Аналардың зарына құлақ түр, ӘЛЕМ!

Бүкіл Қазақстан халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан тура 20 жыл бұрын арнайы Жарлығымен бекітілген атаулы дата — 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқпыз. Қаралы күн болып саналар бұл күні Алматыда ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұл оқиға елді бір серпілтіп тастады. Осыдан он жыл бұрын саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешені ашылғанын жақсы білеміз. Елбасымызға алғысымыз шексіз. Тағзым мен тағылым күні. Тағдырдың талай теперішінен өтіп, азат күнге, аңсаған арманына қол жеткізген еліміз үшін бүгін аса маңызды күн. Ашаршылық құрбандарына, арыстарымызға құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды. Қабыл еткей бір Аллам!

«АЛЖИР» мұражайында бір күн болғанда туған ой

Мыңдаған аналардың өмірлеріне өшпестей қара таңба, көңілдеріне кетпестей көлеңке-сыз қалдырған, 1934-1954 жылдар арасында «Халық жауының» əйелдері деп танылған, Ақмоладағы «Отанын сатқандардың» əйелдерінің лагері — «Алжирге» біз де арнайы барып, көңілге түйгенімізді оқырманмен бөлісуді жөн көрдік. Аналарымыз Сталиндік жазалау машинасының зобалаңын көрген, лагерь басшыларының географиялық тілінде «26-шы нүкте» деген атау берген лагерьде қанша тұтқын əйел отырғаны туралы толық дерек жоқ. Дегенмен, 1937-1954 жылдар арасында «ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» ƏЙЕЛІ деп танылған əрбір анаға орта есеппен алды 3 жыл, арты 8 жылдан берілсе, бұл лагерьде шамамен 22 мыңдай тұтқын əйел азап шеккен екен. Қарапайым үй шаруасындағы əйелден бастап, ақын, жазушы, өнер адамы, дəрігер, партия, комсомол, кəсіподақ қызметкерлері, мұғалімдер, тіпті мал дəрігерлеріне дейінгі əртүрлі мамандық иелері жылдар бойы жазықсыз жапа шекті… Кіре берісте аспан астындағы ашық мұражайда үнемі азалы əуен ойнап тұрды. Бəрі шынайы. Арсылдаған ит те, бүрісіп сүйегі қалған «халық жауының» əйелі де… Оның мүсін ғана екенін ұмытып кетесің. Тəубеңе келесің. Аза тұтудың не екенін тек осында сезінесің. Жүрегің ауырады. Жан дүниең тебіренеді. Көзіңе жас келеді еріксіз.

                             22 мың әйелдің тағдырын қор қылған…

Есіктен кіргенде Елбасының мына сөзі көзге түседі:

«…Біз жастай солған жасампаз тұлғалардың алдында ғұмыр бойы бас иіп өтуге міндеттіміз»

«Алжирде» 8 мың əйел болған. Этаппен келіпкеткендер — 18 мың əйел. Жетпей жолда құрбан болғандары, саналмағандары қаншама?! 60-тан астам ұлттың əйелдері болған екен. 90нан астам əйел қазақ. Көпшілігі орыс əйелдері. Күзетшілерден туған балалардың саны — 1507. Бұл Бүкіл Кеңес одағынан.

Түрмеде қорлық көрген олардың қазір тірісінің жасы 70-80 аралығында. Сол уақытта олар 18-25 жастағы əдемі келіншектер, алды жаны жайсаң парасатты аналар еді-ау. Сталиндік зобалаң олардың өмірлерін көктей солдырды, қайғықасірет сол мыңдаған аналардың өмірлеріне өшпестей таңба, көңілдеріне кетпестей көлеңке қалдырды-ау. Вагонның ішінде қақаған аязда жатады. Астарына қамыс орып салып, соны төсеніш қылады. Соны жағып жылынған болады. Өздері аш, суық күні жейтіндері күніне бір тілім қара нан, қақталған балық, су орнына мұз сорады… Сол əйелдердің мықтылығын, қайсарлығын мына сөздерден көруге болады: «Ақмоланың сұлулары атандық. Аязда жұмыс істеп, бетімізге қан жүгірді. Білеу темірді алғашқыда көтере алмадық, кейін үйрене келе ұршықша айналдырдық. Терлеп-тепшіп жол тазартамыз, жер қазамыз, сілеміз қатып келіп быламықты ішеміз. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысамыз. Кімнің кім екені белгілі… Арамызда сұлу, сұңғыла қыз-келіншектер де бар еді, осындай əсем қыз-келіншектерге біздің жендет күзетшілеріміз сұқтана қарап, зорлап, сол жендеттерден мыңнан аса бала туды…»

Аналарға мың тағзым..

Мың тағзым Сіздерге, қадірлі аналар! …Киелі қазақ жерінен пана тапқан, діні бөлек, тілі басқа жұрттарды басқа түскен қайғы-қасірет ағайын етті. Олардың ұрпағы бүгінгі Қазақстанда өсіп-өнді, өркен жайды. Сондықтан, Елбасымыз атап өткендей, тақсіретті тарихымыздың тағзым мен тағылым күнінде саяси қуғын-сүргін жəне ашаршылық құрбандарын ұмытпау біздің борышымыз болуы тиіс. Қазір көзі тірі «Алжирлік» аналарымыздың жастары жетпіс-тоқсанның аралығында. Ендеше, араға жарты ғасырдан астам уақыт салып «Алжирге» жиналған көзі тірі аналардың естеліктеріне назар аударайық («АЛЖИР» естеліктер*воспоминания» атты кітаптан да біраз деректер алдық):

