрміз. Несін жасырамыз, балаларымыз орыс, ағылшын, тіпті қытай тіліндегі мультфильмдерді көреді. Бөтен елдің жазушылары мен әдебиеттерін, әртістері мен әншілерін төбесіне көтереді. Сондықтан да билік мемлекеттік тілдің жайын жақсартамын десе тіршіліктің қамымен басы қатып жүрген жұртқа қарайламай тізеден басып отырып бекіткені дұрыс. Әйтпесе «Сен саларда мен салар, атқа шөпті кім салар» болып кететіндей халықта қорқыныш басым» деген едім. Сол айтқаным айтқан..
Түйін сөз:
ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІН АТА ЗАҢ ҒАНА
ТҰҒЫРЫНА ҚОНДЫРА АЛАДЫ
Тіл жойылса ұлт жойылады..! Тілдің дамуына, көркейуіне басқа ұлт пен ұлыс емес, өзіміздің қазақ кедергі.. Қарап отырсақ билік көгінде жарқыраған жұлдыз басшылардың көбісінің әкелері жазушылар. Әйтседе солақай саясат өз дегенін жүргізіп, көбінің шенеунік баласы тілден махрұм қалыпты. Бұл сонау кеңес кезіндегі отарлау саясатының жемісі..! Арыстандай айбатты Шер ағамның «Менің жəне мен сияқты сол кездегі замандастарымның трагедиясы ұл — қызымыздың кітабымызды жүрегімен ана тілінде оқымағаны, оған себеп отарлау саясаты, әрине өзімізде кінəліміз деп ашынған сəті есіме түсіп тұр.
Тіліміз неге өрістемей жатыр дегенге берер жауабымыз мынау. Кеңестік идеология санасына әбден сіңіп, социалистік интернационализммен уланған, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, әлі күнге дейін құлдық психологиядан арыла алмай жүрген орыс тілді қазақтардың кертартпалығы деп есептейміз. Ұлтсыздық санадан арылмайынша – толыққанды тәуелсіздік жоқ. Ұлтшылдық сезім, ұлттық рух, мемлекетшілдік мүдде болмаған жерде – ана тіліміздің де көсегесі көгермейді.
Мысалы Астана мен Алматыда, өзге де облыс орталықтарында бағасы халықтың түсіге кірмейтін ақылы мектептер бар. Олардың қазақша білім беріп жатқандары жайлы мәліметім аз. Ал орысша, ағылшынша, қытайша жанталаса білім беріп жатқаны шындық. 25 мың долларға ағылшын тілін оқытып жатқан мектептер жетерлік. Қытай мен орыс курстары да капиталистік заманда тегін оқытпасы белгілі жайт. Ал қазақ тіліне миллиардтап қаржы бөлінгенде шыққан нәтиже қанекей? Текке далаға шашылған қаржыға ішің қалай ашымасын! Ата-баба аманатқа қалдырған мемлекетте тұрып жатып, ана тілімізді өзгелерге жалынғандай ақша төлеп оқытудың өзі сорақылық емес пе? Одан кейін қазақ тілінде сөйлеп кеткен шенеунікте аз. Біздің түбімізге осы көзбояушылық, немқұрайлылық жете ме деп қорқамын. Еліміздегі инновациялық мектептерге айтар сөзім жоқ. Олар ел дамуына үлес қосып келеді.
Тәуелсіздік қазаққа көп нәрсе берді. Соның ең озығы – қоғамды бай мен кедейге бөліп екіге қақ жарғаны.
Шетелде жүргенімде осы шетелдіктердің елгезектігіне талай рет таңғалдым. Егер Жапонияда жапон балалары жапон тілін білмей, өзге тілде сөйлей бастаса (әрине, Жапония бұған ешуақытта жол бермейді! Мен мұны тілге тиек ретінде алып отырмын), сол күні-ақ бүкіл Жапонияда дабыл қағылады. Бұл не? Бұл қандай құбылыс? Бұл неден шыққан? Жапон баласының жапон тілін білмеуі деген не сұмдық? Мемлекет қайда қарап отыр? Үкімет ше? Не керек, бұл мәселе бүге-шігесіне дейін тексеріліп, мемлекет тарапынан тиісті шара қолданылады. Ал бізде ше? Отбасын былай қойыңыз, тұтас ауыл, тұтас аудан, тұтас облыс қазақша сөйлемесе де ештеңе демейміз. Шынымен–ақ елеңдейтін дүние ғой бұл.
