Қараусыз қалған Алты құлаш әулие

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың назарына!

Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы айтылған мәселелерге халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті де үн қосып, оларды өмірде жүзеге асыруға әп дегеннен құлшына кірісті. Мен де «Жаңғыру құр жаңғырыққа айналмасын десек…» деген мақала жазып, нақты ұсыныстарымды, пікірлерімді білдірдім. Газетіміздің «Бабабалар рухына тағзым» атты экспедициясын жандандырып, жоспарлар жасадық. Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында болып, батыр, би, дана бабаларымыз жайлы оқырман назарына ұсындық.

Жақында Маңғыстау облысында іссапарда болғанда Алты құлаш әулие бабамыздың қабіріне барудың сәті түсті. Ақтау қаласының қақ ортасында орналасқан бабаға деген құрмет солғындау көрінді. Меніңше, Алты құлаш әулие — Ақтаудың көркі жəне ол ақтаулықтардың рухани тірегіне айналатын бір қасиетті орынға айналуы керек. Мәселен, Райымбек бабамыздың кесенесі Алматы қаласының ел көп баратын, жастарымыздың рухани жан дүниесін байытатын, ерлікке үндейтін киелі орын. Ал әулиесін қор тұтқан елден бақ пен береке іздеуге болмайды. Алты құлаш әулие сонау 90-жылдары өзінің кереметін көрсеткен. Тұрғындарды, жастарды, студенттерді, оқушыларды, жалпы жамағатты Алты құлаш əулиенің басына əкеліп, дұға жасатып, өткенкеткен тарихымызға құрмет жасап жатсақ, ұлттық сананы ояту деген сол емес пе?!

Ал әулиені аяқ асты қылып, қор етсек, оны да жастар «үлгі» етеді. Елбасының салт-дəстүрді қолдап, қуаттап жатқаны тегіннен-тегін емес. Ералы Тоғжанов мырза да халықтың салтдəстүрімен санасын оятуға қызмет жасайтын зор тұлға. Қай қызметте жүрсін Ералы бауырымыз бұл жағына зор көңіл бөліп жүретін. Сондықтан облыс əкімі Ақтау қаласында қорғансыз, жабырқау күйде тұрған Алты құлаш əулие мазарын гүлдендіріп, халыққа қызмет жасайтын рухани, имани орталыққа айналдыратынына сенімім кәміл. Қазақ әулиелерін қадірлеген, құрметтеген. Халқымызда «Әулие ортақ, оны аттауға болмайды» деген жақсы тәмсіл бар. Сондықтан бүгін арнайы хат жазып отырған Ералы Тоғжанов мырза Алты құлаш әулиені жəне қорымды қызғыш құстай қорып, шырылдап, қамқорлап келген Ырысты апасына алғыс айтып (Алты құлаш əулиенің басындағы шырақ жағып отырған кісі), керемет бір кесене салса деген өтінішіміз бар. Бұл — халықтың өтініші. Мүмкін, кім біледі, Жаратушы Алла сол Алты құлаш əулиенің шапағатымен ару қала Ақтауға бірлік пен береке беріп тұрған шығар.

Əулие сыйлау біздің ұлтымыздың салт-дəстүрі жəне халықтық қағидасы. Облыстық жəне Ақтау қалалық мəдениет, оқу-ағарту жəне дін қызметтерімен қоса бүкіл тұрғындар бұл киелі істі тезірек қолға алып, жастарға үлгі ету керек. Өз ата-бабамызды, салт-дəстүрімізді сыйламасақ, ол қаланың қақ ортасында аяқ асты болып жатса, біздің елдігіміздің құны көк тиын емес пе? Қалаға алыс-жақыннан ресми қонақтар келгенде алғашқылардың бірі болып Алты құлаш әулиенің басына апарса, қандай жақсы болар еді! Əулие қазаққа ортақ. Ақтаудағы Алты құлаш әулие — барлық Алаштың əулиесі. Сондықтан біздің бұл жанайқайымыз ақтаулық азаматтармен бірге айтылған өтінішіміз, талабымыз, рухани қажеттілігіміз деп білсеңіздер.

ӘУЛИЕ ТАРИХЫНА ЗЕР САЛСАҚ…

Ақтаудағы Алты құлаш әулие Х-ХІ ғасырға жатады. Ал ХІ ғасырда бұл жерде түркпендер болған екен. Кеңес үкіметінің кезінде билік осы жерді тегістеп, шағын аудан жасаймыз деген. Алайда бұл жерден сүйектер шыққан. Зерттей келе, сүйектер батырлардың қаңқасы екені анықталған. 1996 жылы сырты қоршауға алынған. Археолог Андрей Астафьевтің дерегіне сүйенсек, Алты құлаш әулие Х-ХІ ғасырға жатады. Мұнда келушілер қарасы қалың. Маңғыстау төңірегі ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен келеді. Халық осында келіп, шырағын жағып, тілегін тілейді. 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша облыстық мәслихат шешімімен әулиені мәдени орын қатарына кіргізеді. Одан бері 11 жыл өтті. Әлі күнге дейін реставрация жасалмады. Тіркеуге алынбады. Мүмкін бұл шешім оларға әлі түспеген шығар. Үкімет әлі күнге дейін бұл мәселені елеусіз қалдырып келеді. Үлкен қорым бұл. Сыртын қоршағанда кәсіпкерлер көмегін көрсетті. Қалайтын тастарын әкеліп, тогын жүргізді. Одан кейін ешкім көмектеспеді.

      

Біз бұрын да ата-бабаларымыз жайлы, олардың жатқан мәңгілік жайларына қамқорлық жасау жөнінде нақты материалдар жаздық. Мысалы, Аягөз қаласынан он шақырым жердегі «Мамырсу келісімі» немесе «Қандыжап шартын» жасаған тарихи орын ұрпағымыз үшін өте құнды. Осындағы алып төбенің басына жүздеген ақ боз үйлер тігіліп, қазақ, қытай, қалмақ елдері туларын көтеріп, тарихи бітімге қол қойған. Мұнда қазақтың барлық билері мен хас батырлары жиналған. Дәл осы төбенің биігіне кейін жұрт белгітас қойған. Белгітасқа былай деп тарихымызды қашап жазыпты: «Осы жерде 1757 жылы Абылай ханның қатысуымен қазақ, қытай, қалмақ елдерінің арасында Мамырсу (Қандыжап шарты) келісімі жасалған». Біздің газетіміз осы тарихи орынның құлазып жатқанын талай жазған болатын. Осы тоғыз жолдың торабы тоғысқан жерге кешенді ескерткіш қойылса деген бастамамыз аяқсыз қалып келеді. Қозы Көрпеш — Баян сұлу ғашықтар жатқан кесененің мүшкіл жағдайы туралы дабыл көтердік. Шүкір, қазір олардың басы жөнделді. Айғаным, Бәдрисафа аналарымыздың бастарына да барып, қайта-қайта билік тарапына жазып, ескерткіш тұрғызылуына себіміз тигеніне бек қуаныштымыз.

Білектің күшімен, найзаның ұшымен жерін жаудан қорғаған қазақтың қас батыры Қасабай батырға демеушілік көмек арқылы кесене көтеру қолға алыныпты. Құптарлық іс. Қарап отырсаңыз, ел мүддесіне қажет ескерткіштердің бәрі де Үкіметтің қаржысына емес, жекелеген тұлғалардың қолдауымен жасалып жатқанын айтуымыз керек. Би Боранбай — мемлeкет қайраткері Аягөзден Өскеменге бет алғанда Боранбай бидің мазарына аялдадық. Кезінде ол бабамыз жайлы бүге-шігесіне дейін талдап жазғанбыз. Бабамызға арнап алып кесене тұрғызылады деп естігенбіз. Сол ой жүзеге асып жатыр екен. Қуанып қалдық.

 

ТҮЙІН: Халықпен жүздесу барысында ұлттық рухы ояна бастаған, қазыналы даланың қатпарынан сыр тартқан, тарихына терең бойлаған жастармен де ой бөлістік. Өзіміз де бар асылды бағаламай, шетелдің қаңсығына таңсық болу — өсіп келе жатқан өндірдей ұрпақтың алдында кешірілмес күнә. Жат жұрттың табиғаты мен тарихын мың орайтын өз мұрамызды әспеттеп, келер ұрпаққа жіті таныстырып, отансүйгіштікке баулу — біздің басты мұратымыз. Осындай ізгі қадамға ұлтжанды азаматтарды шақырамыз. Бабалар тарихы бабалар қалдырған аманаты екенін білуіміз тиіс. Оған адалдық баршамыздың бойымыздан табылса, кәнеки! Бүгін арнайы қалам тербеп отырған Алтықұлаш әулие бабамызға қамқорлықты тиісті орындар жасайды деген үміттеміз.

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

«Қазақстан ZAMAN» газетінің №24 саны 2017 жыл

One thought on “Қараусыз қалған Алты құлаш әулие

  • 17.06.2017 at 23:40
    Permalink

    Осындай игі істердің ұйтқысы боп жүрген “Қазақстан-Заман” газетінің ұжымына мың алғыс. Сəуле апай, бабалар аманатын сақтауға шақырған сөзіңіз облыс əкімінің құлағына жетер деп ойлаймыз. Өте сауапты тірлік жасап жатсыздар. Өткендіі үлгі етіп,.тарихты сақтауға ұмтылу əркімнің қолынан келе бермейтін іс. Жағымды жаңалықтар күтеміз.

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған