Жамбыл облысына Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі көне Тараз тотыдай түрленіп, жаңарып, жасара түскені жасырын емес. Тіпті бұқара өңірдің бас шаһары бұлайша нұрлана түседі  деп  ойламаған да еді. Ал Жеңіс, Қайрат Рысқұлбеков сынды саябақтарда алып жобалар қолға алынып жатқанда «Әй, қайдам мүмкін емес-ау» деп күмәнмен қарағандар көп болған. Алайда айналып болмас аядай ғана уақыт ішінде сәні кеткен саябақтар сұлудай сыланып, аллеялардың ажары айшықталып, қала қоқыстан тазарып келбеті керемет көрікке енді. Ең бастысы темірдей тәртіп пен талап болса кез келген істің көзін тауып, қиюын келістіруге болатынына көздері  жеткен қала тұрғындары бүгінде «Қаламызды енді қандай өзгерістер күтіп тұр?» деп елеңдеп отыратын күйге түсті. Жұртшылықтың әсіресе құрылысы жуырда ғана жанданған  «Шахристан» тарихи-мәдени  кешеніне айрықша ауып отыр. Жамбыл облысына Халықаралық «QAZAQSTAN DAUIRI» қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы жұмыс сапарымен келген  сәтте аталмыш нысанға арнайы ат басын бұрып, құрылыс барысымен жан-жақты танысып қайтқан едік.
Жоспарлы жұмыс 50 пайызға орындалды
Жасыратыны жоқ, кезінде сауда орталығы   болған   аумақтың   бола­шақ­тағы келбеті кез келген адамды қы­зықтырады. Оған қоса, тарихқа сүйен­сек  Шахристан — ортағасырлық қаланың қо­ғам­дық ғимараттар мен сауда және мә­дени мекемелер орналасатын бөлігі болған. Мем­лекеттік қызметтегі шенеуніктер мен жергілікті ақ­сүйектердің тұрғын үйлері де әдетте қаланың осы бөлігінде орналасқан. Ортағасырлық қала салу дәстүрі бойынша Шаһристан цитадельді қоршай немесе бір шетінен жалғаса бой көтереді. Оның сыртынан міндетті түрде қорғаныс қабырғалары қаланып, айнала ормен қоршалады. Қазақстан жеріндегі Шаһристан ортағасырлық қалалар  Отырар, Қараспан, Ақтөбе және Талғар қалашықтарында қазылып, зерттелген. Қазба нәтижелері мешіт, медресе, монша секілді діни-ағартушылық және тазалық ошақтары да қаланың осы бөлігінде болатындығы  дәлелденіп отыр.
«Шахристан» тарихи-мәдени  кешеніндегі құрылыс басына барғанымызда бірден назарымыз қайнаған тіршілікке ауды. Бір тұста үлкен жүк көліктері түрлі құрылыс материалдарын тиеп ағылып жатса, енді екінші жағында жұмыскерлер уақытпен санаспай еңбек етуде. «Міне, осылардың қолымен болашағымыздың  іргесі қаланып жатыр» деген тәтті ойға берілдік.
Алдымыздан қарсы шыққан штаб басшысы Рахманқұл Байтелиев бірден атқарылып жатқан жұмыспен таныстыра кетті.
– Жалпы мұндағы құрылыс маусым айының 10-нан  басталған болатын. Негізгі құрылысты «КДСМ» мен «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. «КДСМ» ЖШС бұған дейін Жеңіс саябағындағы, Даңқ аллеясындағы, сондай-ақ Атшабардағы Жастар аллеясындағы құрылыс басында болған. Сондықтан бұл серіктестікке үлкен сенім артылып, осы алып жоба беріліп отыр. Ал «Өмірзақ» ЖШС өңірдегі бірқатар тасжолдарды  жаңартуда жүйелі жұмысымен көзге түсіп, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне  бұл серіктестік те  жұмылдырылып отыр. Одан бөлек, жоспарлы жұмысқа демеу болып  жатқан  8-9 серіктес компаниялар бар.
«Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде 11 нысан бой көтереді деп жоспарланған. Оның сегізінің қазір жоспарлы құрылыс жұмыстары басталып кетті. Олардың қатарында Өлкетану музейі, Руханият орталығы, Қолөнершілер шеберханасы, Көркемсурет галереясы, Амфитеатр, Сағат стелласы, Арбат -1,2,3 нысандары бар. Құрылысқа барлығы 300-ге жуық жұмысшы жұмылдырылса, олар екі ауысыммен тер төгуде.Сондай-ақ 18 техника күн-түн демей қозғалыста. Ал  құрылысқа қажетті материалдардың 80 пайызы отандық өндіріс орындарынан алдырылуда. Қалған Самарқанд кірпіші, глазур төсеніштер Қытай мен Өзбекстан мемлекеттерінен жеткізілуде. Олармен арнайы келісімшарт жасалып, ең сапалы материалдар әкелінуде.
   Жалпы «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің аумағына 45 мың тас төсеніш төселіп, алты субұрқақ орнатылады деп көзделуде. Сондай-ақ «Март» сауда орталығының артындағы 350 метр канал бойына кіші архитектуралық нысандар салынып, келушілерге жайлы  жағажай жасалмақ. Бір сөзбен айтқанда қазір құрылыстың қарқыны өте жақсы. Бүгінгі күннің өзіне құрылыстың 50-55 пайызын аяқтап отырмыз, -дейді Рахманқұл Тұрсынқұлұлы.
Енді Самарқанд асып, 
Бұқараға барудың  қажеті жоқ 
   Ал «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніндегі әрбір нысанның ерекшелігі жайлы штаб мүшесі Мақсат Нұржанов айтып берді.
-Кешен аумағындағы ең басты нысандардың бірі – Өлкетану мұражайы. Мұнда өлкеміздің бай табиғи мұрасымен қатар, түрлі қазба байлықтары, тарихи бұйымдар орналастырылады. Сондай-ақ мұнда бас сұққан туристер Жамбыл облысының тарихи орындары мен даңқты тұлғалары жайлы да мол мағлұмат ала алады. Екі қабаттан тұратын мұражайда түрлі жиындар өткізетін орындар да қаралмақ. Ал көркем сурет галереясына облысымыздағы таланттардың  туындылары қойылады. Сонымен қатар мұнда жас өнерпаздарға шеберлік сабағын өткізетін бөлмелер де жасақталмақ. Онда еліміздің көркем сурет шеберлерімен қатар, әлемдік деңгейдегі  өнер иелері де арнайы дәріс оқи алады. Қолөнершілер шеберханасына болса, аймақта жанқаға жан бітіріп, темірден түйін түйген қолөнершілердің бұйымдары қойылады. Және оны қолжетімді бағамен туристерге өткеру жағы да қарастырылуда. Руханият орталығында аты айтып тұрғандай  рухани шаралар ұйымдастырылып, түрлі тақырыптағы құндылықтар көрсетілмек. Оған әр мекеме мен ұйым үн қосып, өз бұйымдарын қоюға құқылы.
Амфитеатрда өңір өнерпаздарының өнерлерін паш етуге бар мүмкіндік жасалған. Ашық аспан астындағы театр талай таланттарды жарыққа шығарады деген үміт зор.
Бұдан бөлек, кешен маңындағы бұрынғы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші тұрған тұсқа үлкен Сағат стелласы қойылмақ. Онда қазір инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан сағаттың болмысы мен архитектуралық ерекшелігі айқындалуда.
Тағы бір қуанышты хабар, енді жамбылдықтарға арбат іздеп Алматы асудың қажеті жоқ. «Арбат-1»  аймағы «Шахристан» тарихи-мәдени кешені мен Сағат стелласы арасын қамтыса, «Арбат-2» «Март» сауда орнына дейін созылып жатыр. Ал «Арбат-3» болса, «Март» сауда орталығының артындағы жағажай бойын жалғамақ. Мұнда да өнерпаздардың түрлі бұйымдарын қоятын орындар салынып, тұрғындар тынығатын орындықтар орнатылады. Және ең бастысы жастар арбат бойында түрлі өнерлерін көрсетіп, бос уақытында сүйікті істерімен айналыса алады.
Тағы бір тілге тиек етері, «Шахристан» кешені маңындағы тұрғын үйлер де жаңартудан өтуде. Оның кейбірінің құрылысы кондоминиум негізінде жүргізіп жатса, екіншілері жекеменшік құрылыс фирмаларының күшімен бітуде. Бір сөзбен айтқанда аталған нысандардың құрылысы толықтай аяқталғанда, 200 гектардан астам жерді  алып жатқан аумақ адам танымастай өзгереді,-дейді М.Нұржанов.
Иә, кешен  құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілгенде тараздықтар үшін тамаша тарту болғалы тұр. Онда бас сұққан адам бейне бір көне қалашықтардың біріне тап болғандай таңғажайып күй кешеді деп күтілуде. Демек, Тараз тұрғындары мен қала қонақтары енді орта ғасырлық сәулет үлгісін көргісі келсе, Самарқанд асып, Бұқараға бармай-ақ, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне ат басын бұрса да жеткілікті болмақ. Неге десеңіз, аталмыш кешенде бой көтеретін барлық ғимараттар мен нысандардың қас беттері бірыңғай тарихи нақышта әрленбек. Бағаналардың бой көтеріп, қабырғалардың  қалануы  да тарихи шаһардың көне келбетін  айшықтап тұруға, орта ғасырлық сәулет үлгісінің болмысын сезіндіруге бағытталуда. Ол үшін салынатын жобалардың құрылысына «Самарқанд» технологиясындағы арнайы қыш кірпіштер қолданылуда. Бүгінде мұндай кірпіштерді құрылыста кеңінен қолдану  еліміз бойынша алғаш рет  Жамбыл облысында қолға алынып отыр.

Өткенімізді тірілтеді, 
тарихымызды танытады

 

Өңір басшысының қолдауымен ашылған «Сәулеттік бюро» директоры Арман Әбдешовтың айтуынша, «Шахристан» тарихи-мәдени  кешені алдағы уақытта өткенімізді қайта тірілтіп, төл тарихымызды танытар орынға айналатыны хақ екен.
– Бұрынғы «Шахристан» сауда орталығының аумағында көне Таразды көз алдымызға әкелетін ортағасырлық шығыс сәулет стилі қолданылады. Сол арқылы Таразға көптеп туристер тарту мүмкін болмақ. Сәулет өнеріндегі ортағасырлық шығыс стилі Самарқанд, Ташкент қалалары ғимараттарының құрылысында жақсы көрініс тапқан. Сондықтан бір топ сәулетшілер Өзбекстан мемлекетінде болып, ондағы ортағасырлық сәу

лет өнерінің ерекшелігімен танысып қайтты. Бұл тәжірибені біз жұмыс барысында мақсатты пайдаланып келеміз, – дейді ол. 

Жалпы құрылыс жұмыс­та­рына жергілікті бюджеттен 3 миллиард 76,4 мил­ли­он теңге қаржы қарас­ты­рылған. Қазір осы соманы мақсатты иге­руге бар күш-жігер жұм­салуда.
Бір кездері көк ба­зар көшіріліп, «Көне-Тараз»  қала­сының қазба жұмыстары бас­тал­ғанда бұған қарсы шыққан  бұқараның қарасы қалың  болған. Тіпті «Жергілікті билік  күн көр­ісімізден қақты» деп дүр­ліккен жұрт, түрлі арыз-ша­ғым­дарын да айт­қан. Алайда уақыт өте «Көне-Тараз» тарихи кешені көпшіліктің кө­зайымына ай­налып, қара халық сон­дағы шешімнің оң болғанын мойын­дады. Осы орайда, «Шах­ристан» тарихи-мәде­ни кешенінің құры­лысына деген жұрт­шы­лықтың көзқарасын білген  едік.