Мысалы Англияда, Францияда өз тілдерінде сөйлемесең қызмет түгілі, қара жүмысқа жарамайсың. Ал біздің билік кеңқолтық, дарақылыққа үйір. Кім келседе есігіміз ашық,төрімізде көрпе жайулы тұрады. Германияда дәл қазір 8 миллионға жуық түрік тұрады. Бұлардың дені – қара жұмысшылар. Бірақ, Германия үкіметі «Бізде 8 миллион түрік тұрады ғой, бұларға өз тіліндегі мектеп, газет-журнал, мәдени орталық ашып берейік» деген емес. Дегеніңіз не, сол 8 миллион түрік тарапынан осындай ұсыныстар болған кезде, оған қатаң тыйым салып, түріктерді ендігәрі аузын ашпайтындай етіп тастады. Ал енді біз түрлі ұлттардың мәдени орталықтарын, мектептерін ашып тастадық. Ассамблея құрып тастадық. Бұл қай мырзасыну? Егер сенің мырза көңіліңе елітіп, тілің мен діліңе бас иіп жатса әңгіме басқа болар еді?!
Кеңес дәуірінде «Қазақ қоғамы» дүрілдеп тұрды. Соңғы жылдары ол ұйымның аты түгіл затын естімей қалдық. Жақында осы ұйымның атынан саясаткер Берік Әбдіғали жылт етіп көрінді. Негізі «Қазақ қоғамы» өз биігінен түспегенін қалаймын…
Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Президент Тоқаевтың тілге қатысты әр сөзі ел рухын көтеріп, қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өмірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені байқалады. Ең бастысы – ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Ендігі жерде қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түссе нұр үстіне нұр болып құйылар еді. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенмен, аз да болса оң өзгерістер боларына сенім зор..
Тіл мәселесінің көтерілгеніне отыз жылдай уақыт өтсе де, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай тиісті деңгейге көтеріле алмауы неліктен? Қазақ халқы мемлекет құраушы әрі республикадағы саны жағынан басым ұлт болса да, қазақ тілінің екінші қатардағы тіл болып қалуының себебі неде? Қазіргі таңдағы ұлт мүддесі мен намысын жоғары қоятын, ұрпағының болашағына алаңдайтын қазақ ұлты өкілдерінің көкейінде жүрген сауал осы. Олай болуы заңды да. Кешегі кеңестік кезеңде көп теперіш көріп, қолданыс аясы шектеліп, жетімнің күйін кешкен ана тіліміздің ел тәуелсіздігі кезеңінде де төрге шыға алмай отырғаны – толыққанды тәуелсіздігімізге жараспайтын құбылыс екені ақиқат. Ұлт тәуелсіздігінің негізгі белгілерінің бірі – оның тілінің үстемдігі. «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!» деп ұлы М.Әуезов айтқандай, тілдің болашағы – ұлттың болашағы! Тіл болмаса – ұлттың да болмайтыны шындық. Демек, мемлекеттік тіл мәселесі – ұлттық қауіпсіздіктің де мәселесі екені айқын.
Соз соңында айтпағым, қазақ тілі жандану үшін – Ақорда елге үлгі болуы керек. Өзімізді өзіміз алдарқата беруге өмір қысқа. Уақыт зырлап барады. Келер ұрпаққа тілсіз ұлт, тоналған жұрт, берекесі қашқан жер қалдыру – биліктің арманы болмас. Олай болса – қазақтың тілінің көркеюіне қазақ билігі күш салуы уақыт талабы! Ел мен жердің тынышталуы да осыған байланып тұр.
Авар ақыны Расул Ғамзатов бір сөзінде: «Ардақты ана тілім мені бала сияқты қолымнан жетелеп, ауылымнан алып шығып, адамзат әлеміне әкеліп қосты», — деген екен. Сол айтқандай ана тіліміз – барша қазақты адамзат әлеміне жетелейтін күн тезірек атса шіркін!…
Сәуле Мешітбайқызы