Көлікке мінерде оқылатын дұға

Ислам дінінде парыздардан басқа әр-түрлі дүниелік істерді істеген кезде сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-ның сүннетінде көрсетілгендей орындауды әдеп деп атаймыз. Мысалы мұсылман адам тамақ ішкенде астың алдында және соңында қолын жуады, бисмилламен бастайды, оң қолымен өз алдынан ішіп-жеуді пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) хадисінде айтылған. Осы хадистен ислам ғұламалары мұсылман адамның тамақ ішіп-жеуі жайында әдептерін алған, сол сияқты көлікке мінудің дұғасы және әдептері бар.

Құранда Алла Тағала көлікке міну жайында былай деген: «Алла барша мақлұқаттың түрлерін жаратты, үстіне шығуларын үшін кеме, мінулерін үшін хайуандарды жаратты. Олардың үстіне шығып (мініп) алған кездерінде Раббыларынның жақсылығын естеріне ала айтасындар: «Бізге осыларды бойсұндырып берген – (барлық нұқсаннан) пәк Алла, әйтпесе бұған біз жолай алмас едік. Бәріміз расында, Раббымыздың алдына қайтарыламыз». (Зұхруф сүресі, 12-14 аяттар).

Осы аяттарға қарап ислам ғұламалары мынадай дұғаларды көлікке міну дұғалары деген:

«Бисмилләһ, әлхамдулилләһ», мағынасы: Алланың атымен, Аллаға шүкір.

«Субханәлләзи сәххара ләнәә һәәзәә уә мә куннәә ләһуу муқриниин. Уә иннәәәә иләә раббинәә ләмунқалибуун.

Мағынасы: «Бізге мұны бағынышты еткен Алла пәк. Әйтпесе біз оның маңына бара алмас едік. Сөзсіз біз Жаратушы Иеміз жаққа қатып барамыз». (Зұхруф сүресі, 13 аят).

«Әлхамду лилләәһи, әлхамду лилләәһи, әлхамду лилләәһ, Аллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр, субхаанәкәл-лааһумма иннии заләмту нәфсии фәғфирлии, фә иннәһуу ләә яғфируззунуубә илләә әнтә».

Мағынасы: «Алла барлық мақтауларға лайық! Алла барлық мақтауларға лайық! Алла барлық мақтауларға лайық! Алла ұлы! Алла ұлы! Алла ұлы! Ей Аллаһым! Сен пәксін. Әлбетте мен өзіме зұлымдық жасадым, мені Өзін жарылқа. Өйткені, шын мәнінде Сенен басқа күнәларды жарылқаушы ешкім жоқ».

 

«Бисмиләһи мәжрәһә уа мурсәһа. Инна рабби ләғафурур рахим» («Һұд» сүресі, 41-аят). Мағынасы: «Оның жүруі де тұруы да Алланың атымен. Расында Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді».

Жоғарыда келтірілген дұғаларды айтумен қатар көлікке мінудің әдептері ол ҚР-ның көлік міну ережелерін толықтай сақтап отыру да мұсылман адам үшін көлікке міну әдептеріне жатады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-ның сүннеттерінде көрсетілген көлікке міну әдептері мынадай:

  1. Көлікке отырарда дәрет алып алған жөн.
  2. Көлікке мінерде бұл нығметтің берушісін, яғни Алла Тағаланы еске алу.
  3. Алланы еске алғаннан кейін Пайғамбарымыз «бисмилләһи Аллаһу әкбар» деп Қасиетті Кітабымыз Құрандағы келтірілген дұғаларды айтуға кеңес берген. 
  4. Көлікке отырғаннан кейін қауіпсіздік үшін Аятул-Күрсиді оқып, Алланы зікір еткеніңіз артық етпейді.
  5. Көліктің жылдамдығын шектен асыра қатты айдамау. 
  6. Көлік сүрінгенде «бисмиллә» деу. 
  7. Көлікте асықпау. 
  8. Біреу жол сұраса, жол беру. 

 Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-ның заманында көлік түрлері кеме және әртүрлі хайуандар түрі болса қазіргі заман көліктеріне қияс үкімі бойынша кеме, пойыз, автокөліктер және самолеттер жатады. Ендеше соңғы уақыттары кеңінен тарап кеткен қазіргі заман қажылары қажы емес бұрынғы заманда қажылар айлап немесе жылдап атпен немесе жаяулап барған деуі орынсыз бос сөздерге жатады. Өйткені ол заманда жағдайларына қарап сол заманның көліктерін пайдаланған, ал қазіргі заман көліктері ол пойыз және самолеттер ендеше Алланың берген нығметтерін пайдалану ол кемшілікке жатпайды құрметті мұсылман қауым.

«Екібастұз» қалалық мешітінің Бас имамы Б.Б. Отарбаев