– Шындығы керек,кезінде көк базарда сауда-саттықпен айна­лысып жүргенде базардың көші­рілетін естіп, қатты қамыққанбыз. Тіпті жаңа сауда орындарынан орын таба алмай, Меркі ауданына да қоныс аударуыма тура келді. Ол кезде бұл жұмыстарды мүлде құптамаған едім. Алайда қазір «Көне-Тараз» тарихи кешеніне отбасыммен бірге барып, тынысым ашылуда. Таныстарымда келіп қалса, Жеңіс, Қайрат Рысқұлбеков саябақтарын аралатып, жағажайда серуендетіп, «Көне-Тараз» қалашығын көрсетіп мақтанатын болдым. Жалпы мұндай қалашықтар ертеңгі ұрпағымызға мол мұра. Сол себепті мен «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқанын қос қолдап қолдаймын. Және құрылыс толықтай аяқталып, нысандар елге есігін айқара ашатын күнді асыға күтіп жүрмін, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Азамат Ахметов.
Мұндай ойды қала тұрғыны Жанат Байженова да айтады.
– Бұрын балаларымызды алып, қаланың орталық алаңын ғана айналып қайтатынбыз. Қазір сағаттап серуен құрып, тамашалайтын жерлер көп. Бұл үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовке айтар алғысым шексіз. Енді «Шахристан» кешенінің де құрылысы жанданып жатқанын естіп, қатты қуанып қалдым. Себебі біз өз тарихымыз бен бай мұрамыз туралы білуіміз керек. Және ұл-қыздарымыздың санасына 2000 жылдық тарихы бар Тараз шаһары туралы, өздерінің туған өлкелері хақында құнды дүниелерді жадтарына жаттатқанымыз абзал. Ал ол үшін «Көне-Тараз», «Шахристан» сынды тарихи кешендер өте қажет. Әрі бұл нысандар қала келбетін ажар қосып, тағы нұрландыра түседі.
Тағы бір айта кетерлігі, осы Алматы қаласына бара қалсақ, Арбатын көріп, аузымызды ашып таңқаламыз. Ал біздің жамбылдық жастар бас қосатын жер таппай, әр бұрышта өлең оқып, шығармашылықпен айналысуда. Міне осы жастар үшін Тараз қаласынан Арбаттың ашылатынын естіп, дән риза болдым. Енді тек, тәп-тәуір  басталған тірлік жарты жолда қалмаса болғаны, -дейді Жанат әжей.
Тілші түйіні  
   Иә, бұл қалай дегенде де кейінгі ұрпаққа қалар мол мұра екені даусыз. Оны облысымызға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтқан болатын.
«Көне Тараздың тарихы әлі де зерттеле береді.  «Шахристан» тарихи-кешені сынды орындарға  тұрақты қолдау көрсетіледі. Аталмыш  салада халықаралық деңгейдегі мамандар көп. Бізге университеттерде туризм бизнесі бойынша мамандар әзірлеуді қолға алу керек. Ол ең алдымен көне Тараз шаһарына ауадай қажет», – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ал өңір басшысы  Асқар Исабекұлы «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысын Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы аталып өтетін қараша айына дейін сапалы бітіруді тапсырған. Және негізгі шаралар осы тарихи кешенде өтетінін ескерткен. Қазір құрылыс басында жүрген жауаптылар құрылыс жұмыстары өңірдің 80 жылдық мерейтойына орай аяқталатынына  уәде етіп отыр. Демек, «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің есігі елге айқара ашылатын күн алыс емес деген сөз.
Сол сәтте көне Таразға туристер лек-легімен ағылатынына бек сенімдіміз.
Саятхан Сатылғанов, 
Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған