СҚО әкімі Құмар Ақсақалов журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Өңір басшысымен кездесуге облыстық және қалалық газеттердің, телеарналардың басшылары мен  бас редакторлары және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша республикалық БАҚ-тардың меншікті тілшілері шақырылды.

Құмар Ақсақалов мерейтой иелерін құттықтай келе, журналист мамандығының маңызы туралы атап айтты

 «Біздің өңірімізде болып жатқан барлық басты оқиғалар Сіздердің материалдарыңызда көрініс табу үшін қалың оқиғалардың ортасында болуларыңыз керек. Әрине, сіздер арқылы, сіздердің материалдарыңыз арқылы,  біздің азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді кері байланыстың нәтижесінде аламыз, көп жағдайда сіздердің материалдарыңызды негіз ете отырып,  өз жұмысымызды үйлестіреміз. Осының өзі кері байланыстың тетігі, сондықтан  сіздерге зор алғыс арнаймын»,- деді Құмар Ақсақалов.

Әкім өңірлік, республикалық деңгейде облыстың жаңалықтарын көрсеткені және ұсынғаны үшін ризашылығын білдірді. Өңір басшысы БАҚ өкілдерін жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталатын М.Жұмабаев атындағы  байқауға қатысуға шақырды.  Байқау үздік сараптама, эксклюзивті, қайырымдылыққа арналған материал, аудандық газеттердің үздік материалдары, жылдың үздік фотокадры аталымдары бойынша өткізілетін болады.

    

    

Сол сияқты өңір басшысы Солтүстік Қазақстан облысы журналист кадрларының ұстаханасы екендігін де тілге тиек етті.

«Әртүрлі республикалық және басқа мемлекеттердің БАҚ-тарында бүгін жұмыс істеп жүрген журналистердің 100-ден астамы біздің облыстан шыққан. Осының өзі   бізде журналистика мектебі қалыптасқандығын танытады. Бірінші курстан бастап сіздермен бірге жұмыс істейтін, тәжірибеден өтетін  студенттер де бар, тәжірибелі журналистер жас ұрпаққа өз білгендерін үйретуде»,- деді Құмар Ақсақалов.

Байланыс және ақпарат саласын дамытуға қосқан үлестері үшін  облыс әкімі «Қазақстан» РТРА СҚОФ директоры Ерлан Тоқшалыққа, МТРК директоры Евгений Сазановқа, «Квартал»газетінің бас редакторы Талғат Айдархановқа, «Bnews»ақпарат агенттігінің меншікті тілшісі   Светлана Пышкинаға, «Хабар» арнасының  меншікті тілшісі Самат  Жақыповқа Құрмет грамотасын, облыстық БАҚ-тың 5 журналистіне Алғысхат табыс етті. БАҚ-тың 28 өкілі облыс әкімінің ақшалай сыйлығымен марапатталды.

Мереке құрметіне журналистерге арнайы  концерт ұйымдастырылды, онда  кәсіби әншілер ғана емес, республикалық арналар мен басылымдардың тілшілері  де өнер көрсетті.

СҚО әкімінің баспасөз қызметі