Мəскеулік Оксана Козьмина: — Өмірімнің сегіз жылын Қазақстанға беріп кеттім… Алғашында ерлер ұстайтын білеу темірлерді көтере алмадық. Бірте-бірте небір ауыр жұмыстарға көндігіп, терлеп-тепшіп жол тазарттық, жер қаздық. Сəл дамылдасаң, теріміз қатып, суық тигізіп аламыз деген қорқынышпен сілеміз қатқанша дамыл таппай жұмыс істедік. Кешке қарай қойыртпақ ботқамызды ішіп алып, «тəрбиешілеріміздің» бұйрығымен ұйқылы-ояу концерт дайындаймыз. Өзім «Москонцерттің» əншісі едім. Күйеуімді атып тастап, өзімді «халық жауының» əйелі деп түрмеге қамағаны, этаптан этап, түрмеден түрме, ең соңында «Алжирден» бір-ақ шықтық қой… Арнайы зектердің вагонымен біздерді — əйелдерді Мəскеуден, Киевтен, Ленинградтан, Одессадан, Бакуден, Тбилисиден, тағы басқа қалалардан «26-шы нүктеге» таси берді. Ішкеніміз — у, жегеніміз — желім болды. Қайғыдан қан жұттық… Сымбатты əйелдерге НКВД-ның жендеттері сұқтанып, дегеніне көндіре алмай, ең ауыр жұмыстарға жеккені, олардың тəлкегіне төзе алмай, өздеріне қол салғандары, ақыл-естерінен адасып, психикалық ауруға ұшырағандары да болды».

Ксения апай есінде қалған біраз тұтқындардың аттарын атап, олардың қилы тағдырларын қабырғасы қайыса отырып еске алды:

— Əйгілі балет бишісі Рахиль Михайловна Плисецкая, Галина Ковтюк, София Викентьевна Шпель, Екатерина Михошина, Галина Колдоносова, Елена Пятницкая, Зоя Попова, Клавдия Жунько, Татьяна Торина, Валентина думбадзе, Валентина Подвойская, Полина Нестерова, Екатерина Савельева, Фаина жəне Зоя Саркисовна Шахмурадова, Елена Татаева, Зинаида Татаева, Зинаида Дибенко, Тамара Васильева, Ксения Путинцева, Федосия Дубинина, Вера Лапина, Антонина Акимова, Мəскеу опереттасының дирижері Мария Иосифовна Лер, Нина Стрелкова, Мария Скоборинская…

Иə, бəрі өткінші, əрі өкінішті… Өртенген өзектің өрт шалған халін қос жанардан ағызған жасты бір сығып алған 1937 жылдың құрбаны, қатыгездікпен қаруланған Голощекин, баскесер Ежовтың, халықтың мұң-мұқтажын қорғаймын деп, олардың қырына ұшыраған Қазақ өлкелік партия комитетінің алғашқы хатшысы болған Сұлтанбек Қожановтың жесірі Күлəндам апа Сталиндік репрессия құрбандарының бірі ретінде қабырғасы қайыса отырып біраз мағлұматтармен бөлісті. — Түркістан өлкелік партия комитеті мен Қазақ обкомында хатшы болған, қазақ тілін жетік білетін Н.И.Ежов көзі жетер жері Семей губкомынан бастап, бүкіл басшы қызметтегілерді ұстарамен қырғандай тып-типыл жасады емес пе?! Əр үйдің бас егелерін түгелдей атып, ит жеккенге айдағанымен тұрмай, олардың əйелдеріне, кəмелеттік жасқа толған бала-шағаларына да қырғидай тигені тарихи шындық еді. Сұлтанбекті алып кеткен соң, екі айдан кейін мені де қамауға алды. Түрме қабырғасындағы көрген азаптарымызды еске алудың өзі қияметпен тең. Əсіресе есімнен кетпейтіні — ең кішісі емшекте, үйінде қалған бес баласын айтып еңіреп жылаған жап-жас өзбек əйелімен қосыла жылағанымыз, бір-бірімізді жұбатып басу айтып, барлық қиындықтарды теңдей бөліскеніміз.

Тіпті, кейбір əйелдерді емшектегі балаларымен қамауға алды. Аштықтан шырылдап жылаған сəбидің даусын естіп тұру қандай қиын?.. Үш жастан асар-аспас сəбилерді аналарының қолынан шырылдатып балалар үйіне алып кетіп жатты. Ананың, баланың қандай жазығы бар еді?! Таңғы төрттен кешкі тоғыз-онға дейін ауыр жұмысқа əйелдер қарулы күзетпен апарылатын, шаршап құлағандарды резеңке таяқпен сұлатып салатын қанішерлер… Қазақстан Лениншіл коммунистік жастар одағының жетекшісі Қайсар Ташитовтың жесірі Сағадат апамыз күйеуі атылғаннан кейін қамауға алынып, 11 жыл түрмеде отырып шыққан…

— Мен түрмеде маршал Тухачевский, Егоров, Грамарниктің семьясымен, Бейімбет Майлиннің əйелі Күнжамалмен, Санжар Асфендияровтың əйелі Рабиғамен бірге отырдым. Бір күні ұшқыш Ирина Вишневскаяны əкеліп қамады. Бірақ соғыстың ең қиын кезеңінде Иринаны соғысқа алып кетті… Балалық бал дəуреннің дəмін татпаған «халық жауларының балалары» деген атпен қоғамнан шеттеткен Қорған Мусин, Ильфа, Санжар Жандосовтар, Мира, Катаяма Қуатовтар, Болат Аюханов, Серік Тілеулин, Алма Темірбекова, Алдан Берденов тағы басқа толып жатқан жас өркендер ата-анасының аялы алақанын сезінбей өсті. Кезінде жылай-жылай көзімізде жас та қалмаған, балам, ол жылдар өте ұзаққа созылған жаман түс сияқты елестейді қазір… Халқымыздың қара əріппен жазылатын тарихын тек шындықты жазу арқылы жазықсыз жапа шеккендердің аруағы алдында жүздерің ашық болмақ, еш нəрсені бұрмаламай, тек шындықты жазыңдар, — деп əңгімесін аяқтады. Сталиннің тұсында шындық шынжырланды, ақиқат арқандалды. Жазықсыз халықтың қанына боялып, көз жасымен суарылған қазақ даласының қақ төрінде «Қарлаг», «Алжир» лагерьлерінің пайда болуы бекер емес.  Көршісі «халық жауы» болып ұсталып кетсе, жан-жағындағылары ендігі кезек менікі шығар деп күдіктеніп, «шықпа,  жаным,  шықпа»  деп отыратын заман болды…

Ел басқарған адамды  қошеметтеп, тамақ беру — дəстүріміз. «Халық жауына» тамақ берген «танысы»  деп,  талай бейкүнə адамдар түрмеге қамалған заман болды…

Тұрар Рысқұловтың əйелі Əзиза емшектегі баласымен, шешесімен «Алжирде» бірге болды.  Осыайша  жазықсыз, еш кінəсі жоқ жандарды жанұясымен  түрмеге қамаған заман болды… Тіпті мал бағып жүргенде өлген бір  бұзауға бола екі əйелді атып тастап, қалғандарына «енді бұзау өлетін болса,  осылай жазаланасыңдар» деушілерді қалай жендет демейсің?! Қиындыққа шыдамай өзіне қол салып, жынданып кеткендер қаншама?!   Мирзоянның əйелі, Хадиша Мусина, Шолпан Юсупова деген апаларың лагерьден келгеннен кейін жынданып кетті.  «26-шы нүктеде» адам өлімі жиі болып тұратын. Біреулері ауру-сырқаудан, екіншісі қайғықасіреттен, біраз əйелдерді бағып жүрген малды өлтіріп алдың деп, соттың үкімінсіз сол жерде атып, денелерін лагерьдің сыртына шығарып, неше күн жер қойнауына бермей, лагерьдегілерге үрей туғызу үйреншікті жағдай болған. Өлген адамдардың аяқ-қолына нөмір жазылған қалақша (жетон) байлап, табытқа салып, жерге көме салатын. Лагерьде адам өлімімен айналысатын арнайы бөлім болды…

Он жыл көргенімді бір күнде айтып бітіре алмаспын, ұлтымызға, ұлысымызға қарамай, бəрімізге ортақ бір жаман ат  — «халық жауының  əйелі» деген атпен Қазақстанда «26-шы нүкте», яғни «Алжирге» əкеліп қамап жатты ғой. Менімен бірге Закавказье  республикалары орталық атқару комитетінің  хатшысы  Алиадар Караевтың əйелі Хайдарханум, президиумның мүшесі Эфендиевтың əйелі, жазушы Ханафидің əйелі,  революционер Əли Байшаровтың əйелдері болды. Біразының аттарын ұмытып қалдым. Баку түрмесінен  он күн жүріп Қазақстанға келдік. Жол-жөнекей бізді  су бермей, тұздалған  балықпен тамақтандырып келді. «Алжир» он жыл өмірімді жұтты.  Небір қиын жұмыстарды атқардық. Құрылыс жұмыстарынан бастап, қақаған қыстың суығында, жаздың ыстығында азап шектік. Небір қазақ зиялыларының əйелдері мал бағып, көң тасып, кірпіш құйып, ең ауыр да азапты жұмыстарға жегілді… Осындай жауыздығымен елді қорқытып, атып, асып үрейлендірген  Сталин — нағыз баскесер! Өмірімнің ең қиын, ең қатал кезеңін бірге өткерген  Ақмола лагеріндегі қазақ аналарға, жазықсыз жазаланғандарға мың-мың сəлем айт, балам! — деп,  əзірбайжандық Сүлейменқызы Шүкірие апамыз бізбен таза қазақ тілінде қоштасты.

 Ұлты неміс Гертруда Платайстың  естелігі бойынша жазылған  «Курт — драгоценный   камень» атты өлеңінде  лагерьдегі азапты жұмыс атқарып жүрген аналарға  түрмеге жақын ауыл тұрғындарының  жанашырлық əрекеттері жайлы  баяндалған. Белуарынан саз кешіп, қар аралас егін даласында жұмыс істеп жүрген əйелдерге  темір тордың арғы жағынан ауыл адамдары, əсіресе балашағалар  қарап тұрады екен. Сондай күндердің бірінде үлкен-кішісі бар бір топ ауыл тұрғындары қабақтары түюлі, ызалы кейіпте  аппақ тастармен  жұмыс істеп жүрген əйелдерді атқылай бастайды.  

Онсыз да  күннің суықтығынан аяғынан сыз өткен бейшара əйелдер жасқанып, тағдырына налып, жандары күйзеліске түседі. Əлсіреп,  қардай жауған тастардан именген  Гертруда  ақ тастарға бетімен сүріне құлап түседі. Ақ тастан шыққан  сүттің  иісінен бойына қан жүгіріп,  жалма-жан тастарды қалтасына  салып, əйелдерге де ыммен тастарды қалдырмай жина деп белгі береді. Құлағына жендеттердің «қарашы, сендер сияқты сатқындарды балалар да жек көреді» деп қарқылдап рахаттана күлген дауыстары келеді.  Лагерьдегі қазақ əйелдеріне бұл не тас деп көрсеткенде, олар оның сүттен жасалатынын, ұлттық тағам — құрт екенін түсіндірген. Осылайша жергілікті халық жазықсыз жапа шеккен аналарға қолынан келгенше қолдау көрсеткен… Иə, «Алжир» туралы, ондағы аналарымыздың өксікті өмірлері жайлы көп жазылды. Мұражайға кіргенде ондағы сызды оқиғалар, ащы тағдырлар, сол зарлы заманның куəгерлері айтқан, шерткен əңгімелері осы мақаланың тууына əсер етті. 

ТҮРКИЯДА 17 МЫҢ ӘЙЕЛ МЕН 560 НӘРЕСТЕ ТҮРМЕДЕ НЕГЕ ОТЫР?

Ана, əйел ретінде, əсіресе қолыма қалам ұстап жүрген қасиетті журналистік мамандығында жүрген соң, барынша шындықты, ақиқатты жазуға тырысамын. Осы мақаланы жазу үстінде Түркиядағы əйелдердің де түрмелерде зорлықзомбылық, жауыздық көріп жатқан деректеріне куə болдым. Бұл оқиғаны сонау Кеңес империясындағы болған қуғын-сүргінге ұқсаттым. Жалма-жан зерттей бастадым. Сіз де назар аударыңыз. Себебі бұл зорлық-зомбылық жайлы сіз де, біз де, бəріміз де білуіміз керек жəне қос қолымызды көтеріп қарсы тұруымыз қажет.

Түркияда 17 мың əйел мен 560 нəресте түрмелерінде: SCF (Стокгольм бостандық орталығы)

SCF басып шығарған «Түркияда əйелдерді қамау: қудалау жəне қорқыту» атты баяндамасында, Түркиядағы мыңдаған əйелдер балаларымен мемлекет тарапынан зор-лық көрсетіліп, түрмеге жабылып жатқанын хабарлады. «Түрік елінің жаңа туған нəрестені анасынан айырып, не жүкті əйелдерді түрмеге қамауы түрік қоғамында үрей туғызуда», — дейді SCF.

SCF-тың айтуынша, жүкті əйелдердің босанғаннан кейін балаларынан бөліп, өзіне келуге мұрша бермей қамауға алынуы бірнеше рет орын алған. Өкіметке қарсы пікірдегі азаматтарды жазалау үшін жасалған заң жүйесін жеке басының пайдасына қолданып, абақтыдағы күйеулерінің жағдайымен танысуға келген əйелдерді, қолындағы сəбилерінің көз жасына қарамастан, əкелері аздай, аналарын да түрмеге қамап тастады. Бір жолы полиция тарапынан зорлық көрген əйелді есінен танып қалғанына қарамастан қайта түрмеге лақтырған. Басқа бір əйел журналист күйеуінің бостандықта жүргені үшін қамалған. Көптеген жағдайда əйелдер күйеулері Түркияның президенті Режеп Тайп Ердоғанға қарсы оппозицияға қолдау көрсеткені үшін түрмеге қамалумен қоса, мал-мүлкі тартып алынды. Əйелдердің қудалануы, Ердоған мен мемлекет қаһа-рынан ешкімнің қауіпсіздікте емес екенін көрсетеді. Бұлар мемлекеттік заңға жəне Түркия мүшесі болған халық-аралық ұйымдардың ережелеріне қарама-қайшы», — дейді SCF президенті Абдуллах Бозкурт.

Сот қызметкерлерінен журналисіне, мұ-ғалімінен дəрігеріне дейінгі қамауға алулар Гүлен қозғалысының тараптарына қарсы мемлекеттік қуғын бағдарламасында ерекше орын алды. Айтылған əйелдердің ешқайсысы бұрын-соңды айыпталып көрмеген, қазір мемлекет оларды «террорист» жəне «төңкеріске қатысы бар» деп қамауда ұстап отыр. Олар əлі сотталмады, тіпті айып та тағылған жоқ, бірақ сотқа дейінгі қамауда жатыр. SCF тіркеген көптеген жайттарда əйелдердің физикалық жəне психологиялық денсаулығы қамауға алынғаннан кейін, тамақ, гигиеналық жабдықтардың жоқтығынан, пси-хологиялық айықтыру қызметтері көрсетілмегендіктен күрт нашарлаған. Əйелдердің себепсіз тұтқындалуы тек оларға ғана емес, балалары мен отбасыларына да кері əсерін тигізді. SCF баяндамасында көрсетілген-дердің оларға мəлім болғандары ғана екендігін, көп жағдайда адамдар қуғынға ұшырау үрейінен көргендерін көпшілікке білдірмейтіндігін айтты. Бізге жеткен оқиғалардың аздығына қарамастан, Түркиядағы жан түршік-тірер жағдайларды болжау үшін жеткілікті», — дейді SCF. «Əйелдерге қарсы қудалауды бастаған Ердоған мен мемлекет қызметкерлері, Түркия балалары мен аналарына жойқын əсерін тигізгені үшін жауапқа тартылуы қажет», — деп қосты SCF.

SCF-тың толық баяндамасын осы жерден қарай аласыздар: http:// stockholmcf.org/wp- content/uploads/2017/04/Jailing-women-in-Turkey.pdf.

Сонымен қатар, бір жылдың ішінде Түркияда адам құқығын аяққа таптаған бірнеше оқиға орын алды. Əлемде ең интеллектуал түрме Түркияда. Өткен жылдың 16 шілдесінде жүзеге аспаған «əскери төңкерістен» кейін 100 мыңнан астам адам жұмыстан қуылып, тең жартысы түрмеге тоғытылды. Олар: мұғалімдер, академиктер, дəрігерлер, журналистер, сот, жоғары сот мүшелері, полиция, прокурорлар. Солардың ішінде дене мүшелерінің 82 пайызы қимылдамайтын мүгедек əйелі, ауру баласы бола тұра, мүгедек күйеуін «əскери төңкеріке» қатысы бар деген желеумен түрмеге тоғытқан. Өздігінен жүріп тұра алмайтын, дəретханаға бара алмайтын 80 жастан асқан қариялар да бар. Остеоклазию (сүйектің еруі), гемофилия секілді ауруға шалдыққан, қатерлі ісік ауруымен ауыратын адамдар түрмеде. Зорлықзомбылықтан өліп кеткендері де бар. Бір жылға жуық түрмеде отырғандар бүгінгі күнге дейін қандай қылмыс жасап, заң бұзғанын білмейді. Өмірге баласын енді ғана əкелген аналарды ертесі күні түрмеге қамау жиі орын алды. Бұл туралы əлеуметтік желілерде «Өмірге нəресте əкелгеннің қолына кісен салады, ал өлгенді түрмеден босатады» хэштегімен қоғамдық резонанс туғызған. Сол кезде ғана билік шартты түрде жазалауға керек деп шешім шығарған. Түркия Ішкі істер министрлігі дəл қазір Түркия түрмелерінде 560 сəби аналарымен бірге түрмеде отырғанын мəлім етті. 1 жасында — 128 сəби, 2 жасында — 114, 3 жасында — 81, 4 жасында — 70, 5 жасында — 31 сəбидің түрмеде отырғаны, жас ерекшелігіне байланысты сəбилердің дəрігерге қаралуы, арнайы тексерістен өтуі керек емес пе. Алайда, түрмеде ондай мүмкіндік жоқ. 1 жасындағы баласын емізу үшін түрмеден үйіне 50 шақырымдық жолды күніне 2 рет жүретін ананың оқиғасы БАҚ-та жария болған-ды. Балаларының көзінше əке-шешелерін қолына кісеп салып, сорақысы үйдегі 3 жəне 5 жастағы балаларды жалғыз тастап кеткен.

ТҮЙІН: Екі ел. Бірі — Кеңес одағындағы 1937-54 жылдар аралығы аналар көрген зобалаң. Екіншісі — туысқан Түркия мемлекетінде қазір болып жатқан зобалаң. Ұқсастық бар ма, бар. Екі жылға жетпейтін аз уақытта түрік әйелдерінің басынан кешкен зұлматтарын оқығанда сай-сүйегің сырқырайды. Неге бұлай? Мемлекет оларға мұншама зорлық-зомбылық көрсететіндей нәзік жандылардың кінәсі, жазығы не? Түркия мемлекетінің, басшылығының мұнысы қалай дегім келеді. Осы жағдайды біле тұра білмегенсіп, теріс айналуға менің дәтім жетпеді. Өйткені олар да мен сияқты ана ғой. Ана мен баланы айыруға кім құқық берді сіздерге? Ана үшін бұдан өткен қасірет жоқ қой әлемде. Бәрің де анадан тудыңдар. Ана мен баланы саясат  құрбаны етпейік, Ананы жылатпайық ..! Әлемдегі жақсы қасиеттердің барлығы ананың ақ сүтінен дарымай ма? «Жұмақ аналардың табанының астында» деген сөздің мәніне үңілейікші бір сәт. Аналарды қадірлеуді Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үйренелік. Ананың ақ сүтінің киесі жаман болады. Аналарын қорлаған Кеңес өкіметінің тағдыры не болды? Сабақ алыңыздар содан! Балаларды, аналарды азаптаудың шегі бар ма? Обал-сауабы кімге? Бұл сұрақтарыма кім жауап берер екен?

Сəуле Мешітбаева, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

15 thoughts on “Аналардың зарына құлақ түр, ӘЛЕМ!

  • 10.06.2017 at 21:01
    Permalink

    “Ең бірінші Анаңа сәлем бер, екінші Анаңа ,сосын барып әкеңе сәлем бер” , Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. Хадис.
    … дене мүшелерінің 82 пайызы қимылдамайтын мүгедек əйелі, ауру баласы бола тұра, мүгедек күйеуін «əскери төңкеріке» қатысы бар деген желеумен түрмеге тоғытқан. Өздігінен жүріп тұра алмайтын, дəретханаға бара алмайтын 80 жастан асқан қариялар да бар. Остеоклазию (сүйектің еруі), гемофилия секілді ауруға шалдыққан, қатерлі ісік ауруымен ауыратын адамдар түрмеде. Зорлық – зомбылықтан өліп кеткендері де бар. Бір жылға жуық түрмеде отырғандар бүгінгі күнге дейін қандай қылмыс жасап, заң бұзғанын білмейді… осылай кете береді қамауға алынған жандарға жасалып жатқан қатігездіктердің тізімі !
    Бауырлас Түркияда орын алған осындай қасірет , кезіндегі ,яғни біздің елдегі “саяси қуғын сүргіндерге” жасалған зұлымдықтардан да асып кеткені жанымызға батты ! Адамзатқа жасалынып жатқан қаскөйлік деп қарағанымыз жөн мұндай қатігездікке ! Әлем болып қарсы шығу керек мұндай “саясатқа” !

    Reply
  • 11.06.2017 at 03:36
    Permalink

    Мақаланы жүрегім дірілдеп жылап отырып оқыдым ия Алжирдегі сұмдық тарих естег кетпес наубет ғой Алла егді ондай қайталанбасын! Түрік ағайындарға обал ақ болды ..!Мына ақпарат айдынында осы əскери төңкерістен бері ақпараттарды оқып өзіңді қоюға жер таппайсың тіпті өздерін дəлелдеген ҚТЛ істемеген істері қалмады оған бірақ Білім Сыртқы істер министрліктіңде берген мəлімдемесін оқып тынышталғандай болдық Бірақ əйелдермен балаларды қамап зорлық зомбылықта ұстауы құдайдан қорықпауы жауыздығы Сталиннен де асып кетіп тұр ғой мақала жазған апаға Азаматтығына алғыстан басқа айтарым жоқ Алла разы болсын,қарсымын менде бұндай сұмдықты болдырмау үшін менде үнімді қосамын өз берекесін өзі алып отырған басшыларда елінде қандай береке болады үн қосайық ағайын жащыңлар пікірлеріңді

    Reply
  • 12.06.2017 at 01:23
    Permalink

    Түркиядағы жағдай шындық енді. Сәуле апайдың Бүгінгі Түркиядағы жағдайды Сталиндік режиммен байланыстыруы заңды шығар. Бұрын мұндай зұлматты дінсіздер жасайтын. Қазір қолында Құраны, тілінде кәлимасы бар басшылар жасайды.

    Reply
  • 12.06.2017 at 01:25
    Permalink

    Кешелі бері осы мақала қызу талқыланып жатыр. Алжирде болған азаматтардан бір ғана пікір естимін. біз ге әлі көп еңбек ету керек деп айтады.

    Reply
  • 12.06.2017 at 01:47
    Permalink

    Саламатсыз ба, Елана!

    Сәуле Мешітбайқызы менің құрдасым немесе замандасым болар деп ойлаймын. Мен жетпістің үстіндемін. Аудандағы ардагерлер кеңесінің мүшесімін. Әжелер ансамбліне де қатысамын. Бір басымда белсенділік қасиеті жетерлік. Шүкір деймін. Саясатқа да араласамын. Өмір сүру ол саясат. Ұлтыңа, халқыңа жаның ашымаса сен адам емессің. Сәуленің өткір-өткір, батыл-батыл жазған материалдарын оқып отырамын. Ризамын! Әрбір қазақ осылай сергек болса деп армандаймын. Қандай жағдайда болса да үніңді, пікіріңді білдіріп отырасың, Сәуле бауырым. «Аналардың зарына құлақ түр, әлем!» деген мақалаңды тебіреніп, толғанып оқып шықтым. Біздің әке-шешеміз де, қайынжұртым да, аталарым да қуғын-сүргінді көп көрді. Аштықты да бастан кешті. Өзбекстан, Ауғанстан, Иран асты бас сауғалап. Әйтеуір кейін атажұртқа оралдық. «Алжирдегі» әйелдердің жантүршігерлік оқиғасы жүрегімді ауыртты. Енді ондай ауыр, қасіретті күндер келмесін деп тілеймін бір Алладан. Ал мына Түркиядағы жағдай, оның ішіндегі нәзік жандылардың қуғын-сүргінге ұшырауы мені таң қалдырды, назаландырды. Түрмеде жатқан 17 мың әйелдің, балалардың не кінәсі бар, ағайын-ау?! Айдың күннің аманында мұнысы несі Түркия басшылығының! Рас айтасың, анасын қадірлемеген мемлекет күндердің күнінде күйрейді. Бұл дүниеде аналардың назасынан өткен кезде болмайды. «Тоқтатыңдар!» деп мен де аналық үнімді білдіремін. Оларды үй-үйлеріне жіберіңдер. Аяңдар, аялаңдар аналарыңды!

    Reply
  • 12.06.2017 at 17:33
    Permalink

    МАҚАЛА ОҚЫҒАН АДАМҒА ОЙ САЛАРЛЫҚ – ЫЗҒАРЛЫ, УЫТТЫ ЖАЗЫЛЫПТЫ! КЕШЕГІ АНАЛАРЫМЫЗДЫҢ “АЛЖИРДЕ” КӨРГЕН ҚОРЛЫҒЫ – ТОТОЛИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ “ЖЕМІСІ” ЕМЕС ПЕ ЕДІ?! АЛ БҮГІНГІ ТҮРКИЯ БИЛІГІНІҢ МҰСЫЛМАНДЫҚТАН БЕЗІНІП, ГҮЛЕНШІЛЕР ДЕГЕН ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТКЕ СҮЙЕНІП, ТҮРІК АЗАМАТТТАРЫНА КӨРСЕТІП ЖАТҚАНЫ ҚОРЛЫҒЫ ШЕКТЕН ШЫҒЫП БАРАДЫ. ОНЫ АЙТАСЫЗ, АНАЛАРДЫҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ? ОСЫ МАҚАЛА ДА СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ “АЛЖИРЛІК” АНАЛАРМЕН ТҮРКИЯЛЫҚ АНАЛАРДЫҢ ТАҒДЫР-ТАЛАЙЫН НАҚТЫ КӨРСЕТІПТІ. ДӘЛЕЛДЕРІ ДЕ ДӘЙЕКТІ, МӘЛІМЕТТЕРІ ДЕ СЕНІМДІ. ШЫНЫМЕН-АҚ, ТҮРІК ЕЛІНДЕГІ БҮГІНГІ БАССЫЗДЫҚ ОСЫЛАЙ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ? ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАНДАРДЫҢ КӨЗ ЖАСЫНЫҢ ӨТЕУІ НЕ? ТАРИХ ҚАЙТАЛАНАТЫНЫ РАС БОЛҒАНЫ МА? ГҮЛЕН ҚАРИЯНЫҢ АЙЫБЫ АНЫҚТАЛМАСА ДА, ОНЫ ҚОЛДАЙДЫ ДЕЛІНГЕН ГҮЛЕНШІЛЕРГЕ ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ЗОБАЛАҢ- ШЕКТЕН ШЫҒЫП БАРАДЫ. СӘУЛЕ АПАЙ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІН АШУҒА ТЫРЫСЫПТЫ. ТҮСІНГЕН АДАМҒА СТАЛИНДІК ЗҰЛМАТТАН ТҮРКИЯДА БОЛЫП ЖАТҚАН ҚУҒЫНДАУ БІР ПӘСТЕ КЕМ ЕМЕС. ҚАЙТА ОДАН ДА СОЙҚАН. БҰЛ ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ КЕЛГЕН СЫНАҚ БОЛАР… ӘЙТСЕДЕ КӨП АСҚАНҒА БІР ТОСҚАН ҚАШАН БОЛАДЫ? СОҢҒЫ МӘЛӘМЕТТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК ҚАЗІРГЕ ДЕЙІН 100 МЫҢҒА ТАРТА АДАМ ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛЫП ТҮРМЕГЕ ТОҒЫТЫЛҒАН. БҰЛ ШЫНЫМЕН МАСҚАРА ОҚИҒА ЕМЕС ПЕ? БҰЛ ӘЛЕМ АЛДЫНДА, ӘДІЛДІК ІЗДЕГЕН АДАМЗАТ АЛДЫНДА ЕШ АҚТАУҒА ТҰРМАЙТЫН ҚАНДЫ ЖОРЫҚ! БАУЫРЛАР, СӘУЛЕ АПАЙДЫҢ БҰЛ МАҚАЛАСЫН ҚОЛДАЙЫҚ, КЕҢІНЕН ТАРАТАЙЫҚ, ТАЛДАЙЫҚ. ҚАНЫ БІР ҚАРДАШТАРЫМЫЗ ҚАН ЖҰТЫП ЖАТҚАНДА МАМЫРАЖАЙ ЖҮРУІМІЗГЕ ЖӨН БОЛСЫН. ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕГІП ЖАТҚАНДАРҒА АРАША ТҮСЕЙІК. ЕЛ БИЛІГІНЕН, ТҮРІК БИЛІГІНІҢ ҮСТЕМДІГІНЕН САҚТАНУДЫ, ОТАНЫМЫЗДА ЖҮРГЕН ТҮРІК БАУЫРЛАРДЫҢ АМАНДЫҒЫ ҮШІН КЕПІЛДІК БЕРУІН СҰРАЙЫҚ. қАЗАҚ ЕЛІНІҢ ГҮЛДЕНУІ ЖОЛЫНДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖАТҚАН АЗАМАТТАР ҚОР БОЛМАСЫН. МЕНІҢ АЙТАРЫМ ОСЫ. ПІКІРЛЕРІҢІЗДІ ЖАЗЫҢЫЗДАР АҒАЙЫН!

    ҚАРА БАЛА

    Reply
  • 13.06.2017 at 01:19
    Permalink

    Мен бұл мақаламен толық келісемін. Сәуле апайымыздың қай кезде де “темірді қызған кезінде соқ” деген тәмсілмен ащы, ақиқаты мол, тамыры терең, ойлы мақала жазатыны шындық. Бүгінгі мына ақпараттардан расында әйел затының, қаншама ананың көз жасының тарих түбінде емес, көз алдымызда тұрғанын аңғаруға болады. Ал Түрік еліндегі жағдай жаға ұстатарлық, сабақ боларлық екен.
    Бұл қасіретке толы “АЛЖИР” мұражайына баруын барасың-ау. Бірақ дәл осыны өмірлік сабақ ететіндері қанша екен? Таратып айтатын болсам, осы “АЛЖИР” мемориалдық кешеніне өсіп келе жатқан жас буынды көптеп апарып көрсету керек. Әсіресе, бүгінгі күні босана салып, нәрестелерін дәретханаға, жол бойына, далаға тастап кететін безбүйрек аналар, отбасын ойран қылғандар, әйел затына зәбірі тигендер бұл жерді міндетті түрде көру қажет! Сонда ғана адамгершіліктің, бейбіт күннің, қасиетті тәуелсіздіктің, отбасы құндылығының не екенін түсінеді олар. Бұл мақаланы ЕЛАНАМЫЗ бекерден бекер жүрегі егіле, көз майын тауысып жазып отырған жоқ. Сабақ болсын деген ниетте жеткізіп отыр. Мемлекетіміздің тұтастығы, бейбітшіліктің кілті – АНА деген қастерлі жандардың қуанышы мен берекесінде екенін ұмытпайық.
    Рас, ойланатын жайт екен.

    Reply
  • 13.06.2017 at 01:26
    Permalink

    Сәуле апай, қай кезде де шырқырап шындықты жазатыныңыз келешектің қамсыз өмірі, қазақ халқының бірлігі үшін екеніне қашанда қуанып отырамын. Бір жағы осындай мақалаларыңызды оқыған сайын елжіреп қаласың. Меніңше, Қазақстанның әр қаласында осындай алып кешен болмаса да, аналарға деген құрметпен бір-бір ескерткіш орнатылса да артық емес. Жақында Алматы қаласында аш баласын көтеріп тұрған ананың мүсінінен көп сабақ алуға болады. Ал “АДЖИР” мұражайын көзбен көрмесек те, суреттерге қарап, үлкен ойға қалады екенсің. Тарихымызда енді мұндай сұмдық қайталанбасын. Жазарыңыз көп болсын, Сәуле апай. Өзіңіздей ұрпақ қамын ойлаған аналарымыздың көп болса екен дейміз.

    Reply
  • 13.06.2017 at 07:11
    Permalink

    Уақыт өтер, шындықтың беті ашылар, сонда түркия билігінің бет – пердесі жария болар. Əттең, оған дейін қаншама тағдырлар азап көріп, қиындықтың зардабын тартпақ. Сəуле апай жазған бұл мақала менің ойымша мемлкеттік газеттерде, əсіресе егемен қазақстанға шықса шіркін. Сонда қолында билігі, сөзінде салмағы бар шенділер ойланар ма еді. … Шындықтың айтылуы бар, оны жоғарыға жеткізу тағы бар. Осы тұрғыда оқырмандар бұл мақаланы кеңінен талқылап, жарнамалау керек. Адам тағдырын ойыншық қылғандарға қолдан келер басқа не бар? !

    Reply
  • 13.06.2017 at 23:34
    Permalink

    Сәуле Мешітбаева апайдың мақаласын жанымды жылатып отырып оқыдым. Баяғы жазықсыз зәбір көрген арыстарымыз бен олардың жарларының, балаларының обалы кімде? Кімнен құнын даулаймыз?
    Түркияның қазіргі билігінің мынау істері де шектен шыққандық. Қаншама жазықсыз аналар мен кішкене бүлдіршіндерге жасап жатқан қысастығына “әй дейтін әже, қой дейтін қожа ” болмағаны ма?! Не масқара мынау!

    Reply
  • 14.06.2017 at 01:34
    Permalink

    Кеңес одағы кезіндегі жан түршігерлік оқиғаларды еске алсақ, күйіп кете жаздайсың. “Халық жауының тұқымы” – деп, қаншама жазықсыз адамдар жазаланды, əсіресе өз ойларын ешкімнен қорықпай ашық білдірген зиялы қауым өкілдерінің ұрпақтары мен туысқандары құрбан болды. Ішкі саясат ойлы адамға белгілі ғой, бас көтерер көзі ашық адамның көзін құртса, қалғандары малдың соңында жүре береді деген пасық пиғылдары олардың ұстанымы болып еді. Осылайша халықты түбімен құрдымға құртып жіберу қаупін сезген ғой қайран ғалымдарымыз . Айтып айтпай не керек, бас көтерер адамға, баскесер қол шоқпардың табылары хақ емес пе ?! Талай ағаларымыз бен апайларымыз құрбан болды ғой, ең абзалы олардың есімдерін осылай өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа ұмыттырмай БАҚ – ры арқылы айтып, жазып, құран бағыштап рухтарына тағзым ету азаматтық парызымыз деп білемін. Ал мына мақалаға келсек өте орынды жазылған, аналар мен қыз-келіншектерге үкімет тарапынан неге сонша қатыгездік танытады ?! Ойланарлық жағдай екен . Мақала авторына үлкен рақмет

    Reply
  • 15.06.2017 at 03:27
    Permalink

    Сәуле Мешітбайқызының бұл мақаласы күллі әлемдегі мұсылман қауымына үлкен ой салып отыр. Бұл – жаһандық деңгейдегі мезгіл мәселесі, адамзат баласын бірінші болып толғандыратын тақырып. Алжир туралы, ондағы аналардың шеккен ауыр азабы, төзген тозағы керемет шеберлікпен баяндалған. Алжирдің, алапат аштықтың әлі де ашылмаған қаншама құпиялары бар. Сәуле апа соның бірін ашуға ұмтылғаны мақаладан анық байқалып тұр. Бір өкініштісі, біз аштықтың, 37-38-дегі зобалаңның болғанын тек жыл сайын 31 мамырда ғана еске алатынымыз. Қазақ халқының 80 пайызға жуығын қырып салған алапат аштық, одан кейінгі 37-нің қуғын-сүргіні туралы әлі де көп жазылар, айтылар. Алайда, Сәуле Мешітбайқызы көптеген ел ескермеген жайттардың астарына үңіліп, аналар трагедиясының қатпарларын терең зерттеген. Менің ойымша, бұл бүгінгі жас ұрпаққа өткеннен сабақ алғызатын керемет рухани дүние! Ал, тоталитарлық жүйеде өмір сүрген Кеңес одағының кезіндегі аналар азабы мен бүгінгі бауырлас Түркиядағы аналар тозағының ұқсастығы ғаламат. Түрік қоғамындағы зобалаңды оқып, төбе шашың тік тұрады. Автор жазғандай, расында да лас саясатқа ана мен баланы араластырмау керек. Мұндай масқараға тек түрік қоғамы ғана емес, күллі әлемдегі бірнеше миллиондаған аналар мен балалар, құқық қорғаушылар мен журналистер, заңгерлер мен қорғаушылар, азаматтық және қоғамдық ұйымдар бірлесе үн қосуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, түрік еліндегі жазықсыз ана мен баланың көз жасына жәй ғана аяушылық білдіргеннен түк өнбейді. Сәуле Мешітбайқызы “Аналардың зарына құлақ тұр, әлем!” деп күллі әлемге жар салып отыр. Ендеше, әлемдегі ізгі ниетті жандардың барлығы Түркиядағы аналар мен балалар трагедиясына араша түсуі тиіс.

    Reply
  • 16.06.2017 at 12:01
    Permalink

    Бұл мақалада Сəуле Мешітбайқызы үлкен трагедияны талқыға салып отыр. Əйелдің, ананың жанайқайын, баланың көзжасын жеткізіп отыр. Тебіренбей, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Адам баласының қолынан істелген жауыздық, айуандық көрініс берген мақаланы оқи отырып, бұл бассыздықты тоқтатар күштің болмағанына қынжыласың. Ана ретінде ашына отырып, Түрік ағайындарға ананы, əйелді қорламаңыздаршы деп өтініш білдіргім келеді. Жəне де осындай жарияланымдар көптеп таратылса, көпшіліктің көзін ашса деймін. Мен əйел – ананың зарына құлақ асуға шақырамын баршаңызды. Ана мен баланың қорлық көруіне түбегейлі қарсымын!!!

    Reply
  • 18.06.2017 at 15:24
    Permalink

    Дәлел-дәйектері толық, әрі сенімді жазылған екен! Сәуле апайымызға үлкен раxмет!!! “Алыста ауыр азап шеккен бауырым, көл қылып көздің жасын төккен бауырым”- деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, Анадолы жерінде азапқа ұшырап жатқан барлық аналарға Алла жеңілдігі мен сабырын берсін! Мынау 21 ғасырда, өркениетті қоғамда отырып мұндай терорлыққа бару кез-келген адамның жасайтын жұмысы емес. Бұл нағыз дара билікке ұмтылған, жауыз басшының ғана қолынан келмек. Патша әділ болса, xалық неге оған қарсы пікірде болы керек? Халықпен жау болған патша ешқашан жақсылық тапқан емес. Режеп Тайып Ердоған ертеме-кеш пе сот алдында жауап беретін болады….

    Reply
  • 18.06.2017 at 15:32
    Permalink

    Түркия біздің назарымызда орнықты қадаммен дамып келе жатқан, зайырлы мемлекет саналады. Олар исламды мықты ұстанумен қоса, бүгінгі өркениетті, батыстың дамыған ғылым-теxникасын да өз керегіне жаратып келе жатқан ел. Солай бола тұра тариxты артқа тартып, кезіндегі қанышер Сталинның саясатына бой ұрып отырғаны ақылға сияр емес… Мүмкін Түркияны алдағы уақытта ауыр сынақтар күтіп тұрған да шығар. Түрмеде отырған мыңдаған аналар мен сәбилердің көз жасы текке кетпес. Ал Ердоғанның мұсылманшылығына таң қалып отырмын….

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған